Каспий айлағында Әзербайжан мен Ираннан келетін кемелерге қызмет көрсету уақытша тоқтатылады, – деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында биылғы 5 наурыздан бастап шектеу енгізіледі.
«Әзербайжан мен Ираннан келетін адамдар мен автокөлік құралдарын жүргізушілермен тасымалдайтын теңіз кемелеріне Ақтау және Құрық порттарында қызмет көрсетудің уақытша тоқтатылады» делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, шетелдік жүк кемелерінің экипаждары үшін Ақтау және Құрық порттарында кемелерден шығуға шектеу қойылады.
«Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын қазақстандық кемелер экипаждарының мүшелері порттарда ауысқан кезде оларға бақылауды күшейтетін болады. Қабылданатын шаралар туралы ақпарат Каспий маңы мемлекеттерінің теңіз әкімшіліктеріне жеткізіледі» делінген министрліктің ресми мәлімдемесінде.