Әсіресе, ұстаздар қауымы электронды күнделіктің тиімсіз екенін, жүйедегі жарнамадан көз сүрінетінін айтып, шағымданудан шаршаған емес. Тіпті, биыл Ақтөбе облысы «Күнделік» электронды журналынан бас тартты. Онлайн журнал төңірегінде пікірталас неге толастамайды? «Күнделікке» балама отандық платформа бар ма?
Жүйеде ақпараттық қауіпсіздік сақталмаған
Жақында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров мектеп оқушыларына арналған «Күнделік» жүйесінің олқылықтарын Парламент төрінде көтерді. Бұл жөнінде депутат Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас Прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.
– Электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сарапшылардың айтуынша, сол кездегі заманын қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган 4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген. Нәтижесінде, бұл салада шетелден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды, – деді Ерлан Сайыров.
Оның айтуынша, сыртқы монополия күшімен Қазақстанның барлық балалары, мұғалімдері мен ата-аналары жалпы саны 7 миллион адам мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр.
– Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп. Бұл жөнінде ақпарат құралдары үнемі дабыл қағуда. Мектеп оқушыларын жағымсыз жарнама қарауға міндеттеп, сол арқылы шетелдік монополияны байытуға жол берген заң немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Бұл аз болғандай, «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура тексеруі қажет, – деді депутат.
Айта кету керек, «Күнделік» барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе. Ерлан Сайыровтың пікірінше, «Күнделіктегі» мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді? Бұл сала монополиялық реттеуге мүлде жатпайды, сондықтан бәсекелестік болуы шарт. Жақында тура осындай шетелдік қызмет болып саналатын «Яндекс таксидегі» ересектердің жеке мәліметі мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Ал «Күнделік» – балаларымыздың жеке мәліметіне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін, ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті өзекті проблема. Балалардың санасы мен ұлттың ертеңіне төнген қауіпті ескеріп, Үкімет шұғыл әрекет етуі қажет.
Жарнамалық табысы жақсы
Жалпы электронды күнделік – маусымдық өнім. Себебі оқушылармен тікелей байланысты болғандықтан, шәкірттер де, ата-аналар да каникул кезінде онлайн күнделіктің бетін ашпайтыны мәлім. Алайда еліміздегі жүз мыңдаған педагог күн сайын кірген соң Kundelik.kz жаз кезінде де рейтингте алғашқы ондыққа кіреді. Электронды күнделікті пайдаланатындардың 51 пайызы мектеп оқушылары, 13 пайызы мұғалімдер болса, 36 пайызы – ата-аналар. Жақында ата-аналар мен мұғалімдер үй тапсырмасы және бағалардан бөлек, платформада басқа да көптеген жарнамалардың жиі кездесетінін айтып дабыл қақты. Оқу процесіне қатысушыларға тамақ пен әшекей, кино мен киімдердің жарнамасы қажет пе деген сұрақ туындайды. Тіпті электронды күнделікте жұмсақ матрасты жарнамалайтындарды кезіктіре аласыз. Білім сарапшысы Мейіржан Темірбектің айтуынша, Kundelik – жекеменшік компания. Мемлекет тарапынан ақша төленбейді. Жарнама арқылы күнін көріп отыр. Казнетте рейтинг жағынан алдыңғы орында. Қолданушылары өте көп. Бұл платформа Ресейдегі «Дневниктің» баламасы, бірақ ішкі функциялары біздің Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтарына қарай көп өзгерген.
– Электронды күнделіктің бетіндегі жарнамадан көз сүрінеді. «Жарнама салмаңдар» деп платформаға тағы айта алмайсың. Өйткені, олар Үкіметтен ақша алып отырған жоқ. Жарнамадан түскен қаржымен күн көріп отыр. Қызметкерлерінің айлықтарын да сол табыспен төлеп отыр. Біз «Неге жарнама көп?» деп шағымданғанда осындай дәлелдер айтқан. Күнделіктің жұмысы әлі бір жүйеге келтірілмеген. Автоматтандыру жағын реттеу керек, – дейді Мейіржан Темірбек.
Оның пікірінше, электронды журнал, күнделік, цифрландыруды жүзеге асырып жатыр демесең бұл жүйенің өзгертетін тұстары көп. Ұстаздар бір сабақты толтыру үшін үш-төрт бет ашып, әлекке түседі. Одан кейін сайт мыңдаған мұғалімнің кіргенін көтермей, істен шығады. Соңында рейтинг дұрыс болмағаны үшін тағы да мұғалім сөз естиді.
Ал компанияның жарнамадан қанша табыс табатыны белгісіз. Біз kundelik.kz-ке жарнама беруші ретінде хабарласып көрдік.
– Жарнама беру үшін бізге уақыттың аралығы мен қай қалаларға жарнама жасайтыныңызды айтсаңыз жеткілікті. Бізде баннерлік, мақала және мұғалімдерге арналған арнайы бөлім сияқты жарнама түрлері бар. Жарнаманың бағасы белгіленген уақытқа және аймаққа тікелей байланысты. Мысалы, республикада 700 мың мұғалім бар. Сондай-ақ білімге қатысты жарнамаларға жеңілдік қарастырылған. Егер сіз Астана қаласы бойынша екі айға сайтқа жарнама орналастырсаңыз бағасы 650 мың теңге тұрады. Мақсатты аудиторияда балалар жоқ болса, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған жарнамаларды да бере аласыз. Жарнама белгілі бір талаптарға сай келуі керек. Көбінесе дұрыс тамақтану, оқу-ағартуға, тұрмыстық қолданысқа арналған жарнамалар шығады. Осынша жарнама аламыз деген шектеу жоқ. Трафик көп болғандықтан ала береміз. Жарнамалар асып қалатын болса, біз оны Яндекске сатып жібереміз. Оқу ағарту министрлігі сайтты қадағалап, бақылаудан өткізіп отырады, – дейді kundelik.kz сайтының менеджері Ардақ.
Компания ешқашан мемлекеттік субсидия алмаған. Оқу ағарту министрлігі де бұл жобаны қаржыландырмаған екен. Сондықтан пайдаланушылар көретін жарнама – бұл жұмысшылардың еңбегін, жалдау ақысын және салықтарды төлеудің жалғыз тәсілі. Сондай-ақ, осы табыстан электронды порталды дамытуға инвестиция да салынады екен.
Күнделікке балама қосымша бар ма?
6 500 мектеп пен 7 миллионға жуық қолданушысы бар «Күнделік» платформасында ақпараттық қауіпсіздік қаншалықты сақталады? «Жарнамамен жан бағамыз» деп өздерін ақтаған компанияның миллиондаған оқушының жеке дерегін қолды қылып жібермесіне кепілдік бар ма? Қоғамды алаңдатқан мәселе де осы. Шетелдіктер жасаған платформаға үрке қарайды. 7 жылда Оқу-ағарту министрлігінің отандық электронды журнал жасауына да болар еді. Бірақ құзырлы орган бұл мәселеге мойын бұрғысы келмейді. «Күнделікке» дейін де орта білім саласында электронды платформалар болған. Айталық, 2008 жылдары пилоттық жоба ретінде Маңғыстау облысының мектептеріне Мектеп.Edu жобасы кең таралды. Жүйе мектеп мұғалімдері үшін сабақ беру процестерін электронды форматқа, ал ата-аналар үшін сынып журналы, күнделік, мектеппен қарым-қатынас құралы ретінде жасақталған болатын. Содан бері бұл жоба Маңғыстау өңірінде сәтті қолданысқа еніп, барлық мектептер белсенді жұмыс істеді. Алайда арада жылдар өтіп, 2012 жылы ұлттық E-Learning жобасы келгенде, бұл жобаның қажеттілігі шектеліп, тоқтады. Кейін E-Learning жобасы да ұзаққа барған жоқ. «Күнделік» қолданысқа енгеннен кейін бұл жоба да қолданыстан шықты. Бүгінде Bilimland компаниясы «Күнделікке» балама «Білім класс» журналын шығарып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап, Ақтөбе облысы «Күнделік» электронды журналынан бастартып, «Білім класс» журналын қолдана бастады. Себебі өңірде «Ақтөбе облысындағы шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру» атты пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
– «Білім класс» журналын қолданудың өз артықшылығы болады. Мұнда ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін электронды нұсқада дайын материалдар жүктеледі. Барлық цифрлық ресурсты тегін қолдана аламыз. Онда 26 мыңнан астам сабақ, 8 мыңға жуық пайдалы ақпарат орналастырылған. Бәрі мұғалімге, оқушыға қолжетімді, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Пилоттық жоба еліміз бойынша Ақтөбе, Ұлытау, Түркістан облыстарына қолданысқа енген. «Білім класс» жүйесі тек қана электронды журнал емес. Бұл жерде 37 пәннен тұратын сабақтар мен тақырыптық жоспарлар да қамтылған. Оқушылардың қозғалысын бақылайтын арнайы функция да қамтылыпты.
Ендеше «Күнделіктің» орнын алмастыратын, отандық платформалар бар. Ал оның оқушылар мен мұғалімдер үшін қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.
Көктем ҚАРҚЫН