Сарқан ауданының топырағы шұ­райлы, егістікке де, мал шаруашылығына да аса қолайлы. Онымен бірге аудан­дағы таулы өңірде жеміс-жидектің неше түрі өседі.
Бақтың бабын тапқан
1,088
оқылды

Алмалы ауылдық округіне қарасты Абай ауылы да осындай таудың шыбық шаншысаң тал болып өсетін құнарлы баурайында орналасқан. Таудың сай-саласын айтпағанда,  ауыл тұрғын­дары­ның аулалары да жеміс ағаштарына тұнып тұрады. Бақтың бабын тауып, бала-шағасын бағып отырғандар да бар­шылық. Солардың бірі – ауыл маңындағы 10 гектар аумақ­ты алып жатқан алма бағын жай­натып отырған «Мұхит» шаруа қожа­лығының басшысы Қалел Сасан­баев.

– 1992 жылы шаруашылықтар тарап, әркім өз қара басын күйттеп кеткен кезде «Энергия» колхозының төрағасы Нұртай Танабаев күтімсіз қурап қалған алма бағын аман алып қалу мақсатында жауапкершілігі мол жұмысты маған тапсырды. Бригада жасақтап, нартәуекел деп іске кірістік. Ескі ағаштарды отадық да, орнына алма, алмұрт ағаштарын отырғыздық. Сыртынан айналдыра арық қазып, атыздарды жүйелеп, бар уақытымызды жеміс ағаштарын күтіп-баптауға арнаған едік, бірер жылда бау-бағымыз бүршік жарып, жеміс бере бастады, – дейді бүгінде еңбегінің жемісін жеп отырған Қалел Сасанбаев. 

Қалел ағамыз – «Энергия» колхозында 1964 жылдан еңбекке араласып, 1996 жылы шаруашылық тарағанша маңдай терін төгіп, біршама жетістікке жеткен нағыз еңбек адамы. Колхоздан кейінгі Абай ауылындағы өндіріс кооперативке де бау-бақ шаруашылығын дамытуға өзіндік үлесін қосты. Кейіннен жекешелендіру науқаны басталғанда оның үлесіне тиіп, меншігіне өткені де осы алма бағы болатын. Бағбандықтың бейнеті мол қам-қарекетін атқарып, қиындығын еңсеріп жүріп қожалықтың қатардан қалмауына қол жеткізді. Экологиялық жағынан таза да дәмді жемісті көтере сатып алатын тұрақты тұтынушылары қалыптасты. Қожалық иелігінде бүгінгі таңда бау-бақпен қатар егістік алқапты игеріп, асыл тұқымды мал да өсіріп отыр. 

Қалел Сасанбаев 1971 жылы Талдықорған­дағы индустриалды –педагогикалық техни­кумды бітірген. Еңбек жолын механизатор­лықтан бастады. Біраз жыл еңбек қауіпсіздігі жөнінде инженер, кейіннен бригадир болып істеді. Замандастарының айтуынша, қандай жұмыс тапсырылса да тек жақсы жағынан танылып, көрінген. 1983 жылы колхозға Т-16 М тракторлары келе бастайды. Техниканың тілін әбден меңгерген, ақауын бірден аңғаратын білікті маман жаңадан шыққан трактордан 11 түрлі олқылық тауып, барлығын бүге-шігесіне дейін қағазға түсіріп, Харьков трактор зауыты­ның конструкторлық бюросына бірқатар нақты ұсынысын жолдайды. Араға екі ай салып, зауыттан жауап та келеді. Украиналық зауыттың конструкторлары қазақстандық қарапайым механизатордан кешірім сұрап, ұсыныстардың ескерілгенін, атап көрсетілген олқылықтардың бәрі жөнделгенін, соның нәтижесінде техника­ның жаңа партиясы механизаторларға барынша қолайлы болатынын жеткізген екен. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы