Биыл батыстық шаруалар үшін мал азығы кәдімгідей проблема бол­ып тұр.
Киіктің көбейгені де зиян
766
оқылды

Малға бай деген Батыс Қазақстанның оңтүстік өңірінің шаруа қожалықтары «биыл мал азығын жинай алмадық, малымыз қырылып қалса кім жауап береді» деп ашынып отыр. Себебі даланы кезген киіктер жем-шөптің бәрін отап тастаған. Отамағаны киіктің тұя­ғында тапталып қалған. Оралда өткен Парламент Сена­тының көш­пелі отырысы осы мә­селеге ар­налды.

– Биыл оңтүстік аудандардағы табиғи шөптің түсімі төмен. Шектен тыс көбейген киіктердің оңтүстік аудандардағы шабындық пен жайы­лым жерлерді таптауынан мал азығын дайындау қиындап кеткен. Бүгінде киік­тен шаруаларға келген залал құны – 7,9 млрд теңге. Бұл – тек жайы­­­лым жерлерге келтірілген шы­ғын құны», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы Наурызбай Қарағойшин.

Осы ретте айта кетейік, облыс әкі­мінің тапсырмасымен киіктен кел­тірілген шығынды есептеп, акт тол­тыру үшін арнайы комиссия құ­рылған болатын. Сол комиссия әр шаруа­шылық көлемінде акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасына тапсырған. Комиссия бер­ген ақпаратқа сәйкес, облыс көле­мін­де 913 мың гектар ауыл шаруа­шылығы мақ­­сатындағы жерге залал келтірілген. 

Сонымен қатар киіктің көбеюі түрлі инфекциялық аурулардың та­ралуына да әкеліп соғуы мүмкін дей­ді мамандар. Себебі қазір киік бұ­рын­ғыдай адамнан қашпайды. Кері­сінше, ауылдың ішінде адамдармен, малмен бірге араласып кеткен.

– Киіктердің биологиялық негіз­де­меде көрсетілген санынан күрт өсуі облысымыздағы ветеринарлық жағ­дайы­на да кері әсерін тигізуі әбден мүм­кін, себебі жер тапшылығына бай­ланысты, киіктер үй жануарла­ры­мен тығыз араласады, сол себептен олардың бір-біріне түрлі ауруларды жұқтыру мүмкіндігі ұлғаяды, – дейді ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Наурызбай Қара­ғойшин.

Ауыл шаруашылығы ғылымда­рының кандидаты Табылғали Сапа­ровтың пікірінше, киікті Бөкей Орда, Жаңақала жерінен алыстатып, бұрын­ғы ата қонысы Сарыкөл ауылына қа­рай айдау керек. 

– Ол үшін сол аймақтардағы көл­шіктердің бәрін суға толтыру керек. Киік бұрын сол жерде болды, су бол­маған соң олар Ордаға қарай көшіп, шаруаларға кедергі келтіріп отыр, – деді ол. 

Шаруалар бұған дейін Үкіметтен компенсация сұраған еді. Өкінішке қарай, ол мәселе әлі шешілмеген. Эко­­логия министрлігінің өкілі ком­пенсация мәселесі әлі қаралып, ұсы­ныстар талқыланып жатқанын айтты. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы