Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – мемлекеттік маңызға ие өзекті мәселе.
Оңтүстікте айыпталған Алаш ардақтылары
760
оқылды

Бүгінде кеңестік Қазақстандағы репрессия құрбандарына қатысты құпия архив материалдары мейлінше зерттеп-зерделеніп, тасада қалған тұлғаларға қатысты мұрағат құжаттары ғылыми айналымға біртіндеп еніп келеді. 

Анығы сол, тарих толқы­нын­дағы елдің кешегі шерлі за­ман шежіресіндегі түйткілді тақы­рыптың бірі – Алаш қоз­ғалысының Оңтүстік қанаты. Сон­дық­тан ғылы­ми ортада бұрыннан қалып­­­тасқан «Батыс Алашорда», «Шығыс Алаш­орда» қағидаларымен қатар «Алаш» қозғалысының Оңтүстік қанатын қа­лыптастырған қайраткер­лерімізді та­нып-білу, оның Түркістан өлкесін­дегі жемісті қызметін саралап-са­раптау бас­ты мақсатымыз болуы керек. 

Жалпы, біздің өңірде де Алаш­ордаға мүше болған бірегейлеріміз баршылық. «Түркі­тілдес түгел бол!» ұранының асты­на топтасқан М. Тынышбаев, С.Лапин, М.Шоқай, Қ. Қожықов, С.  Өте­генов, М. Бай­зақов, Р.Жабаев, тағы басқа ұлттық мүдде жолында ымы­расыз күрес жүргіз­се, алашор­дашы­­­лар­дың айыбы кешірі­ліп, Кеңес үкі­меті қанатын кеңге жайып, ке­­­­регесі бүтінделгесін тоталитарлық би­лік жазықсыз жазалау үдерісіне жол ашып, ұлтшылдардың ұмытыла бас­таған шалыс қадамын қайта бет­ке басып, қуғындауға көшті. Алайда «асыл адам айнымас» дегендей, Түр­кістан өлкесін түлеткен тұғырлы тұл­­­­­­ғалар – Төреқұлдың Нәзірі, Ақ­­сүмбенің Сұлтанбегі, Тұрар Рыс­құлов, тәлімі бөлек ағартушы Тәңір­берген Отарбаев, баспасөздің сер­кесі Сейіл­бек Үсенов т.б. алаш­­шыл қазақ зия­лыларын Шымкент пен Ташкент қалаларына тартып, тәп-тәуір қыз­меттің бишігін ұста­тып, биліктің сө­зін сөйлет­кенімен, бірде астыр­­тын, бірде ашық түрде ұлт жоғын жоқ­тауға көшті. 

Ал «Алаш» қозғалысына қалт­­­қысыз қыз­мет етіп, 1917 жыл­­­­дың 5-13 желтоқ­­­­са­нында Орын­­борда ұйымдастырылған жалпықазақ съезінде Алаш авто­номия­­сын тез арада жариялауды жақтап дауыс берген: 

Дәулетшаһ Күсепқалиұлы;

Сағынай Елшіұлы;

Намазбай Шәуменұлы;

Жанқожа Мергенұлы;

Уәлитхан Танашев;

Ахметкерей Қоуақұлы;

Халел Досмұхамбетұлы;

Ғұбайдолла Әлібекұлы;

Ғұмар Қарашұлы;

Ғұбайдолла Ешмұхамбетұлы;

Жаһанша Досмұхамбетұлы;

Бақыткерей Құлманұлы;

Сағындық Досжанұлы т.б. 33 өкіл­дің ішінде Оңтүстіктің төл перзенті Мә­улен­құл Байзақов та бар болса, байламға бе­рік бекінген 42 өкілдің ішінде: 

Хайретдин Болғанбайұлы;

Хошмұхамет Кемеңгерұлы;

Мұртаза Нұрсейітұлы;

Әлімхан Ермекұлы;

Тұрағұл Ибраһимұлы;

Отарбай Қондыбайұлы;

Салық Қарпықұлы;

Ишанғали Арабайұлы;

Мағди Мақұлұлы;

Міржақып Дулатұлы;

Елдес Омарұлы;

Ахмет Байтұрсынұлы;

Әлихан Бөкейханұлының, тағы бас­­қалардың аты-жөнін толық оқуға болады. 

Бұлардан бөлек, Ахмет Шегір­ұлы, Мұс­тафа Шоқайұлы, Әзімхан Кенесары­ұлы екі жаққа да тас салудан тар­ты­нып, дауыс беруде қалыс қа­­лыпты. Яғни, осы жалпы­­­­қазақ съезінде Алаш автономиясы ресми түрде жария етілмей қалса да, Мәу­ленқұл Байзақовтың есімі Алаш­тың Түркістандағы қанатының белді мүшесі ретінде тасқа басылған тарих бетінде де, ел аузында да мәң­гіге сақталып қалды. 

1919 жылы 28 мамырдағы Өлке­лік қырғыз курсын бітірген Мәу­ленқұл Байзақов бастауыш қырғыз мектебінің оқытушысы толыса келе тілшілікке де бет бұрып, «Ақ жол» газетінде де бірқатар мақаласын жа­рыққа шығарды. Соның бірі – «Түр­кістан халық ағарту бөлімі» атты материал.

Онда ағартушы 1921 жылдан бермен қарай Түркістан үйе­зі халық ағарту бөліміне басие бола­тын ұлтжанды басшы құтаймай, ке­луінен кетуі тез болған келімсек һәм кеудемсоқ меңгерушілердің жергі­лікті жұрттың ұлттық болмысын, дәстүр-салтын танып білу түгілі қа­зақша тіл сындыруға талпынудың орнына, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаға салып», ешкіммен кеңесіп жатпай-ақ кесімді бұйрығын қолма-қол шығарып, ұлт мектептеріндегі ұстаздық қызметке өзбектерді жіберіп жатқан жүгенсіз­дігін айыптай жеткізеді. 

Ары қарай «...Интернатты алсақ, Түркістан үйезінен ашылған екі қазақ интернаты бар. Оқитын баларының саны 200-ден аса, тұрмыстары өте нашар, киім жоқ. Жалаңбас, жалаңаяқ. Төсек, көрпе-жастық сияқтылардан еш нәрсе жоқ, лас. Бұған қарап отырған ағарту бөлімі тағы жоқ. Бұған себеп­кер хүкімет басында отырған азамат­тарымыз болса керек. Бұл оқу-оқыту істерінің қайткенде оңалатынына көз жіберілмесе, елді ағарту орнына қарайту болып шығуы мүмкін», – дей келіп, оқу-ағарту ісіндегі олқы­лықтарды орынды сынапты. 

Былайша айтқанда, 1900 жылы осы Түркістан өлкесінің «Жал­­­ғыз ағаш» ауылының тумасы, Алашорданың белді мүшесі, орта­азиялық техникалық инс­титутының түлегі, облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бас мал мама­ны-зоотехник Байзақов саяси реп­рессия тұсында Шым­кентте тұт­­­­­­­­­­­­­­­­қын­­­­­­­­­­­­­­­далған. Со­ны­­мен қатар 1911 жы­лы туған жары Ма­хинұр, 1930 жылда дүние есігін аш­қан қызы Ләйлә мен 1936 жылғы ұлы Пархат туралы да аз-кем мәлімет кел­тірі­­­ліпті. Сондай-ақ 1933-1936 жыл­­­дары Ташкенттегі «ҚазИн­Прос­ты» бас­­қарған Байзақов алапат аштықта жетім-жесір мен жоқ-жұқаналарға көмек беріп, балаларын мектеп-ин­­­тернаттарға кір­гізген. 

Сөйтсе де, жүрегі алтын Алаш арысы 1938 жылы 20 қаң­­тарда УНКВД тара­пынан тұтқын­далып, 8 ақпанда атылып, 1989 жы­лы 16 қаңтарда толық ақталды. 

1937 жылы 19 қарашада оған тағылған айыпта: «...Мәуленқұл Бай­­­зақов – кеңес­тік қоғамға қарсы кісі. Кешегі алаш­­­­­­ордашыл. 1929 жы­лы мақта жос­парын жүзеге асыра алмай ісі сотқа өтсе де, айылын жи­яр емес. Ұлтшылдық, па­нисламдық, зиян­кестік ұйымның сойы­лын соқ­қан серке. Қазақстан мен Өзбек­стан­ның территориясында ди­­­­­­­­­­вер­­­­­­­­сия­лық-террорлық әрекет­­­­терге ба­р­ып, колхоз-совхозды көп шы­ғын­ға батырған. 70 қойды қолды қылып, 8 мың сомды үптеп кеткен, қамбадағы 1 800 пұт бидайды да бас пайдаларына жаратқан. Кеңестер Одағын ойрандау үшін шетел­дегі мұ­сылман босқындармен де ауыз жала­сып, тыңшылық еткенін айғақ-дә­­лел­мен ауыр қылмысын ақыры мойын­­даттық», – дегеніне қараған­да, репрес­сияның алғашқы жалыны кешегі алаш­­ордашыларды шар­пығаны анық. 

Саяси қуғын-сүргіннің ыз­ғары келгенде Түркістан өл­кесінің шоқтығы биік тұлғасы, ұлт бостандығы үшін аянбай күрескен, көрнекті қайраткер, бүкіл өмірін жарқын болашаққа сарп еткен Алаш­­­­тың асыл азаматы шетелде эми­­грацияда жүрген Алашорданың бас идеологы Мұстафа Шоқайдың інісі Мұртаза (кейбір деректерде Нұртаза С. Ә.) Шоқай да қуғын көріп, қасірет шекті. Мұртазаға қатысты қозғалған №0503 қылмыс­тық іс турасындағы мұрағаттық анық­­тамаға көз жүгіртсек, ол 1890 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лысы Қызылорда ауданына қарасты №14 ауылда дүние есігін ашыпты. Заман­­­дас­тарынан зеректігі артып, қарша­­­­­­дайынан қара таныған сол замандағы сауатты кісілердің бірі болса да, «бай­дың ұлы», «билікке қарсы Мұста­фаның бауыры» деп байбалам салған бишікеш кедей-кепшіктің парықсыз арызынан партия қа­тарына да қабылданбаған. Тұтқын­дал­ғанға дейін туған ауылын­да, қараша үйінде қалт-құлт етіп, егіншілігін кәсіп етіп тіршілік кеш­кен. Жұбайы Зүлпия 1895 жылды тумасы болса, үлкен қызы Мәдина 1924 жылы, кіші қызы Нәмина 1932 жылы, үлкен ұлы Мірхайдар 1936 жылы дүниеге келген екен. 1931 жылы ОГПУ тарапынан мем­лекеттік маңызға ие тапсырманы дер кезінде орында­­­мағаны үшін сотты болып, 1 жылға бас бостан­дығынан айырылып, оған қоса 4 жылға Қазақ­­станнан тыс жерге күштеп айдалған Алаш ардақты­сының бауыры­ның басына 1937 жыл­дың 9 тамызында қайтадан қара бұлт үйіріліп, ОҚО, Қызылорда аудандық НКВД бөлімі КСРО ҚК-ның 58-10, 58-11 баптары бойынша абақтыға қайта жауып, ұлт­шылдық контрреволюциялық ұйым­ның сойылын соққаны үшін айыптаған. Осылайша, УНКВД үштігінің 9 қазан­дағы шешімімен тұтқынға қатысты тың айғақтардың табылуы­на байланысты тергеу ісін тағы да соза түседі де, 1937 жыл­дың 1 қара­шасында ең ауыр жаза – ату жазасына кесіп, үкім екі күннен ке­йін, 3 қарашада орындалады.

Ал тектінің туысы Мұртазаға жа­­былған жалаға кеңірек тоқ­талар болсақ, «Мұртаза Шо­қаев – Қазақстанда кеңінен қанат жайған контррево­люциялық ұлт­шылдық ұйымның белсенді мүшесі. Олар бетперде тағып, қанша жерден жы­мысқы ниетін жасырса да, тиісті орын­­дарға оның бәрі бұрыннан аян. Көксегендері – Кеңес үкіметін күй­рете қуалатып, қазақтың байтақ да­ла­­­­сында буржуазиялық-ұлтшыл­­дық мемлекет құру. Тергеу анықтаған айғақ-фактілерді тарқата түссек, аза­­мат Шоқаев Мұртаза бошай руы­нан. Атасы Торғай патшалық Ресей тұсында таққа қонған хан болған, патша үкіметінен мақтау-марапат, тарту-таралғы алған тап жауы. Ал әкесі Торғаев Шоқайға келер бол­­сақ, ол да шоң шонжар. 10 жыл бо­­лыс болып, батырақ атаулыны қан қақ­сатып, бұл патшадан талай мәрте сыбаға-сыйлығын алған. «Қа­уын пә­легінен алыс кетпейді» деген­дей, Мұртазаның өзі де қанына тарт­­­қан бүлікші. Ол 1930 жылға дейін ауыл­дағы ең ықпалды атқамі­­нер­лердің бірі атанып, ниеті қара ру­­­­лық топтың бас дем берушісі болған. 

Нақтылы дәйектерді сөй­­­летейік. Ол 1922 жылы Сұл­­танбек Қожанов арқылы шетелдегі ақ эмигрант ағасымен берік бай­ланыс орнатып, бұл жасырын қа­рым-қатынас 1934 жылға дейін сақ­талған. Тіпті, Мұстафа Шоқаев пен Сұлтанбек Қожановтың тапсыр­масымен Қызыл­орда ауданында диверсиялық-төңкеріс­шіл, ұлтшыл­дық ұйымның іргесін қалап, оған туысқан інісі Қалмұхамедов Мыр­зеке мен тағы басқаларды қатарына тарт­қаны үшін қатаң жазаға ке­сілсін» де­лініпті. 

Дегенмен 1956 жылдың 30 қыр­­­­­­­күйегінде Оңтүстік Қа­зақ­­стан облыстық сотының Президиумы аталған істі қайта қа­рап, «Саяси сүргіндегі тергеу кезінде көп қысым көрген М. Шоқаев пен М. Қал­мұхамедов антикеңестік ұйым­­­ның ұраншысы болғанын то­­­лық мойын­дап, бар құжатқа бар­­мақтарын басқанымен, қос аза­мат­­тың қыл­мысын дәлелдейтін нақ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­т­ы­­­­­­­лы ай­ғақтар анықталмайды» деген ше­шімге келіп, 30 желтоқ­­­­сандағы атал­ған қылмыстық істің кү­шін жоя­ды. Яғни, «Қазақстандағы ұлт­шыл-фашис­тердің ұясын Қо­жанов, Рысқұлов, Жан­досов үштігі, шетел­дегі орталығын Шоқаев бас­­­­қарды. Мұртаза осы ұйым­ның жергі­­­лікті жердегі жасырын агенті ретінде колхоздардың қуатын кемітіп, кеңес­­­­­­­­­тік шаруашылықтың эконо­микалық қуатын құлдыратуға күш салды. 1934 жылы Қоқанға барға­нында жергі­лікті 40-қа тарта байды жасырын топтас­тырып, төңкеріске қарсы жиналыс өткіз­ді. Осы құпия кеңесте оларға ағасы Мұс­­­тафаның хатын оқып беріп, бас көтерер шпион­­­­­дардың бәрін шаруаларға, Кеңес үкіметіне қарсы күреске үн­деді» деген сияқты сыңаржақ сан­дырақ айып­тардың да ақиқаттан алыс жатқаны тәуел­сіздік дәуірінде анықталып та жатыр. Алайда күні кешеге дейін Мұста­фа Шоқайға қа­тысты қоғамда бірқатар теріс пікір­дің қылаң бергені де жасырын емес. 

Тіпті, «бояушы, бояушы деген сайын сақалын бояпты» демекші, белгілі ақын Қасымхан Бег­мановтың «Мұстафа Шо­қай жолымен» атты деректі фильмін көр­­­­ген өскемендік журналистер Д. Да­­­­­­нилевский мен С. Михеевтер Мұстафа Шоқайды «фашист, сат­қын» деп әбден балағаттап жазған мақалаларынан соң режиссер Қ. Бег­­­­­­мановтың Өскемен қала­лық со­тында жеңіліп қалуы бүкіл елді дүр сілкіндіргені анық. Осыған бай­ланысты М. Шоқайдың ең жақын туысы ретінде Сарыағаш ауданы Мақ­­ташы (ауылы) елді мекені Қош­қарата ауылдық округінің тұрғыны Нәми­на Мұрта­заева жүгенсіз екі журналисті ұлт тұлға­­­­­сына жала жап­қаны үшін сотқа жүгінуге тура келіп тұрғанын айтып, Мұстафа Шоқай­ға туыс екенін растай­тын құжат­­тар сұ­рап, ОҚО ҰҚК басшы­­­сына өтініш жол­даған. Әрі М. Шо­­­­қайдың туған інісі, өз әкесі Мұртаза Шоқайдың Шымкент қала­сында қамауға алы­нып, осы қалада жазық­­­сыз аты­лып кеткенін де тілге тиек етіп, өзі­нің Мұстафа Шоқайдың ту­ған інісінің перзенті екенін дәлел­­дейтін анық­­тама-құжаттар беруін сұрап, сон­дай-ақ бүгінгі ұрпақ тәр­биесіне үлгі тұ­туға болатын шығар­ма жазу үшін, ата­сының есімін толық ақтап алу үшін Мұр­таза Шоқай мен Мырзеке Қалмұхан­бетовтың тергеу ма­териал­­­дарын сұра­ған. 

Бұл әулеттің қаншама тар жол, тай­ғақ кешуді бастан өткізіп, көрген қиын­дықтарын әлі де айтып жеткізу мүмкін емес. 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

тарих ғылымдарының докторы