Мемлекет басшысы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қа­был­дады.
«Қазпоштаның» қызмет аясын ұлғайтуды тапсырды
745
оқылды

Президентке «Қазпошта» акционерлік қо­ға­мының биылғы 8 айда атқарған жұмыстарының нә­тижесі жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, ком­пания шығындарды оңтайландыру, электронды ком­мерцияны және басқа да қаржылық қыз­мет­терді дамыту есебінен соңғы 5 жылда алғаш рет шы­ғыны аз, табысты мекемеге айналып отыр. «Қаз­поштаның» 8 айдағы кірісі өткен жылдың осы ке­зеңімен салыстырғанда 44 пайызға немесе 16,7 мил­лиард теңгеге артты.

Әсел Жанасованың айтуынша, еліміздің шал­ғай елді мекендерінде «Қазпоштаның» бөлімшелер же­лісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл пошта, қар­жы, агенттік, әлеуметтік және мемлекеттік қыз­­меттерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына «Қазпошта» акционерлік қо­ғамы электронды коммерция нарығының су­бъек­тілері үшін бірыңғай экожүйе құратыны жө­нін­де мәлімет берілді. Ол үшін компания фул­фил­мент орталықтарын дамыту, отандық және шет­ел­дік танымал маркетплейстер үшін тап­сы­рыс­тар беру пункттерін ашу, қоймалар мен пош­­та­мат же­лілерін кеңейту жұмыстарын жүр­гізіп ж­а­тыр.

Сонымен қатар Президентке Ақтөбе қала­сын­да, Түркістан және Алматы облыстарында логис­ти­калық хаб салу жоспары таныстырылды. Мұндай ло­гистикалық хаб осы аптада Астана қаласында ашыл­мақ.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ком­панияның қаржылық жағдайын жақсарту жұмыс­тарын жалғастыруды, ауыл тұрғындарына көрсе­тілетін әлеуметтік және мемлекеттік қызметтер ая­сын ұлғайтуды тапсырды.