Айталық, салық саласы арқылы мемлекет пен бизнес арасында диалог орнатылады. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталық ету де салық арқылы жүзеге асырылады. Инвестор тарту, өңдеу индустриясын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және басқа да толып жатқан сан-салалы шаралар салыққа сүйенбек.
Дегенмен, салықтық өзгерістерде салиқалылық пен сарабдалдық қажет. Әйтпесе, асығыс-үсігіс, үстірт жасалған реформа отандық бизнесті жарға жығып, құртып тынуы мүмкін. Сондықтан қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы қазірден дабыл қаға бастады.
Алдымен, президенттік бастамаларға тоқталсақ. Біріншіден, Қазақстан шетелдің және еліміздің инвесторларын бірден 3 жылға салықтан және басқа міндетті төлемдерден босататын болды. Бұл игілікті пайдалану үшін инвестор өңдеу өнеркәсібіне қаржысын салғаны жөн. Қ.Тоқаевтың байламынша, бұл – өңдеу индустриясына айтарлықтай серпін беруге арналған өте маңызды шара.
Екіншіден, Үкімет салық саясатын қайта қарап, ауылдағы жұртты өнім өңдеуге ынталандыруы тиіс. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік тапшы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа стратегиялық мақсатын – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу міндетін қойып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірінші кезекте өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу керек. Алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесі 70 пайызға жеткізілетін болды.
Әйтпесе, мысалы, іргедегі Ресей биыл өз тарихындағы рекордтық егін жинады: тек бидайдың өзі 130 миллион тоннаға жетеді. Ол әлемдік нарықты астыққа қарық қылды, өнім құнын құлдыратты. Қазақстан өз егінін шикізат түрінде сыртқа шығара берсе, ұтылады. Ал одан ұн, макарон, қытай кеспесін, протеин ұнтақтары мен өнімдерін, кондитерлік тағамдар және қосылған құны жоғары өзге тауарлар түрінде өткізсе, кіріске кенеледі.
Үшіншіден, саяси реформалардың маңызды бір бағыты – билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог орнату. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беріп, кейде асыра сілтеп жатқанына назар аудартты. Себебі реформаларды ілгерілету үшін көп қаржы керек. Ол бизнестен жиналады. Салықтан жалтарғандар біршама ауыр жазаланады. Президент салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жазаға тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізуді тапсырды. Әйтпесе, тараптардың бірі қит етсе серіктесін жазалауға бейім тұрса, өзара сенімге құрылған диалог қайдан болсын? Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысы жалғастырылады.
Төртіншіден, салық тетігі Қазақстанда демократияны дамытуға, соның ішінде орталықтың қатаң диктатын жұмсартып, өңірлерге көбірек билік беруге, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға қызмет етпек. Бұл үшін Жолдауға сәйкес, өзге салықтар, соның ішінде ең бастысы – қосылған құн салығы да өңірлерге табысталады. Сонда бюджеттің екінші деңгейіне, яғни облыстар мен үш мегаполистің бюджетіне кем дегенде 2 триллион теңге қосымша қаражат құйылады.
Сонымен қатар Президент жергілікті бюджетке жиналатын салық бойынша кімге қандай жеңілдіктер беру құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыруды жүктеді. Бұл шара аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді деп күтіледі. Өз кезегінде барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде салықтық жеңілдіктерді жақын-жуықтарына таратып бермей, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауы шарт: «оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек».
Ал орталықта, Үкіметке керісінше, бұрынғы билік тұсында олигархтарға үлестірілген салықтық преференциялардың бір бөлігін алып қоюға тапсырма берілді. Салық жеңілдіктерін беру тәртібі реттеледі. Үкімет салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20% қысқартуы қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек.
Қандай салықтар қайта қаралады?
Салық саясатына жауапты басты орган, Ұлттық экономика министрлігі президенттік бастамаларға үстемелете, өз ұсыныстарын қосты.
Бизнесмендерді дүрліктіріп отырған басты ұсынысы – қосылған құн салығына (ҚҚС) қатысты. Бұл салық жөнінен Қазақстанда ең төмен салық ставкасы қолданылады: 12% ғана. Мысалы, Ресейде, Беларусьте, Арменияда – 20%, ал ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде – 27%-ға дейін жетеді. Мұның сыртында республикада бұл салық аз жиналады. Кәсіпкерлер мен компаниялар оны төлемеудің түрлі схемаларын, амалдары мен айналма жолдарын тапқан.
Нақтыласақ, бизнес нысанын ҚҚС төлейтін ретінде есепке қою үшін оның кірісі белгілі бір шектен асып түсуі тиіс. Ол шек Қазақстанда посткеңестік елдермен және ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда ең жоғары. 2022 жылғы 1 қаңтардан 20 мың АЕК-ті немесе 153,1 мың долларды құрайды. Бұл межеден асып кетіп, ҚҚС төлемеу үшін кәсіпкерлер төл бизнесін бөлшектейді. Мысалы, бір дүкендер желісінің қаланың әр бөлігіндегі бөлімшелері жеке компания ретінде тіркеледі.
Осы орайда бас экономистің командасы қосылған құн салығының ставкасын 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді, ал оның жоғарғы шегін, керісінше, түсіруді ұсынып отыр.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда ҚҚС ставкасы 28%-ды құрады. Жылдар өткен сайын ол төмендеді. Мұндағы мақсат – тауарлардың, қызметтердің «көлеңкелі» айналымын қысқарту, сөйтіп, салық жиналатын базаны арттыру болатын. Ол сенім ақталмады. Әлемдік тәжірибеде тек әлеуметтік маңызы бар және «сезімтал» тауарлар өндірісі үшін ғана сараланған, жеңілдікті ставкалар қолданылады», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.
Ведомство корпоративтік табыс салығының (КТС) ставкасын да көтеруге ниетті. Министрлік мамандарының айтуынша, Қазақстанда табысқа салық салудың бәріне бірдей, жалпақ шкаласы қолданылады. Мәселен, КТС-тің жалпы ставкасы – 20%.
Министрлік мамандары табыстылығына қарай әр саладан әртүрлі КТС жиналуы керек деген ұстанымда. Яғни, экономика салаларына байланысты салық ставкаларын сараламақ. Сонда экономиканың кейбір секторлары, мысалы, қаржы секторы (банктер мен микроқаржы ұйымдары), ойын бизнесі (казино мен букмекерлік кеңселер), жер қойнауын пайдаланушылар (олигархиялық топтар) қарапайым гүл салонымен бірдей мөлшерлемеде салық төлемейді. Олардың табыстылық-рентабельділігі жоғары болғандықтан, жиналатын КТС ставкасы да жоғары болғаны жөн.
Сонымен бірге, бизнес бұл салықтан да жалтарудың тәсілін тапты. Салдарынан, министрліктің мәліметінше, негізгі ставкасы 20% болғанымен, соңғы жылдары КТС-тің тиімді ставкасы 2,9–3,8% аралығын ғана құрады. Бұлай төмендеуіне компаниялардың елде шектен тыс көп құрылған арнайы экономикалық аймақтарда, Астана хаб сияқты технопарктерде тіркеліп, салықтан босатылуы кері әсер етіпті. Сондай-ақ инвестициялық контрактілер бойынша экономиканың басымдыққа ие секторлары, лизинг, білім беру, медицина және қызметтің өзге де жекелеген түрлері салықтық жеңілдіктерді қолданады.
Салдарынан, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биылғы 8 айдың қорытындысында республикалық бюджетке небары 8,3 трлн теңге түсіп, жоспар 89%-ға ғана орындалды. Яғни, сарапшылардың пікірінше, қолға алынған реформаның басты бір мақсаты – бюджетке түсетін салықты арттыру болса керек.
Азаматтардың 900-дей жеке ұшағы бар
Үкімет осы реформа аясында бұрыннан жыр болған «салтанат салығын» енгізуге тырыспақ. Бұл салық мысалы, удай қымбат ішімдіктерге де салынуы мүмкін. Мәселен, кейбір тойда бір шишасы 8 миллион теңге тұратын шарап құйылғанын әлеужелідегі жұрт аузынан суы құри әңгімелеп жүр. Тиісті видеоайғақтар да бар.
Ұлттық экономика министрлігі мұны растады.
«Халықтың бай бөлігі халықаралық тәжірибеге сәйкес сәнді тауарларға жоғары салық төлеуі керек. Атап айтқанда, елімізге биыл 0,70 литрлік бөтелкесі 5 млн 995 мың теңге тұратын MACALLAN 50YO вискиі, 4 225 131 теңге сомасына Cognac Remy Martin Louis XIII коньягі, бір шөлмегі 888 929 теңгеге бағаланатын Сhateau Petrus шарабы әкелінді. Сондай-ақ, шетелден 15 данасының құны 143 100 теңге болатын Cohiba сигаралары, 40 данасының бағасы 120 000 теңгені құрайтын Don Antonio Churchills сигаралары тасылды. Қазақстандықтардың меншігінде салтанатты яхталар, жеке ұшақтар бар. Мысалы, Қазақстан азаматтарының меншігінде 490 яхта, компанияларының меншігінде 176 яхта, жеке тұлғалардың меншігінде 248 ұшақ, заңды тұлғалардың меншігінде 665 ұшақ бар», – деді Ұлттық экономика министрлігінің мамандары.
Олар қарапайым қазақстандықтармен бірдей ставкада ғана жеке табыс салығын төлей салады. Мемлекеттің байлықтан ықылық атқан олигархтан тиынын тиынға жалғаған пошташымен бірдей мөлшерде салық жинауы әділдік пе?
Жаңа Салық кодексі тек 2025 жылы күшіне енеді деп жоспарланған. Бірақ онда ҚҚС және басқа салықтардың артуы мүмкіндігіне бизнесмендер қазірден алаңдай бастады. Бизнес әрине, салықтың оффшорлардағыдай неғұрлым аз болғанын қалайды. Сондықтан әлемдегі ең аз ҚҚС ставкасын көтеруге негіз жоқ дейді. Олардың ортақ пікірін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы білдірді.
«Бізге Үкімет ставканы көтеруге түрткі болған дәйектер мен негіздерді дұрыстап ұсынсын. Қазіргі аналитикасы аздық етеді. Бұл ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есептеуіміз бойынша ҚҚС ставкасын көтеру инфляцияға соқтырады, сондай-ақ нақты мәнде ЖІӨ-нің өсу қарқынын жылына 1%-ға төмендетеді. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов.
Әйткенмен, неге ставканы жоғарылату осындай ауыр салдарларға соқтыратынын ұлттық палатаның өзі де егжей-тегжейлі түсіндіріп, сараптамасын ұсынбады.
Салық саласының маманы, Angels Niko Advisory консалтинг компаниясының басшысы Вера Капацина ҚҚС және басқа салықтарды арттыру тауарлардың қымбаттауына түрткі болады деп отыр. Сондықтан жаңа Салық кодексі мен салық реформасы айналасында қызу, қызылкеңірден айтыс-тартыс тек өрби беретін түрі бар.
Елдос СЕНБАЙ