Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы және Ұлттық академиялық кітапхана бастамасымен дәстүрге айналған KitapTime – 2023 фестивалі жалпы республикалық деңгейде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл мерекеге ел аумағындағы барлық көпшілік кітапхана түгел атсалысып, тіпті кейбір мектеп кітапханалары да дәл осы күні оқушылар арасында әдеби байқаулар мен түрлі шара өткізіп жатты.
Фестивальдың мақсаты – кітап оқуды кеңінен насихаттау, интеллектуал жастарды ынталандыру, мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу болатын.
Елордадағы зиялы қауым өкілдерін, ақын-жазушылар мен жай ғана кітапқұмар жандар және көзі қарақты оқырмандарын жинаған Ұлттық академиялық кітапхана руханият мерекесін кітапхананың алаңынан бастап кетті. Кітапхана алаңына «Абай», «Эльдорадо» кітап үйлері , «Пайдалы кітаптар», Kitapal кітап дүкендері, Mazmundama, Qyr balasy, QAZBILIM, Qasym, «Отбасы хрестоматиясы» және басқа да баспалар мен шетел елшіліктерінің баспа өнімдерінен көрме-жәрмеңке, сондай-ақ Art-vision қолөнершілер мен суретшілер павильоны, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қалалық кітапхана ұйымдастырған bookcrossing кітапқұмарларды маңайына жинай білді.
Фестивальдың ресми ашылуында сөз бастаған Мәдениет және ақпарат министрлігі, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, жазушы Әлібек Асқар, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова, тележүргізуші-журналист Дана Нұржігіт, ҚЖО Астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы және шетел елшілігінен келген өкілдері кітап оқу мен кітапхана маңыздылығын атап өтіп, жастарға білім көкжиектерін тек кітаппен кеңейтінін жеткізді.
Алаңда «Кел, боямақ бояйық!» атты ұлттық балалар боямақтарын таныстыруға арналған шараны «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының авторы, тарихшы-этнограф Тұрар Сәттарқызы ашып, сөз сөйледі. Сонымен қатар балаларға арналған түрлі қойылым, ертегі кейіпкерлерінен персонаждар, «Балапан саз» Қазақстан композиторларының заманауи балалар әндері антологиясының таныстырылымы, балалар әдебиетінің авторларымен кездесуге жиналған балаларды ғажайып кітап әлеміне жетеледі.
Автографсессия бағдарламасы бойынша жазушы Роза Мұқанова, балалар ақыны Серікбол Хасан, аудармашы Гүлнұр Кәкімжанова оқырмандарымен жылы жүздесті.
Фестиваль аясында арнайы бағдарламамен өткен жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған ғылыми-конференция жазушының шығармаларымен қайта қауышқан маңызды шара болды.
Фестивальдың күндізгі шаралар қатарында журналист, телемаман Айгерім Есенәлінің «Сөзің өтімді болсын» атты және медиатренер, мультимедиялық журналист Гүлім Әмірханованың кітап жазудағы тәжірибесімен бөліскен семинар-тренингі қызығушылығы бар топты жандандыра түсті.
«Сәлеметсіз бе, қоңыр күз!» деген атаумен ақындар алаңында Танакөз Толқынқызы, Мақпал Мыса, Рауан Хайролла, Ажар Ерболған, Бауыржан Бабажанұлы, Толқын Қабылша, Ұларбек Дәлейұлы, Назгүл Бердіқожа, Бауыржан Қарағызұлы және өзге де ақындар өлең оқып,астаналық жұртшылықты поэзия нәрімен сусындатты.
READER – жұлдызбен кітапханаға жол» шарасында жаңа оқырмандарға оқырман билетін табыстап, кітапханаға оқырман тарта білген фестиваль қонақтары Дәулет Мұқаев, Нартай Сауданбекұлы, Қуандық Қыстыбаев, Әділ Ахметов, Ернар Жұматаев, Алексей Лодочниковтермен фотоға түсушілердің қарасы көп болды.
Фестиваль кешкісін «Кітапхана түні» атты мәдени бағдарламамен жалғасты. Шара аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға Үнді мәдениет орталығы бишілерінің би көрсетіліміне, бизнес-коучингке, Quiz интеллектуалдық алаңына, поэзия кешіне, АНТИКАФЕ Book & Сoffee, Астананың түнгі аспанын телескоппен тамашалауға қызығушылық танытқандар көп.
«Келіссөздер» клубының жетекшісі Владимир Романовтың «Управленческие поединки», «Қазақ тілінде көпшілік алдында еркін әрі тартымды сөйлеуді бірге үйренейік» Qazaq toastmasters club жетекшілерінің шеберлік сыныптары, «Харизма» психологиялық бизнес-тренинг тартымды өтті.
АlQa әдеби-мәдени клубының отырысында шараны жүргізген шығыстанушы, ағартушы, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбей залға сыймай кеткен оқырмандарын өзіне баурап, бүгінгі қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, «Қуыс кеуде» кітабымен жиналғандарды таныстырды.
Кітап мерекесі жас пен ересекті, қызығушылығы әртүрлі оқырмандар тобын, билік өкілі мен қарапайым халықты біріктірген мәдени-рухани шара болды. Фестивальға 5 000-ға таяу халық қатысты. Ұйымдастырылған байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздарына, белсене атсалысқан қонақтарға, шабыттанған, басқаны шабыттандырған жас ақындарға кітаптар сыйға беріліп, кітапхана атынан марапаттар табысталды.
Дәл осы күні KitapTime-2023 кітап фестивалі өңірлерде де құлашын жайып, облыс орталықтарында, аудан, ауыл кітапханаларында кітап мерекелері тойланды. Биылғы фестивальдың ерекшелігі ел аумағындағы кітапханалардың барлығы дерлік кітап мерекесін өз деңгейлерінде өткізіп, оларға облыстық мәдениет басқармаларының қолдау білдіргені. Кітап фестивалі аясында 2 000-ға тарта түрлі мәдени шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңнан аса халық тартылған.
Адамзаттың құндылығы саналатын кітапты паш ететін, оқырманына табыстайтын кітап фестивалі жылдан-жылға абыройы артып, ауқымы кеңейіп, рухани ортада атаулы мәдени шаралардың бірегейіне айналатынына сенім артамыз.
Наурызбек САРША