Жетісу облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылы аудандағы проблемасы ең көп елді мекеннің бірі.
2022 жылдың үздік әкімі Сарыөзекті көркейтуге кірісті
1,611
оқылды

Аудандағы жалпы халықтың үштен бірге жуығы тұратын ірі ауылдың жылдар бойы шешімін күткен мәселелердің басында ауызсу мен газдандыру, ауылішілік жолдардың сын көтермес жағдайы тұр. Соңғы жылдары әкім де тұрақтамады.

Елдің билікке деген сеніміне де селкеу түскен сын сәтте ауыл тізгіні талай сыннан сүрінбей өткен жергілікті азамат, «AMANAT» партиясының мүшесі Баядилов Асқар Оңғарұлына тапсырылды. Партия жүктеген міндетті абыроймен атқарып бастаған Асқар Оңғарұлы аудандағы қиын мәселелерді шешуді ертеңге қалдырмай, заматында кіріскені тұрғындарға ертеңге деген сенім сыйлады.

Кербұлақ ауданының Жоламан ауылында туған Асқар Оңғарұлы 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетті бітірген. Еңбек жолын  1988 жылы Кербұлақ ауданындағы Голубиновка кеңшарының автокөлік жүргізушісі болып бастаған. Кейіннен 2015 жылға дейін «Агрожолбарыс» ЖШС басшылық лауазымдарды атқарған.

2015 жылдың мамыр айынан бастап Қоғалы, Жайнақ батыр ауылдық округтерінде әкім болды. 2023 жылдың мамыр айынан бері жерлестерінің сенімін арқалап, Сарыөзек ауылдық округінің әкімі қызметін атқаруда. Соңғы сегіз жылдан астам кезеңде аудандағы бірнеше ауылда әкім болған, қазіргі кезде аудан орталығының тізгінін ұстап отырған азаматқа алдағы қарашада болатын аудан әкімдері сайлауына орай бірер сауалды көлденең тартқан едік.

– Бұған дейінгі қызметтерің барысында өзің басқарған ауылдық округтерде ел үшін атқардым деп айта алар жұмыстарың бар шығар?

– Қоғалыда әкім болған жылдары округке қарасты Шаған, Көкбастау, Күреңбел елді мекендеріне кірме жолдары жасалды. Шаған, Тастыөзек ауылдарына футбол алаңы салынды. Қоғалы ауылының ішіне жастарға арналған «Жастар саябағы» іске қосылып, жарық болмаған көшелерге түгелдей түнгі жарық шамдары орнатылды. Шаған ауылының ауызсу мәселесі шешілді. Аудан орталығына басшылыққа отырғаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен осынау азғана уақыт ішінде Сарыөзек ауылдық округінде қоқыс жәшіктері орнатылып, тазалық бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көпқабатты үйлердің барлығының алдына контейнерлер қойылды. Балалар ойын алаңының қоршауы реттелді. Сондай-ақ, ауылда орналасқан ТҮКШ балансында болған стадиондарды өзімізге аударып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз. Алдағы уақытта 14 көшеге түнгі жарықтандыру шамдарын орнатып, газдандыру мәселесі бойынша жұмыстар атқарамыз. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту да тұрақты назарда болады. Жалпы округте шешімін күткен шетін жағдайлар жетерлік. Көптеп-көмектеп, біртіндеп реттеуге тырысып жатырмыз. 

– Жұрт сенімінен шыға алдым деп ойлайсың ба?

– Жоғарыда айтқанымдай, 2015 жылдан бері ауданның бірнеше ауылында әкім болдым. Енді, міне, аудан орталығының тізгіні сеніп тапсырылды. Соған қарағанда елдің үмітін ақтап, басшылықтың сенімінен шықтым-ау деп ойлаймын. Қалай болғанда да бағаны халық береді. Мен барлық күш-жігерімді салып, халық сенімінен шығуға тырысып-ақ келемін. Былтыр Қоғалыда әкім болып жүргенімде «Үздік әкім» конкурсында жеңімпаз атандым. Ол да азды-көпті еңбегімді аңғартары анық. Алдағы кезде де осы беттен таймай, елге қызмет ете бермекпін.

Өздеріңіз білетіндей, ауылда су мәселесі аса өзекті болып отыр. Қазіргі кезде дәл осы жағдайды реттеудің жолын қарастырудамын.

– Жалпы әкімдер сайлауына қатысты жеке пікіріңіз?

– Әкімдердің сайлауы нәтижелі, елге шынымен пайдалы іс болсын десек, оның дербес бюджеті болуы шарт. Экономистер оған жер, мүлік, көлік салықтары мен әкімшілік айыппұлдардан түсетін қаржыны ғана емес, тұрғындардың жеке табыс салығын да қосу керек дейді. Мұнан бөлек мамандар жоғары тұрған бюджеттерден бөлінетін трансферттер мен субвенсиялардың минималды шегін заңмен белгілеу қажет деп санайды.

Болат Абаған,
Жетісу облысы.