Моноқалалар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған. Алайда бұл қалаларда шешімін таппай келе жатқан түйткілдер аз емес.
Мәселен ең маңызды проблемаларға негізгі салалардағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғалуы, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы сапасының төмендігі, жалақының төмендігі және жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы жатады. Аталған мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау, олардың одан әрі дамуына және ең бастысы, онда тұратын азаматтарға қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Осыған орай соңғы уақытта үкімет моноқалаларды дамытуға айырықша көңіл бөліп келеді. Бұған күні кешегі ел үкіметінің Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын 2023-2027 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарын бекіткендігі дәлел.
Моноқалаларға 1,7 трлн теңге жоспарланған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде 27 моноқаланың әрқайсысының тұрақты экономикалық өсімнен бастап тоқырауға дейін даму перспективалары әртүрлі екенін атап өткен еді. Олардың кейбірі нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандырып үлгерді. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамытуда кешенді тәсілді қолдану мақсатында, сондай-ақ жаңа шараларды жүйелеу және іске асыру үшін тиісті Жол картасын әзірлеп жатыр екен. Жол картасында Моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін, Әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен озық даму аумақтарын құру және тағы басқа мәселелер көзделген.
Ал кешегі бекітілген кешенді жоспар бойынша 10 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты мақсаттар белгіленді. Бұған дейін министрлер кабинеті Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск және Степногорск қалалары бойынша кешенді жоспарлар қабылдаған еді. 10 кешенді жоспар аясында 608 тармақтан тұратын іс-шараларды іске асыру көзделген: денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылым, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіптік кешен нысандарын салу және жөндеу, заманауи жабдықтарды сатып алу қарастырылған. Осы мақсаттарға 1,7 трлн теңге жоспарланған.
«Мысалы, Жаңатас қаласында республикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ басқа да көздер есебінен 75 іс-шараны іске асыруға 3 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған. Қаратауда шамамен 50 млрд теңге – бюджеттен тыс ақша. Арқалық қаласында Маятас кластерінің кен орындарына геологиялық зерттеу жүргізілгеннен кейін тау-кен байыту комбинатын салу жоспарланып отыр. Құны 315 млрд теңге болатын жоба 1,2 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Арқалықты әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарын дамыту жөніндегі іс-шаралармен толықтырылған», – дейді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Үкімет баспасөзі Балқаш қаласында Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемінің индексі 8,5%-ға, өңдеуші өнеркәсібінің үлесі 90%-дан кем емес өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 57 млрд теңге болады деп күтіліп отырғанын хабарлады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарының саны, олардың өнімдерінің көлемі және жұмыс орындары біраз көбеймек. Ал әуежай реконструкцияланғаннан кейін туристер ағыны мен іскерлік белсенділік 4 есе артады деп болжанып отыр. Енді 2027 жылға дейін атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар 78,5 мың тоннадан 50,2 мың тоннаға дейін азаяды деп күтілуде.
Ақмола облысының Степногор қаласына келсек, өнім шығаруды 71 млрд теңгеден 90 млрд теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығындағы ЖІӨ көлемін 10%-ға арттыру көзделіп отыр. 3,5 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Медицина қызметкерлері жаңа медициналық колледжде дайындалатын болады. Орталық қалалық ауруханаға күрделі жөндеу және техникалық жарақтандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ жылумен және электрмен жабдықтау мен кәріз желілерінің тозу деңгейін төмендету жоспарланып отыр. 15 аула аумағын абаттандыру есебінен балаларға қолайлы жағдай жасалады.
Жалпы экономиканы әртараптандыру мақсатында 5 моноқалада 2 806 жұмыс орнын аша отырып 214,3 млрд теңге сомаға 14 «зәкірлік» жоба іске асырылуда.
Кешенді жоспардың іске асуы бақылауда болмақ
Жалпы «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырыстарында осы моноқалалардың әлеуеті мен болашағы туралы аз айтылып жүрген жоқ.
Онда кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев барлық моноқаладағы коммуналдық инфрақұрылымның тозығы жетіп тұрғанын айтып келген еді. Сонымен қатар ол депутат ретінде үкіметке Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 моноқаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарларын бекітуді жеделдету қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Осы мәселе бойынша Берік Бейсенғалиевпен байланысып, пікірін сұрадық.
«Моноқалалар мәселесі маған етене таныс. Сайлауалды науқан кезінде халықпен кездесулер барысында жиналған өтініш тілектердің басымдығы елдің әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Оның ішінде моноқалалардың әлеуеті мен болашағы мәселелері бар. Аталған сұрақтар «AMANAT» партиясының жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің уәкілетті мемлекеттік органдар мен моноқалалар өкілдерінің қатысуымен өткен маусымдағы отырысында көтерілген. Оның қорытындысы бойынша жауапты атқарушы органдарға барлық моноқалаларға тән проблемаларды жүйелі түрде шешуді бастау ұсынылған. Моноқалаларға сапар кезінде көзіміз жеткені, кейбір сұрақтар уақыт күттірмей шешуді қажет етеді. Мәселен, Арқалық қаласындағы жылу электр станциясының жұмысы. Қыс басталмай қала тұрғындары жылумен толық қамтылуы қажет. Арқалық жылу электр станциясының жұмысын өткен сапарларым кезінде де бақылап, қадағалауға алдым. Нысанның жұмыс істеу кезінде көптеген ақаулар шыққаны туралы да жазғанмын. Энергетика министрі Сатқалиев мырзаға да осы жағдай туралы депутаттық сауал жолдап Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілдерін Арқалыққа жіберуін сұрап едім. Министр жедел түрде тиісті комитет қызметкерлерін Арқалық қаласына жіберіп, тексеру жұмысын жүргізді», – дейді ол.
Сонымен қатар депутат енді қажетті кешенді жоспарлар қабылданғаннан кейін олардың іске асуын жіті бақылауға алатынын айтты.
«Мемлекет басшысын елдегі моноқалалардың жағдайы алаңдатып отырғанын жыл сайынғы Жолдаудан байқауға болады. Биыл Мемлекет басшысы елді су, газ және сапалы жолдармен қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Ол үшін жауапты министрліктер де құрылды. Сондай-ақ, халықты баспанамен қамту жолдарын да көтерді. «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Ел президенті: «басты назарды облыс орталықтарына ғана емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударған жөн», – деген еді.
Қазір, моноқала тұрғындарын алаңдататыны баспана және жұмысыссыздық мәселесі. Осы себепті, көптеген тұрғындар үлкен шаhарларға көшуге мәжбүр. Ол жасырын мәселе емес. Бұл мәселенің алдын алу үшін халық үніне құлақ түрілуде. Мәселен, өткен жылы шағын қалаларды сумен қамтамасыз ету үшін 16 млрд, жылуға 25 млрд теңге бөлінді. Бұл, әрине, қазір толық қамтуға жеткіліксіз. Әлі де жұмыс жүргізуді талап етеді. Ауылдағы ағайынға қолдау қажет. Инфрақұрылымы мен әлеуеті дамыса, моноқалаларымыздың жойылып кету қаупі сейілетін еді», – дейді мәжілісмен.
Моноқалалардағы мәселелер қандай?
Моноқалалардың ең негізгі проблемалары – негізгі салалардағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғалуы, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы сапасының төмендігі, жалақының аздығы және жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы. Көпшілігінің әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны бәсең. Сонымен қатар халық санының кемуі де бөлек мәселе. 2000 жылдары бұл қалаларда 3 млн адам тұрған болса, қазір 1,4 млн халық тұрады. Деректерге сүйенсек, шаһарлардағы халық санының өсімі аса жоғары емес. Ұлттық экономика министрлігінің ресми мәліметінде моно және шағын қалаларды қоса есептегендегі халық саны 2009-2019 жылдар аралығында бар-жоғы 52,5 мың адамға көбейгені көрсетілсе, осы жылы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков моноқалалардағы халық санына да жеке тоқталған бір сөзінде: «Моноқалалардағы демографиялық жағдай көші-қон ағынымен және халық санының төмендеуімен сипатталады. Осылайша, 7 жылда көші-қонның теріс сальдосы 336-дан 13 088 адамға дейін өсті, ал моноқалалардың халқы 2,5%-ға қысқарды. 2030 жылға дейінгі демографиялық болжамға сүйенсек, 16 моноқалада халық саны 40 мың адамға, яғни 821 мыңнан 741 мыңға дейін азаюы ықтимал. Болашақта Серебрянск және Қаражал сынды кейбір моноқалаларды ауылға айналдыру мәселесі туындауы мүмкін», – деген еді.
Ал экономист Бейсенбек Зиябековтің пікірін сұрағанымызда ол ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісіне басымдық беру керектігін айтты. Сонымен қатар моноқалаларда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар көбірек салынуы тиіс деп санайды. Бұл өз кезегінде қаланың дамуына серпін беретін маңызды фактор екенін айтқан ол шағын және орта кәсіпті дамыту да көптеген түйіткілдің шешілуіне ықпал етеді дейді. «Үкіметтің моноқалалардағы аталған жағдайға көңіл бөлуі, әрдайым назарда ұстауы орынды. Моноқалаларды олармен іргелес жатқан ауылдардан жеке бөліп алып қарастыруға болмайды. Барлығы кешенді түрде қамтылып қарастырылуы керек. Сонда ауыл мен қала арасындағы үзіліп қалған жіп қайта жалғанады. Моноқала да, ауыл да қатар дамиды. Бизнес саласы біраз шаруаны реттеп береді деп ойлаймын. Бізде үлкен, шағын және орта бизнестердің әрқайсысы өз қазанында ғана қайнап жатыр. Араларында байланыс жоқ. Осыны реттеу керек. Сонда ірі бизнес орта бизнеске, орта бизнес ірі бизнеске қызмет көрсететін болды. Ауыл мен қаланы да осылай жалғастырамыз, – дейді Бейсенбек Зиябеков.
ТҮЙІН:
Үкімет моноқалалардың мәселесіне 2012 жылдан ғана назар аудара бастады. Өйткені шағын қалалардағы жағдайды реттей алмаса, ондағы мәселелер ушыға беретінін жақсы түсінді. 2012 жылдың мамыр айында «2020 жылға дейін Моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл құжат аясында 27 моноқала іріктеліп алынып, оларды қолдау бұрынғы өңірлік даму бағдарламаларынан бөлек, өз алдына дербес қарастырылды. Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Құдияровтың жыл басындағы мәліметінше, 2012-2022 жылдары моно және шағын қалаларға жалпы сомасы 103,9 млрд теңге жұмсалған. Енді кешенді жоспар бойынша тағы да қомақты қаржы бөлінбек. Мемлекеттің тұрақты дамуы – қалалардың тұрақты дамуынсыз мүмкін емес. Ендеше моноқалаларды дамыту – еліміздің әл-ауқатын арттырумен тең болмақ.
Наурызбек САРША