Кей мектептерде жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, өңірде 44 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен, олардың 11-і оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды міндетіне алған жұмыстарын тапсырып үлгермей қалған. Жөндеу жұмыстарындағы мердігер компаниялардың сылбырлығы салдарынан мектептерде пайдалануға берілуі тиіс нысандарда іс бітпей, бұл оқу үдерісіне де елеулі кері ықпалын тигізген.
Жалпы, облыста білім ордаларын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына биыл 101 нысан ілігіп, оған бюджет қоржынынан 9,3 миллиард теңге, оның ішінде 44 нысанның күрделі жөндеуден өтуіне 8,6 миллиард теңге бөлінген. Барлық нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп, мердігер ұйымдар анықталып, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырудың кестелері бекітілген. Алайда күні бүгінге дейін жөнделуі сағызша созылған нысандарда әлі біршама уақытқа созылатын бірталай жұмысы бар. Жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталмауы аталған білім ордаларының да, құзырлы органдардың да бас ауруына айналған.
Мәселен, Көкшетау қаласындағы Застанционный шағынауданындағы №14 орта мектепте жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанға дейін, яғни 31 тамызда толықтай аяқталуға тиіс болған. «Севимсталькон» ЖШС мердігер болған мектептегі күрделі жөндеуге бюджет қоржынынан 750 миллион теңге бөлінгенімен, жөндеу жұмыстары күні бүгінге дейін аяқталмаған. Тұрғындар қосалқы ғимаратта жөндеу жұмыстары болғандықтан, бір ғимаратта оқушылар қысыла-қымтырыла оқып жатқанын айтып қынжылыс білдірді.
– Мектепті жөндеуге 750 миллион теңге бөлінген. Аса үлкен қаражат. Мұндай қаражатпен әлдеқашан жөндеуді аяқтауға да болатын еді ғой. Бірақ әлі де бітпеген жұмыс жетерлік. Балалардың қысылып-қымтырылып білім алып жатқаны олардың оқу үлгеріміне де әсер етеді ғой. Қомақты қаражат бөлінгенімен, жұмыс істеп жатқан мердігерлердің сылбыр ісі мен бақылаудың аздығы осындай жағдайға душар еткен, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Бәтима Алинова.
Облыстық Білім басқармасының басшылығы білім ордалары нысандарындағы жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталмай қалуының бірнеше себебін атады. Әсіресе, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы мен мердігер компаниялардың өз ісіне жауапсыздық танытуы осындай жағдайға алып келген.
– Жөндеу жұмыстарының уақытында аяқталмауына бірнеше субъективті және объективті себеп бар. Жобалық-сметалық құжаттамалар жөндеу жұмыстары басталғанға дейін біраз уақыт бұрын жасалады. Аталған сметалық құжаттама 3 жылға дейін жарамды. Бірақ соңғы оқиғалардан кейін құрылыс материалдары бірнеше есеге қымбаттап кетті. Баға саясатына сәйкес келмеуі біраз қиыншылық туғызды. Жөндеу жұмыстары басталған ғимараттарда жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілмеген басқа жаңа жұмыстар жасау қажеттігі пайда болады. Көптеген мектеп соңғы 50-60 жылда мүлде жөндеу көрмеген. Онда бәрін мұқият қарағанның өзінде толықтай бәрін ескеру мүмкін де емес. Бұзу кезінде бір жерлері қосымша шіріп кеткен, бұзылған жерлері анықталады. Қабатаралық жабындары, іргетастарының отыруы сияқты қосымша жұмыстар шығады. Бұл, әрине қосымша уақыт пен қаражатты да талап етеді. Мұнымен қоса, мемлекеттік сатып алуды ұтып алған жеткізушілер қызметті уақытында көрсетіп, мерзімінде аяқтауға асықпайды. Мәселен, осы 44 нысанның 18 техникалық қадағалауы өте кеш шықты. Бір-бірімен соттасып, конкурс тоқтап қалады. Біз барлық конкурсты ақпан айында жарияладық. Бірақ бір мектепте әлі күнге дейін техникалық қадағалау жоқ. Осы уақытқа дейін алты, яки жеті сот отырысы болған. Тек техникалық қадағалаудан кейін құрылыс жұмыстарына рұқсат етіледі. Келісім болмаған соң кей жұмыстарды істеу мүмкін емес. Сондықтан кейбір білім беру ұйымы материалдарын сатып алып, техникалық қадағалау шешімін күтті. Осындай себептермен нысандар уақытында тапсырылмай қалды, – дейді Ақмола облыстық Білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин.
Білім басқармасы жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептерде оқу процесі жанама әдіспен жалғасып жатқанын жеткізді. Яғни, мектеп оқушылары көршілес ауылдардың мектептеріне уақытша тасымалданып, яки жанама басқа ғимарат корпустарында білім алмақ. Жалпы, бүгінде облыс аумағында 537 мектеп жұмыс істейді. Елдің барлық солтүстік аймағы сияқты Ақмола облысында да халықтың ауылдан қалаға үдере көшуі шалғай ауылдарда мектептердің жабылып қалуына себепші болған. Тек биылдың өзінде бала санының аздығына байланысты 7 бастауыш және 3 негізгі мектеп жабылып тынған. Оған қоса, 10 шағын комплектілі мектеп, оның ішінде екі бірдей орта мектеп негізгі мектепке, 7 негізгі мектеп бастауыш мектепке айналған. Бұл өз кезегінде көршілес ауылдарға қатынап оқитын балалар санын еселеп өсірген.
Халықтың ауылдан қалаға қарай ағыла көшуі қала мектептеріндегі жағдайды да аса күрделендіре түскен. Бұған қыркүйек айының алғашқы күндері-ақ Көкшетау қаласындағы №1 орта мектепте балалардың үзіліс кезінде дәлізде қысылып қалғаны айқын дәлел. Қала тұрғындары қаланың бірнеше мектебінде бала санының тығыздығына наразылық білдірген.
– Қаладағы бірнеше мектепте балалар тиісті межеден әлдеқайда көп. Мәселен, №17 орта мектепте оқушы өте көп. Балалар асханаға барғысы келмейді. Өйткені кезек өте үлкен болғандықтан, тіпті үзіліс аяқталғанша тамақтанып үлгермей де қалады. Балалар сабақтан кейін үйге жүйкесі тозып келеді, – дейді қала тұрғыны Ризагүл Әбдірахманова.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы оқу жылында шалғай ауылды аймақтарда жалпы саны 9 797 оқушы тасымалдаумен оқытылатын болған. Облыс аумағында мектебі мүлде жоқ ауылдардан күн сайын 4 940 бала күнделікті мектепке тасымалданады. Сонымен қатар елді мекен ішінде 4 682 оқушы күнделікті тасымалданады. Мұнымен қоса, мектебі жоқ ауылдардан интернатта тұрып оқитын 175 баланы апта сайын тасымалдап оқытады. Тасымалдауды ұйымдастыру үшін 203 автокөлік тартылған.
Дегенмен Білім басқармасы соңғы жылдары білім беру ұйымдарының салынуы мен жөндеу жұмыстарына бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай ұлғайғанын атап өтті. Атап айтқанда, күрделі жөндеу жүргізілетін 44 білім беру нысанының 16-на қаржы «Ауыл – ел бесігі» арнайы бағдарламасы шеңберінде бөлінген. Басқарма басшылығы аяқталмай жатқан мектептерде жөндеу жұмыстарының алдағы қыркүйек-қазан айларында аяқталуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар мектептер таршылық етіп жатқан аймақтарда жаңа білім беру орындары пайдалануға берілгені аталып өтті.
– Күрделі жөнделетін 44 нысанның ішінде 38 мектеп, 2 колледж, 2 балабақша мен 1 арнайы білім беру мекемесі қамтылды. Жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған 11 нысанда осы жылдың қыркүйек-қазан айларында аяқталуы керек. Өңірде 1 қыркүйек күні 2 092 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Целиноград ауданының Өтеміс ауылында 120 орындық мектеп, Көкшетау қаласында 392 орынды оқу-тәрбие кешені, Қосшы қаласында 1 200, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында 300 орындық мектеп, Ақкөл ауданында №4 мектепте қосалқы мектеп, Қосшы қаласында жеке инвестициялардың көмегімен 1 500 орындық мектеп есігі айқара ашылды. Бұл облыстағы 3 ауысымды оқыту мәселесі түбегейлі шешілді. Биыл облыста тағы 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мұнымен қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Көкшетау, Щучинск және елордаға таяу орналасқан аудандарда 18 мектептің құрылысы жоспарланған. Тек осы жылдың соңғы тоқсанында келер жылы пайдалануға беру жоспарланған 9 мектептің құрылысы басталмақ. Оның ішінде 1 500 орындық екі мектеп Көкшетау қаласының Сарыарқа шағынауданында салынады, – деп толықтырды Шоқан Оразалин.
Білім беру орындарының тапшылығымен қатар өңірде қазақ тіліндегі мектептердің аздығы да тұрғындарды аса қатты мазалап тұр. Өңірдегі мектептердің небәрі 67 пайызы ғана мемлекеттік тілде оқытады. Бұған өңірдегі тіл мәселесі де айтарлықтай кері әсерін тигізіп тұрған сыңайлы. Өйткені биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың тек 50 пайыздан астамы баласын мемлекеттік тілде оқытуға берген. Түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуда тиісті құзырлы органдар мен қатар жоғарыдағы билік басындағы жауапты органдардың жауапкершілікпен істі оңынан шешілуіне жедел арада назар аударғаны жөн болар еді-ау деген ойдамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы