Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылымға ерекше қолдау көр­­­сетіліп келеді. Енді ғылыми жобаларды қаржыландыру қолға алы­нып, жыл сайын жас ғалымдарға 50 ғылыми стипендия берілетін бол­ды.
Қазақ ғылымы қайтсе дамиды?
717
оқылды

Жалпы, отандық ғалымдардың жобалары қай салаларда қол­­­данысқа енгізіліп жатыр? Қазақ ғылымының ертеңінен күтер үміт қандай?

Жас ғалымдарға жол сілтейтін маман қажет

Кейінгі жылдары жас ғалымдарға жігер беру үшін бірнеше ірі жоба қолға алынды. Алайда әлі де болса жас ға­лым­дардың аз екені жиі айтылады. Осы уа­қытқа дейін елімізде ғылымды дамыту мен ғалымдарды қолдауға қатысты түрлі бағдарламалар болғанымен, оның қуаты мен қайтарымы мақтанарлық емес. Оған бір мысал, Қазақстанда 1991 жылы ғы­лыми-зерттеулермен шұғылдану­­шылар саны 42 мың адам болса, қазір бұл көр­сеткіш 22 мыңға дейін төмендеген. Со­ған қарамастан, кейінгі жылдары Қазақ­стан ғылымының әлеуеті артып, жас ға­­­­лымдарымыздың жетістігі көбейіп ке­леді. Оған дәлел ретінде ғалымда­­­ры­мыздың халықаралық ғылыми басылым­дарда жарық көріп жатқан еңбектерін атап өтуге болады. Мәселен, 2011-2019 жылдар аралығында Қазақстан Web of Science базасында жарияланған мақала­­лар саны жөнінен 122-орыннан 87-орын­­ға көтерілген. Бүгінге дейін отандық ғалым­­­­­­­­­­дардың Web of Science мәліметтер базасында – 28 973, Scopus-та 33 116 ма­­те­­­­риалы жарық көріпті. Сонымен бірге 2011 жылмен салыстырғанда ғалымда­рымыздың жарияланған еңбектері Scopus базасында 34,5 есе, Web of Science-та 59 есе артқан. «Ғылым қоры» басқарма төрағасының орынбасары Әлия Сембае­­­­ваның айтуынша, соңғы бес жылда отан­дық ғылымның даму қарқыны артты. Яғни, ғылыми реформалар ашық жүргі­­­зіле бастады. Ұлттық ғылыми кеңестер тікелей эфирде көрсетіліп, шешімдердің барлығы ашық қабылданып жатыр. Ғы­­­лымды қаржыландыру бірнеше есеге ұлғайды. Негізгі конкурстардан бөлек жас ғалымдарға арналған конкурстар көптеп өткізілуде. Сонымен қатар қазір бизнес пен ғылымды байланыстыруға арналған түрлі алаңдар бар. Ол жерде негізінен ғылымды коммерцияландыру, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылы тақырыптары көтеріледі. 

– Қазір ғалымдар қолданбалы биз­­­неске арналған идеяларын ұсынып жүр. Дегенмен ғылымның өндіріске енуі бір күнде жүзеге асатын құбылыс емес. Біраз уақыт қажет, ғылым баяу дамиды. Себебі ғылым төзімділік пен табанды­­­лықты қа­­­жет етеді. Шетелмен салыстырсақ бізде химия саласында түрлі кедергі бар. Со­­­ған қарамастан, ғылым саласының мүм­­кіндігі мол деп ойлаймын. Гранттық қар­­жыландыру, бағдарламалық қамтама­­­­сыз етуді қаржыландыру сияқты кон­­курс­­­­тар үнемі жарияланып тұрады. Ал барлық жас ғалым мұндай конкурстарға қалай өтініш беруге болатынын біле бермейді. Құжаттарды рәсімдеу тәртібін білмегендіктен мүмкіндіктерден құр қа­лады. Сондықтан ғылым саласында жол сілтейтін қаржыгерлер мен заңгер­­­­лердің болғаны абзал. Себебі ғалымдар тек өз идеяларына бас ауыртуы керек. Ал заң­­гер­­­­лер сол жобаның жүзеге асуына, түрлі конкурстарға қатысуына жағдай жасау қажет, – дейді Әлия Сембаева. 

Институттар өзін-өзі қаржыландыра алмайды

Иә, қазір жас ғалымдарға арналған конкурстар мен стипендиялар саны артып келеді. Бірақ бұл мүмкіндікті бар­­­лығы бірдей пайдаланып жатқан жоқ. Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі та­­лантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріліп, жараты­­­лыс­­­тану ғылымы саласындағы үздiк жұ­мыс үшiн жас ғалымдарға арналған Д.Қо­­­­­наев атындағы және гуманитарлық ғылым саласындағы үздiк жұмысы үшiн жас ғалымдарға арналған М.Әуезов атындағы сыйлық тағайындалатын болды. Осы­­­лайша, Жоғары білім және ғылым ми­­­­нистрлігі аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосуға ниеттеніп отыр. Бұл оңай шаруа емес екені айтпаса да белгілі. Ал қазіргі ғалымдардың 32 па­йызы ғана – орта жасқа толмаған жас зерттеушілер.

– Қазіргі ғылымға келетін жастар 1-2 жыл­да байып кетсек деп ойлайды. Бірақ ғылымда жүрген адам байымайды. Ол тек рухани байиды. Халықтың құр­­­метіне ие болады. Сондықтан жастар­дың ғылымда нәтижеге жетіп жатқанын мен байқаған жоқпын. Олардың ғылыми жаңалық ашып, оны өндіріске енгізуіне уақыт керек. Сосын терең білім мен ғы­лы­ми мектеп керек, – дейді Микро­био­логия және вирусология ғылыми орта­лығының бас директоры Амангелді Саданов.

Ал ғылым докторы Азамат Ешмұхаме­товтың пірінше, жас ғалымдар жобала­ры­­ның аяқсыз қалуына бірден-бір әсерін тигізген фактор – ғылыми институт­­­­­тар­дың тек мемлекет тарапынан бөлінген грантқа өмір сүруі.

– Институттар өзін-өзі қаржы­­лан­дыра алмайды. Сондықтан ол жақ­­тағы ғалымдардың еңбекақысы төмен. Осының салдарынан ғалымдар институт­тардағы жұмысын тастап кетті. Сосын ғалымдардың арасында да жалған дип­лом алатындары бар. Олар ғылыми ең­бектерін өтірік қорғап, ғылыми дәреже алғанымен, жобаны ары қарай алып жү­руге дәрмендері жетпейді, – дейді Азамат Ешмұхаметов.

Қаржының аздығы – ғылымға тұсау

Қазір ғалымдар ойлап тапқан жаңа­­лықтар еліміздегі 7 маңызды салаға бел­сенді түрде енгізіліп жатыр. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығындағы енгізіліп жатқан жобалардың үлесі 33,65 пайыз, денсаулық сақтауда 14,5 пайыз, химия өнеркәсібінде 11,8 пайыз, цифрландыру саласында 7,7 пайыз, металлургия және металл өңдеуде 5 пайыз, энергетика кешенін жаңғыртуда 5 пайыз және эко­логияда 5 пайызды құрайды. Бірақ про­фессор Тілекқабыл Рамазанов бұл көрсеткіштен де жоғары жетістікке жетуге болатынын айтты. 

– Қазір ғылымға қаржы бөлініп жатыр. Бірақ солардың барлығы дерлік ғалымдарға жетіп жатқан жоқ. Дамыған елдер ІЖӨ-нің 2-3 пайызын ғылымның дамуына бөледі. Ал біз жыл сайын ІЖӨ-нің 0,13 пайызын ғана ғылымға бөлеміз. Сондықтан әлемдік деңгейге сай қаражат бөлуіміз керек. Сонда ғана біз ғылымнан халықаралық дәрежедегі нәтижелерді алатын боламыз. Ғалым ретінде айтсам, қазір бөлінетін гранттық қаржы ғылым саласы үшін аз. Ғылым туралы қабыл­­данатын жаңа заңның талқылауына қатыстым. Бірақ мәселенің барлығы ғылым саласына бөлінетін қаржының аздығына келіп тіреледі. АҚШ пен Германия ғылымға ІЖӨ-нің 3-4 пайы­­­зына дейін бөледі, – дейді Тілекқабыл Рамазанов. 

Оның пікірінше, биотехнология, IT технология мен нанотехнологияның да­муына ден қоюымыз керек. Нанотехно­­­­логия негізінде жаңа материалдар алуы­мыз қажет. Ол үшін ең бірінші, ірге­лі ғы­лымдарды дамыту маңызды. Біз осы жағынан артта қалып отырмыз. Себебі біз ғалымдардан бірден нәтиже сұрай­мыз. Ал іргелі ғылым дамымай, ғылымда нәтиже болмайды. Жалпы іргелі ғылым қолданбалы ғылымның дамуына әсер етеді. Ол өз кезегінде инновациялық ғы­лымға ұласып, экономикаға пайдасын тигізеді. Ел дамимын десе, бірінші эко­номиканы қолға алуы керек. Бірақ эко­но­мика ғылым мен инновацияға негіз­делуі керек. Сонда ғана еліміз да­миды. Әлемдік тәжірибені алып қара­сақ, да­мыған мемлекеттердің бәрі бірінші ғылымға көңіл бөлген. Мысалы, Из­раиль – ғылым саласына ең көп қаражат бөле­тін ел. Жалпы ішкі өнімнің 4,6 па­йызын бөледі. Ал Швеция – 4 пайыз, Жа­пония – 3,4 пайыз, Ресей – 1,27 па­йыз. Бізде ше? 

Бұл көрсеткіш соңғы жылдары жыл сайын төмендеуде. 2019 жылы 0,12% бол­ды. Бұл – бес жылдағы ең төменгі көр­­сеткіш. Ал 2020-2022 жылдарға ар­­­­налған ғылымды қаржыландыру көле­мі екі есеге жуық өсті. Ғылым саласын одан әрі дамыту үшін қаржыландыру мөлшері ЖІӨ-нің ең болмағанда 0,5 па­йызын құрауға тиіс. Бұған дейін жауапты министрлік «2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 1 пайызын құрайды» деп айтқан еді. Ен­деше қазақ ғылымының ертеңі қалай боларын уақыт көрсетеді. 

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА