Ел ішінде құрметті де қадірі артқан ұстаз – Хайдарова Жәния Абайқызы
Ауыл тұрғындарының ілтипатына ие болған ұстаз
2,923
оқылды

Алтын ұя мектебінен білім алып, үлкен өмірге аттанған жастардың ауыл-аймаққа барып, сонда қызмет етуі – құптарлық әрі қуантарлық іс. Сол жағынан Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылдық округін мақтанышпен атауға болады. Бүгінде өнегелі ұстазға айналған жанның бірі – Хайдарова Жәния Абайқызы.

 Осы күнде Жәния Абайқызы – Қарақоға орта мектебінің директоры. Білім ошағында 300-ге жуық оқушыны білім нәрінен сусындап жатқанын айтты. Соның арқасында ел ішінде құрметті де қадірі артқан жан. Осы кәсібін, яғни математика және информатика пәнінің мұғалімі бойынша Көкшетау қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы университетте жоғары білімін алған. Жоғары санаттағы мұғалімнің жалпы педагогикалық өтілі 24-ші жылға кетті. Өзінің еңбек жолын сонау  1998 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының №2 Ленинград орта мектебінде математика және информатика мұғалімі ретінде бастаған. Ал 2010 жылдан бастап мектеп директоры болды.

– «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып», бір ғана мектептің ғана емес, бүкіл аймақтың ахуалын көтеруге болады. Барлығы өзімізге байланысты. Сондықтан әрбір ісімізге табандылық танытып, бірлесе істесек, көтерер жүгіміз де жеңіл болар, –  дейді Жәния Абайқызы.

Ауылдағы оқу-тәрбие саласын ілгері дамытуда, өзіне ізбасар болатын тұлғаларды дайындау жолында тынымсыз еңбек еткен ұлағатты ұстаз ауыл өмірінің қоғамдық ісінен де тыс қалмады. Ол өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ғана емес, жауапкершілігін де көрсете білді. Көптеген жылдар бойы "AMANAT" партиясының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық істермен де айналысуда. Мәселен, "Балаларды қорғау күні", "Мектепке жол" акциясы секілді мерекелерін өткізу кезінде демеушілік көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ Жәния Абайқызы  аудандық мәслихаттың депутаты болды. Тіпті, депутаттық фракцияның мүшесі ретінде ауылды абаттандыру бойынша халықпен жұмыс жүргізеді. Депутаттық жұмыс барысында ол күрделі мәселелердің де шешімін тауып, жауапкершілікті мойнына алатын бастамашыл адам ретінде өзін көрсетті.

Ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие, адамгершілік, адалдық тәрізді ізгі қасиеттерді бойына дарытып, дұрыс бағыт-бағдар бере білген.   Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен үлкен жүректі абзал жан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан елеулі үлесі және облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар еліміздегі білім беру жүйесін дамытқаны, Тәуелсіз Қазақстанның рухани-әлеуметтік дамуындағы жетістіктері үшін,  ұрпақты тәрбиелеу мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін, ғылым саласындағы үлкен үлес қосқаны үшін бір емес, екі рет Құрмет грамотасымен марапатталды.

фото: dhgbb1mzh.edu.kz