Тіпті, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына осы туралы сауалдар көп түсіпті. Өз кезегінде мүфтият бұл ақпаратты теріске шығарып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға шақырды. Ұлттық құндылығымыз саналатын «домбыраны-харам» деп отырғандар кімдер? Олар заң алдында жауап беруі керек пе? Біз Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдан сұрап көрдік.
– Негізсіз пікірдің таралуына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Қоғамдағы діни жат ағымдарға нәтижелі тыйым салынбағаны негізсіз пікірдің таралуына себеп болды. Салафизм сияқты теріс ағымдарға тыйым салмасақ салт-дәстүрімізге, төлтума мәдениетімізге ақпараттық кеңістік арқылы шабуыл жасауын күшейте береді. Заң тұрғысынан да, идеологиялық тұрғыдан да жат ағымдарға шара қолдануымыз керек. Өйткені сан ғасырлар бойы қалыптасқан, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын, қасиетті құндылығымыздың бірі – домбыра. Домбыраға тиісу – ұлтқа тіл тигізу, салт-дәстүрімізге көлеңке түсіру, өткен тарихымыз бен бүгінімізге көлеңке түсіру деп қабылдаймыз. Сондықтан біз қоғам болып, ел болып, осы мәселемен айналысатын құзырлы органдар белсенді жұмыс жүргізуі керек. Қазір күреспесек, теріс ағымның жолын кеспесек ертең зардабы ауыр болады. Әлеуметтік желіде «домбыра-харам» деп тараған пікір – ақпараттық шабуылдың бір түрі. Қоғамның барлық мүшесі бірдей емес, бұл ақпаратты әр адам әртүрлі қабылдайды. Әсіресе, өсіп келе жатқан ұрпақ, талдау, таңдау, таразылау болмысы қалыптаспаған балалар үшін мұндай ақпарат қауіпті. Олар осындай теріс пікірлердің жетегінде кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан қоғамда ақпараттық сүзгі болуы керек. Жат ағымдар тарататын, шетелден келіп жатқан теріс ақпараттар қоғамның санасын улай береді. Әрқайсысымыз тәрбиелеп отырған балаларымызды лас ақпараттың тұтқынына айналдырмауымыз керек. Ақпараттық кеңістіктегі әр пікір сүзгіден өтіп, таразыланып отыруы қажет. Мемлекеттігімізге, ұлттық ерекшеліктерімізге, рухани келбетімізге көлеңкесін түсірмейтін ақпараттарды ғана қоғамға жеткізуіміз керек.
– Домбыраға тиісіп – ұлтымызға тіл тигізгендер мен төлтума мәдениетімізді қорлағандар заң алдында жауап беруі керек пе?
– Иә, заң алдында жауап беруі керек деп ойлаймын. Өйткені Конституциямыздың 14-бабында нақты көрсетілгендей, қазақ халқының ұлттық құндылығы мен ерекшелігіне тіл тигізуге ешкімнің де құқы жоқ. Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мінезі, ата-бабаларымыздың аманаты мен бүгінгі һәм келешек ұрпақтың айнымас серті. Сондықтан ұлттық құндылығымызға тіл тигізгендер заң алдында жауап беруі керек. Бірауыз сөзбен «кешірім» сұрап, құтылып кететін болса, мұндай ақпараттық шабуылдарды біз тізгіндей алмаймыз. Қате ақпарат таратушылар заң алдында жасқанып, тізгінін тартуы қажет. Мемлекетімізде заңнан үлкен ештеңе жоқ. Әрбір Қазақстанның азаматы заңға бағынғаны жөн. Сондықтан біз елді рухани аздыратын теріс әрекеттерге заңмен тыйым салуымыз керек.
– Мемлекет басшысының: «Мектепте домбыра үйрету сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама» – деген сөзін Оқу-ағарту министрлігі неге ескерусіз қалдырды?
– Осы мәселеге Мемлекет басшысының өзі тайға таңба басқандай айқын ойы мен ұсынысын айтты. Оқу-ағарту министрлігі мектепке домбыра пәнін енгізуге дәрменсіздік танытып, кең байлауға салып нәтиже көрсетпей отырғандығы бәрімізді қайран қалдырады. Президент өз сөзінде: «Мектептерде оқушыларға домбыра үйретуді қолға алу керек» деп нақты айтты. Мен депутаттық сауалымда білім беретін орта мектептерде ән-күй сабағында домбыра аспабын үйрету оқу бағдарламасына енгізілу керек екенін жеткіздім. Бұл ұсынысымның екінші жағы, қоғамда ескерусіз қалып жүрген мәдениет саласының, әсіресе дәстүрлі өнердің өкілдері де жұмыспен қамтылар еді. Мектептерде домбыра сабағы оқу бағдарламасына кіргізілсе, домбыраны өмірлік серігі еткен қаншама маманның мектепте сабақ беріп, әлеуметтік жағдайын көтеруіне мүмкіндік туар еді. Өйткені қазір педагогтердің жалақысы жоғары. Ал филармонияда, мәдениет саласында жұмыс істейтін добырашылар 100 мың теңгеге жетер жетпес жалақы алады. Сондықтан білікті, консерватория бітірген, қолында дипломы бар қыз-жігіттерге мектепте сабақ беруге мүмкіндік беруіміз керек. Бұл қай жағынан алып қарасақ та игі бастама. Домбыра үйренген баланың жүрегіндегі елге деген сүйіспеншілігі, ата-анасына деген сезімі арта түседі. Домбыра үйренуді оқу бағдарламасына енгізудің кешенді түрде пайдасы үлкен. Мен депутаттық сауалмен шектеліп қалмай, алдағы уақытта ұсынысымды Оқу-ағарту министріне де айтатын боламын.
– Жалпы, Ұлттық домбыра күнінің мерекелер тізіміне қосылғанына биыл бес жыл болды. Алайда домбыра күнін тойлау науқаншылдыққа айналып кеткен жоқ па? Ұлттық аспабымызды қоғамда насихаттау үшін тағы не істеу керек?
– Иә, бізді құртатын – науқаншылдық. Кез келген мереке мен мерейтойды біз науқаншылдыққа айналдырмауымыз керек. Домбыра күнін бір күн ғана тойлап қоймай, домбыра үйренуді дағдыға айналдыруымыз қажет. Отан отбасынан басталады демекші, әрбір отбасындағы тәрбие де ұлттық құндылықтарымыздан бастау алуы тиіс. Әрбір ата-ана өз баласын дәстүрлі өнердің уызына қандырып өсірсе, бұл проблемалар да шешімін табар еді. Ұлттық домбыра күнінде тек концерт берумен, алаңдарда флешмоб өткізумен шектелмеуіміз керек. Домбыра күнін тойлау отбасылық мерекеге айналуы керек.
Сондай-ақ домбыраны насихаттайтын, ән-жырдың контенттерін әлеуметтік желіде көбейтуіміз қажет. Бұл үрдіс қазақ тілінде ғана емес, бірнеше тілде жүзеге асуы керек. Ақпарат құралдары, әсіресе радио мен телеарналар дәстүрлі өнерге басымдық беруі тиіс. Жеңіл эстраданың жетегінде кетіп қалмай, домбыраның маңызын ашатын хабарлар көбейсе. Қазіргі жастардың қызығушылық танытатын бағдарламалары мен кешегі 90-жылдардағы буынның қызығушылығын салыстырып қараңызшы. Алдыңғы буынның дәстүрлі өнерге деген қызығушылығы жоғары болатын. Біз сол иммунитетті жылдан-жылға төмендетіп барамыз. Оны қайта қалпына келтіру үшін телеарналар дәстүрлі өнер туралы контенттерді көбейтуі керек. Сол кезде жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығы да артады. Тiktok, Instagram сияқты әлеуметтік желілерде отыратындардың басым бөлігі жастар. Оларға ұлттық өнерімізді насихаттайтын мемлекет тарапынан арнайы жобалар жасалса. Дәстүрлі өнерге баулитын контент болмаған соң олардың да қызығушылығы артпайды. Біз «жастар жыр тыңдамайды» деп құр байбалам салғанмен мәселе шешілмейді. Біз олардың домбыра үйренуіне мүмкіндік жасауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН