19 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 14-кезеңі аяқталып, еліміздің рухани астанасы Түркістан төрінде жеңімпаздар анықталды.
«Ұлы дала жорығы»: Аламан аяқталды
707
оқылды

Жалпы, 5-19 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1 300 шақырымнан аса қашықтықты басып өтті. Марафон 14 сатыға бөлінген. Оған еліміздің 19 өңірінен 1 командадан қатысты. 

Марафонға қатысушыларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орын­дарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.

Дүбірлі доданың жабылу салтанаты «Түр­кіс­тан-арена» стадионы маңында ұйымдас­тырылды. Салтанатты шарада «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, JORYQ ат спорты феде­рация­сының президенті Бақытжан Тұрлы­беков құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хат­шысы Дәулет Кәрібек бәйге дүбірі күн өткен сайын алысқа тарап жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды дәріп­теуге ерекше маңыз бөліп отырғаны белгілі. Бұл орайда ұлттық спортымыздың да тарихи орны төрде екенін атап өткен жөн. «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен бүгінгі «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі – осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шаралардың бірі. Бұл  ел мерейін асырған, рухымызды көтерген дүбірлі дода болды. Біздің қажырлы азаматтар мен қайсар қазанаттар батыр бабаларымыздың рухын жаңғыртты. Бірте-бірте бұл жорық үл­кен бәсекенің, ұлттық сана-сезімді жаңғырту­дың алаңына айналады деп ойлаймын», – деді партияның Атқарушы хатшысы.

Ұлттық спорт қауымдастығының прези­денті Исламбек Салжанов Мемлекет басшы­сы­ның тікелей назарының арқасында  ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп жатқанын айта кетті.  «Мемлекет басшысы келер  жылы Астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынына да айрықша назар салып отыр. «Ұлы дала жорығына» қатысқан шабандоздар көш­пенділер ойынында олжа салады деген сенім­демін» деп айтты өз құттықтау сөзінде.

14-кезеңнің қорытындысы бойынша Жеті­су облысының командасы жеңімпаз атанды. Одан кейін мәре сызығын ақтөбелік шабандоздар кесті. Ал Алматы қаласының коман­дасы  мәреге үшінші болып жетті. Ең қысқа уақыт ішінде жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлде – 18 млн теңге көлемін­дегі жүлдемен марапатталады. Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 млн теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының коман­дасы 9 млн теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен, мәреге 4-інші болып келген Абай облысының командасына 5 млн теңге берілетін болды. Марафонға қатысушы­ларға Ұлы дала рухын сезінуге және киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат жасауға мүм­кіндік туды.

Он төртінші күннің қорытындысы бойын­ша командалардың жалпы уақыты:

Жетісу облысы – 93 сағат 47 минут 

43 секунд;

Ақтөбе облысы – 95 сағат 06 минут 

37 секунд;

Алматы қаласы – 104 сағат 23 минут 

57 секунд;

Абай облысы – 112 сағат 12 минут 

46 секунд.

Сонымен қатар бұл кезеңде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. «Рекорд» командасындағы 21 жастағы Мағжан Абдолұлы 1 300 шақырымның соңғы 50 шақырымын бағындыруға таңғы сағат 7:10-да аттанып, Түркістандағы мәре сызығын 08 сағат 44 минут 09 секундта бірінші болып кесті. Астанадан Түркістанға дейінгі 1300 шақы­рымды бастан-аяқ 1 атпен еңсеруді мақсат еткен «Рекорд» командасының құ­рамы Астана қаласы, Маңғыстау мен Жетісу облыстарының шабандоздарынан құралған.

Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын ор6ын­дады. 1 300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін 2,5 миллион теңге, 2-орынға – 2 миллион теңге, 3-орынға 1,5 миллион теңге көлемінде сы­йақы алады.

«Рекорд» командасының нәтижесіне тоқтал­сақ, Маңғыстау облысының жылқысы 1300 шақырымды 98 сағат 44 минут 47 секундта бағындырды. Ал Жетісу облысының тұлпары 100 сағат 04 минут 34 секундта ең­серді. Үшінші, астаналық сәйгүліктің уақыты 104 сағат 28 минут 11 секундты құрайды.

Сонымен бірге командасы жарыстан шы­ғып қалса да, жорықты өз еркімен жалғас­тырып, 1 300 шақырымды жеке дара бағын­дырған 10 шабандоздың әрқайсысына төре­шілер шешімімен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық бекітілді.

Бұл ғана емес, екі апталық аламанға қаты­сып, аттылы шабандоздармен бірге 1 300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылыс­шысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер «Ең үздік жанкүйер» номинациясын белгіліп, 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады. Айта кету керек, Маңғыстаудың «Көкмойнақ» коман­дасына жанкүйер велошабандоз бұған дейінгі марафон-бәйгеге қатысып, Түркістан­ға дейін­гі 1 200 шақырымды бағындырған еді.

«Жорық» ат спорты федерациясының пре­зиденті, жоба  авторы Бақытжан Тұрлы­беков келесі жылы Астанада дүниежүзілік көшпен­ділер ойынында жоба жетекшілері ұзақтығы 400 шақырым болатын халықаралық бәйге өткізуді ұсынып отырғанын айтты. «Егер жоба қолдау тапса, жарыс Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетінен басталып, елорда іргесіндегі Бозоқ қала­шығында түйінделетін болады», – дейді ол. 

«Ұлы дала жорығы» республикалық мара­фон-бәйгесінің бас серіктесі  Sport Qory тури­зм индустриясы мен спортты қолдау қоры екенін айта кеткен жөн.

Наурызбек САРША