Оның ішінде тұтынушылық несие алғандардың саны анағұрлым көп. Бұдан бөлек, «күріштің арқасында күрмек су ішедінің» керін келтіріп, қарызға батқан халықтың қаржылық сауатсыздығын сәтті пайдаланатын алаяқтар да артты. Сондықтан ақпараттық жүйеден хабары жоқ ауыл адамдарының сауатын арттыру алдыңғы кезекте атқарылуы тиіс шара болып отыр. Биылдан бастап «AMANAT» партиясы елдегі 8 аймақта «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған еді. Соның арқасында 41 463 адам жобаның игілігін көріп, қаржылық сауатын арттыруға мүмкіндік алды. Аз уақыттың ішінде тиімділігін көрсеткен ауқымды әрі қажет кезінде қолға алынған жобаны жақында Мемлекет басшысы да қолдап, Үкіметке партиямен бірігіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Өйткені елдегі кепілсіз несиесін кешіру туралы шешім мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегенімен, ахуалды біржола түзеу үшін әлі де жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды. Газетіміздің Aiqyn-arguments алаңында жобаны жетілдіру жолдары жайлы сарапшы мамандардың ой-пікірін тыңдадық.
– Бұл жоба ауыл, қала тұрғындарының қажетін ескере отырып әзірленгенін білеміз. Дегенмен әлі де болса игілікті істің мақсат-міндетін толық түсінбей жүргендер бар. Жоба мамандары халықты кредит алмауға шақыра ма, әлде қарызға батпаудың жолын көрсете ме, болмаса кәсіптің көзін табуды үйрете ме? Кімдер қатыса алады?
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Қазір қаржыны қалай басқару керектігін, несиенің артында қарызды қайтару деген ұғым барын білмейтін адамдар бар. Соның салдарынан адамдардың банк пен микроқаржы ұйымдарына берешегі көп. Сол үшін бұл жобаға біз өз ісінің мамандарын, бизнес тренерлер мен сарапшы мамандарды қатыстырып отырмыз. Елімізде биыл мамыр айынан бастап 8 өңірде, оның ішінде Алматы, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау мен Жамбыл, Батыс Қазақстан облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынды. Жоспар бойынша қазірдің өзінде 41 мыңнан астам адам оқытылды. Бұл жалпы жоспардың 65 пайызын құрайды деген сөз. Біздің жобаға қарызы бар немесе өзінің қаржылық сауатын арттырғысы келетін кез келген адам қатыса алады. Тіпті, 18 жастап бастап зейнеткерлерге де қатысуға шектеу қойылмайды. Себебі көріп отырғанымыздай, зейнеткерлердің атында да ресімделген несие көп. Олардың арасында өздері ғана емес, балалары мен туыстары алып, зейнеткерлердің төлем қабілеттерін пайдаланып жатыр. Талдау көрсетіп отырғандай, жобаға қатысып жатқандардың орта жасы 41 жас деп айтамыз. Байқағанымыз, оқу курстарына табысын көбейткісі келетіндер, көпбалалы аналар, жұмыссыз адамдар да қызығушылық танытып жатыр.
– Дұрыс екен. Енді жобаның жүзеге асуы қоғамдағы қандай мәселені шешуге мүмкіндік береді?
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Жобаның мақсаты – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру. Мысалы байқасаңыздар, қазір есепшоттары бұғатталған борышкерлердің көбісі «Банкроттық туралы» заңнан үмітті. Бірақ шын мәнісінде заң қарызға батқандардың барлығына арналмаған. Себебі заңның өзі өте күрделі. Түсіну қиын. Ауыл адамдары түгілі, біз секілді сала мамандарының өзі әрең түсінеді десек болады. Сол үшін көбісі «қарызымды төлей алмасам, банкротпын деп жариялаймын, сөйтіп барлық мәселемді шешіп береді» деген ойда жүр. Алайда заңда көрсетілгендей, «банкротпын» деп жариялау үшін борышкердің есепшотына соңғы 12 ай бойы ешқандай төлем түспеуі және басында мүлкі болмауға тиіс. Егер болымсыз қаражат алғаны расталса, өтпейді. Қазір осындай қиындықтарға байланысты заңға қайтадан өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда. Өйткені банкроттыққа өтініш берген адамдардың 9 пайызы ғана жарамды. Екіншіден, көп адамдар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың аражігін ажырата алмайды. Екеуі де «банк» деп ойлайды. Негізінде қаржы ұйымдарының пайызы өте жоғары. Мәселен, адамдар банктегі несиені жабу үшін қаржы ұйымдарынан қарыз алады. Сөйтіп, пайызы әлдеқайда жоғары ұйымдарға ұрынып жатыр. Ал кейбір қаржы ұйымдары несиені 50 пайыздан асырып береді. Өкінішке қарай, екінің бірі негізгі несиелерін осындай жолмен жауып жүр. Бірде жобамызға Солтүстік Қазақстан облысында бір басында 28 несиесі бар тұрғын келді. Ол кісінің жалақысы 350 мың теңге, ал төлейтін ай сайынғы несиесі 490 мың теңге. Ол кісі үстіндегі айырмашылығын осындай жолмен алып келген. Яғни бір қарызды төлеу үшін екінші қарыз ала берген. Мамандарымыз ол кісінің қарызын 8 несиеге дейін азайтып, 150 мың теңгедей ақшасын босатты.
Ең бірінші, кредитті уақытында жабуына көп көңіл бөлінеді. Одан кейін несиені төлеудің жаңа графигі жасалады. Алған жалақысын бірден жоғары пайыздарды жапқызып, тек қана екінші деңгейлі банктің несиелерін кейінге қалдырдық. Бірақ ол үшін екінші деңгейлі банктерге хабарласып, төлем қабілетінің азаюына байланысты табысына шақтап төлем графигін өзгерттік. Мұндай мүмкіндіктен де халықтың көбісі хабарсыз. Сосын адамдар банктен ақша алатын кезде үстінен қосылатын пайыз көрсеткішін есептемейді. Олардың ойынша, қысылып жатса қаржы ұйымынан несие алуға құштар. Өйткені қаржы ұйымдарынан бір қоңырау арқылы онлайн ақша ала береді. Меніңше, қаржы ұйымдарына заң тарапынан қатаң шектеу енгізілу керек. Егер лицензия алуға талапты күшейтсе, халық та оңай несиеге жүгінбес еді.
– Биыл ел ішінде көп жүрдіңіздер. Депутат ретінде халықтың айтарына құлақ түрдіңіздер. Осы жобаға қатысты халықтың талап-тілегі, айтар ұсынысы бар ма?
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ,
Мәжіліс депутаты:
– Алматы облысының біраз ауылын араладым. Барлық аудандарда халықпен ашық кездесулер өтті. Әрбір жиынға 800-900 адамнан жиналды. Сонда көп мәселе айтылды. Соның ішінде осы кредитін жаба алмай отырған халықтың жанайқайы да көп жеткізілді. Сотқа беріп соңғы мүлігінен айырылайын деп жатқандар да болды. Өздеріңіз айтпақшы, екінің бірінің басында несие бар. Партия ұйымдастырған сауалнама нәтижелерін де көрдім. Сөйтсе, кредит алғандардың 60 пайызы несие алатын кезде «Айына қанша төлеймін?» деп қана сұрайды екен. Оның үстіндегі пайызын ешкім сұрамайды. Құдды кредитті банк тегін таратып жатқан секілді. Ал жеті жылға несие рәсімдейтін болса, банкке 500 мыңды 1,5 миллион етіп қайтарады. Оны түсініп жатқан ешкім жоқ. Келісімшарттың соңғы беттерін ашып отырмайды. Одан кейін жастар арасындағы несиесі барлардың да қаржылық сауаттылығы төмен екенін байқайсың. Мысалы, зейнеткерлерді әлгінде айтқандай, балалары алдырады. Арасында дәрі-дәрмек алу үшін қарыз алатындары бар шығар. Алайда жастардың дені соңғы үлгідегі заттарды ұстау үшін кредит алады. Егер ол адам мобилограф секілді соңғы үлгідегі телефон қажет етілетін жұмыс істеп жүрсе телефон ауыстыруға болады. Әлгі телефон кем дегенде 30-40 мың табыс әкеліп отырса, қарсылық жоқ. Әйтпесе, мақтаныш үшін алудың соңы жақсылық емес.
Банктер мен қаржы ұйымдары адамдардың төлем қабілетін тексермей қарыз береді. Мысалы, біреудің айлығы 90 мың теңге болуы мүмкін. Төлейтін несиесі – 120 мың. Ондайлар көп бізде. Сондықтан банктердің табысына қарамай бетімен несие беруін шектеу керек. Адамдардың ары қарайғы күн көрісін де ойлауға тиіс. Сол үшін табысын заңды түрде растату қажет. Әр несиені кепілмен беруді міндеттеу керек. Әйтпесе, біздегі банктер несиесін төлей алмай қалса, борышкердің ісін корректорға бере салатын оңай жолды тауып алған. «Айлықтан айлыққа дейін» деп халықты алдап, жоғары пайызбен несие таратып жатқан қаржы ұйымдарының жұмысын реттейтін уақыт келді. Бұрын 700 пайызға дейін асырып жіберген кезі болған. Мемлекет араласып аранын басып еді. Қазір қайтадан неше түрлі қитұрқылыққа барып жатыр. Бір адамдар «Айналдырған 80 мың айлық алам. Оның несін санаймын?» деп айтады. Қазіргі кезде бір теңгенің өзін санап үйрену керек. Артық шығындарды есептеп үйретуге көп көңіл бөлінгені дұрыс. Қазір халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. «Қарызсыз қоғам» жобасы дер кезінде қолға алынған дұрыс бастама болды. Ендігі жерде бұл жоба барлық өңірде жұмыс істеген жөн. Себебі, кейбір өңірлердің халқына жоба жетіп жатқан жоқ. Оған бір партияның шамасы жетпейді. Президент айтқандай, бұл жобаны болашақта мемлекет деңгейінде үлкен бағдарламаға айналдыру қажет. Сондай-ақ көп адам жұмыста, офлайнға бара алмайтын үшін онлайн сабақтарды қарастыру керек шығар.
– Жобаға алдыңғы кезекте 8 өңірді таңдап алудың қандай себебі бар?
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Жобаны енгізетін алдында сұрау жүргізілді. Талдау нәтижесінде қарызы өте жоғары деген 8 облыс таңдалды. Жобаның тағы бір ерекшелігі, біз тренинг өткізіп қана қоймай, ары қарай қатысушылармен жұмыс істейміз. Мамандармен кері байланыс үнемі жүріп отырады. Әр қатысушыға хабарласып «Сізге берген білім тиімділігін беріп жатыр ма?» деп сұралады. Кері байланыс өте жақсы. Адамдар несие не екенін, оның екі түрлі жолы барын түсініп жатыр. Мысалы, қолында банктің шарттары да жоқ адамдар болды. Қарызды ары қарай жабу немесе оңтайландыру үшін шартын жазып, банктен көшірмесін алуға болатынын да білмейді. Көбісі «қағазды жоғалтып алдым, осымен бітті» деп ойлайды. Банк тарапынан ақпараттандыру төмен. Қазір банк жүйесінде депозиттің түр-түрі ашылып жатыр. Бірақ халық депозит арқылы ақша табуды түсінбейді. Ауылда артық қаражаты бар адамдар ақшасын малға салады. Бірақ мұндай жолмен ақшасын өндіріп ала ма, жоқ па, екіталай. Ал депозитке салу арқылы қосымша қаржы табуға болатынынан хабарсыз. Сондықтан банк қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмысы жүру керек. Айталық, адамдарға банкроттық, отбасылық шығын, депозит түрін таңдауға дейін оқыту курстарында толыққанды түсіндіреміз. Одан бөлек, мемлекеттің қолдау шаралары туралы да құлақтандырамыз. Түске дейін жалпы топпен сабақ өтеді. Түстен кейін әркім өз мәселелерін шешеді. Себебі бірі табысын көбейткісі келеді, екіншісінің басында 18 кредиті бар. Екеуіне күні бойы ортақ сабақ өту қызықсыз. Сол үшін түстен кейін жеке-жеке консультация алу мүмкіндігін де қарастырдық.
Ол адам неліктен қарызын төлей алмай жүр? Қосымша табыс табуға қабілеті бар ма? Сабақ бере ме? Тамақ жасай ала ма? Осыған бірге жауап іздейміз. Яғни тек қана қарыз алмау қажеттігін құлаққа құя беру пайда әкелмейді. Қарызды да қажетке жаратып, іс қылу керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы қиын. Жоба әлеуметтік теңсіздікпен толығымен күресе алмайды. Дегенмен осы жобаның арқасында қоғамда қалыптасқан көптеген әлеуметтік мәселелер ашылып жатыр.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
қаржыгер-экономист:
– Маған «Қарызсыз қоғам» деген атаудың өзі қызық естілді. Оның үстіне, жобаны қаржыландыратын «Халық банк» дегенде тіпті таң қалдырды. Мен қаржыгермін. Бұл атау көзіме түскенде дұрыс қабылдамадым. Негізінде банктің жұмысы қаржы беріп, оны қайтару. Жобаның атауы Қазақстан банктері жұмыс істемесін деген ойға алып келеді екен.
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Керісінше, біз халықты банктің өнімдерін тиімді мақсаттарға жұмсауды үйретеміз. Бірақ біздегі адамдардың санасында банк тек қарыз алу деп қана қабылдайтын ұғым қалыптасқан. Ал банктің ұсынып отырған түрлі депозитін қолдану жолын білмейді. Бізде қарапайым ғана алған несиені уақытында жабу мәдениеті жоқ. Оның себебі қаржылық мәдениетке келіп тіреледі.
– «Банкроттық туралы» заңның әлі де бір қайнауы ішінде қалғаны айтылып жатыр. Халықтың сауатын арттырдық делік. Қаржыгер ретінде айтыңызшы, жоба қаржы ұйымдарын жағалайтындардың санын азайта ала ма?
Сапарбай ЖОБАЕВ,
қаржыгер-экономист:
– Бұл заң екі жылдан аса талқыланды. Бастапқы кездегі заң жобасының талабы бұдан да қатаң болды. Барлық адамның шартын орындауға мүмкіндік болса, кез келген адам өзін «банкроттық» деп жариялайтын еді. Екіншіден, әлгіндегідей телефон алу үшін несие алғандардың үлесі 5 пайыз ғана, ал 99 пайызы мұқтаж болғандықтан қарыз алады. Қалай мұқтаж болып отыр? Оның себебі неде? Оны қалай төмендетеміз? Мәселе – осында. Сондықтан ең алдымен мәжбүр болған адамдармен шұғылдану керек.
Қарыз алу – әлемдік үрдіс. Сондықтан қарызсыз қоғам ешқашан болмайды. Оны біз жоя алмаймыз. Дүниежүзілік банк, халықаралық қаржы қорлары кедейшілікті азайтудың көп жолдарын ұсынады. Соның ең біріншісін Президентіміз 2019 жылы алғашқы жолдауында айтты. Дәулетті бай кәсіпорындар, банктер мен жекелеген адамдар прогрессивті салық төлеп, бюджетті көбейтуге жәрдем беруін тапсырды. Сол арқылы мұқтаж жандарға жәрдем беру қажет екенін шегелеп айтты. Сіздер халықты қаржылық жағынан сауатты етулеріңіз мүмкін. Бірақ қарызсыз қоғамды қалыптастыра алмайды. Оған қосымша әлгіндегідей бюджетті арттырудың жолдарын қарастыру қажет. Біздің Үкімет осыны жүзеге асыруға келгенде үнсіз қалады.
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ,
Мәжіліс депутаты:
– Сіздің айтып отырған мәселеңіз де орынды. Кредит мәселесін айтып, қаржылық сауаттылықты арттыру туралы сұрап хабарласатындар көп болды. Өңірге барғанда да басымызды шайқап қайтамыз. Сол үшін аймақтардағы халықтың сауатын арттыруға көңіл бөлсек деген шешімге келдік. Мамандар өңірге барған соң тегін бармайтыны белгілі. Сондықтан екінші деңгейлі банктерге ұсыныс жасадық. Партия ішінен қолға алынған бастама халыққа ұнап жатса, Президентке жеткізіп, Үкіметтің деңгейінде көтереміз деген мақсат болды. Жалпы алғанда жобаның мақсаты да сол, елдің беті бері қарасын деген ниеттен туды. Кредит алғанда да келісімшартын оқып, саналы түрде шешім қабылдасын деген ой келді. Бұл жобамызға банктің қызығушылық тудыруының себебі бар. Бізге халықтың қаржылық сауаты артқаны, ал банкке кредит алған адамның ай сайын несиесін төлеп, банктің бюджетін толтырып отырғаны керек. Әйтпегенде, олар да борышкерлердің артуынан шығынға батып жатыр. Миллиондап несие алып, артынша телефонын өшіріп тастайды. Банкке де корректорға беріп артынан жүгіріп жүру тиімсіз. Бізге қазір сарапшы мамандардың ортақ ойын саралап, заңға өзгеріс енгізіп, қажет болса жобаға қажетті ортақ ұсыныстарды дайындауға көңіл аударған дұрыс.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
қаржыгер-экономист:
– Мемлекеттік кәсіпорындардың қаржысы мемлекеттікі болып есептеледі. Бірақ ұлттық қордың бастықтары өздеріне 20-25 миллиондық айлық жазады да, ал халыққа 85 мың айлық береді. Сөйтеді де «жәрдем беріп жатырмыз» деп жұртқа жар салады. Шын мәнінде миллиондап айлық алатын бастықтар шетелдердегідей бюджетке салықты айлығына сәйкес төлеуін міндеттеу керек. Миллиардтап табыс табатын кәсіпорындарға да салықты табысына сәйкес белгілеген дұрыс. Біз болсақ, Президенттің осыдан 4 жыл бұрын айтқан ұсынысын төрт жылдан бері әлі күнге дейін мүжіп келеміз. Себебі біздің Үкімет өзінің қалтасындағы қаржыны медбикенің 10 пайызынан асырғысы жоқ. Халықпен бірдей 10 пайыз төлегенді құп көреді. Енді қараңыз, әр жылы инфляция деңгейінде әр саладағы маманның айлығын көтереді. Медбикенің айлығы 100 мың болса, 10 пайызға көтерілгені 110 мың болады. Бюджеттен қаржыландырылатын олигархтардың айлығы 20 миллион болса, айлығының үстіне 2 миллион қосылады. Президент оларға айлықтарын көтеруге шектеу қойды. Бірақ заңда төлемдерге шектеу қойған жоқ. Бюджет шығындарын қарасаңыздар, байлардың айлығына кететін қаржы әр жылы 10-15 пайызға артып отыр. Яғни біздегі байлар 2 млн алып, баюдың үстіне байып, ал осал жандарға қосылған 10 мың бағаның инфляциясына жұғым болмайды. Инфляция 20 пайыз болған соң одан бетер сіңірленіп жатыр. Бұл менің ойдан шығарып отырған дүнием емес. Өркениетті елдегі жүзеге асырылып отырған механизм. Ал бізде мұны созып жатыр.
– Жер қойнауын пайдаланып жатқан квазимемлекеттік кәсіпорындар жылдық кірісінің 1 пайызын ғылымға бөледі деген заң бар. Бірақ қазір солар халық түгілі, ғылымға бір пайызды бермейді екен. Оларға арнайы заң әзірлеу керек шығар.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
қаржыгер-экономист:
– Бұл Президенттің берген тапсырмасында айтылды. Мысалы, Америка бюджетінің 30-35 пайызы жеке адамдардың табыс салығынан қалыптасады. Қосымша құн салығы – 15-20, корпоративік табыс салығы – 10-15 пайыз. Ал бізде қосымша құн салығы – 35-40 пайыз етіп, халықтың мойнына салып қойдық. Корпоративтік табыс салығы – 30 пайыз. Ал бай адамдардың төлейтін айлығы бар болғаны – 10 пайыз. Яғни біздің бюджетімізде байлардың баюына мүмкіндік жасалған. Біз осыны Президент айтқандай, 25 пайызға жеткізбесек, халықтың жағдайын көтереміз деген біздің әңгімеміз қиял-ғажайып ертегі. Халықтың сауатын ашқаныңмен, жағдайы жоқ болса амал жоқ қарызға бата береді.
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Бізде де бұл бойынша ұсыныстар бар. Мәселен, бізде еңбекақысы 25 АЕК-ке дейін болса, оған да 10 пайыз жеке табыс салығын міндеттейді. 25 АЕК төмен болса 90 пайыз жеңілдігі бар. Меніңше, осы 25 АЕК-ті неге 125 АЕК дейін жеткізбеске? Себебі қазіргі нарық заманында 25 пайыз өте төмен көрсеткіш. Жобаның тағы бір тиімділігі, бізде заңгерлер тобы жұмыс істейді. Соның арқасында 1390 алаяқтық әрекетке тосқауыл қойылды. Сондай-ақ біздегі коллекторлық компаниялар ешқашан заң талабын сақтамайды. Ақпараттық құпиялық жоқ. Оның соңы суицидке апарып жатыр. Бізде мынандай да сұмдықтар бар. Мысалы, банкте бір алаяқты жұмысқа кіргізіп қояды. Ол кәдімгі қарапайым банк қызметкерінің міндетін атқарады. Бірақ оның артында алаяқтардың компаниясы жұмыс істейді. Жұмыстан шыққан кезде банктің барлық құпиясын біліп шығады.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
қаржыгер-экономист:
– Тағы бір айтарым, «Банкроттық туралы» заңды жұмсарта берсек, банк жүйесінің тас талқанын шығаруымыз мүмкін. Мысалы, Германияда банкрот болса, табысыңды басқа бір ұйым алып отырып несиесін жүйелеп отыратын қызмет бар. Банкрот болғаннан кейін де табысыңды алатын жүйе бар. Ал бізде төлем қабілетін орнына келтіруді мақсат етеді. Өркениетті елдерде қарыз алған адамға жауапкершілік жүктейді. Бізде мүлкіне тиіспеу керек деген жеңілдіктің өзі көп адамға үміт сыйлап отыр. Кредитін бүгін төлеп берсең, екінші күні несие алғандар да болды. Өкінішке қарай, бізде жауапкершілік деген жоқ.
Айгерім РЫСБАЕВА,
«Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы:
– Жұмыссыздықты бұл жоба шеше алмайды. Алайда мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан бағдарламалар барын барынша жеткіземіз. Бүгінде «Ауыл аманаты» деген несиелендіру болып жатыр. Оның да талаптарын білмейді халық. Соның барлығын тренинг аясында түсіндіріп халыққа жеткізіп отырмыз. Яғни халыққа тек қаржылық қана емес, әлеуметтік мәселесін шешудің жолдарын да қамтуға күшімізді салып жатырмыз. Тығырыққа тірелген адамдар болса, заңгерлерге жібереміз. Өтініш пен электрондық кілт алуды білмейді. Банкроттықты қарыздан құтылудың оңай жолы деп ойлайды. Ақпаратты қабылдау деңгейі сондай болып тұр. Мысалы, бізде 18 жастағы бала өзін банкроттыққа берген.
Жадыра МҮСІЛІМ