Биыл Жетісу облысындағы қант өндірісі саласын, атап айтқанда, екі қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ететін фермерлер 370 мың тонна қант қызылшасын өндіреміз деп болжап отыр.
Қант өндірісі шатқаяқтап тұр
908
оқылды

Қазір қант өндірісі арқылы табыс тауып отырғандар зауытқа өткізілген қызылшаның 10-12 пайызын қантқа айналдырады. Бұл – соңғы жылдары не кері кетпейтін, не алға аспайтын, әбден қалыптасқан көрсеткіш. Оның қаншалықты шындық екені қайта өңдеушілерге ғана аян. Сонда 370 мың тонна шикізаттан 37 мың немесе 45 мың тонна аралығында ақ қант алады. Қанттың бүгінгі бағасын орташа есеппен келісіне 450 теңге, бір тонна қант қызылшасынан 100-120 келі қант өндіріледі деп алсақ, бір тонна шикізаттан 45-54 мың теңге пайда түседі. Енді осы санды мыңдаған тоннаға көбейтіп көрсек, қыруар қаржы шығады.

«Қазақстан» баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатына келген фермерлер қазір қант өндірісінде түсетін пайданың 70 пайызын қайта өңдеуші кәсіпорын алып қалып, шикізат өткізетін шаруаларға 30 пайызын ғана беретінін қынжыла баяндап, қант өндірісі саласын мемлекет меншігіне алу қажет екенін мә­лімдеді. «Сонда ғана стратегиялық са­ланы сақтап қала аламыз. Бір кездері қант зауыттары алынатын дайын өнімнің есе­бінен түсетін кірістің 70 пайызын фер­мерлерге беріп, өздеріне 30 пайызын ғана қалдыратын. Сол уақыттары қант өндірісі де өр­кен­­деген, қазір салаға мо­но­­полия орнатып алғандар барлығын керісінше істеп отыр», – дейді жылдар бойы қант қызыл­шасын өсіріп келе жат­қан шаруалар. 

Расында солай, биыл қант қызыл­шасы алқаптарының көлемін 8,5 мың гектарға жет­кіздік, енді бірер жылдан соң екі есеге арттырамыз деп жоғарыға есеп бе­ріп отырғандар, саланың дәл қазіргі жай-күйін жете білмейді. Оны айтасыз, ел экономикасы үшін ең қиын кезең болып саналатын өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы мен жаңа ғасырдың бастапқы жылдарында қант қызылшасы алқаптарының аумағы қазіргіден айтар­лықтай артық болғанын, бір жылдары қазіргі мақтанып айтып жүрген 7-8 мың гектарды Ескелді ауданындағы бір ұжым­шардың өсіргенін білмейтіндер бар об­лыстың ауыл шаруашылығы саласын басқарып отырғандар арасында. Саланы жете меңгермегендер, қант қызылшасын өсіріп, баптаудың, жинаудың оңай шаруа емес екенін, қыруар қаржы мен еңбек күшін қажет ететіндігін де түсіне қой­масы анық. Мемлекет тарапынан қолдау бар­лығын жоққа шығаруға болмайды. Арасына бірер жыл салып барып, қазы­наның қаржысына қайта-қайта жаңғыр­тудан, жабдықтаудан өтетін қант зауыт­тары да тасымалға деп тамшылатып бол­са да қаржы қарас­тырған болады. Алайда қайта жаңғыртудан өткендерімен шикі­заттан алынатын нақты өнімнің көлемін 10-12 пайыздан асырмайды. Еуропада, көршілес Ресей мен Белорус­сияда бұл көрсеткіш – 17-18 пайыз. Со­ған сай олардан түсетін пайда да қо­мақты. Ал бізде бәрі керісінше. Бір кезде қазіргі Жетісу облысы аумағында істеген төрт бірдей қант зауытын қос­қанда елі­міз бойынша 8 кәсіпорын қант өндірсе, бүгінде солардың төртеуі ғана қалды. Жетісуда екі зауыт жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Жағдай осылай жалғаса берсе, қант өндірісі саласы мүлде құр­дымға құлары анық. Алдағы кездері шаруа­лар бұл дақылдан түбегейлі бас тартатын сыңайлы. Оған баспасөз мәс­ли­хаты барысында айтылғандар дәлел бола алады. 

Облыстағы кезінде қант өндірісі ба­рынша өркендеген Ақсу ауданында ширек ғасырға жуық уақыт осы салада еңбек етіп келе жатқан «Квитко» шаруа қожа­лы­ғының басшысы Александр Квитко 2017 жылға дейін жағдай бір­сыпыра тәуір болғанын айтады. Күзде егістіктен түскен пайдаға ауыл шаруа­шылығы техникаларын біртіндеп болса да жаңалап алу мүмкін еді. Өкінішке қарай, кейінгі бес-алты жылда фермер күзде кіріс санаудың орнына, қыстан қайтіп аман шығамын дейтін жағдайға жеткен. Өткізген өнімнен түскен қаржы­ны басқа тартса аяққа, аяққа тартса басқа жеткізе алмай қиналады. Жұмыс­шылардың жалақасын төлеген­нен соң ештеңе қалмайды. 

«Бүгін біз көмек сұрау мақсатында келдік. Жанымызға батқан жағдайларды жайып салмақпыз. Мен 2000 жылдан бастап қант қызылшасын өсіремін. Ол кезде күздегі пайда бөлінісі екі жаққа да аса қолайлы болатын. Шикізат өткізетін шаруаларға 70 пайызы беріліп, зауытқа 30 пайызы қалдырылатын. Өздеріңіз бі­летіндей, 2004–2009 жылдары эко­номикамыз үлкен дағдарысты бастан өткерді. Бәрімізге қиын тиді. Соның өзінде Ақсудағы қант зауыты аудандық салық комитетіне жыл сайын 400 мил­лион теңге төлемдер аударатын. Ол кезде кәсіп­орын бағасы тым қымбат мазутпен жұмыс істейтін. Қазір зауыттың арзан отын – газға көшкеніне екі жыл болды. Қайта өңдеу бұрынғыдан бірнеше есеге арзан­дады. Бірақ біздер – шаруалар одан ешқандай жақсылық көріп отырғанымыз жоқ. 

2015–2016 жылдары қанттың бағасы қазіргінің жартысын ғана құрайтын. Соған қарамастан, біздің өткізген шикі­затымызға жақсы төленетін. Қазір бәрі керісінше. Қанттың бағасы еселеп қымбаттады да, соның негізін қалайтын біздің еңбегіміздің төлемі бұрынғыдан төмендеп кетті. Бүгінде қант зауыты пай­даның 70 пайызын өзінде алып қалып, біздерді 30 пайызға телміртіп қойды. Жұмыс істейтін техниканы жаңалай алмай қалдық. Шаруа қожалықтарының 80 пайы­­зында техника қаусап тұр. Қант зауыттарымен қант қызылшасын сатып алу жөнінде екі жаққа да тиімді келі­сімшарт жасағымыз келеді. Жыл сайын күзде болатын дау-дамайдан соң шеші­леді дейді. Біздер де талап етіп, талпынып келеміз. Бірақ құрылтайшы бізбен са­насқысы келмейді. Ақыр соңында тағы да шаруаларды қайта өңдеушіге кіріптар ететін келісімшарт жасауға мәжбүрміз. Бұл мәселе жылда қозғалады, бірақ нақты шешімін таппайды. Алға жыл­жыған жылдармен бірге шаруа адамдары үшін қант қызылшасын өсіру тиімсіз болып барады. Сондықтан бұл салаға мемлекеттік деңгейде назар аударып, нақты шаралар қолданатын кез жетті», – дейді Александр Квитко. 

Облыстағы қант қызылшасы көп өсірілетін аймақтың бірі – Көксу ауда­нындағы «Рахимов» шаруа қожалығының басшысы Рахым Кәрімовтың айтуына қарағанда, қарпайым адамдарды қойып, фермерлердің өздері қант зауыттарының нақты қожайындары кім екенін білмейді. Түрлі болжамдар айтылып, біресе анаған, біресе мынаған теліп, бал ашып жүрген жұрт әйтеуір. Оның ойынша, былтыр аяқастынан пайда бола кетіп, халықты сабылтып қойған қант тапшылығы мен бағаның бетімен кетуінің басты себебінің бірі де осы белгісіздік, салаға жауап бе­ретін нақты тұлғалардың беймәлімдігі. Фермерлердің жыл сайынғы бас ауруына айналатын қант зауыттарымен өздеріне пайдасыз бір жақты келісімшарттарға отыруы биыл да қайталанған. Бұның себебін де тап басып айтып, ақтайтын дәлел келтіретін жан жоқ. 

«2005–2006 жылдарға дейін қант қы­зылшасы саласы субсидияланбаса да, бюджетті тиісті төлемдермен толық­­ты­руда жақсы жағынан аталатын. 2006 жыл­ға дейін қантты басқа елдерге жөнелтетінбіз. Одан кейін салада моно­полия орнады да, бәрі кері кетті. Қант қызылшасын сатып алу бағасының арзандығы табысты төмендетті. Қазір еліміздегі қант зауыт­тары бразилиялық фермерлерден қант қамысын үш есе қымбатқа сатып алады. Қант қызыл­шасынан өндірілген қанттың өзіндік құны 275 теңге болса, қант қамысынан алынған шекердің өзіндік құны 440 тең­геден жоғары. Осыдан барып, бра­зилиялық фермерлерден біздің қай жеріміз кем? Неге бізге олардан үш есе аз төлейді деген сауалдан туындайды», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі. 

Қант қызылшасы өндірісі саласында жедел өзгерістер қолға алынбаса, елі­міздегі осы саланың жетекші аймағы – Жетісу облысында қант қызылшасын өсірумен айналысатын қожалықтар мүлде тұралап, тәтті түбір өсіруден түбе­гейлі бас тартуы мүмкін. Өйткені қайта өңдеу саласындағы монополистер қант өндірі­сіндегі қара жұмыста атқа­ратын қожа­лықтарды біржақты келісімшартпен тырп ете алмас, тығырыққа тіреп тас­таған. 

Шаруалардың айтуынша, жағдай жақ­сарудың орнына алға жылжыған жыл­дармен бірге құлдырау үстінде. Соңғы жылдары екі зауыт та бірнеше рет қайта жабдықталып, жаңғыртудан өткен. Алайда жұмыс істеу мен шикізат қабыл­дау әлі күнге бұрынғы жаттанды соқпақтан ажырамаған. Сол баяғы бәз қалпында. 2017 жылы қанттың бағасы 170-180 тең­­генің айналысында болса, қызыл­шаның тоннасына зауыт 17 мың теңгеден беріп тұрды. Қазір қанттың келісі екі жа­рым есеге қымбаттап кет­кенмен, шикі­зат қабылдаудың бағасы төмендеп, 15 мың теңгеге түскен. Зауыт қазір табыстың 70 пайызын алып отырғанын, шаруаларға 30 пайызын ғана беріп отырғанын жо­ғарыда жаздық. Қазақстан фермерлер қауым­дастығы да қайта өңдеушілер пайдаға кенеліп, қожалықтарды тонап отыр деп санайды. 

2004–2005 жылы қызылшадан қант шығару тоннасына 12 пайыз болатын. Ол кезде зауыттар ескі, әлі күрделі жөндеу­ден өтпеген еді. Сол уақытта егілген қыр­­ғыз­стандық тұқымдардың өнімділігі де төмен, 17 пайыздан аспайтын. Одан бері екі қант зауыты да модернизациядан өтті. Қазір жетісулықтар өнімділігі аса жоғары фран­циялық, америкалық тұ­қым­дарды пайда­ланады. Соған қара­мастан «жаңар­тылған» зауыттар әлі күнге қызылшадан 10-12 пайыз ғана қант шығарады. Басқаны айтпағанда, көршілес Ресейде бұл көр­сеткіш – 17-18 пайыз. 

Біржақты келісімшарттар қожа­лық­тарды банкрот қылады. Егер сала мүлде құрыса, мыңдаған адам жұмыссыз қалады. Мәселен, Жетісу облысы бойын­­ша биыл 8,5 мың гектарға тәтті түбір себіліпті. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен­дердің айтуынша, дұрыс өнім алу үшін бір гектарда бір адам тұрақты жұмыс істеуге тиісті. Сонда келер жылы қант қызылшасы себілмей қалатын болса, бірден 8,5 мың адам екі қолға бір күрек таппай қалмақ. Сондық­тан фермерлер мен зауыттар өзара түсіністікте, екі тарапқа бірдей тиімді­лікте жұмыс істеуі керек. Егістік алқап­тарын көбейтумен мәселе шешілмейді. Ең құр дегенде, қайта өңдеуден соңғы пайданың бөлінісін теңестіруге қадам жасалмаса, жағдай ушыға бермек. Фер­мерлер осыған орай өнімнен түскен кірістің 55 пайызы зауытта қалып, 45 пайызы шаруаларға берілсе дұрыс болар деп отыр. Тіпті бол­маса, қант өндірісі саласын мемлекет меншігіне алғаны жөн. Мұның бәрі бұған дейін де айтылып, сан мәрте талқыға салынған. Ендігі үміт – су жаңа Ауыл шаруашылығы министрінде. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы