Салдарынан соңғы жылдары Мексика арқылы Америка шекарасын заңсыз кесіп өту фактілері көбейген. Мұның ішінде қазақстандықтар да бар. Америкадан жарқын өмір іздегендердің алды алаяқтарға алданып, шекара заңын бұзғаны үшін ұсталып, депортация мен «қара тізімге» ілініп те жатыр. Тіпті, Мексикада түрлі қатерге ұшырап, із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар екен. Бірақ мигранттардың заңсыз көшін қауіп пен қатер тоқтата алмай отыр.
Бірнеше ай бұрын Ақ үй шекараны заңсыз кесіп өткендерді бірден депортация жасауға мүмкіндік беретін ереже қабылдаған. Бірақ жаңа тәртіп күшіне енбей тұрып, он мыңдаған мигрант елге кіріп үлгереді. Штаттардың көбі нөпір халықты қайда орналастырарын білмей бастары қатты. Тіпті, Нью-Йорк мэрі мигранттар үшін мектептердің спорт залдарын босатып берген. Ал республикашыл штаттар Байденнің жұмсақ миграциялық саясатына қарсылық ретінде мигранттарды демократтар басқаратын өңірлерге лек-легімен тоқтаусыз жіберді. Салдарынан кейбір өңір оларды сыйдыра алмай әлек болды. Мәселен, Нью-Иорк шаһардағы 900 орындық тарихи қонақ үйді босқындарды қабылдайтын орталыққа айналдырды. Бірақ мұның өзі мәселені шешкен жоқ. Қала мэрі ата-аналардың қарсылығына қарамастан мигранттарды мектептердің спорт залдарына орналастырды. Ал жергілікті халықтың бір бөлігі келімсектердің көбейіп кеткеніне және қомақты қаржының оларға жұмсалып жатқанына наразылықтарын ашық білдірді. Американың үшінші ірі қаласы саналатын Чикаго да Мексикамен арадағы шекарасынан жеткен мигранттарды игере алмай жатыр. Босқындардың бір бөлігі тіпті орын жоқ болғандықтан полиция бөлімшелеріне де түнеген. АҚШ-қа басын қатерге тігіп, тар жол тайғақ кешіп жеткен босқындар елдеріне мүлдем қайтқысы жоқ. Егер көші қон полициясы оларды депортация жасаса 5 жыл бойы АҚШ-қа қайтып кіре алмайды. Шекараны заңсыз кессе жазаға тартылады. Бірақ миграциялық тәртіпті қатаңдақтан жаңа ереже күшіне енгелі шекараны заңсыз кесіп өту екі есе азайғанымен тоқтаған жоқ.
Шытырманға толы сапар
Алда қандай қауіп күтіп тұрғанын білсе де, қазақстандықтар Мексика арқылы Америкаға жаппай кетіп жатыр. Біз мақаламызға кейіпкер іздеп отырып, телеграмдағы «Америкаға Мексика арқылы бару» чатына қосылдық. Бұл жерде мыңға жуық отандасымыз жиналыпты. Көбісі Мексикаға билет алып, жолға шығуға дайын отыр. Арасында Америкаға жетіп, жұмыс істеп жүргендері де бар.
– Егер Америкаға Мексика арқылы бару қауіпті деп қарасаңыз ол дұрыс емес. Қауіп барлық жерде бар. Мен Мексикаға жолға шығуға дайындалып жүрмін. Жолды жақсы білемін. Бұған дейін Америкада болғанмын. Сондықтан жалғыз жолға шығудан қорықпаймын. Әпкем бала-шағасымен Мексика арқылы Америкаға кеткен. Жол жүруге билеттен бөлек 6 мың доллар керек. Негізі ақшаны есепшотта ұстаған дұрыс. Арғы жақта таныстарыңыз болмаса, бұдан да көбірек қаржы алып шыққаныңыз дұрыс. Себебі Америкада пәтерді ұзақ мерзімге, қымбат бағаға жалға береді. Тамаққа да біраз шығындаласыз. Қазір интернетте Мексикаға бару туралы барлық ақпарат бар. Бастысы, Америкада жұмысқа тұрғанша жететін қалтаңызда қаржы болуы керек. Егер жұмыс табылмаса, АҚШ ұнамаса, елге қайтып кетуге де болады. Бірақ екінші рет Америкаға кіру мүмкіндігінен айырыласыз. Көбі Америкаға үйреніп кеткеннен кейін, елге қайтқың келмей қалады дейді. Сондықтан мен бірінші өзім визасыз барып, кейін ата-анамды гринкартамен Америкаға алдырғым келеді. Әрине, оған дейін жағдайымды жасап аламын. Ол жақта жұмыс істесең күніне кемі 200 доллар табуға болады. Бала кезде Америкада тұруды армандайтынмын. Сондықтан осы мақсатыма жетуім керек. Кейін балаларымның да болашағы бар оқу орындарында оқығанын қалаймын, – дейді Аслан Айдаров.
Ал астаналық Мақсат Сматов отбасымен Америкада тұрмақшы. Ол бұған дейін бірнеше мәрте гринкартаға тапсырып көріпті. Бірақ жолы болмаған.
– Әйелім мені Мексикада күтіп жатыр. Сондықтан Америкаға Мексика арқылы қорықпай бара берген жөн. Қаншама отбасы балаларымен жұмыс істеуге кетіп жатыр. Бастысы, маршрутты дұрыс жоспарлау қажет. Біз еріккен соң заңсыз шекарадан өтуге бел буып отырған жоқпыз. Қазақстанда өмір сүруіміз қиындап кетті. Тапқан табысым тамақтан артылмайды. Сонда біз қашан баспаналы болып, ел қатарлы өмір сүреміз? Үй алсақ та, оның ипотекасын өмір бойы жабуымызға тура келеді. Сол себепті қауіпке бел буып, Америкаға жолға шығып кеттім. Ол жақта еңбегіңді лайықты бағалайды. Ағылшын тілін жақсы білмесек те, жұмыс істеп, жағдайымызды жасауға болады, – дейді Мақсат Сматов.
Ал біздің тағы бір кейіпкеріміз Ырысжан қазір аман-есен Америкаға жетіпті. Оның айтуынша, АҚШ-қа Мексика арқылы баратындарға арнайы делдалдық жасайтын, жол көрсетіп беретін туристік агенттіктер бар. Әр елде сондай агенттіктердің өкілдері немесе құпия түрде жұмыс істейтін адамдар бар. Олар орта есеппен бір адамды немесе отбасын Мексика арқылы АҚШ-қа жеткізудің жолын көрсетіп, картасын жасап бергені үшін ғана 10 мың доллар алады.
– Америкаға бару үшін міндетті түрде Pfizer вакцинасын алуыңыз керек. Біз бұл вакцинаны Алматыдағы бір жекеменшік клиникадан «алдық» деп жасаттық. Ақшасын төлесеңіз болды, ПЦР тест жасап береді. Біз Мексикаға дейін билетті 45 күн бұрын арзанға алдық. Екі адам Манагуаға бір ай бұрын билет алса 1 миллион 400 мың теңге шығады. Америкаға бару үшін виза аштырып, оны күтіп қажет емес. Арнайы турагенттіктердің көмегіне жүгініп, Мексикаға дейін билет алып алсаңыз болды. Біз Милан арқылы келдік. Виза сұраған жоқ. Миланнан Ла-Романаға келіп, ары қарай Колумбия астанасы Боготаға келдік. Одан Манагуаға жетіп, Нораға отырдық. Бұл мемлекеттің барлығы Қазақстанмен визасыз режимде. Ал Америкаға Мексика арқылы өту оңай, – дейді Ырысжан.
Бірақ барлығының сапары ойлағандай сәтті аяқталмаған. Елжас есімді кейіпкеріміз турагенттерге ақшасын қимай өз бетінше Бразилияға билет алады.
– Өзім интернеттен әртүрлі ақпаратты қарай отырып, алдымен Бразилияға бір жетейін деп шештім. Сөйтіп, Бразилияның Сан-Паулу қаласына дейін билет алдым. Жолай Дохада ұшаққа ауысып отырдым. Елден Бразилияға жеткенімше жолға 45 сағат кетті. Тіл білмегенімнен қатты қиналдым. Бірақ соған қарамастан, арзандау қонақүйден орын алып, дүкеннен бірдеңе алып жеп, жүрек жалғап жүріп, енді әрі қарай шығып кетер жол іздедім. Шығу оңай болмады. Жол іздеп, бір штаттан бір штатқа баруға тура келді. Солай әр қаласын кезе жүріп, Бразилияда 19 күн өткіздім. Тіл білмеймін, тамағы да бөлек ел, бір ұшақтан екінші ұшаққа отырып, қалай да Рио-де-Жанейроға жетсем екен деп жол іздеумен болдым. Одан әрі Коста-Рикаға, Коста-Рикадан Кандоросқа, одан Владималаға, одан кейін Мексикаға өтуім керек болатын. Өзімше интернет ақтарып, ізденіп ойластырған маршрутым осы болды, – дейді Елжас.
Алайда Бразилиядан Мексикаға жеткенінше тағы он күн өтеді.
– Тапачуладан Тынық мұхиты арқылы Сан-Педроға қайықпен 11 сағатта жеттік. Кішкентай қайыққа адамдарды сыйғанынша отырғызды. Біз 25 адамдай отырдық. Содан Сан-Педро қаласына жеттік. Сол жерде талонға кезекке тұрдық. Жан-жақтан әртүрлі көп ұлт өкілдері жиналды. Ол жерден әрі қарай Рейносаға бардық. Онда да кезекті біраз күтуге тура келді. Рейноса Техас штатымен шекараласатындықтан, сол жерден Америкаға заңды түрде өтпек болғанбыз. Оған кезек баяу жылжыды. Арамызда, әсіресе, қытайлықтар мен орыстар көп болды. Американың шекарашылары бізді бірден ұстап, тексерді. АҚШ-та әр қалада осы елде уақытша немесе тұрақтап тұруға иммигрант болып келгендерді қабылдап, оларға қызмет көрсететін Welcom Family Center деген орталық болады екен. Бізді сондай орталыққа апарды. Жататын орын болмай, түрегеліп тұрған кезіміз де болды, – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша, Елжастың Америкаға жету жолы екі айға созылыпты. Кеткен шығыны – 11 мың доллар. Жолда маңдайына қару кезеп, бар ақшасынан айырылған сәті де, есірткі контрабандасына қарсы сақшыларға ұсталған кезі де болыпты.
Алаяқ агенттіктер пайда болған
Қазір АҚШ-та 11 миллионнан астам заңсыз мигрант бар. Бұрын миграцияның көшін көрші қырғыз бен өзбек ағайындар бастайтын. Қазір бұл көшке қосылып жатқан қазақтар да баршылық. Сәйкесінше, «Орта Азиядан Мексикаға дейін маршрут ұйымдастырып, виза жасап беремін» деген алаяқтар да көбейіпті. Айталық, қырғызстандық Зарина Мексикаға кетудің жолын іздеп, интернетте «4 мың еуроға виза дайындап беремін» деген түрік азаматымен танысқан. Жарты ақшасын аударып, Түркияға барғаннан кейін алданып қалғанын түсінген. Ол әділдік іздеп, Ыстанбұлдағы Мексика консулдығының табалдырығын тоздырыпты.
– Ақшаны бекер берген екенбіз. Мен ғана емес, бірнеше қырғыз азаматының алданып қалғанын естідім. Ыстанбұлдағы Мексика консулдығы Орталық Азиядан келгендерге виза бермейді. Өзімді алдап соққан Түркия азаматының үстінен арыз жаздым. Қазір қалай да Мексикаға жетіп, ары қарай АҚШ-қа өтудің амалын қарастырып жатырмын, – дейді ол.
Қырғыз Республикасының Ыстанбұлдағы консулдығы 40 шақты азаматтан арыз түскенін, Ыстанбұлдың бас прокуратурасы «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қырғызстандықтардың арасында қазір «Бішкек – Ыстанбұл – Амстердам – Канку» – Мексикаға апаратын танымал туристік бағыттардың бірі. Жыл өткен сайын Мексикаға Эквадор арқылы баратын шетелдік мигранттардың да саны артып келеді.
Кейде Мексикаға виза алған адамдар Америкаға кіре алмай қалады. Сәуір айында Серік есімді азамат әйелімен және төрт баласымен бірге Мәскеуден туристік агенттіктен Мехико қаласына тур сатып алған. Алайда олар Мексикаға жеткенімен, шекарадан өте алмаған.
– Алған визамыз жалған болып шықты. Біз оны білген жоқпыз. Екі сағаттан кейін бір қызметкер келіп, «сіздерді Мәскеуге депортациялайды» деп, билетімізді қолымызға ұстатты. Мәскеу әуежайында бізді «алаяқтық жасадыңдар» деп айыптап, елімізге қайтарды. Осылай 20 мың доллар ақшамыздан айырылдық, – дейді Серік.
«Америкаға Мексика арқылы бару» чатынан байқағанымыздай, қазір Ресейден түрлі алаяқ агенттіктер хабарласып, «виза жасап беретіндерін» айтады екен. Оларға алданып, қыруар ақшасынан айырылып жатқандар да баршылық.
– Азаматтардың көбі Америкаға визамен келіп, заңсыз қалып қояды. Сондықтан АҚШ виза беру процесін қиындатып жіберді. Осыдан соң адамдар АҚШ-қа заңсыз жолмен келуге тырысады. Америкада заңсыз Орта Азия мигранттары көп, олар жақсы жұмысқа орналасып, ел қатарлы еңбек ете алмайды. Ұсталса, кез келген сәтте депортациялануы мүмкін. Сондықтан АҚШ-қа гринкартамен көшкен дұрыс, – дейді туристік агенттік жетекшісі Ұлжан Исина.
Гринкарта – АҚШ-тың тұрақты тұрғыны яки резиденті екеніңізді растайтын жеке куәлік. Осы құжаты барлар елде еш кедергісіз жұмыс істеп, кіріп-шығып жүре береді. АҚШ азаматтарымен тең оқып, бизнес ашып, әлеуметтік көмек ала алады. Елде 5 жыл тұрғаннан кейін гринкарта иесіне АҚШ азаматтығын алуға мүмкіндік бар. Бастысы, Америка заңын бұзбауы керек. Салықты уақытылы төлеп, ел аумағында көбірек тұруға тиіс. Гринкарта лотереясы (Electronic Diversity Visa Lottery) — АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ұйымдастыратын арнайы бағдарлама. Жыл сайын ол қазанның басы мен қарашаның басы аралығында өтеді. Қатысу үшін арнайы сайтта өтінім қалдыру керек. Жеңімпаздарды кездейсоқ сандар генераторы арқылы арнайы бағдарлама іріктейді. Былтыр гринкартаны 1 613 қазақстандық алды. Ал АҚШ азаматтығын алған отандастарымыздың саны – 945, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 100 адамға көп.
Бірақ гринкарта жыл сайын мың шақты адамға ғана беріледі. Ал АҚШ-қа виза алу қиын. Мұндайда азаматтар амалсыздан «қауіпті сапарға» бел буады. Өз армандарындағы жарқын өмірге жету үшін...
Көктем ҚАРҚЫН
© коллаж: Елдар ҚАБА