Мәжілістің кеше өткен кезекті Жалпы отырысын осылай бағалауға болады. Бюро ұсынған алты мәселені талқылаудан соң депутаттық сауалға кезек алған халық қалаулылары қоғамның кең қатпарына тән проблемаларды қозғады.
Депутаттарды алаңдататын мәселе көп
656
оқылды

Бірі – білім, бірі – салық, бірі – сот төрелігі, бірі экология жөнінен депутаттық сауалдар жолдады.

Келісімдерді ратификациялау, заң жобаларын қарау, Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жос­парын бекіту туралы мәселелер қаралған жиында депутаттар қорытынды шешімге бірауыздан дауыс беріп отырды. Ал депутаттық сауалдардың ішінен «AMANAT» партиясы фракциясының Төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың еліміздің Премьер-Министрі мен Бас прокурорына жолдаған сауалына ерекше назар аудара кеткен дұрыс.

«Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деп нақты айтты. Президенттің бұл позициясын «АМАNАТ» фрак­циясы толығымен қолдайды. Аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш -жігерімізді саламыз. Мәселен, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2 000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте үрейлі статистика! Сонымен қатар жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан, көп­қабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Пре­зиденттің бұл мәселеге араласуы – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді», – деді ол.

Расында да, мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екеніне көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап беріп отырмыз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкен­тай Еркежанның өлімі – осыған дәлел. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні белгілі. Өгей әке-шеше тарапынан зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп. Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жаста­ғы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз.

«Қоғам да бұған бейжай қарамауы керек. Бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. «AMANAT» партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте біздің фракция заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдатанын жеткіземіз. Дегенмен Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын ала жасалатын жұмыс­тар бар. Нақты айтқанда, балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер мен ПИК тарапынан түсіндірме жұмыстар күшейтілуі тиіс. Отбасындағы маскүнемдік немесе нашақор­лық тәуелділікке салынған азаматтардың барлы­ғы қатаң бақылауға алынуы керек. Олармен про­­бациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өт­кізу маңызды. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік орган бірлесіп, жүйелі әрі жыл­дам жұмыс істеуі қажет», – деді депутат Елнұр Бей­сен­баев.

Келесі депутат Абзал Құспан Бас прокурор мен Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында экологиялық қылмыстарды саралауға және құқықтық баға беруге қатысты алалаушылық туралы кеңінен жайып салды. Мәселен, ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігі 5-тармағы мен 3-бөлігі 2-тармағында осы баптың 1 және 1-1 бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттерді ірі және аса ірі залал келтіре отырып жасағаны үшін 7 және 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ бұл санаттағы күдіктілер – киік пен бекіре тұқымдас балықтарды аулауға, олардың көзін жоюға қатысы жоқ адамдар. Өйткені олардың мұндай әрекеттерге қатыстылығын тергеу де, сот та анықтамаған. Нақтырақ айтқанда, олар – киікті немесе олардың дериваттарын, бекіре балығын сатып алған, тауып алған, тағы басқа жолдармен иемденіп (заңсыз аулаудан басқа), сақтап, тасымалдағандар екен. Депутаттың айтуынша, іс жүзінде құқық қорғау органдары күдіктіден табылған киік мүйізінің қайдан, қан­дай жағдайда алынғанын анықтамайды. Ол адам киік аулаумен айналыспаса да, киіктің мүйізін сақтағаны, тасымалдағаны үшін ғана қоршаған ортаға ірі немесе аса ірі залал келтірді деп таны­лып, сол үшін сотталып, ол аз болғандай одан миллиондаған, миллиардтаған шығын өндіріледі.

«Киікті немесе оның дериваттарын заңсыз сақтаған адам ол мүйізді сатып алуы, тауып алуы мүмкін екені белгілі. Мысалы, киіктер мекен ете­тін далалық жерлерде олардың өлексесі көптеп кездеседі және жергілікті адамдар әртүрлі мақсатпен өлекселерден мүйіздерді кесіп алады. Мұндай жағдайларда өлген киіктің мүйізін кесіп алғаннан қандай залал келтірілді деген сұрақ туындайды. Бірақ тәжірибеде тергеу органдары да, сот та бұған қарамастан мүйізді сақтаған адамды қоршаған ортаға залал келтіруші деп танып, одан материалдық шығын өндіреді. Бұл мәселе осыған дейін де бірнеше рет көтерілген, бірақ сот тәжірибесі әлі күнге дейін өзгермей келе жатыр. Аталған мәселе бекіре балықтарын ием­дену, сақтау, тасымалдауға да қатысты», – дейді депутат.

Бұған себеп Жоғарғы Соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының облыс­тық соттарға жолдаған жазбаша нұсқауы екен. Онда Бас прокуратураның хатына сілтеме жасай отыра, облыстық соттар егер адам заңсыз балық аулауға қатысы болмаса да бұрын ауланған ірі немесе аса ірі залал келтіретіндей балықты сатып алып, тасымалдап, сақтағаны үшін Қылмыстық кодекстің 339-бабы 2-бөлігі 5) тармағы мен 3-бө­лігі 2) тармағымен қылмыстық жауаптылыққа тартылуы тиіс екені туралы жазылған. Абзал Құспан Бас прокурорға сот қаулыларына талдау жүргізіп, қалыптасқан келеңсіз сот тәжірибесін өзгерту арқылы азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғауға атсалысуды ұсынады. Ал Премьер-Министрге әлемдік нарықта бір келісі 1 мың АҚШ доллар тұратын киіктің мүйіздерін өртеп жібермеуді, ең болмаса көрші Қытай елін­дегі­дей мұздатқышқа салып сақтап қойып, кейін нарыққа шығарудың тетіктерін қарастыруды ұсынып отыр.

Пленарлық отырыста бұдан да өзге көтерілген мәселе көп. Соның ішінде аманаттық депутаттар Нұртай Сабильянов Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызына жолдаған сауа­лын­да Абай облысының тұрғындары және меди­цина сала­сының қызметкерлерімен кездесулер өткізгенде көңіліне түйген денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелердің шешімін ұсынса, Жұлдыз Сүлейменова Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауалында сапалы білім беруге қатысты мәселе көтерді.

«AMANAT» партиясы фракциясы Абай атын­дағы гуманитарлық мектептер, О.Жәутіков атын­дағы IT мектептер, Қ.Сәтбаев атындағы техни­калық мектептер желісінің инфрақұрылымдық, білім беру мазмұны, бағдарламалар, ұстаздардың біліктілігін арттыру, академиялық еркіндік, ауыл оқушылары және әлеуметтік аз қамтылған отба­сы балалары үшін арнайы квота және қаржылық мәселелерін шешу мақсатында Қазақстан Үкіметі аталған желілік мектеп­терді ашу және дамыту бағдарламасын және оны жүзеге асыру­дың жоспарын қабылдауы қажет деп санайды», – деді ол.

Нұрлан ҚОСАЙ