Бүгінде экспорт IT индустрия­сының күн тәртібіндегі негізгі тақырыбына айналды. Технология­лық интеграцияның берер мүм­кіндігін тауыса пайдалану – басты міндет.
Технологиялық интеграция ұсынған тиімді шешім
982
оқылды

Қазақстан нарығы шетелдік компаниялар үшін тым «кіші» болғанымен, аймақтағы «тартым­ды» нарықтың бірі деп бағаланады. Себебі нарық қазақстандық ІТ компаниялардың әлеуеті зор екенін айқындап отыр.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспор­тымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектел­мейміз», – деп атап өткен болатын.

Жақында өткен IT саласын дамыту ая­сында жаңа міндеттерді іске асыру бойынша Үкімет отырысында сектордағы басты мәселелер талқыға түсті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, қазір мемлекеттік саясат Қазақстанда инно­вациялық экожүйені қарқынды дамытуға бағытталған. Сондай-ақ қазақстандық IT қызметтердің экспортын ұлғайту мақса­тында Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста Silkroad hub өкілдіктері ашылмақ, сонымен қатар білікті мамандарды тарту үшін Digital Nomad Visa жобасы жүзеге  асырылады. Бүгінде республика өңірлерінде 9 жаңа технологиялық алаң ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 хабты іске қосу жоспарланған.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метін­ше, Қазақстанда 2022 жылғы IT қызметтердің көлемі 940 млрд астам теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге артық (645,9 млрд теңге). Жал­пы IТ қызметтерінің негізгі тұтынушы­ларының 82,1 пайызы – заңды тұлғалар бол­са,  4 пайызы   жеке тұлғаларға көрсетіл­ген, ал ІТ қызметіне тапсырыс берушілердің 13,9% – резидент емес тұлғалар.

Қызмет түрлеріне тоқталар болсақ, 257,7 млрд теңге бағдарламалық қамтамасыз етуге 201,3 млрд теңге – ақпараттық технологиялар және ақпараттық жүйелер саласындағы басқа да қызмет түрлері, 146,5 млрд теңге – қосымшаларды орналастыру бағытындағы жұмыстарға негізделген. ІТ саласындағы компаниялар 88,2% Алматы қаласында тіркелген және  олардың жұмыс көлемі – 478, 7 млрд теңге. Ал Астана қала­сындағы ІТ компаниялардың айна­лымы 356 млрд теңгені құрайды.

Мемлекет басшысы атап өткен экспорт жағдайына келер болсақ, резидент емес тұлғаларға көрсетілген қызмет көлемі жағынан АҚШ (Т31, 6 млрд), Швейцария (Т26 млрд) және Ұлыбритания (Т12 млрд) елдері алғашқы үштіктің құрамына енген.

ІТ саласында бірнеше инновациялық жобаның негізін қалаушы Садық Шерімбек «Қазақстанда ІТ нарығындағы үш саланы экс­портқа қабілетті және аймақтағы елдер­мен салыстырғанда әлдеқайда алда келе жатқан салалар деп есептеуге болады» деген пікірде.

– Олар: қаржы технологиялары, электронды үкімет және білім технология­лары. Қаржы технологиялары бойынша еліміз посткеңестік, ТМД және түркі мемлекеттерінің ішіндегі алға шығып кетті. Бұл жерде технологияның дамуын ғана емес, сонымен қатар сол технологияларды халықтың тұтыну индексін қоса алғанда осындай қорытынды шығаруға болады. Демек, технологиялық интеграция бағытында Еуропа мен Азиядағы көптеген елмен салыстырғанда Қазақстан алда келеді деп нық сеніммен айта аламыз. Екіншісі – электронды үкімет. Бұл бағытта Қазақстан әлем бойынша алғашқы 20 елдің тізімінде бар. Қазір енгізіліп жатқан технологиялар­дың барысын есепке алар болсақ, даму индексі бойынша тіпті алғашқы ондыққа да жақындап қалуымыз әбден мүмкін. Мен 30-дан астам елде болдым, одан бөлек инновациялық бағытта көптеген зерттеу жүргіздім әрі бірнеше инновациялық жоба­ның кеңесшісімін. Сол себепті осы сала­дағы жетістіктерімізді мақтанып айта ала­мын. Үшінші бағыт – білім технологиялары бағыты. Коронавирус кезеңінде Қазақстан технологияның арқасында классикалық білім саласы бойынша пандемиядан минимум зиянмен аман-есен шыққан мемлекеттердің бірі дер едім, – дейді ол. 

ІТ маманының айтуынша, мемлекеттік қызметтердің цифрлануы, технологиялық интеграция адамдардың технологиялық өнімдерді тұтынуы жағынан Қазақстан даму индексі бойынша жас мемлекеттердің арасында ТОП-10 ішінде. 

– Әрине, бұл тақырыпта халықаралық сараптамалар да кездесетін болуы керек, бірақ бұл мәлімет – біздің тәуелсіз зерттеулеріміздің нәтижесі. Өте қызықты бір статистикамен бөлісер болсам, қазір отандық білім технологиялары нарығында жылына 1 млрд теңге айналымы бар ТОП-5 жобаны алатын болсаңыз, бесеуі де тек қазақтілді жобалар. Одан кейін айналымы 500 млн теңге болатын тағы бес жоба да қазақ тілінде. Бұлар –пандемия және одан кейінгі периодта жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, қазір нарықта өте жоғары деңгейде жұмыс істеп жатқан жобалар.

Осыдан он жыл бұрын неге нарық қазақ тілін қолданбайды, неге мемлекет қолдау көрсетпейді деп қынжылатын едік. Бірақ қазір технологияға ұлтжанды азаматтардың көптеп келуі және ішкі нарық заңдылық­тарын түсінетін жастардың осы салаға бет бұруы қазақтілді ІТ жобалардың қарқындап дамуына себепкер деуге болады, – дейді сарапшы.

Садық Шерімбек еліміздегі ІТ саласы­ның соңғы кездерді қарқын алуына – мен­талитеттік фактордың да әсер етіп жатқа­нын жоққа шығармайды.

– Бұған дейін мәдениет пен ментали­тетті көп байланыстыра бермеуші едім, бірақ өз жобаларымызды басқа да елдерге экспорттау барысында бұл аса маңызды рөлге ие екеніне көз жеткіздім. Кезінде ІТ саласының мемлекеттік жарнамасы өте жақсы деңгейде болды. Мемлекеттік ІТ жобалар өзін қаншалықты ақтағанынан бейхабармын, бірақ ол да белгілі бір дең­гейде халық арасында инновация немесе цифрлық технологиялардың сіңісуіне зор үлесін қосты. Одан бөлек, қазақтың көш­пенді мәдениетінің де әсері орасан. Көш­пен­діліктің негізгі мәні – кез келген жаңа жағдайға тез бейімделу. Сондықтан техно­логиялар жаппай нарыққа ене бастағанда жалпы халық тез бой үйрете бастады. Тер­ми­налдар келгенде де, адамдарда қорқы­ныш болса да, жылдам бейімделді. Бертін келе банкингтерді қолдана бастадық. Бүкіл әлем жүріп өткен классикалық жолды біз өте қысқа мерзімде, кейбір кезеңдерін тіпті аттап өте шықтық десек те қателеспейміз. Өйткені аймақтағы басқа да елдердің халықтары электронды банк қызмет­терін пайдалануға келгенде әлі де қолма-қол ақшамен жұмыс істегенді мақұл көреді, – дейді ол. 

Соңғы кездері еліміздегі цифрлық технологиялардың тым тез қарқын алуына кейбір сарапшылар заң­намадағы шикіліктер себеп деген долбар айтып жүргенін құлағымыз шалды. Бұл тұрғыда Садық Шерімбек жаңа технология жұмыс істейтін салаға қатысты заңдардың да өзгеріп отыруы табиғи деген пікірімен бөлісті.

– Дамыған елдерде заңнама бірнеше ғасыр бойы өзгеріссіз жұмыс істеп келді. Бірақ, мәселен Еуропа заңдарын сол күйінде әкеліп енгізсек біз артта қалған елдердің қатарында болар едік. Сондықтан технологиялар мен инновацияға, білімге қатысты заңдардың жаңа заманға икемделіп отырғаны біз үшін өте қолайлы. Күн сайын өзгеріп жатқан салаларға тікелей байла­нысты заңдар да уақытпен бірге дамып отыруы қажет. Қалай болған күнде де, біз­бен бірге бір мамандықты игерген қатарлас­тарымыз он жыл өтпей-ақ Қазақстандағы ТОП стартап жобалардың қызметін дөңгелетіп әкетті. Мысалы, OneFit, Sxodim, DarynOnline секілді тағы басқа көптеген сәтті жобаны айтып өтуге болады. Біз білім алған кезең мүмкін IT саласының роман­тикасы енді ғана белең алып келе жатқан тұсы болған да шығар. Нәтижесінде, сол уа­қытта осы салаға келген азаматтар на­рық­ты көтеріп әкетті. Қазір сол жастар өзін­­дік ерекшеліктері бар қазақ менедж­ментін қалыптастыра алды. Сол модельді шеңберінде жұмыс істей бастаған қазақ жастары да өзге нарықтарда оңай іс бастап жүр. Сондықтан қай жобаны алып қарасаңыз да, қазір бізге ІТ қызметін шетелдерге экспорттау үлкен проблема туғызбайды, – дейді маман. 

«2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу қажет», – деп Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа міндет те жүктеген болатын. «Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек», – деді Президент. 

Эксперттің айтуынша, қазірдің өзінде отандық ІТ өнімдер көп жағдайда ТМД, Оңтүстік Шығыс Азия, Араб елдеріне экспортталуда. 

– Әсіресе, алғашқы кезеңде ТМД елдерін нысанаға алған жөн. Мәселен, өзіміз жасап шығарған Qalan платформасы осы жазда Өзбекстан мен Ресей нарығында толыққанды іске кірісті. Қазір жобаның жалпы кірісінің 30 пайызы сыртқы нарық­тан түскен пайдадан құралады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді деген жоспарымыз бар. Жобаның әлеуетін пайымдай келе, алдағы уақытта табысымыздың 90 пайызы шетелдік нарықтан түседі деп сеніммен айта аламыз, – дейді Садық Шерімбек. 

Жастардың әлеуетін пайдалануды көздеген еліміз үшін цифрландыру ісінің берері мол екені сөзсіз. Бұл туралы Пре­зидент Қ. Тоқаев еліміздің аталмыш сала­дағы мүмкіндіктерін жоғары деп бағалап, осы бағытта қарқынды жұмыс істеуді тапсырған болатын. Жолдауда ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдікті де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керегін ескерткен Мемлекет басшысы мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет екенін алға тартты.

Дегенмен сарапшы отандық инвестор­лар қазақтілді жобаларға қаржы құюға кел­генде құлықсыздық танытатынын жасыр­мады. Бірақ соңғы кездері  демография нарықта өз ережелерін орнатқанын көріп жүрміз. 

– Бұған дейінгі жобалардың аясында ст­ратегиялық инвесторлар тартқан бола­тын­быз. Әрине, инвесторлардың есебінен жоба тезірек дамып, жаңа территорияларды игеретіндей жағдай жасауға болады. Бірақ біздегі қазақтілді жобалардың көпшілігі инвесторлардың есебінен емес, кәдімгі таза энтузиазм мен еңбектің нәтижесінен жүзеге асырылған. Жоба сәтті шығып, нарықта өзін мойындата алған сәтте ғана инвестор­лардан ұсыныс түсе бастайды. Дегенмен қазіргі нарық қайда барсаңыз да қазақтілді жобаларды талап етеді. Сондықтан нарық заңдылықтары ескерілмесе, қандай керемет жоба болса да түбінде тоқырауға ұшырайды, – дейді ол. 

Бүгінде ІТ барлық саланың басын біріктіретін күшке ие. Себебі технология meta-мәліметтерді пайдалана отырып, жа­сан­ды интеллектінің көмегімен өнімділікті 90 пайызға жуық дәлдікпен болжайтын деңгейге жетті. Бірақ осындай тың технологиялардың тілін білетін мамандар тапшылығын жою бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, TechOrda бағдарламасы аясында қазақстандықтар ваучерлік жүйе бойынша жетекші жеке­мен­шік IT мектептерде оқи алады. Болашақта білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытушыларды даярлауға ваучерлер бөлу және IT факультеттерде сапа стандарттарын енгізу мәселелері пысықталмақ. 

Дегенмен сарапшылар, тек ІТ саласына  емес, экономиканың өзге де секторларына тиесілі стартап жобаларға тұрақты қолдау қажеттігін естен шығармау қажет дейді. 

– Барлық адамды күштеп ІТ-ға да тарта алмайсыз. Үкімет тарапынан айтылып жатқан 100 мың ІТ маманын әзірлеп шы­ғарамыз деген бастамаға да менің күмәнім бар. Себебі жағдайды шынайы көзқараспен сараптау қажет. Тек   ІТ саласына басымдық беру өзге салалардың әлеуетін жоққа шығарумен тең. Мәселен, Астана хабтағы ІТ жобалар 1 пайыз салық төлеу жеңілдігіне ие. Бұл, әрине, дұрыс, бірақ осы модель негізінде еліміздегі кез келген салаға, яғни ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина немесе ғарыш технологияларымен айна­лысатын стартаптарға да осындай жеңіл­діктер жасалуы қажет деп есептеймін, – деп қорытындылады маман.

Кәмила ЕРКІН