29 жастағы Екатерина Ковтун көлік жүргізуді бір күнде үйренген. Өзінің жаны техникаға жақын. 16 жасынан көлікті жөндеп бастаған ол бүгінде тюнинг шеберіне айналды. Автослесарь ретінде алдына келген кез келген көлікті шашып, жинап бере алады. Ақтөбелік тұрғындардың көпшілігі оны мықты маман деп біледі.
– Бала кезімнен-ақ көлікке қатты қызықтым. Тіпті, көлік көрсем ішкен асымды жерге қоятынмын. Әсіресе, қай көліктің сайманы қандай, оның қандай жағдайда тұрғанын көру, ішін ашып ақтарған ұнайтын, – деген Екатерина қазір қаладағы Avto-klinika деген автосервисін басқарып отыр.
Айтуынша, көлік жөндеу орталығының ашылуына күйеу баласы мен жақын досы түрткі болған. «Автосервиспен айналысуға күйеу балам мен кішкентайымыздан бірге өскен досым себепкер болды. Олар әрдайым «Қорықпай көзіңді жұм да ғимаратты жалға алып, аша сал. Жұмыс табылады, ертең көлігін жөндеуге келетіндерің кезекке тұрады. Бастысы – жұмысыңды білесің, істей аласың. Тәуекел ет, қорықпа!» деп түртпектеп жүрді. Шынын айтсам, ертең жалдың ақысын шығара алмай қаламын ба деп қорықтым. Сөйтіп, оң-солымды шешіп, ойланып жүргенімде 12 жыл өтті де кетті. Күйеуімнен ажырасып, пайыз үшін жұмыс істеп жүрген жерімнен кетіп, өмірімнің қиын сәтінде осындай шешімге бел будым. Бұл – 2020 жылдың 1 қыркүйегі еді», – деді ол.
Екатерина Ковтун автосервисін басқарған екі жарым жылда көлікті жөндеп қана қоймай, оның тонировкасы, дыбыс оқшаулау, антихром жасау, әйнекті брондау, көліктің шамдарын ретке келтіру, корпусын жөндеумен айналысады.
Оның айтуынша, жұмыс тобы төрт адамнан тұрады. Бәрінің он жылдан астам тәжірибесі бар, мықты мамандар дейді.
– Бір күнде нақты осыншама көлік жөндейміз деп кесіп айту қиын. Себебі, әрбірден соң көліктің жағдайына байланысты ғой. Бір көлікті он минутта жөндеп жіберуге болады. Ал енді біреуін 5-7 күн бойы жөндеумен боласың. Сондықтан жобалап айтсам, күніне он шақты көлікті қарауымыз мүмкін. Бастысы – ауызбіршілігіміз жарасқан топпыз. Әрқайсысы өз ісін жақсы біледі, – дейді көлік жөндеу орталығының басшысы.
Көлік жөндеуді 16 жасында бастаған ол негізгі мамандығы аспаз екенін айтты.
– 16 жасымда қаладағы №3 лицейге оқуға түстім. «Өмірде пайдаңа жарар» деп анам қоймаған соң, аспаз-кондитерлікке тапсырдым. Бірақ менің ісім емес екенін бірден түсіндім, – деген Екатерина тәжірибе алмасу кезінде анасына бірауыз ескертпестен, Пожарскийдегі көлік жөндеу орталығында көліктің жүріс бөлігіндегі автослесарь болып жұмыс істей бастаған. – Шынын айтсам, бастапқыда мұнда қосымша істеп жүргенімді жасырып жүрдім. «Өтіріктің құйрығы қысқа» демекші, қашанғы жасырасың, анама айтып едім, келіспегені анық. Бірақ «істемейсің, таста» деп кесіп айтып, тыйым салмады. Алайда қызығушылығым мен қосымша жұмысым оқуыма кедергі келтірмеуін талап етті. Оқуды бітіргенге дейін келісімді бұзбадым. Әу баста ходовканы жинап, тежегіш жүйесін ретке келтіріп, машинаның жүріс бөлігін жөндеу толық мойнымда еді. Кейіннен осы саланың шебері ретінде біраз автосервисте жұмыс істедім. Көп ұзамай мені тюнинг бойынша жұмысқа шақырды. Бұл дегеніміз – автомобильдің сыртқы немесе ішкі жабдықтарын, оның ішіндегі интерьер бөлшектерін техникалық тұрғыда жетілдіру. Осы салаға басыммен кіріп кеттім. Істегеніме 13 жыл болыпты. Қазір көліктің жүріс бөлігімен айналысқым келмейді, – деді ол.
Оның айтуынша, автослесарь болып жұмысқа орналасу қиын болмаған. Қыз баланың көлік жөндеу білетінін қызық көріп, керісінше жұмысқа алуға тырысқан.
– Алғашқы кездері көлікті жөндей алатыныма сенбейтін. Істегеніме қарап, бақылап тұратын. Дұрыс істегеніме көзі жеткен соң көңілі де орнығады. Ақырында өзіме жеке көлік көтергішке дейін беріп қойды. Ал қазір бұл іспен қыз баланың айналысуы ешкімге таңсық емес. Тіпті, «сіздің қолыңыздан ғана келеді» деп келіп тұратындар да бар, – дейді Екатерина Ковтун.
Жексенбіден басқа демалысты көрмейтін Екатерина таңғы оннан кешкі 7-8-ге дейін жұмыста екенін айтты. Кейде түн ортасына дейін жүріп қалатынын да жасырмады. Айтуынша, демалысты қызы мен отбасының жанында өткізгенді қалайды. «Қызымды алып, ағайын-туғанға қонаққа барамыз. Арасында ойын-сауық орталықтарында боламыз» деген ол келешекте қызы көлік саласын таңдаса, қарсы болмай қолдайтынын жеткізді.