Облысқа қарасты Қармақшы ауданында өткен «Дала күні» семинар кеңесінде аймақ басшысы аяқ су тапшылығы мәселесін қозғап, оның алдын алу бойынша бірқатар ұсыныс-пікірін жеткізді.
«Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының қиындығын қатты сезініп келеді. Биыл да вегетация кезеңінде егістік алқапты сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкімет басшысы Әлихан Асханұлының, Үкімет мүшелерінің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Былтыр Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 21 канал тазаланып, 52 ұңғыма қалпына келтірілді. Қосымша 133 сорғы сатып алынып, ел игілігіне пайдаланылуға берілді. Облыста арнайы жұмыс топтары құрылып, суды тиімді пайдалану үшін егістікті кезектесіп суаруды, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалануды жолға қойдық. Осындай қиындықтарға қарамастан, күріш көлемін 89 мың гектар етіп сақтап қалдық», – деді өз баяндамасында Нұрлыбек Мәшбекұлы.
Сонымен қатар облыс әкімі келер жылдан бастап суды тиімді пайдалану үшін күрішке берілетін қолдаудың көлемін қысқартып, қаржыны әртараптандыру мақсатында егілетін дақылдарға бағыттауды ұсынды. Бұл тұрғыда, ауыспалы егіс тәртібін сақтап, егістік жерді лазерлік тегістеуден өткізген және каналдар сағасына су есептегіш құралдар орнатқан шаруашылықтарға ғана субсидия беру қажеттігін алға тартты.
Сонымен қатар өңірдегі күріш шаруашылығында сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жайы да өзектілігін жояр емес. Соған сәйкес әкім министрлік әзірлейтін тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына күріш тұқымы мәселесін арнайы қосуды және қолдауды сұрады.
Жалпы, биыл облыс бойынша 193,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 89 мың гектарды құрады. Сонымен қатар әртараптандыру бағытында 3 мың, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 872,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Мамандар күзгі егін жинау науқанына қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті екенін айтады. Ауыл шаруашылығы техникалары да күрішті дер кезінде жинап алуға толық дайын.
Бүгінде шаруашылықтар ерте егілген дәнді дақылдарды жинау жұмыстарын толық аяқтаған. Нақты уақытта дәнді және сүрлемдік жүгерімен қатар картоп, майлы, мал азықтық және көкөніс, бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде.
Орақ кезеңіне орай күріш егісінің суы толық жабылған. Жалпы, дихан қауымы егін жинау науқанын кестеге сай жүргізіп, 10 қазанда аяқтауды межелеп отыр.
«Дала күні» семинарында Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың Сыр диқандарын егінге орақ салу рәсімімен құттықтау хатын Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жеткізді. Келесі кезекте министр диқандар мен су шаруашылығы мамандарын Премьер-Министрдің Алғысхатымен марапаттады.
Шара барысында қатысушылар егін жинауға арналған техникалармен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты.
Семинар кеңеске аудан әкімдері, басқарма басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы