Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан жүйесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың қасиетті де киелі домбырасының атқаратын рөлі ерекше.
Домбырада ойнау шеберлігін қалай арттыруға болады?
1,660
оқылды

Домбыра үні өзіне тән дыбыстық бояумен, алуан түрлі желіс қағыстарымен  қатар, өте бай көркем образдық әлемімен де айқындалып, қазақ халқының тарихы дүниетанымы және психологиялық ерекшеліктерімен тығыз байланысып жатады. «Қолына домбыра ұстаған балаға – имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады»   деген нақыл сөзде үлкен шындық жатыр. Өйткені домбыра – үлкен рухани адамгершілік мектебі, баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы.

Әдетте әр кезең өз жаңалық,  өзгерістерін ала келуімен бірге, өзіне лайық соны талап-тілегін тудыратыны да анық. Осы орайда дәл қазіргі кезеңдегі домбыра өнерінің, домбырашылардың орындаушылық шеберлік деңгейлерінің қаншалықты өзгеріп, қаншалықты биікке көтерілгенін байқау қиын емес. Сондай-ақ бүгінде бүкіл ұлттық өнерімізде туындап отырған оң өзгерістер мен бетбұрыстар домбыра еншісіне де өз тиесілі жүгін артып отыр.

Домбыра – ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жаткан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Домбыра – музыка аспаптары ішіндегі халқымызға ең көп тараған аспап болғандықтан, оны тартып, үйренемін деушілер де өте көп. Домбыра үйренудің негізгі принциптері оқытушының мақсаты мен міндеті, сабақты жоспарлау, оқушыны тәрбиелеу, жаңа шығарманы үйрету, сабақ беру әдістері сияқты тағы басқа мәселелері сөз болады.

Домбыра аспабын  үйренудегі ең алғашқы қойылатын талаптардың бірі – оқушының орнықты әрі ыңғайлы отыруы, қолдарын еркін қимылдатып, домбыраны дұрыс тартуына басты назар аудару қажет. Адамның көңіл күйі мен домбыраның құлақ күйі біртектес. Себебі домбыраның құлақ күйі келмесе, онымен ән-күй тарту мүмкін емес. Адамның да көңіл күйі болмас, қолы іске бармай, ой-санасы құлазиды. Сол себепті домбыра үйренудің алғашқы қадамын аспаптың құлақ күйін оң бұрауға келтіре білуге, ерекше назар аударудан бастаған абзал.

Қазіргі мұғалім оқушыны тек аспапта ойнауды үйретпейді. Осы заман талаптарына сай келетін, жоғары саналы азамат етіп, жан-жақты дамыған білікті орындаушы немесе мұғалім етіп шығарады. Күйшілікті домбыра тарту өнерінің шыңы дейміз. Болашақ күйші үшін өз бойындағы импровизаторлық қабілетін оятып, оны әрі қарай дамытудың өзіндік мәні бар. Бұл – күйшілік өнерге тән дәстүрлі қасиеттердің бірі. Негізгі талапқа  есту, ырғақ және есте сақтау жатады. Ал қосымша талапқа  ән салғызу, білетін аспабын тартқызып көру, эмоциялық сезімін байқау, т.б. жатады.

Оқушы міндетті түрде ата-анамен келуге тиіс. Себебі баланың тағдыры әрі қарай мұғалім мен ата-ананың  қолында.
1)    Баланың ырғағын тексеру үшін, жеңіл ырғақта немесе баяу ырғақта музыка ойнап, фортепианомен сол музыканың ырғағына аяқпен полға созып, билеу немесе алақанмен ұрып, музыкаға қосылу және жекелеп жеңіл ырғақтан бастап, әрі қарай ұрғызу, шапалақтау.
2)    Есту қабілеті де  жеңіл ойын түрде өтуі керек. Фортепианоның төменгі октавасының дыбысы мен жоғары октаваның көлемінде балаға лайық пьеса ойналып, соны хайуанаттар дауысына теңестіру.
а)    Есте сақтау қабілеті: бұл енді міндетті түрде мұғалім оқушының жас ерекшелігіне лайық кішкене, 2 немесе 3 тактіден тұратын мелодия ойнайды және оны ойнамас бұрын оқушыға жақсылап түсіндіріп беруі керек, мұқият тыңдап тұрып сол мелодияны қайталап беруі тиіс.
ә)    Музыка дегеніміз – синтетикалық процесс.
3)    Сол музыканы ойнау арқылы мұғалім мен оқушының арасында қаншама еңбек етіліп, тәрбиелік жұмыстар жүреді. Сол екі жақтың бір-бірімен араласқан, тығыз болса, мұғалім деген мақсатына жете алады.
4)    Музыка төңірегінде шектеме жоқ. Біз оқушыға идеялық, эстетикалық нәр беретін тәрбиешіміз. Осы мұғалімдік 3 жақты іс-әрекет жұмылғанда ғана оқушыны музыкант етіп шығара аламыз.
Ең жауапты да қиын жұмыстардың бірі оқушының сол қол саусақтарының шеберлік жылдамдығын өсіру. Бұл үшін күнбе-күн сабақта этюд, әртүрлі жаттығуды пайдалану керек. Әр музыкант үшін қол жүгірту, жаттығу күнделікті әдетке айналуы тиіс. Оқушының ойнау барысында дыбыс тазалығына және саусақтарының дұрыс көңіл аударғаны дұрыс. Музыка тілінде «Аппликатура» дейді.

Оқушы орындаушы – музыкант ретінде аспапта ойнау процесі арқылы қалыптасып жетіледі. Сондықтан оқытушының сабақты творчестволық шабытпен тартымды ұйымдастырып, әдістемелік тәсілдерді, музыкалық эстетикалық тәжірибенің озық үлгілерін ұтымды қолдана білуі қажет. Оқытудың негізгі  көркем шығармамен жұмыс істеу. Мұнда оқушы өзінің кәсіби білімін толықтырып, тәжірибе жинақтайды. Ең бастысы, шығарманы өз бетінше үйреніп, орындауға дағдыланады.
Көркем шығармамен жұмыс істеу төмендегідей кезеңдерге бөлінеді.
а) Шығармамен танысу.
б) Шығармада кездесетін әдіс-амалдарды меңгеру.
в) Шығарманың көркемдік мәнін ашудағы атқарылатын жалпы жұмыстың жобасын белгілеу.
Шығармамен танысу барысында оның авторы, өмір сүрген дәуірі, музыкалық тілінің стилистикалық және орындалу ерекшеліктері жөнінде, туындының мазмұны, сюжеті, негізгі екпіндері, құрылысы мен позициясы туралы әңгімеленеді.
Екінші кезеңде автордың нұсқауларын ескере отырып, шығарманың екпініне, мазмұнына, динамикалық және педагогикалық иіріміне байланысты әдісін қолданады. Мұнда шығарманы оның құрылысына сәйкес бөліп алып үйренген тиімді. Күйде әуелі бас буын, ортаңғы буын, содан соң кіші, үлкен сағаларды, ал пьесада фразаларды, сөйлемдерді жеке-жеке ойнап жаттыққан жөн. Техникалық қиын тұстары арнайы жаттығулар арқылы меңгеріледі. Үшінші кезең  жоғарыда аталған процестің қорытындысы. Мұнда шығарманың барлық бөлімдерін қосып,  кульминациясын анықтап, толық ойнау қажет. Бұл шығарманың негізгі желісін тауып, оның көркемдік мәнін ашуға көмектеседі.

Музыкалық бейне шеңбері неғұрлым кең болса, әр елдің, әр  композитордың шығармаларын орындауда жас музыканттардың жан-жақты өсуіне әсері мол. Оқушыға репертуар таңдай білу – сабақты ұйымдастыру кезеңінің басты талаптарының бірі. Репертуар оқушының жас ерекшелігімен аспапты меңгеру деңгейіне сәйкес берілуі керек. Сондықтан оқытушы репертуар сұрыптауға творчестволық тұрғыдан қарап, оның идеялық-эстетикалық мәніне, көркемдік ерекшелігіне баса назар аударуы қажет. Концерттік шығармалар алдын ала жатталып, мұқият дайындалып, оларды орындау әдіс-амалдары толық меңгеріліп, көркемдік мазмұны айқындалғаннан кейін ғана шәкірттің  көп алдына шығып, өнер көрсетуіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар ол өзінің әдістемелік тәсілдерін педагогика, психология ғылымдарының,   әсіресе  музыка педагогикасы мен әдістемелік озық жетістіктері негізінде үнемі толықтырылып, байытып отыруға міндетті.
Қазір оқушылар ойнау шеберліктерін арттырып күйшілік өнермен, қазақ, орыс, шетел композиторларының шығармаларымен қазақтың екі ішекті қара домбырасын бүкіл әлемге танытуда.

Рамазан Жасұлан,

П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжі,

Қазақ ұлт аспаптар бөлімі домбыра сыныбының мұғалімі

фото: almaty.tv