Сондықтан шығар, Рүстем Жаныаманов кино өнерінде сұранысы жоғары актерлердің қатарында. Бірақ өнер иесінің өкініші де жоқ емес. Ол жайлы өзінен сұрадық.
Қылышбектің ұрсып сөйлейтін мінезін ұстазымнан алдым
– Қазір экранда «Келінжан» сериалының бесінші маусымы көрсетіліп жатыр. Қалың көрермен фильмдегі философ, қиялшыл, ақынжанды, ақкөңіл Қылышбекті жақсы көреді. Ал өзіңізге бұл рөл қаншалықты жақын?
– Қылышбектің рөлі – жан-жақтан жинақталған образ. «Қылышбек осындай болса екен деп» режиссер де, продюсер де өз ойын қосады. Одан кейін актер ретінде мен де өз тарапымнан біраз қимыл-қозғалыс қосамын. Осылай барлығымыз образды жан-жақты салыстырамыз. Продюсер мен режиссер «Ауылымызда осындай адам болып еді. Әрбір сөзін мақалдап, таза қазақша сөйлейтін білімді жан болды. Әпенділігі де бар» деп қызықты оқиғаларын айтып, әңгімелеп береді. Ары қарай актер ретінде образды жетілдіремін. Өмірде кездестірген, Қылышбекке ұқсас жандарды еске түсіремін. Мен мектеп-интернатта оқыдым. Сол жерде Бақытнұр Тәліпұлы дейтін ұстазымыз болды. Әлі күнге дейін сабақ беріп жүр. Өте білімді адам болатын. Сол ұстазымыздың тәлім-тәрбиесімен өстік. Әрқайсысымыздың өмірбаянымызды, аты-жөнімізді жатқа білетін. Бізді атымызбен атамайтын, «Жаныаманов» деп шақырып, сабақ сұрайтын. Маған ұстазымыздың қатал мінезі ұнайтын. Кей кезде Қылышбектің ұрсып сөйлейтін мінезін өз ұстазымнан алдым. Осылай жан-жақтан жинақталған образ. Қылышбек – маған ұнайтын өте жақын рөл. Шынайылықты беруге тырысқаннан кейін бе, халық та рөліме риза болып жатады.
– «Келінжанның» көрермен көзайымына айналуына басты себеп не?
– Халық «Келінжанды» көргенде, айнадан өзін көргендей болады. Ешқандай қоспасыз шынайы өмірді көрсеткеннен кейін халық сериалды «Мынау біз ғой» деп рақаттанып тамашалайды. Тіпті, өмірде ешкім таза қазақша сөйлемейді ғой. Қылышбектің образына да «уже, потом» деген сөздерді қосқаным сондықтан.
– Көп киноға түсесіз. Сіз ойнаған рөлдер шынайылығымен көрерменге жақын. Образдарыңыздың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Жалпы, актерлік талант бойыңызға қанмен келді ме? Әлде термен келді ме?
– Шынымды айтсам, актерлік талант маған қанмен де, термен де келген сияқты. Неге десеңіз? Мен мектепте жүрген кезден бастап өнерге жақын болдым. Сурет салатынмын, еңбек сабағы ұнайтын. Сахнаға шығып қойылым да қоятынмын. Сол жағынан көп ізденетінмін. Жүректегі өнерге деген махаббатым мені бүгінгі күнге жетеледі. Ал өнер бойыма қанмен келді деп айтуымның себебі, анам актерлікке жақын болды. Бірақ сахнаға шықпаған, үйдегі әртіс болатын. Құрбыларына пародия салып, мені кішкентай кезімде күлдіретін. Мен «Мама, тағы да айтшы. Ана тәте қалай сөйлейді?» деп қайта-қайта сұрай беретінмін. Ал әкемнің ағасы – мықты суретші. Сол кісіден дарыған шығар, мен де сурет саламын.
Екіншіден, мен ұстаздарыма рақмет айтамын. Колледждегі Ерлан Кәрібаев атты мұғалімімізден көп үйрендік. «Сен сахнада өтірік ойнап тұрсаң, ертең халық сенбейді» деп ұрысатын. Солай шынайы болуды үйрендік. Сосын белгілі режиссер Болат Атабаевты айтпай кетуіме болмайды. Болат аға менің адам болып қалыптасуыма, білімді болуыма үлкен әсер етті. Әрбір сөзінде Абайды мысалға келтіретін. «Қазір қазақ Абайды керек қылмай қалды» деп күйінетін. Сондықтан Болат ағайымыз бізді философияға үйретті десем қателеспеймін.
Ұстаз көрген актер қателеспейді
– Шынын айту керек, қазір көрерменді сендіретін қазақ кинолары азайып барады. «Ң»-ға тілі келмейтін актерді де көріп жүрміз. Бұл жас буынның жалқаулығынан ба?
– Кез келген маман ұстаздың алдынан өтуі керек. Ұстаз көріп, тәлім алған әртіс «ң, ә» деген әріптерден қателеспейді. Ізденбейтін актердің ішінде жалқаулық та, немқұрайлылық та бар. Өз басым, төл әріптерімізді бұзып сөйлейтін адамдарды ұнатпаймын. Бұл – өрескел қателік. Ойнап тұрған әртіс рөлін бүкіл елдің, Қазақстан халқының көріп отырғанын ұмытпауы керек. Ізденбей «ң»-ды «н» деп айта салуы – үлкен қателік.
– Соңғы кезде актерлер мен блогерлердің кино түсіруі тенденцияға айналып бара жатқандай. Қолында қаржысы бар адам режиссер, танысы бар жан актер атанып жүр. Бұл көрерменнің талғамын, қазақ киносының беделін түсіре ме?
– Шынымен де, қазір кино да, өнер де бизнеске айналып бара жатыр. Мұның қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін білмеймін. Бір білерім, бұл үрдіс өнерге қастандық, қиянат жасап жатқандай көрінеді. Кино дегеніміз – ертеңгі тарих. Біз қартайып, өмірден өтсек те, артымызда кино ұрпаққа мұра болып қалады. Сондықтан шын жүрегімнен саналы туындылар жасалса екен деп тілеймін. "Көш жүре түзеледі" демекші, бір жағынан барлығының жаппай кино түсіре бергендері де дұрыс шығар. Осылай қазақ киносы дамитын шығар, көрерменнің талғам, таразысы да қалыптасар деген үміт бар. Шыны керек, қазіргі кинолардың көбі – бір рет көруден аспайтын туындылар. Арзан әзіл, таяз ойлау сияқты проблемалар көп кездеседі. Бірақ оларға «қой» деп айта алмаймыз. «Қой» десек те кино түсіргендерін қоймайды. Сондықтан әліптің артын бағу керек. Өзім осы бір толқынның бізді қайда апара жатқанын бақылап жүремін. Әйтеуір қазақ киносы дұрыс жолға түссе екен деп тілеймін. Мысалы, кезінде Оңтүстік Корея жаппай кино түсіріп кетіпті. Ішінде керегі де, керексізі де болған. Тек комедия түсіріпті. Кейін олар комедия түсіруден де жалығыпты. Сосын Oldboy деген өз шындығы үшін күресетін азаматтың оқиғасын көрсететін боевик кино түсіреді. Бұл фильм кореялықтардың санасына сілкініс жасапты. Арзан комедияның керексіз екенін осы кино түсіндіріпті. Қазір Оңтүстік Корея ең мықты деген драмалар мен түрлі жанрдағы кинолар түсіріп жүр. Екінші жағынан, кез келген адамның кино түсіруі көрерменнің талғамын, қазақ киносының беделін түсіреді. Кино нарығы дамымай, осы деңгейде қалып қалуы да мүмкін. Ертең тағы бір блогер болмашы тақырыпты көтеріп, комедия түсіреді. Бірақ түпкі ойларының барлығы – ақша табу. Бұл айтпаса да түсінікті, бәрі алақандағыдай көрініп тұр. Барлығының көздейтіні – ақша. Байыса, қазақ байысын деп мен бір жағынан бұл үрдісті қолдасам, екінші жағынан көрермен ретінде сапалы туындылардың түсірілгенін талап етемін. Кішкене ой қосып, тың тақырып көтерсе деймін. Қоғамның санасына сілкініс әкелетіндей туынды түсірсе деймін.
Мен театрға ренжулімін
– Болат Атабаевтың шәкірті екеніңізді көп адам біле бермейді. Жалпы, өнер академиясында режиссер мамандығын оқыдыңыз. Бірақ неге ол жолды таңдамадыңыз?
– Иә, мен Болат Атабаевтың шәкірті болғаныма, ондай тұлғамен замандас болғаныма қуанамын. Білімін шәкірттеріне барынша беріп кетуге тырысқан, көкірегі ояу сондай тұлғалар көп болса екен деймін. Театр режиссурасын таңдамауымның себебі – мен театрға ренжулімін. Театрда қазір ескілік те, ескі көзқарастағы адамдар да бар. Театрға жаңалық әкелуге тырысатын режиссерлер бар. Бірақ сол жас режиссерлерге жол беретіндер аз. Баяғыдан келе жатқан адамдар заман ауысса да жастарға орын беруге асықпайды. Менің театрға ренжулімін деп айтуымның себебі бар. Мемлекеттік қуыршақ театрында жұмыс істеп жүріп, «Отыздан асып барамын» деген киноға түстім. Қуыршақ театры әкімдікке қарайтын. Кейін киноға түскенім үшін әкімдік мені шақырып алып, сұрақтың астына алды. Ренжісем де, бұл жағдайды еш жерге айтпай қоя салдым. Кейін Қаңтар оқиғасы болды. Біз «Бейбітшілік болсын, бәрі бейбіт жолмен шешілсін» деп өнер адамдары атынан жай ғана ойымызды айтқанымыз үшін бе екен, театр мені жұмыстан шығарып жіберді. Сонда өнер адамдары өз ойын айтпауы керек пе? Мен осыны түсіне алмаймын. Шығармашылық еркіндік пен мүмкіндік берсе екен деймін. Қазір менің қолым байлаулы. Себебі қолымда қаражат жоқ. Қаражатым жетсе, жүзеге асырғым келетін жобаларым бар. Тіпті, кезінде Мәдениет және спорт министрі болған Асхат Ораловқа да хат жазып көрдім. Министр мән беріп те қараған жоқ. Содан қоғамда өнер адамдарын тыңдайтын ешкім жоқ екен ғой деген ойға келдім. Қазір бізде жастар туралы, балалар туралы кино жоқ. Осы мәселені қолға алып, балалар көретін әдемі туынды жасағым келген еді. Каратэ, футбол туралы балаларға контент түсіруге қолым байлаулы.
Тарихи киноға түскім келеді
– Арманыңызда жүрген рөл бар ма?
– Әрине, ондай рөл бар. Тарихи киноға түскім келеді. Бірақ бұл арманым қазір орындалмайтын сияқты. Өйткені өнер әркімнің қолында кетіп бара жатыр. Кімнің ақшасы бар – сол кино түсіреді. Осы мәселе мені қатты ойландырады. Өнер әлемінде жүргендіктен, жаным ашиды. Жалпы, әскер де, білім де – барлық сала дұрыс бағытта дамыса екен деп тілеймін.
– Сіз талғамы жоғары актерсіз. «Сержан братан» сияқты YouTube арнадағы сериалдарға түсуіңізге не себеп болды? Жалпы рөл таңдайсыз ба?
– Талғамы жоғары актер ме, төмен актер ме – оны бағалап жатқан ешкім жоқ. Қазір квнщик те, блогер де, актер де – бәрі бірдей. Сондықтан заманға сай нәпақамды тауып жүре беремін деп шешкенмін. Ұсыныс болса YouTube сериалдарға да түсе беремін. Өйткені заманның талабы сондай. Актердің талғамы ешкімге керек емес. Мен қазір «Қазақфильмге түсемін» деп отырсам, Қазақфильмнің кино түсіргенін, ремонты біткенін күтіп біраз жылымды жоғалтып аламын. Сондықтан таңдау жасамай, ұсынған киноға түсе беретін болып шешкенмін. Кәсіби актер болғаннан кейін біз ермексаз сияқтымыз. Кез келген рөлді ойнай алуымыз керек.
– Адам ретіндегі өмірлік ұстанымыңыз қандай? Бос уақытыңызда немен айналысасыз? Ән айтатыныңызды, күреспен шұғылданатыныңызды білеміз. Ел білмейтін қандай хоббиіңіз бар?
– Қазір «Сіздің қандай адам екеніңіз маңызды емес. Қандай маман екеніңіз маңызды» деген сөз жиі айтылады. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Ең бастысы – адам болу. Бірақ адам болу да оңай емес. Бірінші, адам ретінде қалыптасып алу керек. Менің ұстанымым осындай. Бос уақытымды балаларыма арнаймын. Қолым қалт етіп босай қалса соларға кітап оқытуға тырысамын. Балаларымды жақсы азамат ретінде тәрбиелеуге ұмтыламын. Футбол, турникке тартылу, жүгіру, жүзу, волейбол сияқты спорттың барлық түрін өте қатты жақсы көремін. Бұл – бала күнімнен қалыптасқан әдет. Әлі күнге дейін спортпен шұғылданамын. Хоббиімнің бірі – сурет салу.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН