Өткен аптада биылғы айтулы дата – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының ресми түрде шымылдығы түрілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Абай тойының жауапкершілігі қаншалықты зор екенін атап көрсеткен-ді. Ақынның кіндік қаны тамған шығыс өңіріне, әсіресе Семей қаласына жеткілікті көңіл бөлетін сәттің келгенін тілге тиек еткен болатын. Осы орайда, Мемлекет басшысының Семей қаласына «Қазақстанның тарихи орталығы» деген мәртебе бергені тағы бар.
Президенттің Семей қаласының 2020-2025 жылдарға арналған даму кезеңі үшін мемлекет бюджетінен 260 млрд теңге бөлу туралы Үкіметке тапсырма бергені соңғы жылдары билік назарынан ұмыт бола бастағандай әсер қалдыратын семейліктердің келешекке деген үміт-сенімін оятты. Сол тұрғыда қаланы тарихи орталық деп танып қана қоймай, даму жолындағы жұмыстарға байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке сенім білдірді, тапсырма берді.
Қазір қала тіршілігінің жанданып келе жатқанын ешкім де жоққа шығара қоймайды. Жаңадан «Қарағайлы» ықшамауданының бой көтергені, ондағы көпқабатты үйлердің қолданысқа беріле бастағаны ауыз толтырып атап айтуға лайық дүниелер. Бұл ауданнан әмбебап үшқабатты мәдени-спорттық кешен салынып, ел игілігіне берілгенінің де куәсі болдық. Бірақ әу баста «Абай арена» деген атпен айтылып жүрген нысан жай ғана мәдени-спорттық кешен болып аталғанда «Абайдың аты қайда қалды?» деген сұрақтың туындағанын несіне жасырамыз?!
Абай атын асқақтатқанда алдымен әкесі Құнанбай Өскенбайұлын ұлықтау керек екенін Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың сәуір айында Шығыс өңірге жасаған сапарында айтқан болатын. Біздің пайымдауымызша, қажы бабамыздың атын ұлықтау алдымен оның атына көше беру жайын шешуден басталса керек.
Мәселен, Абай ауданына шығатын үлкен тасжолға апаратын Селевин деген орыс ғалымының атында көше бар. Олай болса, Шыңғыстауға жетелейтін Селевин көшесіне Құнанбай есімін неге бермеске?! Мұны да биылғы жылы билік ескерсе, Құнанбай Өскенбайұлына берілген әділ баға болар еді.
Айта берсек, мәселе көп. Туған қалам Семейге жолым түскен сәтте көп жайдың әлі де шешілмей жатқаны байқалады. Заман талабына сай енгізілген күнделікті қоғамдық көліктердегі электронды билеттендіруді жұрт әлі де түсіне алмай әлек. Жекеменшіктегі қоғамдық көлік қожайындарына бұл өзгеріс жайсыз тигендіктен, кейбір автобустардың жүрісін тоқтатуына әкеп соққан. Айналып келгенде, одан қарапайым халық зардап шегіп отыр.
Мәселен, қоғамдық көліктердің жаңартылу кезеңі басталғанға дейін қалада 42 бағыт бар болса, оңтайландыру кезінде он бағыт қысқартылып, бірқатар автобустардың жүру бағыты ұзартылды. Ал қаладағы үлкен өзгеріс ретінде қабылданған электронды билеттендіру 20 қаңтардан бастап қолданысқа енгенде №52 және №1 бағыттағы автобустар жүруін тоқтатқаны онсыз да проблемасы шаш-етектен болған қалада тағы бір мәселенің туындауына түрткі болды. Қолданыстағы автобустарға кіріп, электронды төлем қабылдайтын валидаторға карточкасын тигізу арқылы есеп айырысып жүргендер төлемге құйған 1000-2000 теңгесі екі тәулікке жетпей жоғалып кететінін алға тартып, әлеуметтік желіде өз ойларын айтып жүр. Бір реттік төлемақы 80 теңге болғанда, жоғарыдағыдай сома қалайша бірер тәулік ішінде ғайып болып кетеді?! Әрине, бұл жағдайдан қала билігі хабарсыз деуге болмас, дегенмен жұрт көкейіндегі жайды жасыруға негіз жоқ. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар.
Қаланы дамытуға бес жылға жоспарланған 260 млрд теңге кезең-кезеңімен жүзеге асатынына сенгің келгенімен, дәл биылғы Абай тойы туған жерінде қалайша аталып өтетінін ойламасқа шараң жоқ. Күні ертең той қонақтары ақын еліне ағылғанда «бәрі жақсы» көрінгенімен, келген меймандар ішіп-жегеннен басқа да көргендерін бөліспей тұра алмасы анық. Сол кезде кең жолақты интернет желісінің керек екені бірден білінеді. Абай ауданының үш ауылы – Медеу, Саржал, Тоқтамыс ауылдарымен қатар, М.Әуезовтің туған жері Бөріліде интернет ұстамайтыны да бет қызартатын шындық.
Сайып келгенде, салтанатты түрде ашылған ақын тойы алдымен көңілді күпті еткен жайлардың шешілуіне түрткі болуы тиіс деп ойлаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет отырысында өңір басшысы Даниал Ахметовке сенім білдіре сөйлеуінің де бір астары осындай мәселелердің туындап отырғанын білгендіктен айтылса керек.
Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ