Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақ ­даласын еркін кезген киіктердің саны миллиондап өскені рас. Алайда бағзы заманнан киелі саналған сұлу жануардың көбеюінен ауыл шаруашылығы жылда күрделі жағдайға тап болып жатқаны тағы шындық.
Саны асқан соң сан соқтырды
1,573
оқылды

Еліміздің батыс, Сол­түстік және орталық аймақ­тарын­да шаруалар биыл он мыңдаған алқаптың киіктердің тұяғы­мен тапталып кетуінің салдары­нан қу тақырға айналғанын айтып зар илеп отыр. Шаш етек­тен шығынға батқан ірі шаруа­шылықтардағы диқан қауымының ендігі бар үміті тек мем­ле­кеттен болатын қолдау ғана екені жасырын емес.

Соңғы деректер бойынша еліміздегі киіктердің жалпы саны 2 миллионға жетіп жығылған. Дала жануарынан биыл еліміздің шаруалары 8 миллиард теңгеге жуық шығынға батқан. Әсіресе, киіктер биыл Ақмола облысының астық алқаптарын да таптап тастады. Жыл сайын киіктердің шабуылынан мол шығынға бататын жергілікті шаруалар егіні үшін күн-түн демей күзетіп баққан. Алайда тұтас алқапты жау тигендей таптап өтетін киіктерден он мыңдаған гектар астық алқабын аман алып қалу мүмкін болмапты. 

80 мың гектардан астам егістік алқап тапталған

Ақмола облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының дерек­теріне сенсек, осыдан екі жыл бұ­рын 40 мыңға тарта болған киіктердің өңірдегі былтырғы санақтағы саны 80 мың бастан асып жығылған. Ал биыл  аудан әкімдіктері берген мәлі­мет­терге қарағанда жосылған киіктердің саны 200 мыңнан асқан. Бір жағынан то­лассыз жауған жаңбырдан ке­йін астықты ора алмай, екіншіден киіктерден жаппай жапа шеккен шаруалар ащы жанайқайын жеткізе бастады. 

– Ала жаздай егінді киіктерден қорып, күні-түні көз ілмедік десек те болады. Киіктерді атуға болмағандық­тан тек қуып-үркітіп қана амалдаймыз. Алайда қаптаған киіктердің шабуылы­на еш қарсы әрекет жасау мүмкін бол­ма­ды. Біздің қалай киіктермен арпа­лысып жатқанымызды ешкім көріп те жатқан жоқ. Атуға болмайды. Қорғауға алынғандықтан 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Күні-түні көлікпен егіннің басында қонып, аттылы, мотоциклшілерді жалдап, кезекшілікпен күзетіп келдік. Киіктердің санын міндетті түрде реттеу қажет деп санаймын. Қазір киіктермен арпалы­са­тын күш қуатымыз да қалмады. Шамамыз жет­пейді. Киіктер ауылдың ішіне де кіріп кетіп жа­тыр, – дейді «Қаражар Агро» ЖШС-ның басшысы Валерий Петров. 

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының дерегінше, өңірде жалпы көлемі 80 мың гектардан астам егістік алқап киіктердің шабуылынан зардап шеккен. Оның ішінде 63 857 гектар бидай, 4 400 гектар арпа, 4 725 гектар зығыр алқабы тапталып кеткен. Әсіресе, Егіндікөл ауданы аумағындағы егістік алқаптардың жағдайы аса алаңдатарлық. Мұнда жалпы көлемі 40 мың гектардан астам егістік алқапты киіктер тып-типыл еткен. Сондай-ақ Жарқайың ауданында 9 500, Атбасар ауданында 17 мың, Қорғалжында 45 мың гектардан астам, Жақсы ауданында 3 мың гектар, Целиноград ауданында 300 гектар алқап тұтастай бүлінген. 

Шығынға белшесінен батқан шаруалар Үкіметтен шағын несие компанияларынан алынған несиелері мен лизингке алған ауыл шаруашылығы техникаларға пролонгациялауға яғни несиелеу мерзімін ұзартуға ықпал етуді сұрап отыр. 

Жауын-шашыннан масақ басы көктеп кеткен

Мамандар сонымен қатар нағыз жиын-терім басталар шақта толассыз жауған жаңбырдың салдарынан киіктен бөлек тағы бір аса ірі мәселе шыққанын ашына жеткізді. Жаңбырдың салдарынан өңірде екі аптадан астам уақыт бойы егін орағы мүлде тоқтап қалған. Ылғалдылықтың шамадан тыс мол болуының салдарынан масақ­тың басынан көгерген жаңа өскін шыға бастаған. Бұл егіннің сапасының төмендеп кетуіне яғни тағы да қарапайым шаруалардың еткен еңбегінің зая кетуіне ықпалын тигізіпті. 

– Егіннің жайы биыл қиын болып тұр. Киіктер жаз бойы аудан аумағындағы 40 мың гектардан астам алқапты түгелдей таптап кеткен. Шаруалар шаш етектен шығынға батты. Ал дәл қазір бұдан да күрделі мәселе шығып тұр. Екі апта бойы тоқтамай жауған жаңбырдың салдарынан бидай масақтары басынан көгеріп, жаңа өскін шығып кетті. Яғни астықтың сапасы мүлдем жарамай, тек малға азық болады деген сөз. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы шаруа­шылық­тарды комиссиялық тұрғыда аралап кө­ріп, егістік алқаптарын аралап жүрміз. Шаруалар банктерден алған несиелері мен лизингтік тех­ника­ларының мерзімін ұзарту үшін пролонгация сұрап отыр. Үкіметтен қолдау күтудеміз, – дейді  Егіндікөл ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жарасбек Жақанов. 

Егістік алқабындағы жағдай облыс әкімдігін де назардан тыс қалдырмайтынын, егінді шашау шығармай жинауға барынша назар аударыла­тынын мәлімдеді. Алайда шығынға батқан шаруалар Үкіметтен назар аударылмаса, мүлдем банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Түйін қалай шешілмек? Бұл мәселе Үкі­мет пен тиісті министрліктердің назарына ілік­песе, елде нан мен бидайдың да құны аспандап кететіні анық... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы