Біріккен Ұлттар Ұйымы осыдан 78 жыл бұрын құрылғаннан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу үшін әлемдегі ең ықпалды көшбасшылардың басын қосып келеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясы адамзаттың жақын арадағы ғана емес, тұтас ғасырлық болашағын айқындауға баса мән беруі керек
398
оқылды

Жыл сайын бұл саммитке жина­латын ат төбеліндей азаматтардың мой­нына орасан зор жауапкершілік артылады. Сондай-ақ жиында, бір қарағанда, елеусіз болып көрінетін, ал шын мәнінде миллиардтаған адамның тағдырын өзгерте алатын шешімдер қабылданады.

Биылғы жауапкершілік жүгі әдет­тегіден әлдеқайда ауыр. Осыдан ондаған жыл бұрын мемлекеттер халықаралық қарым-қатынаста бір-біріне қарама-қайшы екі тарапқа ғана бөлінсе, енді мүлде ыдырап, бөлшектеніп барады. Біз бұған жол бер­меуіміз керек. Ақиқа­тын айтайық, қазір – жер шарының алдағы тағдыры айқын­дала­тын, адамзат тарихын­дағы ең маңызды кезең.  

Дүниежүзінің көш­бас­шылары климат­­тың өзгеруі, жасанды интеллект және басқа да көпте­ген мәселе бойынша алдағы айларда немесе жылдарда нақты ше­шім қабылдауы керек. Бұл шешімдер онда­ған, тіпті жүздеген жылға ықпал етеді. Осы орайда халық­аралық диалогтің әр­бір қыры маңызды, мәнді бола түседі.

Бүгінде әлемдегі әріптестерім өз уа­қытын жаңадан пайда болған дағдарыстар мен түйткілдердің түйінін тарқатуға жұм­сап жүр. Біз, бірінші басшы ретінде мұндай сын-қатерлерді елемей отыра алмаймыз.

Мен жер жүзіндегі әріптестеріме үн қатқым келеді. Біз жалпы адамзаттың бо­ла­шағы үшін жауапты екенімізді ешқашан естен шығармауымыз керек. Ол міндет – саяси мансабымыздан да, жер бетінде өлшеп берілген өмірімізден де артық.

Соңғы жылдардағы оқиғалардан өзіміз бұрыннан нақты білетін, бірақ онша мән бере қоймаған қауіп-қатерлерге мүлде да­йын емес екеніміз айқын көрінді. Өйткені ондай жағдай туындауы екіталай деп бейқам жүрдік.  

Пандемия – соның нақты көрінісі. Қарапайым вирус штаммы туғызған дүрбелеңге бір де бір елдің толық дайын болмағаны рас. 

Тағы бір мысал – ауа райының өзгеруі. Бұл дағдарыс аяқ астынан, бірнеше күнде пайда бола қалған жоқ. Ол бірте-бірте ондаған жылдар бойы көз алдымызда баяу дамыды. Адамзат бұған немқұрайлы қа­рап, қажетті шешім қабылдауды кейінге ысыра берді. Болар іс болып, бояуы сіңіп, енжарлығымыздың зардабы өзімізге тие бастағанда ғана ахуалды түзету үшін қам жасауға кірістік. Бірақ бұл шаруа қолымыз­дан келе ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Осы қауіптердің ішіндегі ең сұмдығы – ядролық қарумен қырып-жою қатері. Бұл қатер соңғы айларда бұрын-соңды бол­маған деңгейге жетіп, ядролық дер­жавалар арасындағы текетірес күшейе түс­ті. Мұндай қақтығыстар әлемнің түкпір-түкпірінде бой көрсете бастады, тіпті жағдай сонау қырғи-қабақ соғыс кезіндегіден де шиеленісіп кетті.  

Қазақстан ядролық қарудың зардабын қатты тартқан ел ретінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы жаһандық қозғалыс көшінің басында жүр. Алайда бірқатар жетістікке жеткенімізге қарамас­тан, әлі де құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрмыз. Бұл жағдай жылдар бойы жалғас­қан бейбіт өмір сыйлаған мүмкін­дікті пайдалана алмағанымызды көрсетеді. 

Осы мәселенің айрықша маңызды екеніне қарамастан, әбден қордаланған бұл түйткілге өте сирек назар аударамыз. Қазір саяси қарым-қатынастың белсен­ділігі арта түскенімен, біз бәрібір қолымыз­ды мезгілінен кеш сермеп, тығырыққа тірелген сәтте ғана оны шешуге талпы­намыз. 

Тіпті, бүгінде климаттың өзгеруіне қа­тысты өте өзекті проблеманың өзі халық­аралық форумдар мен кездесулердің күн тәртібіндегі шұғыл шешуді қажет ететін маңызды мәселелер тізімінен жиі түсіп қа­лады және өтпелі дағдарыс ретінде қарастырылады. 

Әрине, кейінгі ұрпақтың тағдырына алаңдасақ, қазіргі жүгенсіздікке жол беруге болмайды. Біз өз елдеріміздің көшбасшысы ретінде халқымыздың тұр­мыс сапасын жақсарту үшін қолдан кел­геннің бәрін жасап, күнделікті туын­дай­тын мәселелерді үнемі шешіп отыра­мыз. Бұл жауапкершілікті қаперден шыға­рып алсақ, саяси мансабымыздың ғұмыры қысқа болмақ.

Сонымен бірге біз алдағы проблема­лардың қайсысы маңызды екенін айқын­дап, халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін мәселелерге көбірек назар ау­да­руымыз керек. 

Қазақстан ядролық қарусыздану ісіне күш-жігерін жұмсай отырып, жоғарыда айтылған бірнеше бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізеді.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Био­логиялық қауіпсіздік агенттігін құру қажет деп санаймыз. Бұл құрылым әлем қауым­дас­тығының алдағы уақытта пайда болуы ықтимал пандемиямен тиімді күресуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге біз жаһан­дық су және азық-түлік қауіп­сіздігі мәселесін ашық көтеріп келеміз. Уран, литий, сирек кездесетін металдар және басқа да маңызды пайдалы қазба­ларды игерудің тиімді тәсілдерін іздестіру арқылы болашақтың эко­номика­сын қа­лып­тастыру үшін халықаралық серіктес­термен тізе қосып жұмыс істей береміз.

Алайда бұл күш-жігеріміз, шын мә­нінде, халықаралық деңгейде қолдау тапса ғана маңызды әрі тиімді болмақ. Ол үшін бүкіл әлемдегі мемлекеттердің көшбасшы­лары табанды, көреген болуы және батыл шешімдер қабылдай білуі қажет. Бұл – әсіресе, жаһандану үдерісі мен бұқаралық ақ­парат құралдары саяси қысымын арт­ты­рып, елдердің арасына жік салып жат­қан мына заманда оңай шаруа емес. Мұн­дай үрдіс өз іргемізде де, алыс аймақтарда да болып жатыр. 

Дегенмен адамзат тарихындағы тұрақ­ты және өркениетті әлемге жол ашамыз десек, мәселені тереңнен ойлап, алысқа көз тігуден басқа амал жоқ. Біз негізгі күш-жігерімізді алдағы бірнеше айды ғана емес, тұтас ғасырлық бола­шағымызды айқын­дауға жұмылдыруымыз керек. Әйтпесе, өз азаматтарымыздың және барша адамзат­тың алдындағы пары­зымызды өтей алмай­мыз. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

THE HILL (АҚШ) басылымы