Дегенмен сол көл-көсір өнімнің бүгінде игілігін көріп отырғандар қанша? Қой шаруашылығының қазіргі жағдайы қандай? Осы бір көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, біраз ақпаратқа қанық болдық. Білгеніміз, сол қой шаруашылығы бойынша бүгін ғылым мүлдем мүшкіл халге жетті.
Өткенді айтып мақтануға келгенде алдына жан салмайтындардың қатарында екеніміз рас. Шопан ата кәсібінің тереңіне үңіле жүріп, біраз адамға хабарласып, пікірін білдік. Пікірлескен адамдарымыздың дені кезінде мыңғыртып қой бағып, әр қойдан екіден қозы алғандарын баяндай жөнеледі. Ертегіге бергісіз ескі әңгімені тыңдап отыра беруге де болады, бірақ мәселе бұл емес. Сонымен, шындығында бұрын қалай болды екен деп, деректерді сөйлеттік. Сөйтсек, біз шынымен мақтансақ, мақтанардай болған екенбіз. 1960 жылы республикадағы барлық койдың 84,6%-ы, 1974 жылы 99,99%-ы, 1980 жылы 100%-ы асылтұқымды мал тобына жатқызылыпты. Енді мына мәліметтен кейін мақтанбай қайтесің?! 1966–70 жылдары ұсақ малдан алынатын ет өнімдерін біздің ел орта есеппен 471,3 мың тоннаға жеткізсе, 1981–83 жылдары 493,3 мың тоннға бірақ шығарған екен. Осынша мол өнім беріп отырған қойларымыз сол кездегі жаңа тұқым болып саналған қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқар-мериносы, солтүстік қазақ мериносы, қазақтың оңтүстік мериносы, дегерес қойларының үлесінде болды. 1984 жылы қазақ даласында шамамен 36,8 млн қой жайылып жүрген екен. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойынша Ресейден кейінгі 2-орынды иеленсе, қаракөл елтірісін дайындауға келгенде әлемде 1-орынға бір-ақ шығыпты. Заманында абыройымыз асқақтап тұрғанымен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары меселіміз қайтып, атакәсіптің қасиетін қолдан шығарып ала жаздағанымыз да шындық.
1990 жылы республикада тіркелген ұсақ мал саны 35,6 млн болған екен. Осыдан тура 5 жыл өткеннен кейін бұл көрсеткіш 19,6 млн басқа кеміген. 1998–2000 жыл аралығында бұрын-соңды болмаған ең төменгі деңгейге құлдилаған. Осылайша, 2000 жылдары ресми дерек бойынша, елімізде қой мен ешкі санын қоса санағанда барлығы 1 млн 900 мың шамасында ғана болған. Мұндай мүшкіл жағдайды көрген мемлекет басшылары дереу тиісті шаралар жасағаны белгілі. Дегенмен көп жағдайда шаруалардың өздерінің күш салуы арқасында беті бері қарай бастады.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, елімізде биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қой саны 25,9 млн басты құрады.
2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығымен салыстырғанда мал басы 4,1%-ға өскен. Қойы ең көп облыс Түркістанда – 5,9 млн бас бар. Одан кейін тізім басында Жамбыл және Алматы облыстар тұр. Ең қызығы, қой санының өсімі жағынан елордада алдыңғы қатардан көрінген екен.
Айта кетейік, еліміздегі өсіріліп жатқан қойдың 48%-ы халықтың жекеменшікке тиесілі болса, 47%-ы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының үлесінде екен. Ал қалған 5%-ы шаруашылық кәсіпорындардың қолында.
Ақсап тұрған асылтұқым
Қой шаруашылығы – мал шаруашылығының басты саласының бірі екені рас. Қойдан күнделікті тұрмысқа қажетті жүн, тері, елтірі және тағамдық өнімдер – ет, май, сүт те алынады. Былай қарап тұрсаң, ең көп өнім осы қойда екен. Ең өкініштісі сол, қазір қойдың етінен басқасын кәдеге жаратып отырғанымыз шамалы.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, адамзат баласы осыдан шамамен 10-11 мың жыл бұрын қойды қолға үйретіп, түрлі қажеттіліктеріне жатата бастаған. Қойдың арғы тегі – жабайы қой муфлон мен арқар тұқымдастары болып отыр. Ең бір қызығы, қойдың алғаш қолға үйретілген аумағы Жерорта теңізінің маңы, Орта Азия мен Қазақстан даласы болып шыққан екен. Демек, қазақ даласы қойды қолға үйреткен алғашқы мекен болғаны рас болса, біздің «Атакәсіп» деп айтуымыздың мәні тереңде жатса керек.
Әлемде қойдан басқа бірде-бір жануар ол сияқты сан түрлі өнім бермейді. Әлемдегі ең қымбат рокфор ірімшігі қой сүтінен жасалса, қойдың құйрық майы аса қымбат деликатес болып саналады. Қой жануары жер бетінде өсетін 800 түрлі шөптің 560-ын қорек етеді екен. Ал ірі қара мал 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді. Қойдың кез келген шөпті талғамай талғажау етуі – оның сүті мен етінің мол калориялы болуының айғағы. «Қой өнімдері ақуызға өте бай, сол себепті қой еті мен өзге де өнімін қажетті мөлшерде қолданған жағдайда денсаулыққа пайдасы зор», – дейді диетолог маман Аруна Мақтай.
Біздің елде қазір «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» деген ғылыми орталық болса, осы институттың құрамында «Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы» деген атпен аталатын мекеме бар. Бар дегеніміз болмаса, бұл мекеменің тозығы әбден жеткен. Қазіргі таңда мұнда бірнеше ғана ғылыми қызметкер қалған екен. Енді бірер уақыттан соң жабылып қалуы мүмкін. Кеңестік заманда «Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» деген аты күллі КСРО-ға мәшһүр болған ғылыми мекеменің бүгінде жұрнағы ғана қалыпты. Жұрнағы дейтініміз – төбесінен қарайтын бірнеше мекеме орталықтың жұмыс жасауына әбден кедергісін келтіргенге ұқсайды. Ғалымдары азып, ғимараты тозып, зертханалары әркімнің құзырына берілген. Кезінде түгел қой шаруашылығы селекциясының конвейрн жасаған мекеменің мұндай мүшкіл халге жетуінің өзі жоғарыды айтқан атакәсіптің тамырына балта шабумен бердей. Заманында талай асылтұқымды малдың түрін қалыптастыруға ықпал жасаған ғылыми мекемеден қазақтың биязы жүнді қой тұқымы 1946 жылы шығарылған. Бұл тұқымдық қошқарларының орташа салмағы 100-120 келі болса, табиғи жүн түсімі 8,0-12,0 келі, таза жүн шығымдылығы 49-52%, жүн ұзындығы 9-12 см, жіңішкелігі 58-64 сапалы болыпты. Саулықтар да 55-75 келіден түспеген. Ал төлшеңдігі – 120-140% болған. Оған қоса, Қазақтың оңтүстік мериносы 1966 ж. шығарылған. Қошқарлардың тірілей салмағы 85-100 келі, мериностарының еттілік қасиеттері жақсы жетілген. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін 2011 жылы мекеме ғалымдарының жетекшілігімен «Меринос» тұқымы мен қазақтың биязы жүнді қойларын Германияның «Дойче мерино-флейшшаф» қошқарларымен өндіре будандастыру арқылы «Етті меринос» қойы шығарылды. Қошқарлары мен саулықтарының тірілей салмағы 110-140 және 65-70 кг болған. «Етті меринос тұқымынан кейін ешқандай жаңа тұқым шығарылмағандығы мені қынжылтып отыр. Қазір елімізде етті меринос қойын бірнеше шаруашылық өсіріп, көңілге қонарлық жақсы жұмыс жасап жатыр. Ең өкініштісі сол, бүгінде бізде асылтұқымды мал өсірумен ғылыми институттар емес, палаталар айналысуда. Елімізде бір емес оннан астам осындай палата бар. Ал ол палаталар көбіне асылтұқымды мал өсірумен емес, тасымалдаумен айналысып кетіп жатқан жағдайлары бар», – дейді Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының маманы, қой шаруашылығы саласы бойынша АШҒ кандидаты Темірхан Кенжебаев.
Ғалымдардың айтуынша, қазір жаппай палата құрып алушылардың саны арта түскен. Егер кәсіпкер 300 басты мал сатып алған болса, «Асылтұқымды мал өсіруші шаруашылық» статусын қолдарына ұстата салады екен. Ешқандай селекциямен айналысуды білмейтін бұл қандай шаруашылық? Осылайша, әлгі 300 бас малы бар кәсіпкерге асылтұқыммен айналысқаны үшін деп мемлекеттен субсидия төленіп отыр. Мұндай жолмен асылтұқымды қой, қой емес жалпы асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуымыз екіталай болмақ. Бұл – жүйедегі үлкен қателік. Білуімізше, соңғы 3 жылда асылтұқымды қой шаруашылығына дем мемлекет қазынасынан бір де бір тиын қарастырылмаған. Қазір жоғарыда айтылған қазақтың төл тұқымдары тозып бітуге шақ тұр. Енді бірнеше жылда мемлекеттік деңгейде назарға алынбаса, заманында әлемді мойындатқан қазақ қойларының тұқымы тұздай құрып кетуі әбден мүмкін.
Қой өсіруде қателік бар
«Қазір әркім өз білгені бойынша малды жүйесіз будандастырып жатыр. Бұл – негізінен ғылымға қарама-қайшы әрекет. Мұндай жүйесіздіктен біз құтылмасақ, мемлекет бір шара қолданып, асылтұқымды мал немесе қой шаруашылықтарын қайта қалыптастырмаса, қойдың нақты ерекшеліктерінен айырылып қалуымыз мүмкін. Және бұл шаруаны тездетіп қолға алмасақ, кейін кеш болады. Өйткені заманында қойдың әлемдік маңызына үлес қосқан мамандардың дені егде тартты. Мен де бүгін біршама жасқа келдім, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Сауқымбек Шауенов.
Жоғарыдағы ғалымдардың айтуынша, 1950–30 жылдарға дейін Қазақстандағы қойлардың 90%-ы қылшық жүнді қой болды. Одан соң жеңіл өнеркәсіптің дамуына байланысты қойларды биязы жүнді қойларға басымдық берілді. Егер қазір қой жүніне деген қажеттілік басқа қырынан танылып, синтетиканы алмастыратын жағдай туындайтын болса, ғалымдардың араласуымен қажеттілікті өтеуге тура келері хақ.
Қой өнімдерінің ішінде біздің ел тек етті ғана кәдеге жаратып жатқанын білеміз. Ал одан шығарылатын өзге де өнімдер сол күйінде көзі жойылып немесе әр жерде үйіліп қалып жатқанын көріп жрміз. Айталық, жүн, тері, сүйегі, сүті, тіпті қиы да басқа елдерде қат дүниеге айналған. Өзгесін былай қойғанда, бір ғана сүттің өзінен көл-көсір пайда тауып отырған елдер бар. Олар – сүтті қойлар өсіруді ерекше жолға қойған мемлекеттер. Қой сүтімен 70% қамтамасыз ететін елдер бар. Мысалы, Тунисте күніне 17 млн литр қой сүтін өндіреді екен. Алайда қой сүтіне деген сұраныс Оңтүстік Американың да қызығушылығын тудырған. АҚШ-та Висконсин штаты мен көршілес жерлерден шамамен күніне 3 млн литр қой сүті өндіріледі екен.
Әрине, өндіріс дамыған шақта мал бағу мен оның өнімін алу тәсілі де жаңара түсері шындық. Демек, біз енді қой бақсақ, ен далада айдап жүріп бір-бірден ұстап әкеліп сауатын байырғы салт болған үрдістен ауытқып жаңашалануымыз керек. Мұны ғалымдар да айтып отыр. Тек мал өнімін пайдалану мәселесі бізде қолбайлау екені шын.
«Біз қой бағудың дәстүрлі үлгісінен бас тарып, түбегейлі жаңашылдыққа бет бұруымыз керек. Бабаларымыз секілді көшіп-қонып жүріп қой бағатын болсақ, онда мына заманда үлкен кедергілерге немесе шығынға батамыз. Жаңа бағытта еуропалық үлгіге көшуіміз керек. Қазір мал бағатын, қой бағатын адам неге жоқ? Жастар салаға мүлде келмейді де. Себебі заманға сай тәсілді таба алмай отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, малшылар, тіпті саланың ғалымдарына деген сый-құрмет жоқ. Бұлай болмауы керек. Әсіресе, қазіргідей дамыған заманда бұл – қолайсыз құбылыс. Демек, біз бір жерден кате жіберіп отырмыз. Осыны мемлекет те, министрлік те ойлануы керек», – дейді Shopan-аta ұлттық агроқозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбай.
Әлемде қой шаруашылығының ахуалы қалай?
Дүниежүзі бойынша қой саны 1,2 млрд басқа жетіп отыр. Қой шаруашылығының ет-жүн бағытындағы тауарлы өндірісі Солтүстік және Оңтүстік Американың, Аустралия мен Оңтүстік Еуропаның, Орталық және Орта Азияның, Оңтүстік Африканың қоңыржай және субтропиктік белдеулерінің құрғақ аудандарында жақсы дамыған.
Демек, біздің елде де қой шаруашылығын түбегейлі дамытып, асылтұқымды қой өндірісін қолға алу қажет. Ол үшін қазір бар, көзі тірі ғалымдарымыздың әлеуетін пайдалана отырып, табысқа жету бағыты жолға қойылса игі болмақ.
«Егер бұрын біз жалпы экономикалық тиімділікте жүннен 90%, ал қой етінен 10% пайда көріп келсек, ал қазір жүннен 10%, ал қой етінен 90% пайда көрудеміз», – деді сарапшы әрі ғалым Темірхан Кенжебаев.
1980 жылдары еліміз бойынша 100 мың тоннаның үстінде жүн өндірілді. Оның тең жартысына жуығы жоғары сапалы, қымбат бағалы биязы жүн еді. Ол тауар кезінде 12 шет мемлекетке экспортталып отырған. Бүгінде бізден жүн алып келген елдерге қарыштап дамыған шақта жүннің қажеті болмай қалды дегенге ешкім сенбесі анық. Дегенмен әлемге шығудың бір тетігін таппай отырғанымыз анық.
Заманында шопандар құрметті мамандық иесі саналып, құрметке бөленіп, Жазылбек Қуанышбаев секілді екі мәрте Еңбек Ері өсіп шықты. «Қойдың сүті – қорғасын» деп пісіріп іштік. Соғыс кезінде қой жүнінен тоқылған шұлық, қолғап, белбеулер әскерге жіберіліп, жауынгерлерге жылы киім болды. Мемлекет болмағанда осы жеңіл өнеркәсіпке ден қойса, шаруа шатқаяқтамай тік тұрып кетуі де бек мүмкін.
Біздің кәсіпкерлер осылай тығырыққа тіреліп отырса, Аустралия кәсіпкерлері қой басын 50 млн-ға жеткізіп, әлемге танылып отыр. Британиялықтар 10 млн қой бағып, қойдың етін ғана емес, негізінен жүнін пайдаланудың арқасында қыруар пайда тауып, халықтың қазынасына мол қаражат құюда.
Сондықтан атакәсіпті жаңғыртуға байланысты атқамінерлер ат басын бұрып бір қарайлап кетсе, халықтың да қабырғасына үлкен сүйеу болары анық.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 2020 жылы қой шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңге бөлінді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қолдау көлемінен 35 пайызға артық. Нәтижесінде, 2020 жылы қой саны 17,7 млн басқа жеткен. Оның ішінде кәсіпорындар мен фермер қожалықтарында 8,4 млн бас қой, жеке шаруашылықтарда 9,2 млн бас қой бар екені анықталды. Осы қой шаруашылығынан бөлек, ғылымын дамытуға деп бөлінген қаражаттың не мақсатта тоқырап қалғанын біз де, ғалымдар да біле алмадық. Бар айтарымыз, қойды да одан алынатын өнімді де қолдау керек. Мемлекеттің қолдауынсыз қой шаруашылығы ғылымының болашағы бұлыңғыр болып тұр.
Бердібек ҚАБАЙ