Ел экономикасының еселеніп, өнеркәсіптің алға жылжуында да математика ғылымының алатын орны зор. Әйгілі неміс математигі Карл Гаусс айтқандай, арифметика математиканың, ал математика – ғылымдардың патшасы.
Ептілік ереже жаттауда емес
1,200
оқылды

Себебі қоғамдағы кез келген қозғалыс пен уақыт өлшемін математикалық есеппен анықтаймыз. Испаниядан келген математик Пол Лэндман бұл ғылымға келудің жолы көп екенін айтады. Ол үшін есепті шемішкеше шағу міндетті емес, өзіңді қызықтырған пән арқылы математикаға жол табуға болады екен. Бар болғаны осы ғылымға деген құштарлық пен қызығушылық болса жетіп жатыр.

Жақында ғана елордаға ат басын тіре­ген испаниялық математик астаналық оқушыларға интерактивті ғылыми шоу өткізіп, математиканы оңай әрі тез түсіну жолдарын көрсетті. Басында қажетті құ­рал-сайманын тізіп, презентацияға дайын­далып жатқан ғалымды биолог немесе химия маманы ма деген де ой келді. Себебі оның алдында біз күткендей есеп шығаруға қажетті құралдар жоқ. Бір қы­зы­ғы, тақырып «Матемикаға қызығушы­лық­ты қалай тудыруға болады?» деп ата­лады. Шындығында да, су мен сабынның математикаға қандай қатысы болуы мүм­кін? Бұл туралы шетелдік маманның өзінен сұрап білгенді жөн көрдік. 

«Математикадан сұлулық таптым»

Кейіпкеріміз әңгімесін «Математикаға қызығушылығым мектеп қабырғасында басталды. Бірақ мен өзімді математик емес, ботаник ретінде елестететін едім. Есейе келе жүрек қалауым басқа екенін түсіндім. Сөйтіп, биология арқылы математикаға жол таптым» деп бастады. Айтуынша, мектепте оқып жүргенде басқа балалар секілді қиын есептерге келгенде бас қатырып, ережелерді жаттау да қиындық тудыратын сәттері көп болған. Кейін математикалық ғылыми орталықта білімін жалғастырып, көптеген ғалымнан дәріс алады. 

«Бала кезден бастап математикаға құ­марттым. Бірақ математикаға деген терең қызығушылық мұғалім болып жұмыс істей бастағаннан бері басталды десем дұрыс шығар. Былайша айтқанда, осыған дейінгі арман-мақсатымды жетілдіруге, ойымды толығымен өзгертуге серпіліс алып келді. Математиканың арқасында көп нәрсеге қол жеткізе алатыныма сендім. Осы кезден бастап бар өмірімді математика оқуларына және осы ғылымға арнаймын деп шештім. Мен математиканы, ол мені таңдады. Осылайша, есеп әлеміне кіріп кеттім. Әлі күнге дейін өзімді дамытумен келем. Өзімнің салама қатысты түрлі кейіпкерді кездестірдім, есеп шығарудың сан алуан қызықты жолдарын үйрендім. Демек, кім өзі таңдаған саласына бүкіл өмірін арнай­тын болса, сол ғылым жолында көптеген қызықты нәрсені үйреніп, кез келген мақ­сат­қа жете алатынына көзім жетті. Мате­матикадан сұлулық таптым. Шынымды айтсам, бала күнімде де модельдерді табу, барлық заттың бір жерден табылуы математикаға қатысты екенін түсінген секілдімін. Басқаларды қайдам, мен солай ойлаймын», – дейді ол.

Қалауын тапсаң, қар жанады

Қазақстанға алғаш рет аяқ басып отырған ол: «Бұл елдегі әріптестердің де ғылым жолындағы әдіс-тәсілдері көкейге қонымды. Келушілердің де математикаға деген ықыласы жоғары екенін байқадым. Шоу жасап жатқан кезде көрермендер өте белсенді болды. Кішкентай балаларын ертіп келіп, ғылымға деген қызығу­шылы­ғын оятуға атсалысып, белсенділік таны­тып жатқандары қуантты. Алайда олар сұрақ беріп, жауап алу үшін аударма­шылардың жұмысын күтуге тура келді. Осындай келеңсіздіктерге қарамастан кө­рер­мендер өте белсенді болды. Менің­ше, қатысушылардың көпшілігі шоу көру үшін келмеген. Шындығын да, мате­матикаға аса қызығушылық танытатын­дарын байқатты», – дейді.

Әрине, көп ата-ана баласының есепке жүйрік болғанын қалайды. Десек те, қазіргі психологтер мен кейбір пән мұғалімдері есепке ебі болмаса, баланың уақытын текке кетірудің қажеті жоғын айтады. Осы орайда испаниялық маман­нан баланың математикаға қызығушы­лығын қалай оятуға болатынын сұрадық. Оның балаларға көрсеткісі келген негізгі тақырыбы да осы екен. Бірақ мектептегі математика мұғалімі секілді есеп құралы­мен емес, баланың қиялына қанат бітіретін ойын түрінде жеткізген әлдеқайда дұрыс екенін айтады. «Балаларды кез келген тосын дүние қызықтырады. Сондықтан оларды ғылымға ынталандыру үшін зерт­теу әдістері арқылы шақыру керек. Менің тақырыбым көбін таңғалдырғаны рас. Сабын көпіршіктері және оның математи­каға қаншалықты қатысы бар? Балалар да тәжірибелік жұмысымнан кейін өздерін қызықтырған сауалға жауап алғысы келді. Біреуі физика, енді біреуі биология, кейбіреулер химияға байланысты сұрақ қойды. Себебі математиканың ішіне барлығы кіреді. Бұл ғылымда сабын көпір­шіктері өте қызықты. Және ол математи­каны молынан түсіндіруге, классикалық есеп түрлеріне ұқсас есептерді қалай шешуге, инженерияда таптырмас көмекші бола алады. Сондықтан математикаға қы­зығушылықты кітаппен емес, мотивация берумен тудыру қажет», – дейді математик. 

Оның айтуынан түсінгеніміз, сабын көпіршіктері қашықтықты анықтауға көмектеседі. Яғни, әртүрлі нүкте арқылы ең аз жолдарды табуға болады. Мұндай тәсіл  балаларға ғана емес, ересектерге де қызық екенін жеткізді. Демек, мате­матикаға келемін деген адамға ешқашан кеш емес. Мұндайды қазақ «қалауын тапсаң, қар жанады» десе керек. Сондай-ақ Пол Лэндман балалардың математикаға құштарлығы дүниеге келген кезінен баста­латынын айтады. Айналадағы заттарға қызығушылық тудыра бастаған сәттен бастап математикалық кестелерді бір жер­ден табуға болатын секілді болып көрінеді. «Мысалы, көшедегі заттарды балаға түсіну үшін математикалық мысалдарды келтіре жүріңіз. Бұл баланың математикаға құш­тар­лығын ашуы мүмкін. Себебі айнала­мыз­да болып жатқан барлық дүние мате­матикамен тығыз байланысты. Балаға математиканы оқулықтағы қиын ережені жаттатудан гөрі манипуляцияны іске қосып, әртүрлі әдіс-тәсілмен оқытқан жөн» дегенді айтады ол. 

Қазір Испаниядағы көптеген мектеп пен университетте өзі дәріс алған және ғылымдағы ұстазы Антонио Албонелдің оқыту бағдарламасымен жұмыс істейді екен. Соңғы жылдары Испаниядағы мате­матика пәнін оқыту әдіс-тәсілдері түбегейлі өзгерген. Өйткені қазіргі балалар қиын ережені жаттап, көңілсіз оқулыққа қара­ғанда тәжірибеге негізделген зерттеу­лерді жақсы көреді. Өйткені бұл қиын­дықтан Пол Лэндман да өткен. Ол үшін мағынасыз ереже жаттау – ең қиыны. Бірақ қазір білмейтін ережесі жоқ екенін айтқан ол: «Мен бар уақытымды әлемдік тең­деулерді шешуге емес, балаларға математиканы  жеткізу жолында жаңалық ашуға арнап жүрмін. Мысалы, ережені қашан, не үшін пайдалану керек екенін түсіндірмей жаттату еңбекті еш кетіреді», – дейді. 

Жадыра МҮСІЛІМ