«Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары өз бизнесінен таза табыс көру үшін 5,5 жыл күтпей-ақ, екі жылдың ішінде пайда таба алады. Ол үшін жаңа өнім – отбасылық үлгідегі дайын фермалардың лизингін енгізу қажет деп есептейді Қазақстан Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.
«Мемлекет 500-1000 га жер учаскесі, 50 сиыры бар үлгілік фермалар салады. Осындай бір ферманың құны шамамен 50 млн теңге. Инфрақұрылым, жайылым, су, жол сияқты т.б. барлық мәселесі шешілген. Мұндай бизнеспен айналысуға адамдардың ынтасы жоғары болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл қаржыны мақсатсыз пайдалану қаупін азайтып, несие қаражатының қайтарымдылығын арттырар еді», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, соңғы үш жылда елімізде отбасылық шағын фермалардың үштен бірінен астамы жабылды, ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарының жартысы жұмыс істемей тұр. Ал заңнаманың және шикізат базасының тұрақсыздығына байланысты ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығы көңіл көншітпейді.
«Бүгінде шаруалар мал басын көбейтудің орнына, сойып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде ет өңдеу үрдісі 20%-ға артқанын айтып, есеп береді. Алайда, 1996 жылы Қазақстан 500 мың тонна сиыр етін экспорттаса, қазір бұдан әлдеқайда аз өнім өндіріледі. Бұған жағымды жағдай емес, сол кездердегі колхоз-совхоздардың жабылып қалғаны себеп болды. Қазір де сондай жағдай орнап отыр. Шаруалар малға азық таппай қалды. Жем-шөп тапшылығы мен 2021-2022 жылдардағы құрғақшылық кері әсерін тигізді. Мал тектен-тек сойылып жатыр», – деді ол.
Оның айтуынша, тек ет саласы ғана 1 жұмыс орнына (10 млн.теңге) ең төмен инвестициямен 500 000-нан астам жаңа өнімді жұмыс орынын құруға қабілетті.
Еске сала кетейік, «АМАNАТ» партиясы сайлауалды бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізу аясында осы жылдың шілде-тамыз айларында өңірлік кеңестер базасында салалық вице-министрлер мен отандық кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиындар өткізді. Онда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалалар қамтылды. Кездесулерге барлығы 600-ге жуық кәсіпкер, оның ішінде ірі бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. 230-дан астам өзекті мәселе көтеріліп, олардың әрқайсысы «AMANAT» партиясының бақылауына алынды.