Қасым-Жомарт Тоқаев Amazon корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесті.
Президент Amazon басшысымен пилоттық жобаны талқылады
1,017
оқылды

Әлемдегі ірі технологиялық компанияның өкілімен әңгімелесу барысында «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.

Президент Қазақстанның электронды үкімет саласындағы жетістіктеріне назар аударып, цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін атап өтті.

Сьюзан Пойнтер компанияның Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты нығайтуға және келешекте бүкіл Орталық Азия аймағын қамтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен Amazon Web Services арасында Outpost «бұлтты» технология шешімін сатып алу және оны QazTech платформасымен интеграциялау жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

Бұл қадам жаһандық алпауыт елдердің дата-орталықтарын Қазақстанда орналастыруға және еліміздің өңірлік IT-хаб ретіндегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.