Оның ішінде осыған дейін қоғамда жиі талқыға салынып жүрген ақпараттық қауіпсіздікке қатысты бірқатар сауалға жауап алынып, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жаратудың заңдық нормалары таныстырылды. Сондай-ақ депутаттар Қазақстан мен Кипр арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекке қатысты құжатты мақұлдады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутат Екатерина Смышляева таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді қорғаудың құқықтық базасын қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Заң жобасы үш блоктан тұрады. Біріншісі жеке деректерді қорғаудың қосымша шараларына арналған. Дербес деректердің айналымы және сақталуына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Сонымен бірге аталған норма операторлармен профилактикалық жұмысты да жолға қояды. Құжатқа сәйкес әрбір оператор реттеушіге дербес деректердің ағып кеткені туралы хабарлауы тиіс. Ақпарат ағып кету анықталған сәттен бастап үш күн ішінде берілуі керек. Екінші блогы «ақ хакерлер» институтын және бак-баунти платформасының қазақстандық аналогі жұмысын құқықтық реттеуді ұсынады. Мұндай жүйе зерттеушілерін ақпараттық жүйе қателіктері мен осалдықтарын анықтауға тартуға ықпал етуге мүмкіндік береді. Басқарылатын хакерлік бұзу тапсырыс иелерінен келеді, қатынастар арнайы платформалар арқылы ресми түрде жасалады. Барлық жұмыс заң шеңберінде жүргізіледі. Үшіншісі мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріне ғана қызмет көрсететін мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік орталығын құруға арналған. «Бүгінде 350-ге жуық мемлекеттік ақпараттандыру нысандары жұмыс істейді. Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі жанында жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, мемлекеттік техникалық қызмет базасында бағдарламалық қамтамасыз етудің бастапқы кодтары репозиторийі құрылатын болады. Онда электронды үкіметтің бағдарламалық өнімдерінің бастапқы кодтары сақталады. Бұл олардың нұсқаларын басқаруды қамтамасыз етеді. Осылайша, ұсынылып отырған шаралар кешені мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтеді. Жалпы, электронды үкіметтің тұрақтылығын арттырады», – дейді мәжілісмен. Маңыздысы – электронды үкіметтің тұрақтылығын арттырады деп күтілуде.
Депутат Нұртай Сабильянов заң жобасы ақпараттық жүйелердің, азаматтардың дербес деректерінің және «электронды үкімет» жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді. Айтуынша, заң жобасында 12 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Жұмыс тобына 71 түзету келіп түскен. Олар жұмыс тобының отырыстарында, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен болған комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған. «Қазір дербес деректерді қорғауда мемлекеттік бақылау болмағандықтан, көптеген азаматың дербес деректері заңсыз таралып жатыр. Мысалы, медициналық ақпараттық базасынан, Бас прокуратураның ақпараттық жүйесінен осындай жайттар болған. Сондықтан заң жобасының басты мақсаты – дербес деректердің қауіпсіздігінің бұзылмауын қамтамасыз етуге, уәкілітті органға мемлекеттік бақылау функциясын беруге және осы туралы жаңа ұғым енгізуге бағытталған. Сондай-ақ жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз көшірмелерін жинауға және өңдеуге тыйым салу нормалары қарастырылған. Бұл да азаматтардың дербес деректерін басқа мақсаттарда қолдануына жол бермеуін қамтиды», – дейді Нұртай Сабильянов.
Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжатқа бастамашылық еткен депутат Айгүл Құспанның айтуынша, уәкілетті органға, яғни Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектілерінің өндірістік қызметін ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту функциясын беру ұсынылады. Ең алдымен, бұл құжат жарамдылық мерзімі өткен оқ-дәрілерді кәдеге жаратумен айналысатын «Қазтехнология» қазақстандық мамандандырылған ұйымының қызметі үшін қажет. Екіншіден, күш құрылымдарының мемлекеттік сатып алу тәртібімен шамалы құнның жиынтықтауыштары мен қосалқы бөлшектерін сатып алу мүмкіндігі көзделеді. Бұл қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді оңайлату және жеделдету мақсатында жасалып отыр. Одан бөлек, депутат орташа немесе күрделі жөндеу, қозғалтқыштар мен беріліс қораптар сияқты елеулі тораптар мен агрегаттарды керек ететін жөндеу мәселелерін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзырына берілгені дұрыс екенін жеткізді.
Сондай-ақ жалпы отырыста Қазақстан мен Кипр арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекке қатысты құжат ратификацияланды. Шартқа былтыр 20 қазанда Никосияда қол қойылған.
Құжатта екі елдің құзыретті органдарының қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері регламенттелген. Келісім өз азаматтарын ұстап беру, берілген адамдарды алдын ала қамауға алу, заттар мен құжаттарды алу және беру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырады. Сондай-ақ қылмыстық қызметтен түскен заттарды, құжаттарды, қаржы активтерін және басқа да кірістерді анықтау, табу, шектеу қою және тәркілеу бойынша көмек көрсету шарттары толыққанды көрсетілген. Құқықтық көмек көрсету рәсімдерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын екі мемлекеттің құзыретті органдары, сондай-ақ Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды өтеу шарттары айқындалып отыр. Бұл туралы депутат Снежанна Имашева егжей-тегжейлі тоқталып, шартты іске асыру мүмкін болған жағдайда екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігі артатынын жеткізді.
Заң жобалары бойынша сұрақтарына толыққанды жауап алып, бірауыздан мақұлдаған соң әдеттегідей депутаттық сауал жолданды. Оның ішінде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері де бірқатар өзекті сауал жолдады. Айталық, депутат Нартай Сәрсенғалиев жастардың мұң-мұқтажына тоқталды. «Еліміздегі 232 Жастар ресурстық орталығында қызмет ететін 3 мыңнан астам белсенді жас әр әкімнің бұйрығымен таң атысы кеш батысы сабылып жүр. Әуел баста Жастар ресурстық орталығы жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін, жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін орталық ретінде құрылған еді», – дейді ол. Алайда іс жүзіне келгенде жергілікті әкімдіктердің «барып кел, шауып кел» дейтін бұйрықтары бітпейтін көрінеді. Оның ішінде Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерін жастарға қатысы жоқ сансыз мерекелік шараларды ұйымдастыруға, аулаларды аралап мониторинг жасауға, әкімдіктің күнделікті бітпейтін бұйрықтарын атқаруға міндеттеу басым. Осы орайда депутат сала басшыларынан әкім қаралардың тапсырмасымен шауып жүрген жандар жастардың мәселесімен қашан айналысатынын сұрады. Депутаттың айтуынша, Жастар ресурстық орталығының ғимараты жоқ. Сондықтан олар әкімдіктің ішіндегі әр кабинетті паналап, сәйкесінше жергілікті билікке кіріптар болуда. Жалақының төмендігі де бүгінгі қымбатшылыққа жұғым емес екенін айтқан ол қаржыландыру тетігін қайта қарастырып, нақты нормативті белгілеу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл ғана емес, Жастар ресурстық орталығын Мәдениет және ақпарат министрлігіне бекітуді ұсынды.
Ал депутат Наталья Дементьева ата-аналар мен жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің өтінішін жеткізді. «Директорларды ротациялау мәселесіне кеңінен қарау керек. Мысалы, 20-30 жыл қызмет атқарған директорлар бар. Әрине, осындай ұзақ уақыт директор лауазымында отырған директорларды ротациялаудың механизмдерін жетілдіру қажет. Ротацияның мақсаты – мектептерді тиімді кәсіби басқару, сондықтан ротация директордың «тиімділігі» деген сұраққа жауап берген абзал», – дейді ол.
Депутат Мархабат Жайымбетов елді мекендердегі газдандыру мәселесіне аса назар аудару қажеттігін алға тартса, әріптесі Еділ Жаңбыршин сыртқа заңсыз шығарылған активтерді, қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшаларды тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға – стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет екенін айтып отыр. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, бюджет қаржысын үнемдеуге таптырмас мүмкіндік.
Жадыра МҮСІЛІМ