Облыстағы өзекті мәселелердің бірі – халық санының аздығы. Сондықтан облыс басшылығы бұл бағытта да әртүрлі жолды қарастырып жатыр. 2021 жылы елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы қабылданған еді. Бұл жобаның мақсаты – ел халқының негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту. Осы жоба аясында Ұлытау облысында аймаққа оңтүстік өңірлерден отбасыларын көшіру қолға алына бастады. Қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан 7 отбасы облысқа көшіп келіп, қоныстанып та үлгерді. Солардың бірі – Сағындық Досанов. Ол Қызылорда облысынан көшіп келді.
– Сыр мен Қыр ежелден қоңсылас жатқан елміз. Біздің жаққа ұлытаулық азаматтар барып, өз ұсыныстарын білдірді. Әңгімелестік, жай-жапсарын түсіндік. Сосын «тәуекел түбі – желқайық» дедім де, анамды, әйелімді, бес баламды алып Ұлытау ауданына келіп қоныстандым. Жергілікті халық жылы қабылдады. «Елге ел қосылса – құт» деген байырғы жолмен бірнеше үй ерулікке шақырып, бірден-ақ тонның ішкі бауындай жақындасып кеттік. Менің мамандығым дәнекерлеуші болғанына қарамастан, ұлттық саябаққа инспектор болып орналастым. Келіншегім Айша облыс әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 1 млн 380 мың теңгелік грантын ұтып алды. Бұған 6 бас сиыр сатып алдық. Шаруамызды дөңгелете бастадық, – дейді ол.
Көшіп келген кезде Сағындықтың отбасының сегіз мүшесінің әрқайсысына 241 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек көрсетіліпті және ай сайын 72 мың теңге пәтерақыға төленіп тұрған екен. Әрине, бұл дегеніңіз – жаңадан қоныс аударып барған отбасы үшін ауқымды көмек.
– Қазір балаларымыздың үлкені мектепке барды. Әкімдік 4 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Бұдан артық не керек?! Ендігі міндет – еңбек ету. Басқа еш проблема жоқ, – деген Сағындық Досанов Сыр бойындағы жерлестерін тиімді бағдарламаны пайдаланып, ұлт ұясы Ұлытауға қоныс аударуға шақырады.
Көшіп келемін деушілерге қандай көмек көрсетіледі? Біріншіден, отбасы басшысына және отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК мөлшерінде, (қазір бұл – 241 500 теңге) көмек беріледі. Екіншіден, көшіп келген отбасы егер бірден өз пәтеріне қол жеткізе алмаса, 12 ай ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша 15-21 АЕК арасында, яғни 51 750 – 72 450 теңге мөлшерінде, шығыстарды жабуға бағытталған материалдық көмек алады. Нақты жағдайда көшіп келушілер көп ұзамай өз пәтерлеріне ие болуда. Үшіншіден, қоныс аударған әрбір отбасына экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады, яғни тұрғын үй сатып алу, салу немесе тұрғын үй сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түрінде 4 млн теңгеге дейінгі материалдық көмек көрсетіледі.
Ең бастысы, көшіп келген жұмысқа жарамды азаматтардың бәрі жұмысқа орналасады. Тіпті, мамандығына сәйкес жұмыс табыла қоймаса да, басқаша жолдары қарастырылады. Бұған жоғарыдағы Сағындық Досанов дәлел бола алады. Мектеп, балабақшамен қамту туралы сөз болуы тіпті де мүмкін емес.
Жақсы мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылған жөн. Ата-бабамыз кезінде Ұлытауға жетуді, соны бір көруді армандаған. Енді, міне жаңа заманның, қазіргі уақыттың самалына сәйкес Ұлытау көшіп келушілерге құшағын айқара ашып отыр.
Майлыбай КЕТЕ,
Ұлытау облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА