«Құйын» – тарих шындығын қазбалап, түбін астарлап, театр сахнасына шығарған қойылым. Тарих диірмені үңгісінде сұраусыз кетпес үшін әрекеттенген халық, ел қамын жеп еңіреген ерлер. Ғасырлар бойы өктемдік көрген ұлттың ұсақтану процесі, кенет ескен еркіндік желі. Замана илеуінде шаң-тозаңға айналып, құйын болып ұшып кетпеуі керек. Сол үшін жасалған қарекеттер «Құйын» қойылымында сахналанады. Қойылым авторы ұжымдық жұмыс болса, қоюшы-режиссері – Әлібек Өмірбекұлы. Бұл драманы сахнаға алып шыққан актерлік құрам қатарында Б.Тұрыс, Ж.Маханов, М.Қапалбаев, А.Сатыбалдиева, С.Бақаева, З.Карменова, Е.Тұрысов, М.Асаубай, Д.Шыныбек, Ә.Сайлауова, Ә.Базарбай, Қ.Демеуов, Г.Досанова сынды өнер иелері бар.
Қойылымда отаршылдық саясаты, миллиондаған қазақтың аштықтан қырылуы, сол замандағы екіжүзділік бейнесі көрініс табады. Қойылым тақырыбына сәйкес таңдалған сахна декорациясы мен әрбір деталь, музыка мен костюмдер қазақтың басынан өткерген ауыр тағдырынан хабар береді.
– Бүгінгі қойылымды қойған режиссер – Әлібек есімді жас жігіт. Ол ГИТИС-тің режиссура факультетінде білім алды. Институтты биыл ғана бітірді. Оның барлық жұмысына театр ұжымы көмек қолын созды, бірақ ешқашан бөгет жасаған жоқпыз. Себебі қазіргі жас режиссерлердің ойы, қойылым қоюдағы ізденіс процестері бізге қызық. Ол көрермендерге де қызық болуы міндетті. Қойылым қазақ тарихының басына түскен тарихи кезеңдерден құралған. Ресейге қосылғаннан бастап қазақ қаншама азап көрді, қаншама азаматымызды жоғалттық. 3 миллионнан артық қазағымыз қырылып қалды, – дейді М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов.
Үш сағатқа созылған қойылымда ине шаншар орын болмады. Бұл – тарих шындығын тануға талпынған ұрпақ өсіп келе жатқанының белгісі. Қойылым драма түрінде сахналанғанымен, басынан соңына дейін қара түнек темпте деген сөз емес. Езу тартатын сәттер де жиі кездесті. Бірақ сол әзілдің астарында қабырғаны қайыстырған қайғы, ауыр зіл бар. Сондай-ақ залда отырған көрерменмен байланыс жасай отырып, айтар ойын, негізгі мазмұнын жоғалтпайды. Көріністі тамашалай отырып, өзіңді де актерлік құрамның бір бөлшегіндей, тарих шеңберіндегі кейіпкерлердің замандасындай сезінесің. Тіпті, залда көзіне еріксіз жас үйірілген көрерменді де көрдік. Қойылым аяқталған соң көрермен тоқтаусыз қошемет көрсетті. Күлдіріп тұрып жылатқан қойылымның актерлік құрамына гүл шоқтары табысталып, халық ризашылығын білдіріп жатты. Біз де көрерменнің қойылымнан алған әсері мен түйген ойын бағамдау үшін әңгімеге тарттық.
– Бір қуанарлығы – қазақ тарихының шындығы бірте-бірте ашылып жатқанының бастамасын көрдік. Яғни, бүгінгі қойылымнан осы күнге дейін оқып-үйренген тарихымыздың тұманды болғанын, шын тарихымыздың өзімізге ептеп оралып келе жатқанын көріп отырмыз. Тарихымыз бұрмаланды деп айтып жатады ғой. Бұл рас. Бірақ осы уақытқа дейін айтылмай келген, дәл осындай тұрғыда жеткізіп көрмеген. Шын тарихымызға қадам басып келе жатқанымыз қуантады, – дейді Азамат Аманжол.
Ал Зулхаят Маханова тарих бетпердесін ашып, оны көрерменге бүкпесіз жеткізуде театрдың маңызы зор екенін айтады.
– Театрдың бір жақсы тұсы – шындықты айта алады. Театр сонысымен құнды. Қоюшы-режиссер Әлібек Өмірбекұлы жас жігіт болса да, Мәскеуде оқыса да осындай дүниелерді қазбалап, шұқылап, астарлап жеткізгенінің өзі қуанарлық дүние. Бұл – біздің тарихымыздың жаңа қалыпқа, жаңа бағытқа келе жатқаны, – дейді ол.
Естеріңізге салайық, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Құйын» драмасының премьерасын 15, 26 қыркүйек күндері тамашалауға мүмкіндік бар.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ