Медицина қызметкерлерінің көңіл күйі түсіңкі, рухы жаншылған. Екі айдан бері жалақы алмағаны бар. Тіпті, емханалар тонометр мен термометр сатып алуға медперсоналдан ақша жинаған.
Отандық медицинада дағдарыс күшейді
602
оқылды

Бірқатар аурухана штатты қысқартты. Коммуналдық қызмет ақысын кешіктірдің деп монополистер жылу мен судан ажыратып тастайтынын ескертіп, қорқытып жатыр... Бұл – 90-жылдардағы тоқыраудың әңгімесі емес, бүгінгі жағдай. Үкімет емханалар мен ауру­хана­лардың кредиторлық берешегі мәселесін қалай шешпек?

Сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінде жүйе­лі дағдарыс басталды. Ме­ди­циналық ұйымдар бір-біріне жә­не өзге өнім мен қызмет жет­кізу­­­шілерге 100 млрд теңгеге жуық қарыз болып қалды. Ала­пат берешектің басым бөлігі ком­­­мерциялық клиникаларға емес, мемлекеттік емханалар мен ауру­ха­наларға тиесілі. 

Қамырдай күмпиіп, барған сайын ұлғайған қарызды азайту үшін төтенше шаралар қабыл­да­нып жатыр. Медициналық ұйым­­дар ең маңызды дүние­лер­ден де үнем қылуға мәжбүр: қызмет­кер­лердің жалақысы кемітілген, сыйа­қылар беру доғарылған, сыр­қаттарды емдеуге қажетті жаб­­­­дықтарды, дәрі-дәрмекті са­тып алу тоқтатылған. Жоспарлы, тіпті шұғыл операциялар кейінге шегерілуде. 

Денсаулық сақтау саласын да­мытуы тиіс ұйым – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қалыптасқан ауыр ах­уал­ға медициналық ұйымдар бас­шыларының өзін айыптады: ме­неджменті нашар көрінеді. Ал олар­дың айтар өз даты бар: Мем­лекет басшысы ақ халатты­лардың жалақысын жыл сайын көтеру мін­­­­детін қойды, бірақ ол тапсыр­­ма­ны емханалар мен ауруха­­на­лар­дың өз қаражаты есебінен орын­дауына тура келген. Бюд­жет­­­тен бұл мақсатқа арнайы ақ­ша бөлін­­­бепті. 

Мұның сыртында ӘМСҚ олар­дың науқастарға көрсеткен ем-дом және басқа қызметтері үшін тарифтерді тым төмен бел­гілеп отыр, жете қаржы­лан­дыр­­­­майды. Ол тарифтерді бекіту ке­зінде басқа шауып, төске өр­­леген инфляция, қым­бат­шы­лық әу бастан ескерілмеді. 

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі, QazMed медқыз­мет­керлер кәсіподағының кеңес­шісі Елжан Біртановтың болжа­­мын­ша, саладағы креди­­торлық бере­шектің ауқымы жыл соңында 250-300 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ахуал шынымен күрделі. 

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұ­­­­ры­мова қалыптасқан күрделі жағ­дайды жасырмай, ашып айт­ты.

«Кейбір емхана тіпті тонометр мен градусникті сатып ала ал­­­май­ды. Қызметкерлерінің зей­нетақы жарналары, меди­­ка­мент­тер жет­кі­зілімі, ком­­­­­му­­­­­­нал­дық қызметтер бойынша қа­­­­­­­­­­рыз­­дары зорайып ба­­рады. Бір­қатар ау­рухана шта­­­тын қыс­қартты, жұ­­­мыскерлерін ақы­­сы төленбейтін демалысқа жі­­­берді. Операциялар келесі жыл­­­­­ға ысы­­рылуда. Ойлап кө­ріңіз­­ші, дерті жанына батқан сыр­­қ­ат ке­зекке әзер ілігіп, ота жа­­­­салуын жар­ты жыл күтеді, ал оған келесі жылды күтіңіз дейді. Біз дабыл қақтық. Салалық ве­домствоға жағ­­дайды баяндап, сауал жолда­­сақ, жал­тарма жауап келеді. Мысалы, медұйымдарды шектей­тін сы­зықтық шкала неге қолда­ны­латынын сұрасақ, олар сызық­тық шкаланың не екенін тү­­­­­­­­сін­­­­­­ді­­­­ре­ді», – деп кейіді депутат. 

Оның түсіндіруінше, ӘМСҚ өзіне мемлекеттен, бизнестен, қа­рапайым қазақстандықтардан жарналар мен аударылымдар тү­рінде тоқтаусыз миллиардтар тү­сіп жатқанына қарамастан, тө­мен та­рифтермен, сызықтық шка­­­­­ла­мен шектеп, емханалар мен ауру­ха­налардың қол-аяғын байлап-ма­тап тастады. 

Сонымен бірге қор сызықтық шка­ла қолданылатынын жыл ба­сында, алдын ала ескертуі ке­рек еді. Олай болмаған соң ем­ханалар пациент емдеу кво­тасын тез түге­сіп қойған, сыр­қаттар ле­гін арты­ғымен емдеген. ӘМСҚ олар үшін төлемейтінін айтып, тулады. Дәрі­лік препараттар, реактивтер, реагенттер, дәрігер еңбегі шы­ғын­далды. Олардың шығынын мем­лекет пен қор өтегісі жоқ.

Саладағы ахуал қаулаған «өртке» ұқсайды

Күн тәртібінде «өртеніп» тұр­ған өткір мәселеге ден қойған Әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­­дыру қорының басқарма тө­ра­ға­сы Сәбит Ахметов жаздан бері өңірлерді аралап шықты. Содан медициналық активпен ортақ тіл тапты деу қиын. 

Мысалы, ақ халатты абзал жан­­­­дар ӘМСҚ-тың қаржы бөлуді жоспарға теліп қойғанына на­раз­ы. Себебі қор медициналық кө­мек жоспарында әрбір емхана мен аурухананың өткен жылдарда негізгі бейіні бойынша қанша сырқатты емдегеніне қатысты ста­­­­­­­­­­­­­тистикасын басшылыққа ала­ды. Егер коронавирус бас көтеріп, әлемде қырғын сал­мағанда, бәрі дұрыс болатын ба еді? Бірақ соң­ғы үш жылдың екеуінде, пан­демия кезінде ауруханалардың кө­бі ко­вид стационарлары ре­тінде қайта бейінделді де, өзінің негізгі бейіні бойынша пациент­терді көп емдей алмады. Қазақ­­стан хал­­­қы­ның үл­­­кен бөлігі аты­шулы инфек­­циядан демігіп, демі үзілгелі жат­­қанда, басқасы жайы­на қалды емес пе?

Ал бүгінде солардың қаржы­лан­дырылуы күрт кеміді: пост­пан­демиялық жоспарлау бары­сын­да олардың негізгі бейіні бойын­­­ша емдеген аз шоғыр па­циен­тінің саны негізге алын­ған. Қор басшысы өз ұста­ны­мында та­бан­дады: қаражат әрбір ауруха­нада­ғы койка санына қарай емес, бұрынғы жылдары көр­сеткен ме­ди­циналық қыз­­меттерінің тал­­дауына сай бөлі­неді. Өңірлік ко­миссия да басқа тәсілдерге, со­­­­­­­­ның ішінде ауруха­налардың ша­­­ғы­мына бағдарлана алмайды. 

Сонымен қатар МӘМС жү­йе­­сі­мен халықты қамту да проб­ле­ма­ға айналды: медсақ­танды­рыл­мағандар саны өсті. Дә­­­­­­­­­­­­­­­­­рі­­­­­­­­­­­­­герлердің айтуынша, олар­дың мойнынан осы жүйені іл­герілету міндетінің жүгі алып тасталуы тиіс, өйткені олардың мис­сия­сы – адамдарды емдеу. МӘМС мәселелерімен қор және жер­­­­гілікті әкімдіктер айна­лысуы қа­жет. Әйткенмен, билік мед­ұйымдарды медициналық сақ­­­­­т­ан­­­­дыруды насихаттауға мәж­­­­бүр­леуін қоятын емес.

Қор басшылығы проб­­­лема­лар­дың көптігін мойындады. Сә­бит Ахметовтің айтуынша, әр өңірдің өз ерекшелігі бар, алайда проблемалары ұқсас келеді. Мы­салға, бірінші кезектегі мәселе – медициналық көмектің бірқатар түрі мен бейіндері бойынша тө­ленетін тарифтер тым төмен. Әсі­ресе, жедел жәрдемдердің жағ­дайы аянышты: олардың қы­з­­­ме­­ті­не бекітілген тарифтердің аз­дығы сонша, тіпті төл шы­ғыс­тарын «жабуға» жетпейді.

Тағы бір түйткілді мәселе – сы­зықтық шкаланың қол­да­ны­луы. Сайып келгенде, ол әр ем­хана мен аурухананың ем­дейтін сырқаттарының санын квоталап, шектейді. Салдарынан, медици­налық ұйымдар тіпті қанша жер­ден медсақтандырылса да, алды­на азап шегіп келген науқастың бетін қайтаруға мәж­бүр. Ол үшін ӘМСҚ ақша төле­мейді. 

Қор басшысының ұстанымы (тіпті, үкімі десе болады) – үзіл­ді-кесілді: сызықтық шкала сол бойы қалады. Ол ол ма, оны ба­қы­­лау күшейтілді. Мысалы, был­тыр ӘМСҚ емханалардың тек жыл­дық көлемін бақылайтын. Нә­тижесінде, медұйымдар сыр­­қат­­­тар аз жүгінген маусымнан қалған лимитті дерттілер саны шырқау шегіне жететін мау­­­­­­­­сым­ға, мысалы күзге лақты­­­­ра­тын. Енді олай жасай алмайды. С.Ах­метов «бүгінде жоспардың ай сайынғы орындалуын мұқият бақы­лай­­ты­нын және емдел­­ген­дер саны кө­лем­нен асып бара жатса, оны жос­пардан алып, кесіп тастайты­нын» мәлімдеді. 

Қарыз мәселесі қалай шешіледі?

«Бүгінде жергілікті бюд­­­жет­тердің қаражаты есебінен мемле­кеттік медициналық ұйымдар­­­дың кредиторлық берешегін өтеу мә­селесі пысықталуда. Креди­тор­лық берешекті өтеу ӘМСҚ құзыретіне кірмейтініне қара­мас­тан, қор жағдайды қарап, тал­­­дау жа­сайды әрі ұйымдардың қар­жылық жағдайын жақсарту жө­нінде ұсыныстар әзірлейді. Сон­­дай-ақ  Денсаулық сақтау ми­­­­­­­нистр­лігімен бірлесіп, биылғы шіл­деде МӘМС жүйесінен қо­сымша 60 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Қаржы фи­лиалдарға жеткізіліп, меди­­ци­налық көмекті сатып алу рә­сім­дерін жасауға медициналық ұйы­м­­­­­­дар арасында бөлінді», – деп түсініктеме берді қор.

Қор басшысы қалыптасқан ахуал үшін емханалар мен ауру­ха­налардың өзін айыптауға бейім. 

«Салмақты проблема – меди­циналық ұйымдардың креди­­торлық берешегі. Олардың пайда болуының бірнеше себебі бар. Үкі­меттің №1193 Қаулысы ая­­сын­­­да жыл сайын жалақыны өсе­ді. Нәтижесінде, медици­­­на­лық ұйымдардың бюджетінің 80%-ға жуығы еңбекақыны төлеу қорына жұмсалады, басқа мін­деттерге ақша жетпей қалады. Дәрі-дәр­мектердің, шығын ма­те­риал­­дарының және комму­налдық қыз­­меттердің қымбат­тауы да проб­лема болып жа­­­­­­­мал­­ды. Өз бюд­жетін тиімсіз пайдалану, на­шар менеджмент салдарынан кредиторлық бере­шектің пайда болу жағдайлары кездеседі. Мы­салы, кейбір меди­циналық ұйым сұраныс болмаса да, бірден бір­неше айға дәрі-дәрмектің қо­сым­ша қорын, неме­­се бір пре­парат­тың бірнеше аналогын са­тып алған, МӘМС ақшасы есе­бінен миллиард тең­­­геге ауыр техника алған, шектен тыс үлкен штатты ұст­аған. Бе­решегі бола тұра, ақ­шалай сыйақы­­­­­лар тө­ленеді», – де­ді ӘМСҚ басшысы Сәбит Ахметов.

Әділдік үшін айталық, қор да өз ұжымына сыйақы төлейді.

Қор басшысы қаражат ре­сурс­­­­тарының тапшылығы тұйы­­ғынан өз бетінше шығуды ұсын­ды: бөлін­ген бюджет аясында қар­жыны басқаруды үйрену, шы­ғын­дарды оңтай­ландыру жолдарын іздеу, даму үшін ішкі резервтерді босату. 

ӘМСҚ ұсынуынша, меди­циналық ұйымдардың басшыл­ары қаржы дағдарысының алдын алу үшін штаттарын оңтайлан­дыруы қажет. Сұранысы аз про­фильдер бойынша дәрігерлердің қосымша ставкаларын алып тас­тап, медициналық қызмет­тердің жекелеген түрлерін бірле­сіп орын­­­­­­­дауға беруі қажет. Яғни, кей­­бір дәрігердің жеке бірлігін ұс­та­майды, оны жұмыстан боса­тып, міндетін басқа дәрігерге жүк­тейді. Бұдан бөлек, ауруха­на­лар мен емханаларға бос ғима­­­рат­тары мен бөлмелерін жалға беру­ге, дәрі-дәрмектерді сатып алу кө­ле­мін қайта қарап, азай­туына тура келуде. 

Әкімдіктер медұйымдардың даму жоспарын қайта қарап, ар­тық шығындарды алып тастап жатыр.

Мұның бәрі халыққа ұнамауы мүмкін. Өйткені соның салда­­­ры­нан мәселен, тұрғындар жағдайы күрт нашарлағанда жедел жәрдем шақыра алмайды, жедел жәр­демге өз аяғымен жетуі тиіс. 

«2023 жылдан бастап Ас­­­­та­надағы №4, №9 және №10 ем­ханаларда шұғыл медициналық көмек бойынша пилоттық жоба сы­нақтан өтіп жатыр. Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – ста­цион­­­арлардың жүктемесін азай­­ту. Пилоттық жоба негізінде осы емханаларда арнайы бөлімше құ­рылды. Созылмалы ауруы өр­шу­генде, тері мен тері астын­­да­ғы тіндердің өткір қабыну ауру­­лары туындағанда, жеңіл жарақат, жара, 1-2 дәрежелі күйіктер, кө­герулер, созылу, тері­н­­ің сыды­рылуы кезінде, созыл­­малы ауру­дан туындаған ауырсыну син­­­д­ром­­дарында, жануарлар тістеп, жәндіктер шаққанда, ар­териялық ги­пертензия кезінде және басқа­сында, сырқаттар осы арнайы бөлімшелерге өз бетінше жүгі­неді», – деп хабарлады ӘМСҚ.

Салдары не болды: мәселен, №10 емхананың жедел жәрдемі жыл басынан 2,4 мың сырқатқа көмек көрсетіпті. Оның 97%-дан астамы өз бетінше жеткен. Жү­гінгендердің төрттен бір бө­лігі – балалар. Жүгіну себеп­те­­­­рінің жар­­­­тысына жарақат алу ықпал етіп­ті. Сонда айталық, аяғы сын­ған адамды жедел жәр­деммен алып кетпей, өз аяғымен келуге мәж­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­бүрлеу қаншалықты әді­летті?

Қор болса, мұнымен шектел­мей, жаңа биіктерге құлаш ұрды. ӘМСҚ Қазақстанда жедел жәр­демді аутсорсингке бермек.

«Емханалардағы пилоттық жоба аясында жұмыстың тағы бір моделі сынақтан өтеді: жедел жәр­дем көмегін көрсетудің шұ­ғыл­­­дығы жөнінен 4-санаты аут­сор­сингке беріледі. Бірін­шіден, бұл шақыртуларға ба­рынша же­дел жетуге, кешікпеуге жол аша­ды. Өйткені кешіксе, жедел жәр­дем айыппұл арқа­лайды. Екін­­­­­­­­­­­­­­­­ші­ден, шығындар оңтайлан­ды­ры­лады, қаражаттар босаты­лады», – деп мәлім етті қор.

Қазақстанда жұмыс беру­ші­лер­дің, ірі кәсіпорындардың өз пер­­соналын аутсорсингке жібе­ру­мен тым әуестенуі 2019–2021 жыл­­­­дары елде ереуілдердің жап­­пай белең алуына соқтырды. Шенділердің мына сынағы неге соқтыратыны белгісіз.

Елдос СЕНБАЙ