Қарағанды облысында сабақтан кейін үйге оралмай із-түзсіз жоғалған 10 жасар қыздың анасы жауапкершілікке тартылды. Деректерге сай оның қызы сабаққа бармай құрбысында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды облысында сабаққа бармай жоғалып кеткен қыздың анасын жауапқа тартты
1,988
оқылды

Деректерге сай Қарқаралы аудандық ішкі істер бөліміне тұрғын 29 қыркүйек күні сағат 23:40 шамасында хабарласып, қызының жоғалғанын айтқан. 

Анасының айтуынша, қыз түстен кейін сабаққа кетіп, үйіне сағат 19.00-де қайтуы керек болған.

"Бірақ қыз үйіне оралмаған. Дабыл қаққан әйел қызын өзі іздей бастағанымен, іздестіру нәтиже бермеген. Әйел полицияға қызы жоғалып кеткеннен кейін бес сағатқа кешігіп хабарласқан", – деп хабарлады Қарағанды ​​облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бүкіл полиция бөлімі іздестіру шарасын жүргізді. Полицейлер жоғалған қыздың сабаққа бармай, күні бойы құрбысымен бірге болғанын анықтады. Ал сағат 19:00-де оқушы қыз құрбысынан шығып үйіне кеткен, содан кейін оны ешкім көрмеген.

"Жедел іздестіру топтары әр үйді аралап, жертөлелерді, шатырларды, кәріз құдықтарын тексерді. Бір жарым сағаттан кейін қыз аман-есен табылды. Ол үйге жаяу келе жатқанын, бірақ жолда қатты жаңбыр жауа бастағанын айтты. Жауында қалмас үшін домбыра ескерткішіндегі қуыста күткен. Сол жерде жайғасып, ұйықтап қалған", – деп қосты полиция.

Дәрігерлер тексеріп, психологпен сөйлескеннен кейін бала анасына қайтарылды. Мектеп оқушысының анасына қатысты облыстық ӘҚБтК-нің 127-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.