Әрі мұндай азаматтардың саны жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. ДДСҰ-ның дерегінше, еліміз белсіздік пен бедеуліктің белең алуынан кейбір Еуропа елдері мен АҚШ-тың өзін басып озған.
Әрбір алтыншы жұп бала сүйе алмай жүр
Статистика бойынша 2000 жылдары еліміздегі бедеуліктің көрсеткіші 8-10% аралығында болса, қазір 16-17%-ға жеткен. Бедеулік салдарынан кейде отбасының шаңырағы бұзылады. Бұл мәселе көптеген ерлі-зайыптылардың ажырасуына басты себеп болып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, «бедеуліктің негізгі себептері жыныстық жолмен берілетін инфекция, жатырдың өспеуі, аналық бездің ұрықты дұрыс шығармауы, түтікшелердің бітеліп қалуы» екен.
– Егер отбасы бір жылдың ішінде жүкті болмаса, ол кезде медицина қызметкерлері бедеулік деген диагноз қояды. Оның бірнеше себептері бар. Бедеулік әсіресе әйелдерде жиі кездеседі. Өйткені бала көтере алмауы – тікелей жатыр түтікшелерінің жұмысына байланысты. Табиғатта аналық және аталық ұрық жатыр түтікшенің ішінде кездеседі. Ол әрі қарай ұрыққа түсіп, жүктілік береді. Егер жатыр түтікше дұрыс қызмет атқармаса немесе бітеліп қалса, ол кезде табиғи жолмен бала көтеру қиын болады, – дейді репродуктолог Ислам Ерғалиев.
Психолог мамандар «әйел адамның психологиясы да бедеулікке әсер етеді» дейді. Яғни, реніш, ыза сезімдерін жеңе алмаған жағдайда денсаулыққа тікелей ықпал етеді деп тұжырымдайды. Сол себептен бедеулікке тап болған әйелдің психологпен жұмыс істеуі де маңызды дүние.
– Психоаналитикалық практикаға сүйенетін болсақ, сәби аңсап жүрген әйелдер психологтың көмегіне жүгінуі керек, себебі әйел адам өз бейсанасындағы шиеленістердің шырмауында қалып қояды. Әйелдің бала көтеру мүмкіндігіне физиологиясы мен психологиясы да қатты әсер етеді. Яғни, өз ата-анасымен қарым-қатынасындағы шешілмеген қақтығыстар, атап айтсақ, психоанализ тілінде бейсаналы идентификация, ана болуды құнсыздандыру, өкпе, реніш сияқты сезімдер жатады. Бедеулік әйелдің жанына ауыр стресс. Стресс кезінде пролактин гормоны жоғарылап, овуляция тежеледі. Психологтың негізгі жұмысы – әйелдегі қайғыны басынан өткеруге көмектесіп, әйелдегі стрессті азайту, – дейді психолог Балжан Сайдахметова.
Сәби сүюдің бір жолы – ЭКҰ
Бала сүйе алмай жүрген отбасылар экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінеді. Яғни, өздігінен жүкті болуға денсаулығы жарамайтын әйелдерге қолданылатын репродуктивті технология. Еліміздегі бұл технология тарихы ХХ ғасырдың 90-шы жылдардан бастау алады. Жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы алғашқы сәби Қазақстанда 1996 жылы дүниеге келген. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша бүгінге дейін елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген екен. Бірақ ЭКҰ әдісінің бағасы тым қымбат. Дегенмен де бұның да шешімі бар, ол – квота. ЭКҰ бағдарламасы бойынша елімізде 2010 жылдан бастап квота бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тегін ЭКҰ жасатуға 7000 квота бөлінді. 2021 жылы квотаның саны бес есе көбейді: 1,3 мыңнан 7 мыңға дейін. 2022 жылы квота бойынша 6,4 мың қазақстандық отбасы ЭКҰ процедурасынан өтті. Квота бедеулігі бар кез келген әйелге беріле бермейді. Денсаулық Сақтау министрлігі бекіткен талаптарға сай беріледі. Яғни, квотаны алу үшін ерлі-зайыптының екеуі де ҚР азаматы болуы; міндетті медициналық әлеуметтік сақтандырудың (МӘМС) төлемшісі болуға тиіс, жүктілікті жоспарлап, бірақ бір жыл ішінде жүкті бола алмаса, бедеуліктен емделмесе, оның да пайдасы жоқ. Бұдан бөлек квотаның қосымша талаптары бар.
– Квотаға ие болу үшін әйел адамға үш талап қойылады. Біріншісі, аналық ұрықтың санын білдіретін гармондардың саны 1-ден жоғары болу керек, екіншісі, аналық ұрықтың сапасының деңгейі 12-ден төмен болуы қажет. Үшінші талап, ультрадыбыстық зерттеудің нәтижесіне қараймыз. Ал ер адамға бір талап, ол спеграмма тапсырып, концетрациясы 10 млн-нан жоғары болса, аталық ұрық ең сапалы кластардан көрінсе, квотмен әрекет жасауға болады, – дейді репродуктолог Ислам Ерғалиев.
Елімізде жыл сайын жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы бала сүйген жандар аз емес. Экодан кейін өзі табиғи жолмен көтеріп кетіп жатқандар да бар. Жасанды жолмен бала сүйіп, тағы да бала сүю үшін осы әдіске барғысы келетіндер де кездеседі.
– Мен 7 жылдай бедеулікпен жүрдім. Сосын 2021 жылдың басында «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасын естіп, арнайы тексерістерден өттім. Нәтижесінде, жүктіліктің 39 аптасында кеселмен босанып, қызым дүниеге келді. Қызым желтоқсанда 2-ге толады. Егер әлі де табиғи жолмен жүктілікке мүмкіндік болмаса, квотаға жүгінеміз, – дейді Гүлшехра Амантай.
Тағы айтып өтетін жайт, кез келген жұп жасанды жолмен бала сүйе алмауы мүмкін. Себебі ұрықтың сапасы нашар болса, жасанды ұрықтандырудың көмектесуі екіталай. Осы тұрғыда дәрігер оның кезеңдерін айта келе, бұл әдістің дүкен секілді жай ұрық сатып ала салатын оңай дүние емес екендігін ескертті.
– Алдымен ерлі-зайыпты тексерілуден өтіп, оның нәтижесі жақсы болатын болса, бағдарламаны бастаймыз. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Бірнішісі, әйел адамға гармоналдық препараттар береміз. Басты мақсат – көбірек ұрық алу. Екінші кезең ер адам өз ұрығын тапсырып, барлық аналық ұрықты аталық ұрықпен ұрықтандырамыз. Ондағы себеп – сапалы эмбриондар жасау. Сосын оның жартысын жатыр қуысына салып, қалғанын қатырып сақтап қоямыз. Эмбрион салғаннан кейін кейде әйел адам оның сапасының төмендігіне қатысты көтере алмауы мүмкін, – дейді репродуктолог Ислам Ерғалиев.
Қорытындылай келе, бедеулік тек екі адамның мәселесі ғана емес, тікелей елдің болашағына ықпал ететін әлеуметтік мәселе. Жылына ЭКҰ-ға 7 000 квота бөлінгенімен, тіркеуде тұрған отбасылардың саны өсуде. Тіпті, көмекке жүгінбей жүрген жұптар да аз емес. Ендеше әлде де бедеуліктің алдын алуға болатын бағдарламаларды көбейту қажет. Әрі халыққа бағдарламалардың үгіт-насихаттарын көбірек жүргізген жөн.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ
© коллаж: Елдар ҚАБА