Текті елдерде – тегін сапар
Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдер жолаушылар тасымалын ақысыз-пұлсыз етуге ден қойды. Мұнысы бекер емес. Халықаралық сарапшылардың байламынша, осы бастаманың оң жағы жетерлік: біріншіден, әлеуметтік бағдарланған қадамы арқылы билік бұқара қолдауына ие болады. Екіншіден, небәрі бір-екі адам ғана отырған, яғни «ауа таситын» жеңіл көліктер көшелерді тез-ақ толтырып, тығын тудырады. Ал бір автобусқа көп жолаушы сиятыны мәлім. Үшіншіден, айлық жол жүру билетін, жеңілдікті-жеңілдіксіз жол жүру картасының түр-түрін жасауға, валидация жүйесін ұстап тұруға, бұзылған турникеттер мен валидаторларды жаңартуға жұмсалатын шығын жойылады. Төртіншіден, жолаушылардың көлікте жүруін бақылау қажет болмай қалады, ал автопарктер бақылаушылар мен кондукторлардан бас тарта алады. Олар сондай-ақ арнайы комбинезон, тексеру құралдары, билет басқызу шығындарынан құтылады. Тегін қоғамдық көлік жүйесі бар қалаларда тұрғындарға жеке көліктен гөрі автобус тартымды бола түседі. Мұндай шаһарларға туристер көбірек келеді. Көшеде жеңіл көліктің азаюы нәтижесінде қала билігі жаңа жол айырымдарын салу секілді аса қымбат жобалардан қаржы үнемдейді. Қала экологиясы жақсарады. Жол апаты саны да кемиді екен. Бұл ретте автобус, троллейбус, трамвай және басқа да автопарктердің жолаушылар тасымалдау шығыны мемлекет не қала бюджетінен және кәсіпкерлер мен демеушілердің қаражаты есебінен өтеледі.Эстония өз өңірлерінің басым көпшілігінде қоғамдық көлікте тегін жүруді енгізген бірінші ел: 2018 жылғы 1 шілдеден бері оның 15 уезінің 11-інде автобустарды тегін пайдалана аласыз. Нәтижесінде, қоршаған орта жақсарған, жеке көліктер қатары кеміген, экологиялық таза трамвай, троллейбус және монорельсті көлік желісі өркен жайған.Бүгінде Германия да қоғамдық көлігін толығымен тегін ету мәселесін қарастыруда: әйтпесе, Global Citizen мәліметінше, Еуропалық Одақ ауаның ластану деңгейінің артуына байланысты неміс еліне үлкен айыппұл салынуы мүмкін екенін ескерткен. Люксембург 2020 жылғы 29 ақпанда автобус, трамвай және пойыздармен сапарлау үшін ақы алуды жойды. Себебі шағын, бірақ шалқыған бай мемлекетте жеке көлік саны еселеп артуда, бұл жолдарда ұдайы көлік кептелістерінің туындауына соқтырады. BBC News дерегінше, Люксембург машина саны жөнінен Еуропада 1-орында: әр 1 000 тұрғынға 650 «темір тұлпардан» келеді. 2003 жылы Ресейдің Воронеж қаласы да тегін қоғамдық көлік жүйесіне көшті.
Шектеулі шеңберде шыр айналып...
Ең болмаса, кәмелетке толмаған балаларға автобуста тегін қозғалуға мүмкіндік беру жайы Қазақстанда кейінгі 10 жылдан бері айтылып келеді. Басты себеп – балалар табыс таппайды. Демек, мемлекет қамқорлығында болуы тиіс.«Бізде, әсіресе жасөспірімдерді кемсіту бар. 7 жасқа дейін жолда жүру тегін, 15 жасқа дейін – 50 пайыздық жеңілдік. Ал жасы 15-тен асқан бала ересек қатарлы төлейді. Елордада картасы болса – 90 теңге, болмаса – 180 теңге. Айлық «проездной» о баста 1 500 теңге болған, қазір 7 500 теңгеге дейін өсті. Соңғы 10 жылда халықтың әл-ауқаты бес есе артқан жоқ қой. Үкіметтегілер бала 15-ке толса жұмысқа тұрып, ақша табуы керек деп санай ма? Әрине, жоқ, ол күн сайын мектепке барады, қосымша сабақтарға, секцияларға қатысады. Ешкім де жалақы төлемейді», – дейді қоғам белсендісі Ксения Самохвал.Айтқандай, «Автомобиль көлiгi туралы» заңның 20-бабына сәйкес, 7-15 жастағы балаларға 50% жеңілдік ғана қарастырылған. Бұл жастан ересек болса, жол жүру ақысын толық төлеуі шарт. «Үкімет балаларды өз қалауынша топтастырады. Мысалы, бала 3 жастан асса ауруханада ата-анасынсыз жалғыз жатуы керек. Автобуста жеңілдік 15 жаспен шектеледі. Бірақ жұмысқа кәмелет жасқа толғандарды ғана алады. Мемлекет жұртшылықты шатастыра бермей, нақты айқындалса екен», – дейді қала тұрғыны Арай Баймағанбетова. Бұл мәселені астаналықтар қала әкімі Алтай Көлгіновтің есепті кездесуінде көтерді. Қалабасы мәселе шешілетінін мәлімдеді. Ізінше атауы City Transportation Systems болып өзгерген «Астана LRT» 18 жасқа дейінгі жолаушылар қоғамдық көлікте 28 наурыздан бастан тегін жүре алатынын жария етті. Рас, бұл игілік барлық балаларға таралмайды, Нұр-Сұлтанда және қала маңындағы елді мекендерде тұратын оқушылар ғана оның қызығын көре алады: тегін жүруі үшін мектеп арқылы алатын картасы болуы шарты. Өзге өңірлерден келген балалар ақша төлейді. Сонымен бірге ескі картасы бар ересек жолаушылардың тегін ауысып отыру құқығы жойылды (ауысып отыру тек 2 мың теңге тұратын «15 сапар» және 4 мың теңгелік «30 сапар» жаңа тарифтерінде көзделген).
2018 жылы картаға негізделген AstraPlat жаңа жүйесіне жолаушыларды жаппай көшіру керек болғанда, билік елді «1 сағат ішінде кез келген бағдардағы автобусқа тегін қайта отыра аласыз» деп қызықтырған еді. Сол кезде көптеген бағдарлар қаққа бөлініп, әртүрлі бағдарларға айналды. Бұл «қоғамдық көлікті жолаушылар ұзақ күтпеуі үшін жасалғаны» алға тартылды. Салдарынан азаматтар амалсыз бір автобустан екіншісіне ауысып отыруға мәжбүрленді. Кейін осы мүмкіндік 1 сағат ішінде 1 рет тегін қайта отыруға дейін азайтылды. Енді мүлдем алып тастауы бұқараға ауыр тиіп отыр. Өйткені автобуспен сапарлау құны күрт қымбаттап, такси ақысына жуықтады. Осының кесірінен қалада жеке көлік иелерінің саны артпаса, енді кемімесі анық.Осы орайда, балалардың тегін жол жүретіні туралы хабар көмескі тартып қалды. Оның үстіне алда онсыз да еліміз бойынша жас ұрпаққа үлкен жеңілдік берілетіні анықталуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген «Кейбір заң актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұжырымдамасына сәйкес, 7-18 жастағы азаматтардың қоғамдық көлікте 50% жеңілдікпен жүруі енгізілмек. Яғни, құжат қабылданса, алда бұл талап барлық қалаларға таралады. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 15-18 жас аралығында 917 284 бала бар. Мұның сыртында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві өкілдерімен кездесуде аз қамтылған отбасы оқушылары үшін мектепке тегін барып келу енетінін айтып, ауқатты бизнесмендерді мемлекеттің бастамасын қолдауға шақырды. Жалпы, қоғамдық көлік жұмысын ретке келтірмей, азаматтардың жеке көлігінен автобустарға ауысып отыруы неғайбіл.
«Астаналық автобус парктері жүру кестесін сақтамайды, оның себебі көп: біріншіден, автобустар жолай сынып, бағдардан шығып қалады. Екіншіден, көлік тапшы. Үшіншіден, жүргізушілер жетіспейді. Төртіншіден, елордада жыл сайын жол кептелісі артып барады», – дейді City Transportation Systems басқарушы директоры Дәурен Нұралиев.Жазғы аптапта, қысқы қақаған суықта автобустарды тым ұзақ күтуге тура келетіндіктен елордалықтар төл «темір тұлпарға» қол жеткізуге ұмтылады. Сөйтіп, көлік саны көбейіп, жолдың «тығындалуына» соқтырады. Бұл өз кезегінде автобустардың кешігуіне әкеледі. Таусылмас бір тауқымет «шеңбері».
Айхан ШӘРІП