«AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова Парламенттегі әйел депутаттармен кездесуде партияның Әйелдер қанатын дамытуға қатысты мәселені талқылады.
Әйелдер қанатын дамыту маңызды
950
оқылды

Өздеріңіз білетіндей, пар­тия­­ның әйелдер қанатын құру бастамасын осы жылдың ақпан айын­да «AMANAT»-тың ұйым­дас­тыруымен өткен Әйелдердің рес­публикалық форумының қа­­­тысушылары көтеріп, оны пар­тия Төрағасы Ерлан Қоша­нов қолдаған болатын. Қазір әйел­дер қанатын құрудың тұжы­рым­дамалық тәсілдері бойынша пікірлер мен ұсыныстар жинау жұмысы жүргізілуде.

Партия Хатшысы Шолпан Ка­ринова атап өткендей, әйел­дер қанатын құру жұмысы бір­не­ше бағытта жүргізіліп жатыр. 

«Біз әйелдер қанатын құру­дың тұжырымдамалық тәсіл­де­ріне, ұйымдастыру-құқықтық ны­саны мен «AMANAT»-тың бар­лық 20 филиалындағы жұ­мыс бағыттарына қатысты пар­тия активінің пікірін тыңдадық. Түрлі ұсыныс бар, соның ішінде әйелдер қанатының аймақтарда да өкілдігінің болуы және Tomiris жобасының ауқымын кеңейту ту­ралы айтылды», – деді ол.

Осы орайда халықаралық тә­жірибелер зерделеніп, оның ая­сында әлемнің 16 еліндегі 20 шет­елдік партия жанындағы әйел­­­дер қанаты қамтылды. Сая­си менеджмент академиясы ди­ректорының м.а. Сәуле Бақ­тым­бет өзге елдердегі саяси пар­­­тиялар жанындағы әйелдер қанатының қызметіндегі кейбір ерекшеліктер мен үрдістерге тоқ­талды. 

«Барлық әйелдер қанатының мақ­саты ортақ. Олар нәзік жан­дылардың мүмкіндігін кеңей­ту­ге, олардың қоғамдық-саяси про­цестердегі рөлін ілгерілетуге, сайланбалы лауазымдарға ұсыну үшін әйел саясаткерлерді қол­дауға және әлеуметтік маңы­зы бар жобаларды іске асыруға жәр­демдесуге бағытталған», – деп атап өтті спикер.

Бұл ретте, халықаралық тә­жі­рибені, барлық өңірдегі әйел көш­басшылардың пікірі мен ұсы­нысын талдау негізінде жа­сал­ған партия жаңа қанатының не­гізгі жұмыс бағыттары атап өтіл­ді. Олар: саяси көшбасшы­лық, экономикаға араласу, білім беру, денсаулық сақтау, әлеу­мет­тік қорғау және қауіпсіздік.

Өз кезегінде, Сенат депутаты Би­бігүл Жексенбай партия жа­ны­нан әйелдер қанатын құру – бү­кіл қазақ әйелдерінің амана­тын көтеріп отырған бастама деп есептейді. 

«Қоғамдағы әйелдердің рө­лін көтеру – біздің міндетіміз. Қа­зақстан халқының 50 пайыз­дан астамы әйелдер болған­дық­тан, қоғамдағы әртүрлі жағдай олар­дың бүгінгі әлеуметтік ахуа­лына, қоғамдағы орнына тікелей бай­ланысты. Бұл – әйелдердің өз­деріне емес, ең алдымен қо­ғам­ға, болашағымызға қажетті дү­ние. Әйелдердің әлеуеті то­лық­­қанды пайдаланылмай отыр. Сондықтан олардың ин­тел­­лек­туалдық деңгейін көр­се­туі­­­міз ке­рек. Керемет талдаулар жа­сай­тын нағыз маман, сарап­шы әйелдердің қоғамда, саясат­та, эко­номикада лайықты орын алуы­на жағдай жасауымыз қа­жет», – деді сенатор.

Партияның әйелдер қана­тын құруға қатысты өз пікірімен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева да бөлісті.

«Елімізде гендерлік бағыт­тағы көптеген әйелдер ұйымы бар. Түрлі альянстар, қоғамдық бірлестіктер, комиссиялар, қыз-ке­ліншектер үшін өзекті мә­се­лелер бойынша жұмыс істейтін салалық және кәсіптік әйелдер бірлестіктері аз емес. Партияның саяси және өкілдік күш-қуатын, заң шығару бастамасы құқығын ескере отырып, әйелдер қанаты бар­ша қыз-келіншектер қауымы үшін аса маңызды біртұтас күн тәртібін жасау және біріктіру тұр­ғысынан топтастырушы рөл ат­қаруы тиіс деп ойлаймын», – деді депутат. 

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сү­лейменова партияның әйел­дер қанатын құру идеясының өзектілігіне тоқталды.

«Бүгінде саясаткер әйелдің бей­несі мен оның жасампаз күш-қуаты сұранысқа ие. Оның сая­си белсенділігі тиімді шешім қабылдауға әсер етеді. Шешіл­ме­ген мәселе әлі де көп. «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты осы­мен айналысуы керек. Сон­дай-ақ Мәжілістің партия фрак­ция­сындағы әйел депутаттары арасынан Tomiris жобасына қа­тысушылар үшін тәлімгерлік институтын енгізу тиімді болар еді», – деді ол.

Жиын барысында әйелдер қа­наты жұмысының күн тәр­ті­бі­не кез келген кемсіту­ші­лікті жоя­тын заң жобасына гендерлік сарап­таманы енгізу қажет екені, қо­ғамда әйелдер қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, ажырасудың ал­дын алу, әйелдер кәсіпкерлігін да­мыту, қаржылық сауатын арт­тыруға қатысты мәселелерді енгізу маңызды екені айтылды. Пар­тияның әйелдер қанатының күн тәртібі аясындағы жұмыс­тың маңызды бағыттарының бі­рі – көшбасшы әйелдерге ар­нал­ған Tomiris жобасын іске асыру. Жиынға қатысушылар­дың басым бөлігі жобаның ау­қы­­мын кеңейтуді қолдап отыр.

Жалпы, Қазақстанда әйел­дер­дің басқару жүйесіндегі және ел­дің қоғамдық-саяси өміріндегі ор­ны жыл сайын артып келеді.

Мемлекет басшысы Қ.То­қаев­тың реформаларының арқасын­да өткен парламенттік сайлауда «AMANAT»-тың партиялық ті­зі­мінің үштен бірін нәзік жан­ды­лар иеленді. «АМАNАТ» мү­ше­­­­лерінің 60 пайыздан астамы – әйел­дер. Сондықтан әйелдер қа­­­натын құру – оларды қолдау, құ­қықтары мен елдің қоғамдық-сая­си өміріне араласу мүмкін­ді­гін кеңейту, шешім қабылдауда әйел­дердің пікірімен санасу пар­тия үшін өзекті әрі дер ке­зінде қа­былданған шешім.