Жақында Астанада көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған жиын өтті. Шаралар легі Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесінен басталды.
Үндістанда үзілді жүрек жібі...
3,783
оқылды

Көрнекті жазушының мерейтойына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ресми құттықтау хаты табысталды. «Оралхан Бөкей – ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан біртуар тұлға. Қарымды қаламгер әдебиет әлеміне алғаш қадам басқан сәттен бастап шоқтығы биік шығармаларымен оқырман қауымның ықыласына бөленді. Жазушының жауһар мұралары көптеген шет тіліне аударылды, пьесалары еліміздің іргелі өнер ордаларында қойы­лып, көрермен көзайымына айналды. «Алтайдың Кербұғысы» атанған ерекше дарын иесінің шығармашылық жолы, азаматтық ұстанымы және қайраткерлік қасиеті – жастарға әрдайым үлгі-өнеге. Оның мол әдеби мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық бола беретіні сөзсіз» делінген құттықтау хатта. 

Ұлттық академиялық кітапханада өткен кон­ференцияға мәдениет пен қоғам қай­рат­керлері, жазушылар мен зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Келген қонақтарға Орал­хан Бөкейдің 80 жылдығына арналған ме­рей­тойлық медаль салтанатты түрде табыс­та­лып, «Шолпандай таң алдында туып-бат­ты» деген кітаптың тұсауы кесілді. 

Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына ар­нал­ған шаралар жазушының туған жері Шы­ғыс Қазақстан облысындағы Катон­қара­ғай ауданынан басталып, іс-шара 28-30 қыр­күйек күндері Алматы қаласында жал­ға­сады.

Аталған жиында жазушы, драматург Жол­тай Әлмашұлы сөз алып, «Менде 1993 жы­лы Үндістаннан келген факс бар, қол­мен жазылған. Нұртөре, сенің қолың ба? Кім­дікі екенін білмедім, сол құжатты бір жер­ге сақтап қойып едім», – деді.

Адамның жады қиын нәрсе. «Ұмыт­пай­мын» дегеніңді лезде ұмытып кетесің кейде. Жол­тай ағамыздың сөзі мидың қырық қат­пар қыртысында жатқан сонау – 1993 жыл­ғы, осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға­лар­ды көз алдыма қайта тізбектеген еді.

...Үндістанның астанасы – Дели. Әйгілі «Тәж-Махал» мейманханасы. Он бірінші қа­бат...Оралхан ағаның бөлмесі...

...Кірген беттегі сол жақ қабырғаға қап­тал­дас қойылған төсек... Әдемі ұйқыға ба­тып жатқан әйгілі қаламгер... оң қолы кеу­де тұсында... Арпалыстың, не қина­лыс­тың жұрнағы жоқ... Қимылсыз... жансыз...

«Ораға, ағатай, тұрыңызшы», – деп аңы­раған қалпымыз...

Оралхан ағадан осылай – дәл 49 жа­сында, бөтен ел, жырақ мекенде айырылып қа­ламыз деп ойладық па? Сең соққандай, тө­­­­беден біреу қос қолдап ұрғандай, есең­гі­реп қалдық. 

«Дәрігер келді, полицейлер келді... Сол­­­қылдап жылап жүрміз... «Қазақстанға, елге хабар айталық» дедік. Айттық. «Труд» га­зетінің Үндістандағы тілшісі азамат екен, көп көмектесті. Орағаңды сонда жерлейміз деген де әңгіме болды. Біз «онда елге қайт­пай­мыз» деп мәлімдедік... Медициналық са­рап­тама ажал «жүректен болды» деген қо­рытынды шығарды... Бальзамдалған, та­­­бытқа салынған Орағаңды алып елге кайт­тық...»

«Жас Алаш» газетінде жарияланған «Асау жүрек аяғын шалыс басқан» деген ес­телігімізде осылай жазыппыз.

Әлгі Жолтай айтқан факстегі мәтінді Еркін Қыдырдың көз жасы ақ қағазға та­мып отырып жазғаны...

Алпысбай Шымырбайдың шырылдап, үн­ді­ліктермен біресе урду, біресе хинди ті­лінд­е мән-жайды түсіндіре алмай зыр жү­гіргені...

Татьяна Костина мен Татьяна Жур­бен­ко­ның состиып, не істерге амал таппай тұр­ға­ны...

Үнді тарапынан «Қайтыс болған кісіні Ин­дияда жерлейміз. Сіздер қайта бере­сіз­дер» деген өктемдеу сөздері...

Бәрі-бәрі кино лентасындай көз алды­ма қайта келді.

Мамырдың он алтысы күні, кешке қа­рай Қазақстан делегациясының құрметіне сал­танатты қонақасы берілді. Он бесі күнгі кеш­те, Аградан келген соң біз көпке дейін ұйық­таған жоқпыз. Талай әңгіме соқтық. Ора­ғаң өзінің жазғандары жөнінде, Анато­лий Ким туралы, оның аудармасы туралы көп әңгіме айтты. Кейбір дүниелерін қайта жазсам, қайта қарасам деп жүргенін естідік.

Бәрі де көрген түстей. Кеше ғана жай­раң кағып ортамызда жүрген Орағаң еңді жоқ. Өлді деуге сенбейміз. Өлдіге қи­май­мыз. Жы­лап-еңіреп жүріп ойлағанымыз – қайт­кен күнде де Оралхан Бөкейді туған елге жеткізу болды.

– Біз Қазақстан мемлекетінің атынан кел­дік. Делегациямыздың басшысы – көр­нек­ті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Оралхан Бөкей. Ол кісінің мәйтін Үн­дістанда қалдырып, Қазақстанға қалай барамыз, біз де қайтпаймыз, – деп табандап тұ­рып алдық. Ол тұста елшілік те, консул­дық та жоқ. Ресейдің бір меншікті тіл­ші­сі­мен салтанатты қабылдауда танысып, ви­зит­ка алмасқан едік. Соған хабарластық. Жағ­дайды түсіндірдік. Бұл күнде аты-жөнін ұмытып қалған екем, сол мың болғыр аза­мат­тық танытты. Алматымен хабарласуға жағ­дай жасады. Бірден жұмыс орныма – «Егемен Қазақстан» газетіне, Бас редактор­дың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл­ға қоңырау шалдым.

– Ағажан, Оралхан ағадан айырылып қал­дық...

Ерағаңа Мемлекет басшысына, Үкімет­ке жедел суық хабарды жеткізуді өтіндім.

– Сендер не істейсіңдер?

– Орағаңды осында жерлейміз деп жа­тыр. «Біз қайтпаймыз, мәйітін елге алып ке­­теміз» деп отырмыз, – деп барлық жағ­дай­ды баяндап үлгердім.

Орағаң дүние салған соң сүйенер ешкім жоқ, жетімсіреп қалған едік. Үнділіктермен ай­тысып, тартысып жүріп ақыры Ора­ғаң­ның денесін Қазақстанға алып қайтатын бол­дық.

Делиден Ташкентке дейін қиналмай ұшып келдік. 

Қиындықтың көкесін Ташкентте көр­дік. Өзбекстан әуежайында «табытты ашың­дар, мүмкін сендер есірткі әкеле жат­қан шығарсыңдар...», – деп кеденшілер кер­гісін келіп. Шымкенттен жеткен Үкімет жі­берген ұшақта «Казахстанская правда» га­зеті бар екен. Онда Оралхан Бөкейдің су­реті басылып, Президент қол қойған қазанама жарияланыпты. Өзбектерге соны көрсетіп, «Әкеле жатқанымыз тегін адам емес, үлкен жазушы, Президент білетін адам, ертең бірдеңе болса, өздерің жауап бере­сіңдер» деп доқ қылып жүріп, түннің орта­сында Еркін, Алпағаң үшеуміз ұшаққа әрең дегенде салдық. Қасарысып жүріп, та­бытты ашқызбадық...

Әшейіндегі «өзбек – өз ағам» дегеннің бәрі жайына қалды. «Мұсылманшылық» та ұмыт болды. Бір пенде бізге қол ұшын бер­ме­ді. Табыт – зілқара таспен тең, Алпағаң қай­бір палуан кісі дейсіз, қалт-құлт етіп әзер жүр, барлық күш Еркін екеумізге түсті. Жо­лаушылар ұшағының артқы бөлігіне та­бытты кіргізу барысында ақ тер, көк терге түстік.

Қуанып барып едік Үндістанға. Қай­ғы­рып қайттық.

Сапардың басы қалай болып еді? Қа­зақ­станға Үндістанның премьер-министрі Нарасимха Рао келетін болды. Осыған байланысты екі ел арасындағы рухани және гуманитарлық байланыстарға жол ашу үшін арнайы делегация жасақталды. Басшы – Орал­хан Бөкей. Біз – қосшы. Ақпарат агент­тігінің төрағасы Алтынбек Сәр­сен­бай­ұлы Оралхан ағаны Үндістанға жібергені үшін, сапардың соңы жазушының қаза­сы­мен түйінделгені үшін өзін көпке дейін кі­нәлі санап та жүрген еді. Бірақ «Оралхан оқу­лары» атты көркемсөз жарысының ере­жесін жасатып, бертінге дейін жалғасып ке­ле жатқан мәдени шараның авторы да Алтын­бек еді... 

Амал нешік? Тағдырдың жазуы. Тал­қа­н­ы Үндістанда таусылып тұр екен...

Жүрсін Ерманнан естігенбіз: «Сол са­пар­дың алдында оны Түркияға баратын де­­­легацияның басшысы етіп сайлағанда: «Жоқ, мен Үндістанға барып келейін» деп бол­мап еді...». 

Алпысбай Шымырбай өз естелігінде: «Жол­ға шығардан бір күн бұрын ақпарат ми­нистрлігіндегі сапар алдындағы әңгімеге жұ­мысы аса қауырт болды ма екен, Ор-ағаң ке­ле алмай, ертесіне түс әлетіне әуежайға өзі­нің әбден жолсоқты болған қара қайыс­ты көне сөмкесін көтеріп келген-ді (дариға-ай, онда кім білген, осы көнбіс, көнетоз қара сөмкенің егесіз, иесіз қайтатынын?!.)... «Таңертеңнен осы жолға үйден бірден дайындалып шығып едім» дегені де есі­міз­д­е... Ойпырым-ай, аттың жалы, түйенің қо­­­­мында, сапырылыста қайта үйге бас сұ­ғып, балаларын да құшырлана қайта сүйіп, иіскеп шығуға мұршасы болмағаны-ау... Жай ұйқыдан мәңгілікке көз жұмған Ор-ағаң­ның сол сапардан көнетоз, көнетоз бол­са да, мың-сан бағалы су жаңа сөмкеге тең тұрмайтын жол сөмкесін Төлегеннің ақ боз атындай бос алып қайтамыз деп ойлап па едік?!» – деп еске алды кейін.

Қаламгердің қарындасы Ғалия Бөкей­қы­­­зының «Жолсапарға кетерінде үнемі үй­ден аттанатын. Бірақ неге екенін білмей­мін, осы соңғы Үнді еліне баратын сапа­рын­да үйден емес, жұмыстан кетті. Маған те­лефон соғып: «Мен келгенше балаларға сүт апарып беріп тұр, мен қазір кетемін», – деді. «Үйге бармайсың ба, жұмыста неге отыр­сың?» – деп едім, «Жұмыс көп, уақытым же­­­тіспегендіктен жолға жиналып бір-ақ кел­гем. Бір нәрсемді ұмытып кетіппін, қай­та қайырылмаймын үйге, сау бол, ұзақ бол­­­­­­­маймын, тез ораламын», – деп тұтқаны қоя салды. Одан кейін бізге ешқашан қоңы­рау соқпады..», – деп жазғаны бар.

Жазушының жары Ардақ Бөкеева: «Үн­дістанға аяқ астынан жиналды ғой. Ал­дында Түркияға бармақшы болып дайын­да­лып жүрген. Түркияға барып келген соң, қы­зымыз Айжанды Германияға емдетуге апар­мақ болатын. Сол кезде Айжанның бүй­регі қатты ауырып, бар уайымымыз «қа­лай емдетеміз, калай аман алып қала­мыз» деген ойдың төнірегінде еді. Құдайдан күндіз-түні сауығып кетуін тілейтін. «Мені ал­­саң ал, Ай­жанымды аман қалдыра гөр», – деп Құдайға жалбарынғанын естігенде, ет жүрегім езіле­тін. Дәрігерлер Германиядағы бүйрек ауруын емдейтін үлкен орталыққа апаратын болсақ қана үміт барын қадап айта берді. Сондықтан да Оралханның ойы қалайда Айжанды сол орталыққа апарып емдеуге мүлдем ауып қалған болатын. Бірақ аяқ ас­­тынан 10 мамыр күні Үндістанға ұшатын бол­ды. Екеуміз теңертеңгісін үйде қош­тас­тық. Оралхан бетімнен сүйді. Балаларын бі­раз еміренді. Мен әзілдеп: «Байқа, ин­диян­калармен махаббат құрып кетпе», – де­­дім. Ол да жайраңдай күліп: «Сен де бай­­қа, мен жоқта қыдырушы болма», – де­ді. Сөйтіп, әдетімізше әзілдей қоштасып, па­памызды алыс жолға шығарып салдық. Арада екі-үш минут өтер-өтпестен есік қоңы­рауы шылдыр ете қалды. Есікті аш­сам, Оралханым тұр. «Үнді мұхитына суға түс­кенде киетін киімімді алмаппын ғой», – дейді. Мен ренжіп: «Кірме, кірме, қазір әке­­ліп беремін, соған бола несіне орал­дың?» – деп жүгіріп кеттім. Менің түсінігім­де – ұзақ жолға бара жатқанда үйге екінші рет кайтып келу жаман ырым. Орыстар: «Қайтып келме, жолың болмайды», – дей­ді. Бірақ мұны ешқандай да жамандыққа жорыған жоқпын. Оралхан асығып кеткен соң, терезенің алдына бардым. Машинаның рөлінде Махамбет отыр. Оралхан артқы орындыққа барып жайғасты. Бізбен қолын бұлғап қоштасты... Мәңгілікке қоштасып тұр­ғанымызды тіпті сезбеппіз де...», – деп егі­ле жылаған...

Алматы әуежайында Ор-ағаң оқшау, өзі­мен-өзі тұрды. Маған ол кісі әлденеге қат­ты қапалы тәрізді көрінді...

Біз Делиге Ташкент арқылы ұшатын бол­дық. Шымкентте бізді Еркін Қыдыр кү­тіп алды. Жағдай былай екен: Үндістанға тек Ташкент арқылы ұшамыз, бүгін Шым­кент­те қонып, ертең ертемен Ташкентке ба­ра­тын көлік даяр екен, сонда кетеміз...

– Бір күнді Шымкентте жоғалтқанымыз қиын екен, – деп Орағаң сәл-пәл қапа­ла­нып қалды. Іле: – Менің мұнда Төлеметов де­ген досым бар, мен сонда боламын. Ер­тең бірден Ташкентке шығып кетейік, – деді де, бізбен қоштасып достарына тартты. Екі Татьяна мен Алпағаңды қонақүйге ор­­­наластырып, Еркін екеуміз Үндістанға тұң­ғыш жасайтын сапарымызға дайындық жа­сауға кірістік. Бұрын шетелге кім шығып көр­ген? Не керек, не киеміз, жолға не ала­мыз? – деумен түннің ортасына дейін ұйық­таған жоқпыз.

Оралхан Бөкей оңтүстікке 1991–1993 жыл­дары бірнеше рет барған екен. Мар­ха­бат Байғұт өз естелігінде «Оралхан Бөкей «Қа­зақ әдебиеті» газетін басқарып тұрғанда ап­талыққа оқырмандарды көптеп жаздыру­ды жандандыру мақсатында оңтүстіктің бірнеше ауданын аралағанын жазады. Бір келгенде «Сарыағаш» шипажайында ем­делген. Одан кейін Мархабат ағаның ұлы Баубектің үйлену тойына қатысыпты. 1993 жылы мамыр айында Қуаныш Төлеметов «Восход» қонақүйіне қондырмай, өз үйінде мейман етіп күткені белгілі. Қуаныш Төле­метов осы үйде Жұмабек Тәшенев тұрғанын айт­қанда, Орағаң «Апырай! Аңызға ай­нал­ған адам осы мекенжайда тұрған ба?» – деп таң­ғалыпты. 

Сонымен төрт көзіміз түгел жиналып, Таш­кентке баратын «РАФ» машинасына оты­рып, тартып кеттік.

– Терезені ашыңқырап қойыңдар. Шым­­кенттің күні жанды ғой... Үндістан бұдан да ыстық шығар... – деп Орағаң жол бойы желпініңкіреп отырды. – Түнімен кар­та ойнап ...не итіміз бар еді!.. Шым­кент­тің жігіттерін түгел сыпырып... ой-хой, өзі­­міздің Шымкентке жетпейді ғой... бы­тырлатып ұтқаным-ай...– деп, ара-тұра Ал­пағаңмен қалжыңдасып, көңілі шатта­нып өте жақсы отырды.

Алыс жолға тұңғыш рет шыққанның әсе­рі ме, бәріміздің көңіліміз көтеріліп, ой­нап-күліп отырып, Ташкентке қалай жет­кенімізді білмей қалдық. «Ташкент» қо­нақүйіне орналасуға тура келді. Бірден Таш­кентке жетсек болды, дереу Делиге ұшып кетердей өрекпіген көңіліміз су сеп­кендей басылды. Алматыдан берілген заяв­ка­ны жаңсақ естіген бе, әлде өзбек ағайын­дар әдейі жасады ма, белгіленген күннен бір күн кешігіп ұшатын болдық. Орағаң Қа­зақстанның Өзбекстандағы тұрақты өкіл­дігіне дейін барып көрді, еш реті кел­меді.

– Мұнда тағы бір күнімізді жоғалттық-ау. Шымкент анау... Ташкент мынау... Бұл өзбектерің пәле қазір. Тастай. Мемлекет үшін барын салады. Бұл иттерді сатып та ала алмайсың... білем ғой бұларды... Қа­зақ­тарды он орап кетуі мүмкін бұларың. Сауда-сат­тыққа баяғыдан араласқан... сөздері май­да... өздері өлермен... кей жерде үйрену де керек бұлардан... – деп, Орағаң қона­қ­үй­­дің үстіңгі қабатындағы дәмханаға кө­теріліп, бір-екі шыны шәй ішкенге шейін қыз­баланып сөйледі. Қонақүйге орналасар кезде кезекші администратормен де ептеп қақтығысып қалған жайымыз бар. Орыс ақ­шасын місе тұтпаған администратор біз­ден доллармен есеп айырысуды талап етті. Күн сайын құнсызданып жатқан орыстың со­мы кәдеге жарамаған соң қайтерсің.

– Далаға түнесек те доллар бермеспіз бұ­ларға, – деп Орағаң кәдімгідей сөзбен ұс­та­сып, ақыры жеңістік бермеді. Өзбек­стан азаматтарына қонақүйге орналасу бағасы бір бөлек те, басқа елден келгендерге шетел ақшасы бағамы бойынша жамбасақы белгіленіп қойылған екен. Алматыдағы қо­нақүй бағасымен салыстырғанда екі есе жоғары. Орағаң бұған да күйіп-пісіп біразға дейін сөз етумен болды.

Еркін Қыдыр жақында «Түркістан» га­зетіне «Оралхан оралмаған сапар» деген ес­­телігін жариялады. «Өзбекстан аста­на­сына жетуін жеткенмен ары қарай өтудің әуре-сарсаңы көп болды. Тәуелсіздіктің буы­на мас болған өзбек ағайындар, әсіресе әуежайда қарулы қарақшыларды тексер­ген­дей біздің қойын-қонышымызды түгел тінт­ті. Өстіп жабығып, сарылып жүріп тек­серу бекетінен де өттік-ау. Сөйтсек, Орағаң бір түбіртек қағазын түсіріп алыпты». «Жол жүрмей жатып жоқ іздедім, бұл жақсы ырым емес» деп әрі-бері сабылып, әлгі қа­ғаз­ды бәрібір таба алмады. «Неге сонша тау­сылды екен» деп ойладық та қойдық», – деп жазды Еркін.

Не болғанда да Орағаң ауырып жатқан қы­зына алаң көңілде болды ма, жоқ әл­гін­дей көріністер шымбайына батты ма, Үнді­стан сапарында көбінесе өзімен-өзі оқшау көңілде болғаны рас. 1993 жылдың нaypыз aйындa жaзғaн күнделігінде жaзyшы былaй дeгeн eкeн: «Бүгiн тaңepтeң epтeмeн Ceмeй­гe ұшyым кepeк eдi. Бapa aлмaдым. Қыpық­тың бeciнe кeлгeндe, Құдaйдaн жaлбapынып жүpiп, бip ұл (Aйxaн), бip қыз (Aйжaн) cұ­paп aлдым. Maғaн дeгeн тaғдыpдың тaл­қы­cы көп eдi... Eндi, eндi eңipeyдeн eciмдi жиып, шүкipшiлiк aйтa бepгeн кeздe, ay­зым­нaн түciп қaлғaн бoтaқaным Aйжa­ным­ның бүйpeгi жaзылyы eкiтaлaй aypyы бap дeгeн ayыp cөз ecтiдiм. Ceң coққaндaй eмec-ay, қaлың ceңнiң acтындa қaлғaндaй xaл­дeмiн. Көзiмдe жac... Көңiлiм үйдiң пe­шiн­дeй yiлдeйдi... Құp cүлдepiм... Нe icтeй­мiн? Қaйдa бapaмын? Қapaғым-ay, жүpe­гiм­дi қaқ aйыpып, қaнcыpaттың-ay! Қaйтeйiн? Қaйcыбipiн aйтaйын? Өзiмдi aлып, бaлaмды қaлдыpcaңшы, Aллaм!»...

Тіпті, Агра қаласына барарда сәл аял­да­ған тұс болды. Мәшинеге отыра бергенде ой­да жоқ әңгімені қозғады: «Мен туралы ер­тең естелік жазасыңдар ғой, қазір «мен бар, Мұхаң бар» деп жазып жатыр ғой... – деп аяғын әзілге бұрып жіберді. Сол сәтте мән бергенім жоқ бұл сөзге. Жексенбіде Де­лиге жетіп, түнде «жақсы» десіп, ертесіне ұй­қысынан оянбай калған Ор-ағаңды көр­генде... Бәрі де көрген түстей болды ғой...

Бірақ үлкен кездесулер кезінде Ор-ағаң ке­ремет бір әсерде жүрді. Ресми жиындарда тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз жайлы әңгімелеп, жұрт алдында елдік мәселелерді көтерді. Үнділер мен қазақ халқының бір-бірімен табиғи ұқсастығын сөз етіп, оларға қазақтың сазсырнайын тарту еткені де есімде. Кешке театрға, әртүрлі кештерге ба­рып тұрдық. Сонда бір койылымның му­зыкасынан әсер алғаны соншалық, Ор-ағаң диктофонына әлгі әуенді жазып алды. «Желтоқсан окиғасы жайлы халықтың ру­хын көтеретін бір пьеса жазсам ба деп жүр­мін. Мына музыка керемет екен» деп балаша қуанған еді. 

1993 жыл нарық қысып, қазақ ауы­л­дары­ның жағдайы нашарлап жатқан кез болатын. Сол сапарда Ор-ағаң: «Осыдан қаз­ақ ауылдарының жағдайын елге барған соң премьер-министр Сергей Терещенкоға ар­найы барып жеткізем. Үкіметтің ауыл хал­қына мойын бұруына бағытталған нақ­ты ұсыныстарды түртіп қойдым», – деген еді. 

Ұлттық, елдік, мемлекеттік мәселелерге кө­бірек тоқталатын. Сонымен қатар сапар ба­рысында фотоаппаратымен есте қалар­лық жерлерді суретке тартып жүрді. Тағы бірде «Қап, көшеде бұралып жатқан адамды түсіре алмадым-ау», – деп өкінгені бар. Қо­лы қалт еткен сайын әңгіме шертті. Ер­кін Қыдыр екеумізге өз өмірінен көп нәрсе айт­ты. Замандастары арасынан Сағат Әшім­баев пен Нұрлан Оразалиннің есім­дерін жиі атайтын. «Дүниенің жаңалығы керек болса, Сағаттан сұрап алатын едім». «Нұрлан деген жан дүниесі нұрлы жігіт қой». Жазған дүниелері туралы, кейбір әң­гіме­лері жайлы егжей-тегжейлі сөз қозғап, көп ашылып, ақтарыла сөз қозғады. Біз Ор-ағаңды осынша ашылады ғой деп күт­пеген едік. Әр әңгімесін қызығып, құмар­тып тыңдай бердік...

«Meн жaзyшы бoлyды apмaндaдым, жa­зyшы бoлдым. Meнiң пapтaлac дocым Жeңic ұшқыш бoлyды apмaндaды, oл дa ұшқыш бoлды. Aдaм apмaндaй oтыpып, coның жoлындa күpece бiлyi кepeк. Бүкiл aдaмзaт caғaн қapaп тұpғaндaй, өз-өзiңдi шeкciз жayaпкepшiлiктe ceзiнгeндe ғaнa oйлaғaн мaқcaтыңa жeтe aлacың».

«Әр газеттен редакторының мінезі кө­рініп тұрады. Газетіне қарап мен оның қан­дай адам екенін бірден білем. Мен очерк­ке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім. «Лениншіл жасқа» мен «мал, малшы, өн­діріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап кел­гем жоқ, бар дауысыммен айқайлап «Адам!» деп келдім. Иә, бізге керегі – ең әуе­лі Адам, Адамның тағдыры», – деген сөз­ді айтқан да Оралхан Бөкей.

«Сен не ойлайсың?» деген көркем очер­кін былай бастапты:

«Біз қандай шал болар екенбіз?

– Мүмкін, қартаймайтын шығармыз, иә, біз қартаймаймыз».

Оралханның өзі де, шығармалары да қар­таймайды. Өйткені жүректің жібі – бе­рік жіп. Үндістанда жүрек жібі үзілсе де, Орал­хан Бөкейдің туындыларындағы жан жылуы, жүрек алауы қай дәуірде болса да қа­лың қазаққа қуат береді.

Нұртөре ЖҮСІП