Мәселен, сіз бұрын талай рет қайталап оқыған кітабыңызды тағы да парақтап отырсыз. Үтір-нүктесіне дейін жатқа білетін кітап мазмұнындағы әлдебір кейіпкердің сөзі сізге қанат бітірген еді. Сол сөзді тағы да оқымаққа бел будыңыз. Бұл жолы бұрын сіз жатқа білетін кейіпкер сөзі өзгеріп, сіз білетіндей емес, басқаша өрілгенін оқып таңғалдыңыз. Осы кітапты бірлесіп оқыған досыңыздың пікірін сұрағанда, ол да сіздің ойыңызды қайталаса ше? Дәл осындай мысалдарды кинолардан, бренд атауларынан, тарихи деректерден де кездестіріп қалуыңыз да кәдік. Себебі бұл – тәжірибеде кездесетін дүние. Бұл құбылыс «Мандела эффектісі» деп аталады.
Құбылыстың атауы қайдан келген?
Мандела эффектісі Оңтүстік Африка президенті Нельсон Манделаның құрметіне аталған. Африкалық революционер, аңызға айналған саясаткер, апартеидке қарсы күрескер Нельсон Манделаны білмейтін жан кемде-кем. Ол бүкіл өмірін Оңтүстік Африка Республикасы үшін, терісінің түсіне қарамастан, барлық адамдар бірдей құқықтар мен бостандықтарға ие болатын демократиялық ел болу үшін күрескен болатын. Өткен ғасырда Оңтүстік Африканы жаулап алған ақнәсілділердің «апартеид» атты заңды қоғамы құрылған еді. Яғни, нәсілдік теңсіздікке негізделген мемлекеттің халқы әлеуметтік-экономикалық және саяси жүйе бойынша ақнәсілділер бір бөлек, қаранәсілділер бір бөлек оқшау өмір сүрді. Нельсон Мандела өз елінде тұрып, өгейдің күйін кешкен қаранәсілділердің құқы үшін күресті. Оған осы белсенділігі үшін 1962 жылы әуелде өлім жазасына кесіп, кейін өмір бойы абақтыда отыру үкімін шығарады. Кейіннен бүкіл әлем қолдауына ие болған соң ақнәсілді мемлекет басшылары оны 27 жылдан кейін абақтыдан босатуға мәжбүр болды. 1990 жылы абақтыдан босағаннан соң Африка Халық конгресі партиясының жетекшісі болды. 1994 жылы Оңтүстік Африка Республикасының президенті болып сайланды. Ол 2013 жылы 5 желтоқсанда 95 жасында Хоутондағы үйінде қайтыс болды.
Міне, қызық осы жерден басталады. Әлемде осы бір даңқты тұлғаның дүниеден өткенін хабарлап, БАҚ құралдары жар салып жатқанда дүниенің төрт бұрышындағы көп адам оның 80-жылдары бостандық жарығын көрместен, түрмеде қайтыс болғанын есіне түсіріп жатты. Тіпті, теледидардан жерлеу рәсімі көрсетілгенін, марқұм туралы қайғылы естеліктер айтқан адамдарды тыңдағанын да жеткізіп жатты. Бұл адамдардың қатарында жазушы Фиона Брум да бар еді. Ол зерттеулер мен сауалнамалар жүргізе отырып, көп адамның есінде қате сақталған басқа да оқиғалардың желісін де кездестірді. Ол бұндай естеліктер сезімін кешкен жалғыз адам емес екеніне көзі жеткен соң, бұл құбылысты 2010 жылы «Мандела эффектісі» деп атап, жаңа термин енгізді.
Жарқын мысалдар мен жалған естеліктер
Бәріміз кішкентай кезімізде «Қолтырауын Гена және Чебурашка» мультфильмін көрдік. Ондағы басты кейіпкерлердің істеріне кедергі келтіріп жүретін Шапокляк есімді тағы бір кейіпкер бар. Кейіпкер көрермен санасына тез жатталып қалатын атрибуттарға ие. Мысалы, оның сөмкесі мен жанынан бір елі тастамайтын Лариска есімді егеуқұйрығын бәрі біледі. Бұл тізімге қолшатыр да жиі қосылады. Тіпті, оның қолында осы аксессуармен бейнеленген ескерткіш бар. Бірақ Шапокляк ешқашан өзімен бірге қолшатыр алмаған. Сонымен қатар көрермен оның көзінде көзілдірігі де болған деп сенімді айтады.
Ал Эдуард Назаровтың қасқыр мен иттің достығы туралы әйгілі «Жил был пёс» деген мултьфильмін көрмеген бала жоқ шығар. Сонда қасқырдың итке қарата: «Ал сен егерде жолың түссе кір» (ну ты это, заходи если что) деген дәйексөзді ғаламторда ғана емес, футболкаларда, көліктерде, тіпті қабырғалардағы граффити түрінде де табуға болады. Бірақ мульфильмнің түпнұсқасында бұл жай ғана «Заходи если что» деп қана айтылады.
Тағы бір мультфильмнен мысал келтірейік. Дисней түсірген «Ақшақар және жеті ергежейлі» мультфильміндегі зұлым патшайымның әйгілі «айна, айна, патшалықта ең сұлу кім?» деген сөзін бүгінде әр сұлу айна алдында айтатынын білеміз. Бірақ кейіпкер айна сөзін екі рет қайталамай, тек «Қабырғадағы сиқырлы айна» деп қана айтады.
Құбылысқа қатысты мысалдың бірі, Борис Ельциннің отставкаға кетуіндегі өз сөзін былайғы көпшілік басқаша есте сақтаған. Өзінің лауазымынан кететіндігін Ресейдің бірінші президенті 1999 жылы 31 желтоқсанда тікелей эфирде жариялады. Шын мәнінде, Ельцин: «Мен кетемін. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым» деп айтқан. Көп адам бұл оқиғаны кейіннен культтік мәртебеге дейін көтеріп, мемге айналған «Мен шаршадым, мен кетемін» деген тіркеспен еске алады.
Американың өткен ғасырда танымал болып, әлемге тараған Only You әнін бүгінгі аға буын өкілдері сүйіп тыңдағанына күмәніміз жоқ. Бірақ көп адам бұл әнді «рок-н-ролл патшасы» Элвис Преслидің орындағанына сенімді. Негізінде, бұл әнді қаранәсілді квинтет The Platters тобы орындаған. Бірақ көпшілік бұл әнді Преслидің қалай саханада орындағанына дейін көргеніне сенімді. Осыдан бес жыл бұрын еліміздің жарқын жұлдызы Димаш Құдайбергенов те осы әнмен аттас «Сен ғана» әнін орындағанда жергілікті бірнеше БАҚ «Димаш Элвис Преслидің әнімен аттас әнді орындап шықты» деп жазған болатын.
Парижге барған туристер Огюст Роденнің ең әйгілі мүсіндік жұмыстарының бірі – «Ойшыл» мүсініне соқпай кетпейді. Роденнің өзі мүсінді «Ақын» деп атады – ол «Тозақ қақпаларының» керемет композициясын тәж етіп, күнәһарлардың азабын жоғарыдан бақылап тұрған Дантені бейнеледі. Мүсіннің түпнұсқасы Париждегі Роден мұражайында қойылған. Біршама адам Роденнің «Ойшылы» жұдырығын маңдайына тіреп тұр деген сенімде, шын мәнінде мүсін қолын маңдайына емес, иегіне тіреп тұр. Тіпті, барған туристер мүсіннің алдында мүсіндегіндей қолын иегіне емес, маңдайына тіреп түскен суреттер жетерлік.
Сондай-ақ тарихқа қатысты көптеген адам Ресейдің Аляска өңірі II Екатерина кезінде сатылған деп сеніп келген. Бұл өңір кейінірек, II Александр тұсында болғаны көп жанға жаңалық болып естілген.
Мандела әсері қоғамның брендке деген көзқарасын да өзгерте алды. Танымал KitKat шоколады атауы қос сөздің арасында сызықша бар, яғни Kit-Kat деп жазылған деп ойлап келген. Бірақ бренд атауының арасында ешқашан таңба болмаған.
Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Егер қызықтырса, ғаламтордан оның сан үлгілерін көруге болады.
Сарапшылар мен мамандар не дейді?
Бұл құбылыс бүгінде әртүрлі мамандар арасында үлкен пікірталас тудырды. Олар бұл құбылысты әртүрлі теориялар мен көзқарастар тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Түрлі теориялар болғанымен, бүгінде бұл құбылыстың не үшін пайда болатындығы нақты белгісіз. Медициналық және ғылыми жетістіктерге қарамастан, жадтың қалай жұмыс істейтіні туралы әлі де шешілмеген жұмбақтар көп. Ең көп таралған түсініктеме бұл адамның жадының жұмысына байланысты деп болжайды. Ал бұл түсінікті психология мен неврологияны зерттеушілердің басым көпшілігі жоққа шығарады. Психологтер Мандела әсерінің пайда болуын есте сақтаудың бұзылуына немесе бұрмалануына байланысты бірқатар психикалық процестен туындайды деп есептейді. Бірақ бұл психикалық ауытқуға жатпайды дейді олар. Олардың пікірінше, біз жадымыздағы әртүрлі олқылықтарды бейсаналы түрде ойдан шығарылған естеліктермен толтырамыз. Жадтағы ақпараттарды өңдеу кезінде мидың әртүрлі аймақтарына белгілі бір ақпаратты жіберетін нейрондар жүйесі іске қосылады. Ақпарат осы жерлерде, соның ішінде гиппокампта немесе префронталды қыртыста сақталады. Барлығы мидың оны қалай өңдейтіндігіне байланысты. Яғни, Мандела әсеріне жадтағы ақпараттардың пайда болуы ғана емес, оны қалпына келтіру әрекеті де әсер етеді. Кейбір сарапшылар бұған гипнозды ақпараттар себеп деген пікірін келтіреді. Мысалы, сіз бір идея ойлап таптыңыз делік. Идеяны өзіңіз ойлап тапқанға қаншалықты сенімді болғаныңызбен ол әлдебіреуден естіген ақпаратыңыз арқылы сіздің жадыңызға өтуі мүмкін. Уақыт өте келе ол сіздің меншігіңізге айналады.
Кейбір дәрігерлер Мандела эффектісін конфабуляцияның бір түрі деп санайды. Конфабуляцияның жалпы ұқсастығы – «адал өтірік айту». Адам өтірік айтуды немесе басқаларды алдауды мақсат етпей, жалған жады жасайды. Оның орнына олар өздерінің жадындағы бос орындарды толтыруға тырысады.
Ақпараттар ағынының әсері
Бүгінде ғаламтордағы ақпараттар ағыны күннен-күнге жылдам әрі толассыз түрде дамып келеді. Егер Мандела эффектісінің көбеюіне бір нәрсе себеп болса, бұл әлеуметтік желілер дер едік. Өйткені адамдар көбіне желіде оқығандарына сенеді және басқалармен де жалған ақпаратты көп бөліседі. Осылайша, бұрмаланған оқиға мен ақпарат тараған сайын шиеленісе түседі. Ақырында шындықтың ауылы алыстай түседі. Негізінен адамның миы «жалқау» болып келеді. Ол күрделі ақпараттардан гөрі адамның өзі жасап алған ақпаратқа бейім. Яғни, интернеттің таралуына байланысты жалған ақпаратты тарату және оны көптеген адамдардың жад ұяшықтарына шын деп енгізу оңай болып кетті. Кейіннен шынайы шындық пен ойдан құралған жалған естелікті айыру қиынға соғады. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік желілердің басты айырмашылығы – бұл естеліктерді кеңейту мүмкіндігі. Бұрын оларды тек жақын адамдарға айтсақ, енді бүкіл әлемде бірдей қате жады бар адамдарды табуға болады.
Паралелді әлемдер қақтығысы ма?
Конспирологиялық түсінікке жақын адамдар тобы бұл құбылысты кванттық физика арқылы түсіндіруге тырысып, «біздің әлем – матрицалық симуляция» деген ұғымның бір шындығы деп есептейді. Соның ішінде осы теорияны ойлап тапқан Фиона Брум да осы пікірді құптайды. Түсіндіре келе олар мұны паралельді әлемдердің өзара қабат келуінен осындай құбылыстар пайда болады деген көзғарасын мысал етеді. Мысалы, біздің әлемімізде Нильсон Мандела 80-жылдары қайтыс болса, қосымша әлемде ол түрмеден бостандыққа шығып, ел басқарып, өз ажалынан дүние салады. Ақырында екі әлемнің қабаттасуынан оқиғалардың естеліктері де екі түрлі болады. Осылайша, шынайы болған оқиға өзге әлемдегі оқиғамен ұштасып, адамдардың жадында өзгеше естеліктер тудырады. Яғни, бұл құбылысты параллельді әлемдердің арасындағы порталдардың ашылу салдарынан деп есептейді.
Физик ғалымы Мичио Каку өзінің сұхбатында параллель әлем туралы түсінігін былайша түсіндіреді. «Радионы ойлап қараңызшы. Егер сіз өзіңіздің қонақ бөлмеңізде BBC радиосын тыңдап отырсаңыз, ол радио бір жиілікте реттелген. Бірақ сіздің қонақ бөлмеңізде барлық жиілік бар. Куба радиосы, Мәскеу радиосы, Топ-40 рок стансалары. Барлық осы радиожиіліктер сіздің бөлмеңізде тербеліп тұрады, бірақ сіз тек бір стансаның ғана ақпаратын тыңдап отырсыз» дейді ол мысалында. «Адамдар да – «толқындар дірілі», кейде біз де радио секілді келесі бір «стансаға» секіріп кетуіміз мүмкін» деп түйіндейді ол ойын.
Түйін:
Иә, әлемде қайшылыққа толы пікірлер өте көп. Кинопродюсер Роберт Эванс «Әр оқиғаның үш жағы бар: сенің жағың, менің жағым және шындық» деген екен. Сол секілді бұл құбылыс та кейде біздің өз санамыздағы естеліктерге де аса қатты сенуге болмайтындығын түсіндіреді. Ал сіз өз санаңыздағы естеліктерге сенесіз бе?!
Наурызбек САРША