Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдыққандардың жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 14 мыңнан астамы жарық дүниемен қош айтысады. Елімізде соңғы 20 жылдың ішінде онкологиялық аурумен ауыратындардың саны 25 пайызға артқан. Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетовтің сөзінше, биыл аталмыш мекемеде 1500-ден астам хирургиялық ота жасалған. Сонымен қатар орталықтың амбулаториялық химиотерапия кабинетінде 5 мыңға жуық онкологиялық науқас ем алған. Радиология бөлімінде 10 мыңнан астам сәулелік терапия сеансы жүргізілсе, 9000-ға жуық онкологиялық науқас химиотерапиялық ем қабылдаған екен.
Онколог Рабиға Қадырбаеваның айтуынша, онкологиялық аурулардың ұлғаюына мынадай бірнеше фактор себеп.
– Біріншіден, қаладағы экологиялық ахуалдың, ауа сапасының төмен деңгейі ықпал етеді. Нашар экология тыныс алу жолдары, ауыз қуысы қатерлі ісіктерінің көбеюіне алып келеді. Екіншіден, алкоголь, шылым шегу, қозғалыстың аздығы, тез дайындалатын тағамдарды көп тұтыну секілді зиянды әдеттердің әсері үлкен. Қазір Алматыда аяғыңды аттап бассаңыз бургер, пицца секілді жылдам дайын болатын, канцерогендері көп тағам сататын ошақтарды кездестіресіз. Осының барлығы онкологиялық аурулардың пайда болуына әкеледі. Үнемі дұрыс тамақтанбау – асқазан қатерлі ісігінің дамуына соқтырады, – дейді ол.
Елімізде онкологиялық аурулар бойынша жасалатын скринингтің дұрыс жолға қойылуы – ауруды ерте сатыда анықтауғамол мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде үш қатерлі ісікке скрининг жасалады: 40-70 жас аралығындағы әйел адамдар сүт безінің қатерлі ісігіне, 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойнының қатерлі ісігіне, 50-70 жас аралығындағы ер мен әйелдер тоқ ішектің қатерлі ісігіне скринингтен өтеді.
Онколог Рабиға Қадырбаеваның дерегінше, скринингтік бағдарламалар енгізілгелі жоғарыдағы ауруларды ерте сатыда анықтау әлдеқайда жақсарған. Бұл науқастардың өмір сүру көрсеткішін ұзартуға мүмкіндік береді. Назар аударатын маңызды факт – қатерлі ісік диагнозы қойылған науқас саны артқанымен, өлім-жітім көрсеткіштері жоғарылаған жоқ.
– Қатерлі ісік ерте сатыда әдетте симптомсыз жүреді. Адамды ештеңе мазаламауы мүмкін. Оны арнайы тексеріс кезінде ғана анықтауға болады. Мәселен, жыл сайын қаншама әйелде скринингтің арқасында сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі уақытылы анықталады. Сәйкесінше, ерте анықталған аурудың емі де оңай, нәтижесі де оң болады, – дейді онколог.
Өкінішке қарай, емделушілердің арасында ауруын асқындырып алған соң келіп қаралатындар бар.
– Сол тегін скринингтің өзіне біздің адамдарды шақыру көп қиындық туғызады. Кейбір емханаларда медбике немесе дәрігерлер азаматтардың үйіне барып, скринингке келуін сұрайды. «Неге уақытылы скрининг өтпедіңіз немесе алғашқы симптомдар пайда болғанда бірден дәрігерге бармадыңыз» деген сұраққа көбіне «уақытым болмады, жұмыстан қолым тимеді, балаға қарайтын адам жоқ» деген сияқты жауаптарды естимін. Жылына немесе тіпті 5 жылда 1-2 сағат уақытыңызды бөліп, тексерістен өтіп тұрсаңыз, аурудың алғашқы белгілері басталысымен дәрігерге жүгірсеңіз – өз өміріңізді сақтап қаласыз. Екінші себебі – науқастың бойындағы қорқынышы. «Дәрігерге барсам міндетті түрде бір ақау шығады. Одан да тыныш жүре берейін» дейді. Тіптен көп адам онкология деген сөзді айтуға қорқады. «Аты жаман ауру» деп атайды. Үшінші себеп – халықтың дәрігерлерге, олардың кәсібилігі мен біліміне сенбеуі. Бұл фактормен күресу үшін біз де өз тарапымыздан күнделікті білімімізді жетілдіріп отыруымыз тиіс, – дейді Рабиға Қадырбаева.
Аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Неден сақтанған жөн? Маманның кеңесінше, өкпе онкологиясымен ауыратын әрбір он адамның жетеуі – ұзақ уақыт шылым шегетіндер. Егер ел арасынан «менің атам 40 жыл шылымды бұрқыратып шегетін, сонда да өкпенің қатерлі ісігімен ауырмады» деген пікірді естісеңіз, ол өте сирек кездесетін, нонсенс жағдай екендігін есте сақтаңыз. Сонымен қатар, темекі шегу тек өкпенің қатерлі ісігін емес, ауыз қуысы, өңеш, асқазан қатерлі ісігіне де алып келуі мүмкін.
«Тағы да ескеретін бір фактор – пассивті шылым шегу. Мәселен, әйел өмірінде шылым тартып көрмеген. Бірақ күйеуі ұзақ жылдар бойы шылым шегетін болса, үнемі қасында жүретін әйелінде өкпенің қатерлі ісігімен ауру қаупі жоғарылайды. Сондықтан шылым шегу арқылы өзіңізге ғана емес, жақындарыңызға да қатер төндіретініңізді ұмытпаңыз», – дейді дәрігер.
Маманның тағы бір кеңесі – саламатты өмір салтын ұстану: дұрыс тамақтану, алкогольді мүлдем ішпеу немесе азайту, фаст-фуд тағамдарын сирек қолдану, спортпен айналысу, созылмалы ауруларыңыз болса уақытылы емдік шаралар қолдану. Ұзақ жылдар бойы дұрыс емделмеген асқазан ойық жарасы кейіннен қатерлі ісікке алып келуі ықтимал.
Кейбір онкологиялық аурулар генетикалық факторлармен байланысты. Мысалы, анасы сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын болса, қыздары осы ауру бойынша қауіп тобына кіреді. Мұндай жағдайда міндетті түрде жылына 1-2 рет маммологқа қаралып тұруыңыз тиіс. Егер отбасында ішектің қатерлі ісігімен ауыратын науқас болса, жасына қарамай бір рет болсын колоноскопия өту маңызды. Ішектің бір бөлігінде полип анықталса, оны дер кезінде алып тастау керек. Тоқ ішек полиптері қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін.
Скрининг бағдарламаларын уақытылы өтіп тұру да сіздің сау болуыңызға көмектесе алады. Егер сізді түрлі шағымдар мазаласа бірден дәрігерге жүгініңіз. Ештеңе мазаламаған күннің өзінде жылына бір рет қан анализі, биохимиялық көрсеткіштер, өкпе рентгені, іш қуысының ультрадыбысты зерттеуі, әйел адамдар – маммолог, гинекологтың, ер адамдар урологтың консультациясын алып тұрғаны дұрыс.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы