«Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы – әлемнің турбуленттік жағдайындағы алтын көпір» тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше және байқаушы елдердің ресми cыртқы саяси зерттеу орталықтарының кездесуі өтті. Іс-шараны Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты мен Сыртқы істер министрлігі өткізді.
Түркі мемлекеттері арасында цифрлық технология нарығын қалыптастыру керек
1,353
оқылды

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов іс-шараны алғы сөзбен ашты.

ҚСЗИ директорының айтуынша, Түркі кеңесінің Түркі мемлекеттері ұйымына айналуы ынтымақтастығымыздың тереңдей түскенін көрсетті. «Бұл елдеріміздің бірлескен тарихындағы жаңа белесті белгіледі, біз алдымызға экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және көліктік өзара байланысты дамытуға бағытталған стратегиялық мақсаттар қойып отырмыз. 2010 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстанның ТМҰ елдерімен саудасы 4,5 млрд доллардан 12,9 млрд долларға дейін 3 есе өсті. Орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымын 23 млрд долларға дейін жеткіземіз деп үміттенеміз. Бұған біздің ынтымақтастығымыздың сауда және өндірістік әлеуетін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізуге болады», – деді ол. 

Еркін Тұқымов Транскаспий халықаралық көлік жолы мәселесіне де назар аударды. «Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға транзиттік кезеңді кем дегенде 3 есеге, яғни 53 күннен 19-23 күнге дейін қысқартуға қол жеткіздік. Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзит 12 күннен 6 күнге дейін екі есе қысқарды. Еліміз 2023 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 5 күнге жеткізуді жоспарлап отыр», – деді институт басшысы. 

Сонымен қатар ҚСЗИ директоры Қазақстандағы қаржылық технологиялар нарығының дамуы туралы сөз қозғады. «Қазақстандағы финтех нарығындағы негізгі трендтердің бірі – цифрлық төлемдер мен электронды коммерцияның өсуі. Соның арқасында халықтың басым көпшілігі, яғни 78 пайызы цифрлық төлемдерді жүзеге асырады. ТМҰ елдері арасында технологиялар трансфертін кеңейтіп, өзіміздің цифрлық технологиялар нарығын қалыптастырған жөн», – деп қорытындылады Е.Тұқымов.

ТМҰ мемлекеттерінің жетекші сыртқы саяси зерттеулер орталықтарының кездесуі ұйым мүшелерінің қарқынды өзгеріп жатқан халықаралық жағдайдағы ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне арналды.

Осылайша, «Сенім дағдарысы дәуіріндегі түркі елдерінің ынтымақтастығы: аймақтық модельдің ерекшеліктері» пленарлық сессиясының спикерлері, оның ішінде «ақыл-ой орталықтарының» басшылары, түркі елдерінің қазіргі кезеңдегі өзара әрекеттестігін нығайту жолдарына қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.

Олар ТМҰ елдері орналасқан кеңістік бірқатар өркениеттік және геосаяси ақаулармен шектесетінін, осыған байланысты елдер арасындағы ынтымақтастық пен диалог одан да маңызды бола түсетінін атап өтті. Пленарлық сессия қатысушылары мемлекетаралық қатынастарды нығайтып, өзекті мәселелерді шешу үшін үйлестірілген стратегияларды әзірлеуге шақырды.

Панельдік сессиялар қауіпсіздік саласындағы заманауи халықаралық және өңірлік сын-қатерлерді талдауға, сондай-ақ экономикалық жобалар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты түркі кооперациясының негізгі бағыттарына арналды. 

Бірінші сессияға қатысқан сараптамалық орталықтардың өкілдері трансшекаралық қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұру үшін түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Өз кезегінде екінші сессияға қатысқан спикерлер экономиканың түрлі салаларындағы байланыстарды нығайту бойынша бірқатар нақты қадам  мен ұсынысты алға тартты. Олар түркі елдерінің экономикалық және сауда мүмкіндіктеріне тоқталып, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларға баса назар аударды.

Сонымен қатар іс-шарада елдер арасындағы түсіністік пен сенімге ықпал ететін гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Сарапшылардың пайымдауынша, білім беру, өнер және мәдениет саласында тәжірибе алмасу мүше елдердің даму әлеуетінің едәуір өсуіне ықпалын тигізеді.

Айта кетейік, ұйымды құрудың бастауында тұрған еліміз түркі мемлекеттерінің жақындасуына ерекше мән береді. Бүгінде Қазақстан ТМҰ қатысушыларымен қатынасты нығайтуға бағытталған сыртқы саяси байланысты дәйекті түрде жүргізіп келеді.

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – сессиялар барысында талқылауға негізделген мүше елдердің басшылығы үшін ұсынымдар тізбесін әзірлеу. 

Фото: dknews.kz