Президенттің соңғы Жолдауындағы «Реформаның басты мақсаты – экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізу және 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард долларға жеткізу» деген ең маңызды тезисі болды.
Энергетика дамымай, экономика өркендемейді  – Еділ Жаңбыршин
2,057
оқылды

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы энергетика саласында тың инновациялық жобаларды қолға алуды талап етіп отыр. Осы ретте аталған бағытта қандай мәселелер бар, энергетика саласын дамыту үшін қандай міндеттер тұр деген сауалдар жауабын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің Төрағасы Еділ Жаңбыршиннен сұрап көрген едік. 

– Еділ Терекбайұлы, Мемлекет басшысы Жол­дауын­да айтқан межеге қалай жетеміз? Жал­пы, электр энергетика жүйесін тиімді бас­қаруды қалай ұйымдастырамыз? 

 – Алдағы 6-7 жылда экономиканың мұн­дай қарқынды өсімін қамтамасыз ету үшін ең алдымен энергетика мәселесін шешіп алуымыз қажет. Мәселен, «қанша энергетика қуаты керек?», «энергияны қан­дай көздерден аламыз?», «қанша инвес­тиция қажет және оның кімдер қаржылан­дырады?» «қалай сапалы адами капиталмен қамтамасыз етеміз, яғни ғылыми зерттеу­лерлерді жүргізу және сапалы, білікті кадрларды қалай дайындаймыз?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Энергетика секторын дамытпай, Қазақ­станның экономикасының қарқынды өсіру мүмкін емес. Жоғарыда айтқан межеге жету үшін қанша энергия қажет? Мысалға, экономикасы мықты дамып келе жатқан Қытай мемлекетінің даму көрсеткіштеріне қарасақ, ҚХР-ның 2015–2022 жылдар аралығында ішкі жалпы өнімі 1,7 есе өскен (10,9 трлн АҚШ долларынан 17,5 трлн АҚШ долларына дейін). Осы кезеңде 2015 жылы Қытайдың электр энергиясын өн­діруі 5,69 трлн квт.сағ болса, 2022 жылы 8,4 трлн квт.сағ электр энергиясын өндірген, 2015 жылы орнатылған энергия қуаты 1 619,48 ГВт болса, 2022 жылы – 2 567,33 ГВт құ­рап отыр, яғни электр қуатын өндіру 1,5 есе­ге артқан. Негізгі тұтынушылары: өнер­кәсіп – 70,1%, үй шаруашылықтары – 14,0%, қызмет көрсету саласының кәсіп­орындары – 14,0%, ауыл және орман шаруашылығы – 1,9%.

2022 жылы Қазақстанда қуат 24,52 ГВт, бірақ максималды гене­рация 15,2 ГВт құрап отыр, өндірген электр энергиямыз 112,8 млрд квт.сағ. Жалпы, Қазақ­станда 2015–2022 жылдары орналас­тырылған электр қуаты 15% ғана өскен.

Электр стансалардың көбі Кеңес Ода­ғын­да салынған, олардағы орнатылған қуат­тың кемінде 30% жаңалауымыз қажет, бұл шамамен 8 ГВт және алдағы 6-7 жылда эко­номиканың көлемін 2 есе арттырамыз де­сек, өндіріп отырған энергия қуатын кем дегенде 1,5 есе арттыруымыз қажет. Бұл тағы жаңа 6-7 ГВт. Сонда бізге алдағы 7 жылда жалпы қуаты кемі 15-16 ГВт құрай­тын жаңа стансалар мен блоктарды тұрғы­зуы­мыз қажет болады. Жолдауда Мемлекет басшысы: «2029 жылға қарай энергия тұ­тынуға және энергия шығынына байла­нысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15%-ға азаюға тиіс», – деді. Осы стратегиялық мә­се­ле­лерді ескере келіп, Президент Үкі­мет алдына 5 жылда елімізде кемінде 14 ГВт жаңа электр қуатын іске қосуды, соның ішін­де Екібастұздағы МАЭС-1 және МАЭС-2 кеңейтуді және жаңа МАЭС-3 са­лу­ды міндеттеді. Бұл – Қазақстан үшін стратегиялық міндет.

Жаңа стансаларды салу елімізде энергия қуатын арттырып қоймай, келесі мульти­пликативтік эффект береді: машина жасау са­ласы дамиды, жергілікті құрылыс мате­риал­дарын пайдалану өседі, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде лока­ли­зациялауға болады, біліктілігі жоғары ма­ман­дар дайындалады, жаңа жұмыс орын­дары ашылады және т.б. 

Аса маңызды тағы бір мәселе, біз энер­гетика саласында ешкімге тәуелді болмауы­мыз керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті, суверенді мемлекет болуымызды қамта­масыз етудің негізгі кепілі. Қазір Ресеймен арамыздағы электр энергиясының сальдо-ағымы 0,5 млрд квт.сағ минус, яғни олардан электр энергиясын импорттап отырмыз. Жоғарыда айтылған қуаттарды дер кезінде тұрғызатын болсақ, болашақта ешкімге энергетика жағынан тәуелді болмаймыз деп ойлаймын. 

– 2013 жылы еліміз «Қазақстан Респуб­ликасының 2050 жылға дейінгі «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын» қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстан электр энергиясын өндіруде баламалы энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу қажет. Бұдан басқа, 2060 жылға дейін Қазақстан көміртектік бейтарап­тық Стратегиясын қабылдады. Олай болса біздің тұрғызатын генерацияларымызда балама энергия көздерінің үлесі артуы қажет емес пе? 

– Иә, әлемдік тенденция энергияны жаңартылатын энергия көздерінен алуға бағытталғанын көрсетіп отыр. Мысалы, Қы­тай­да 2000 жылдан бері жел энер­гиясымен жұмыс жасайтын стансалардың қуаты 1 000 есе өскен, ал 2009 жылдан бастап күн энергиясын пайдалану 15 720 есе артқан! Қазіргі таңда ҚХР жел мен күн энергиясы 758 ГВт энергия қуатын беріп отыр, бұл бүкіл Ресейдің 2023 жылғы орна­тылған электр қуатынан 3 есе артық! 

Eurelectric Еуропалық электр энергиясы қауымдастығының мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай Еуроодақ электр энергия­сының 80%-ы қазбалы отынды пайдаланбай өндірілуі мүмкін. Бұл ретте электр энер­гиясының 60%-ы жаңартылатын энергия көздерінен алынбақ. Мысалы, 2010 жылдан бастап 2022 жылға дейін Португалиядағы күн және жел энергиясының үлесі екі есе өсіп, 35%-ға дейін жетті. Қазір жел, күн энер­гия көздері бізде 2,255 ГВт қуатты құ­рап отыр, жалпы генерацияда бүкіл бала­малы энергия көздерінің үлесі 9-10% ғана.

Перпективада бірнеше шетелдік TOTAL, MASDAR, AQWA POWER, CPIH сияқты ірі компаниялар 5 ГВт-тай қуатты беретін жаңартылатын энергия станса­ларының жобаларын ұсынып отыр. Бұл жердегі басты мәселе ол стансаларды қайда орналастырамыз және энергияны қалай аккумуляциялаймыз?

Тағы бір баламалы энергия көзі – тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) энергоутилизация жасау. Көптеген дамыған елдер: Швеция, Аустрия, Италия, Корея Республикасы, Польша және басқалар ТҚҚ-дан электр энергиясы мен жылу алып отыр. Швеция 15% энергиясын ТҚҚ-дан шығарылған биомассадан алып отыр. Бұл технологиялардың ерекшелігі қоршаған ортаға зиянды заттарды шығармайды, тіпті кейбір стансалар қоқыстың органикалық құ­рамы­нан газ алып, оны отын есебінде пай­да­ланады. Қазақстанда ресми статис­тикаға сәйкес, жылына 5 млн тоннадай ТҚҚ түзіледі екен, оның тек 15-18%-ы ғана өңделеді. Егер оның құрамындағы қайта пайдалануға жарамайтын органика 30-40% десек, онда 1,5-2,0 млн тоннадай органика­лық заттардан газ немесе отын алуға бо­лады. Осы тәжірибені ТҚҚ көп шығаратын ірі қалаларда орналастыруға болады. Бұл өз кезегінде қалдықтар қоймасының көлемі мен ауданын азайтып, оларда болатын өртті жояды, жер бедерін және жерасты суларын улы заттармен ластануын азайтады, булы газ­дардың қоршаған ортаға түсуін төмен­детеді. Болашақта сутегі мен термоядролық синтез арқылы энергия алуды да дамыту қажетпіз.

– Сонымен қатар алдымызда 14 ГВт қуат салу мақсаты тұр. Бұл қуаттарды алу үшін көмір, газ отындарын жағып және күн, жел, су энергиясын пайдаланамыз деп болжанып отыр. Көмір Қазақстанда жеткілікті. Қазақ­стан 29,4 млрд тонна (немесе әлемдік қордың 2,4%) барланған көмір қоры бойынша 10 елдің қатарына кіреді, оның 2/3-і – қоңыр кө­мір, 1/3-і – тас көмір. Бірақ әлемдегі қар­жы институттары көмір арқылы энергия өндіруге инвестиция бөлуді тоқтатқан. Онда көмір генерациясын салуды қалай шешеміз? 

– Бұл сұраққа әзірше жауап табу қиын. Мүмкін болашақта көмір химиясын немесе кеніштердегі метанды пайдалануды іске асырған жөн болар. Бұл идея да Жолдауда айтылды. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы энергетика саласында тың инно­вация­лық жобаларды қолға алуды талап етіп отыр.

Бу-газды қондырғыларды салатын бол­сақ, тауарлық газдың көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өйткені энергетикадан басқа елді мекендерді газдандырып, өндірісті де газбен қамтамасыз етуіміз қажет. Қазақ­станда газдың 2017 жылдан бүгінгі 2023 жылға дейін тұтыну динамикасы 12,197 млрд текше метрден 21,214 млрд текше метрге дейін жетіп, тұтыну 1,74 есе өскен. Алдағы уақытта тағы да газ көлемін тұтыну кемі 2 есеге өсуі мүмкін. Себебі Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстанды газ­дан­дыру қажет және газбен жұмыс жасай­тын электр стансаларына үлкен көлемде көгілдір отын қажет болады. Ресурсты қай­дан аламыз? 

ҚР-да шикі газ өндіру соңғы 5 жылда жылына орта есеппен 52-ден 55 млрд текше метрге дейін құрайды. Шикі газдың көп бөлігі сұйық көмірсутектерді өндірудің оңтайлы деңгейін ұстап тұру үшін кен орындарына қайта айдалады. Шикі газдың қалған бөлігі ГӨЗ-де тауарлық газға өң­деледі.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда газ өндіру 53,2 млрд текше метрді құрады, оның ішінде «Қарашығанақ», «Теңіз» және «Қашаған»-дағы оператор­лардың үлесі 82%-ды немесе 43,4 млрд текше метрді құрады. 2022 жылы аталған өндірушілерден тауарлық газ жеткізу 16,9 млрд текше метрді құрады. 

«Қарашығанақ», «Теңіз», «Қашаған» кен орындарының ішкі нарыққа газ беру әлеуеті үлкен, олармен сатып алу бағасын келісу керек. Бұл жөнінде де Президент өз Жолдауында айтты. Сонымен қатар «Рожковское», «Өріктау» «Батыс Прорва», «Қаламқас» кен орындарында газ өндіруде бізге қосымша газ көлемін ұлғайтуға мүм­кін­дік береді. Көрші елдердің газ ресурс­тарын сатып алу еліміздегі газ дефицитін жоюға мүмкіндік береді, әсіресе Түрікмен­станмен келісімге келу маңызды. Бірақ газ импортында қолайлы баға мен елдің тәуел­сіздік саясаты басым бағыт болуы керек. 

– Қазір әлемде энергетикаға қатысты неше түрлі озық және жаңа технологиялар бар. Мәселе оларды қандай қаржыға сала­мыз? Осы салаға инвестиция тарту жағын қалай іске асыруға болады?

 – Қазір сарапшылардың айтып жүрген қаржы көздеріне – бюджет, халықаралық қаржы ұйымдарының несиелері, тариф жатады. Егер біз 14 ГВт қондырғыларды бюджет есебінен салатын болсақ, онда оған мемлекеттің бюжеті де, Ұлттық қордың қаржысы да жетпейді. «Тарифке инвес­тицияны ауыстыру» деген механизм бар. Бірақ бұл жерде таяқтың екі ұшы бар екенін ескеруміз қажет. Тарифті көтермесек, жаңалауға инвестиция шектеулі, ал тариф жоғары болса, тұрғындардың төлеуге мүмкіндігі төмендейді. Қазір тұрғындардың көпшілігі жоғары тарифті төлей алмауы мүмкін. Тарифті дифференциация жасау қажет деген идеяларда айтылып жүр, яғни жағдайы көтеретіндерге тарифті көтеріп, табысы төмендерге мемлекет тарапынан субсидия жасау. Ресми статистикаға байла­нысты 2023 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда кедейшілік деңгейі тұрғын­дардың 5,1%-ын құрап отыр, яғни 1,015 млн адам. Бұл үй шаруашылықтарын ірік­теп зерттеу нәтижелері бойынша ғана, ақиқатында табысы өте төмен отбасылар бұдан да көп болуы мүмкін. Ал субсидия – бюджетке түсетін үлкен жүктеме. Егер айына бір миллион адамға шамамен 10 мың теңге субсидия берсек, бір жылға 120 млрд теңге бюджеттен қаржы бөлу керек, бұл шамамен 100-150 мың халқы бар қаланы ток, жылумен қамтитын заманауи станса салуға жетеді.

Егер шетелдік компаниялар энергия қуаттарын салатын болса, олар өздерінің инвестицияларын қайтарып, аз да болса пайда табуы керек. Олар тариф қандай болады деп сұрайды? Олардың сұрайтын жоғары тарифін біз тағы да бере алмаймыз. Сондықтан олар келіссе, инвестициясын қайтаратын уақыттарын ұзақ мерзімге жылжытып, аукционға қатыстырып, екі жаққа да тиімді тарифке дейін сауда жасауға мүмкіндік беруге болады. 

Біз белгілеген шектік тарифке келісіп, BOOT келісімшартымен энергия қуатын салатын компаниялар болса, олармен тіке контракт жасап, инвестиция тартатында вариант бар. Мысалы, жоғарыда айтылған Дубайдағы жоба BOOT келісімшартымен реттеледі және қаржыландыруды, жоба­лау­ды, салуды, нысанды пайдалануды және 35 жылға техникалық қызмет көрсетуді қам­тиды. Сондықтан тариф саясатында «алтын ортаны» табу өте маңызды.

Осы үш қаржы көзінен басқа тағы бір бала­малы нұсқа бар. Ол – елімізден заң­сыз немесе ұрлықпен шығарылған АҚШ долларымен есептегендегі миллиардтаған активтер, тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржыларда болуы мүмкін. Кезінде ол активтер елдің стра­тегиялық нысандарын модернизациялауға, дамытуға жұмсалу керек еді. Сондықтан елге қайтарылған активтерге тек әлеуметтік инфрақұрылымдар мен нысандарды салуға жұмсамай, оларды энергетикалық ресурс­тармен қамтамасыз ететін көздерге де жұмсалған дұрыс. Бұл әділ шешім болар еді.

Жалпы, бюджет пен елге қайтқан активтердің мүмкіндіктерін, инвестор­лар­дың ұсыныстарын және өңірлердегі тарифтердің ерекшеліктерін ескеріп, энергия қуаттарын салуға барлық қаржы көздерін жүйелеп, тарту қажет.

– Қазір энергетика саласына кадр жетіс­пеу­шілік айтыла бастады. Кадр тапшылығын қалай жоямыз?

– Рас, Риддерде ЖЭО мамандар жетіс­пей жатыр. Мұндай жағдай басқа өңірлерде де бар. Энергетиктер басты мәселе жалақының төмендігі деп отыр. Еңбекақы тағы тарифке байланған. Жалақы жалақы ғой, біз жоғары оқу орындарында кадр дайындау мәселесін бұзып алдық. Кезінде энергетиктерді, жалпы инженерлерді 5 жыл дайындайтын. Болон процесі деп 4 жылдық бакалавр бағдарламасын енгіздік. Одан біз ұтқан жоқпыз. Бітіріп шыққан мамандар­дың білімі мен біліктілік деңгейі өндіріс сұранысын қамтамасыз ете алмай қалды. Энергетика саласының маманы болуы үшін физика мен математикадан, химия мен металтанудан, электроника мен автома­тикадан, электр мен жылудан, отын мен судан терең білімің болуы керек. Сонымен қатар энергетика жылуэнергетика және электроэнергетика бағыттары ерекше­ленген бірнеше мамандықтарға бөлінеді. Қазір осы екі негізгі бағытты бір оқу бағдарламасына біріктіріп жіберген. Бұл – энергетиканы түсінбейтін шенеуніктер мен саладан хабары жоқ мамандардың жасаған шешімі. Оның үстіне, энергетик мамандарды дайындайтын флагманымыз – Алматы энергетика және байланыс уни­вер­ситеті жеке қолда, қазіргі басшылары энергетиктер емес. Энергетиктерді дайын­дайтын бағдарламаларды қайта қарап, оқу жылын 5 жылға созу керек. Онсыз бол­майды. Қазір сабақ беретін профессор-оқытушы құрамы да азайып бара жатыр. Энергетиктерді дайындайтын білім саласы ұшпаның шетінде құлаудың аз-ақ алдында тұр. Шұғыл шешім керек.

Екінші мәселе. Энергетика ғылымсыз дамымайды. Оның тиімділігін арттыру үшін және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін фундаменталды және қолданбалы ғылым қажет. Кезінде осының бәрін 1944 жылы құрылған Шапық Шокин атындағы Қазақ Энергетика ғылыми-зерттеу институты (ҚазЭҒЗИ) атқарып келді және Кеңес Одағында оның алатын орны ерекше еді. Институтта Кеңес Одағына белгілі ғалымдар: Б.Алияров, И.Басина, С.Бухман, Л.Вулис, Ш.Ершин, Е.Саки­пов, Б.Усти­менко, И.Палатник және бас­қа­лар қызмет етті. Қалыптасқан жүйесі бар мықты ғылымы мектеп болды. Қазір энер­гетика ғылымын жоғалттық, ал ҚазЭҒЗИ жеке­меншік серіктестік болып кетті, азын-аулақ шаруалармен айналысып жүр. 

Мемлекеттің болашағын ойласақ, «Жасыл энергетиканы» іске асырамыз десек, Ұлттық ғылым академиясының жанынан ба, Ұлттық ядролық институттың жанынан немесе Ядролық физика инсти­тутының жанынан ба арнайы жалпы энер­гетиканы, оның ішінде баламалы энергия көздерін дамытуға жол ашатын іргелі ғылыми мектеп ұйымдастыру қажет. 

– Энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты энергия жүйесін­дегі теңгерімсіздікті, электр энергиясының тапшылығын, бәсекелестіктің тең емес жағдай­ларын жоюмыз үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?

– Энергетикада қуатты арттырумен қатар, энергожүйені тұрақты теңгеріммен ұстап отыру қажет. Сондықтан болашақта салынатын энергия қуаттары бұл факторды ескере отырып іске асырылады. Біркелкі электр жүйемізді «КЕГОК» АҚ басқарып отыр, оған Батыс, Солтүстік және Оңтүстік электр жүйелерінің аумақтары кіреді. Бірақ Батыс электр жүйесі басқа аумақтар­мен байланыстырылмаған, қалған екеуі ортақ жүйеде.

Бірінші мәселе, барлық аумақтарды бір-бірімен байланыстырып, қуаттарды бір-біріне бағыштап, реттеп отыратын ортақ жүйе құруымыз қажет. Бұл бағыт бойынша Батыс электр желісі аумағын Солтүстік аумағына қосу жұмыстары басталып кетті, жоспар бойынша 2027 жылы «Өлке–Қарабатан» (Ақтөбе-Атырау) 500 кВ желісінің құрылысы аяқталуы тиіс.

Батыс аумақтың электр жүйесін Оңтүстік аумаққа қосу 2028–2035 жыл­дарға жоспарланған.

Екінші мәселе, Ресей және өзіміздегі электр қуаттарды Орта Азия елдеріне тасымал­дау маңызды. Бұл жұмысты іске асыру үшін «Солтүстік–Оңтүстік» тұрақты ток желісін салу 2024–2030 жылдарға жоспарланып отыр.

Үшінші мәселе – электр жүйелерін жаңалау. Өйткені көптеген желілер мен нысандарда тозу 80% жеткен. Олардың өткізу қуатында күшейту қажет. Бұл электр жүйесіндегі сенімділікті арттырып, апаттарды азайтуға мүмкіндік береді.

Қазір «Ақтөбе», Батыс», «Сарыбай» жүйеаралық электр желілері (ЖЭЖ) жоғары кернеулі 220-500 кВ желілерін қайта құрылымдау және «Батыс» аумақтың электр жүйесін күшейту жұмыстары жүріп жатыр, аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Мысалы, «Батыс» аумақты күшейту Маңғыстаудың көрші облыстармен электр қуатын алмасу ағынын 50 Мвт-тан 250 Мвт өсіруге мүмкіндік береді.

«Оңтүстік» электр жүйесі аумағында «Шу–Жамбыл–Шымкент» 500 кВ жоғары кернеулі желінің қуаты күшейтілуде, аяқ­талу мерзімі – 2026 жыл.

2031 жылға шейін «Ақмола», «Шығыс», «Солтүстік», «Орталық», «Алматы», «Оң­түстік» ЖЭЖ-і қайта құрылымдаудан өткізу жоспарланып отыр.

Төртінші мәселе – қожайындары жоқ және белгісіз қараусыз қалған электр жүйелерін балансқа алып, реттеп, жаңалау. Одан басқа, ортада тек қаржы жинап, өз­дерінің ешқандай материалдық активтері жоқ делдалдық қызмет атқарып отырған энергиямен қамтамасыз ету ұйымдарын нарықтан алып тастау. Олардың функция­ларын атқаратын механизм жасауда өзекті сұрақ.

Бесінші мәселе – энергетикалық ны­сан­дар мен желілерді мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алу жүйесін қайта қарау. Энергетиканы IoT, нейросет және блокчейн қағидаттарын пайдаланып цифрландыру. Бұл өз кезегінде саланың қызметінің сапасы арттырады, басқаруын одан әрі жүйелендіреді, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. 

Биыл 1-ші шілдеден бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында электр энергиясын бірыңғай сатып алу моделі жұмыс жасап бастады, ол өз кезегінде энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты энергия жүйесін­дегі теңгерімсіздікті, электр энергиясының тапшылығын, бәсекелестіктің тең емес жағдайларын жоюға мүмкіндік береді. 

– Елімізде бұл сала жалпы заң жағынан қан­шалықты қолдауға ие? Энергетиканы дамытуға бағытталған қандай заңнамалар мен басқа да нормативтік-құқықтық акті­лерді қабылдаймыз?

– Қазақстан энергетика саласындағы түбегейлі өзгерістерді жасау үшін норма­тивтік актілерді жаңа сұраныстарға байла­нысты әзірлеп, қабылдауымыз қажет.

Осыған орай бірнеше заңнамалар Парламентте қайта қаралып, қабылданды. Мысалы, 2022 жылғы 30 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заң шеңберінде «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға газ ресурстарын ұлғайту мақсатында жер қойнауын пайда­ланушылардан тауарлық газды сатып алудың ынталандырушы тетігін қабылдау бөлігінде тиісті түзетулер енгізілді. 

Сонымен бірге 2022 жылғы 29 желтоқ­сан­да «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Оның шеңберінде Жер қойнауын пайдалануға Жақсартылған модельдік келісімшарт (бұдан әрі – ЖМК) қабылданды. ЖМК-да жаңа газ жобалары үшін мынадай фискал­дық және салықтық жеңілдіктер қарас­тырылған: өндіру басталған күннен бастап 20 жылға корпоративтік табыс салығынан босату, өндіру басталған күннен бастап 20 жылға экспорттық кедендік баждан босату, жер қойнауын пайдалануға балама са­лыққа өту құқығы.

Жасалынған заңнамалық түзетулер Қазақстанда өзіндік газ ресурстарын арт­тыруға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар мұнай-газ саласын және жаңартылған энергия көздерін одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін Мәжілісте бірнеше заң жобалары қаралып жатыр. Бұлардан басқа жаңа «Жылуэнергетика туралы» заң қаралуда. Бұл заң жылу энерге­тика саласында мемлекеттік реттеу мен оны іске асыру механизмдерін айқындап береді.

– Қазақстанның қай өңірлерінде энер­гетикалық нысандар мен инфра­құрылым­дарды салған жөн? Жалпы, энер­гетика саласының даму стратегиясын дайын­дау қаншалықты қажет? 

– Жақында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғи ресурстар Коми­теті Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго» АҚ,  KEGOC АҚ және басқа да құзырлы мемлекеттік органдар мен энергетика саласының сарапшылары­ның басын қосып, «Энергетика қауіпсіз­дігі» тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізді. Көптеген сұрақтар қойылып, ұсы­ныс-пікірлер айтылды. Комитет құзырлы мемлекеттік органдардың өкіл­дерін, ға­лым­дар мен мамандарды қамти­тын жұмыс тобын құрып, Қазақстанның энергетика саласының даму Стратегиясын жасақтау туралы шешім қабылдады. Бұл маңызды құжат алдағы «орта және алыс перспек­тивада Қазақстанның қай өңірлерінде энергетикалық нысандар мен инфра­құрылымдарды саламыз?» деген сұраққа жауап беруі керек. Стратегияда өңірлердегі өндірістік және басқа да тұтынушылардың қажеттілігі, қазіргі жоғары кернеулі электр желілері мен қосалқы стансалардың мүм­кіндіктері, отын ресурстарының орна­ласуы мен логистикасы, демографиялық өсім және басқа да факторлар ескерілуі тиіс. Сондықтан отын-энергетикалық және өндірістік-территориялық кешендер инте­грацияланған, нақты көрсеткіштері бар ұлттық Стратегияны дайындау – кезек күттірмейтін шаруа. 

Президент Қазақстан экономикасын екі есе ұлғайту жөнінде амбициялық міндетті жария етті. Оны іске асыру мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес нәрсе жоқ. Мықты нәтижеге қол жеткізгің келе ме, онда таудай талабың мен мақсатың болсын! Тек ниет пен әрекет қажет. Жалпы, Жолдауда көрсетілген міндеттерді тек биліктің бір өзі атқарып шыға алмайды, егер бүкіл халық қолдап, бел шешіп кіріс­песе. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме? Жүгіміз ауыр, бірақ оны жеңілдететін адами да, материалдық та ресурсымыз бар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Наурызбек САРША