VIII сайланған Мәжілістің екінші сессиясындағы Қоғамдық палатаның алғашқы отырысы жаңартылған құрамда өтті. Жиынның ресми бөлігі басталмас бұрын Ерлан Қошанов палата мүшелерімен алдағы кезеңнің күн тәртібін талқылады.
– Бұл Қоғамдық палатадағы алғашқы тәжірибелеріңіз болғанына қарамастан, жұмыс дұрыс бағытта жүргізілуде. Небәрі екі айдың ішінде 5 отырыс өтті. Онда 8 мәселе қаралды. Барлығы жоғары деңгейде болып жатыр. Қоғамдық палата салмақты диалог алаңына айналуда, – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов Қоғамдық палата сарапшыларының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау, капиталды қайтару туралы заң және басқа да өзекті мәселелер бойынша нәтижелі жұмысын атап өтті. Заңдарды қабылдау кезінде көп ұсыныс ескерілді.
– Мәселен, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы заң жобасын талқылау кезінде Мүсілім Хасенов заң жобасына жан-жақты талдау жасады. Мүсілім блогерлердің құқықтық мәртебесін енгізіп, ұғымдық аппаратты нақтылауды ұсынды. Бұл пікір тиісті комитетте назарға алынды. Олар заңда ескерілген. Бізде мұндай мысалдар аз емес, – деді Мәжіліс төрағасы.
Спикер осы сессиядағы заң жобалау жұмыстары да Қоғамдық палатаның белсенділігін қажет ететінін атап өтті. Бұл – масс-медиа, Бюджет, Салық кодекстері және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар мен тақырыптар туралы заң жобалары. Өз кезегінде Қоғамдық палата мүшелері ойынқұмарлық, жолаушылар тасымалы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылауға шығаруды ұсынды.
Жиын соңында Ерлан Қошанов Қоғамдық палатаның жаңа мүшелері – Әміржан Қосанов пен Қанат Нұровты жұмыстың басталуымен құттықтады.
Фото: nur.kz