Мәжiлiс әкiмшiлiк әділет саласын жетiлдiру және қолдану аясын кеңейтуге бағытталған заңнамаға түзетулер енгізу бойынша жұмысты бастады.
Әділет саласын жетілдіруге арналған заң жобасы ұсынылды
595
оқылды

Заң жобасы бүгін Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде депутаттарға таныстырылды. Жиынға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына екі жыл болды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанның құқықтық жүйесіне жақсы жүзеге асырылып келеді. Кодекс нормаларын және жеке әкімшілік рәсімдерді одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты Әділет министрлігі түзетулер пакетін әзірледі, – деді комитет төрайымы Снежанна Имашева.

 Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында әкімшілік әділеттілік аясын кеңейту жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Осыған байланысты Әділет министрлігі үш негізгі бағытты қамтитын тиісті түзетулер әзірлеген. Біріншісі – жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын азаматтық іс жүргізу кодексінен ӘРПК-не көшіру.

Жария-құқықтық дауларды азаматтық сот ісін жүргізуден әкімшілік іс жүргізуге кезең-кезеңімен ауыстырудың орындылығын атап өту маңызды. Бұл тезис қазір әкімшілік сот ісін жүргізудің сот практикасын қалыптастыру процесі жүріп жатқанымен байланысты. Осы мәселені пысықтау шеңберінде Әділет министрлігі АПК істерінің екі санатын анықтады: азаматтық хал актілері жазбалары туралы істерді аудару, нормативтік-құқықтық актінің заңдылығына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізуді ауыстыру, – деді вице-министр.

Екінші бағыт Үкіметке мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы дауларды шешу өкілеттіктерін беруге қатысты. Бұл жерде дауды шешудің мәні заңнамалық актілерді түсіндіру емес, «құқық туралы дауды» шешу болуы керек. Осыған орай Әділет министрлігі мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы даулар ӘРПК ережелері (дауларды сотқа дейін реттеу) және  Үкімет регламентінің ережелері бойынша қаралатын тәсілді әзірледі.

 Үшінші бағыт аясында әкімшілік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне әкімшілік шағымдарды қарау тәртібі жетілдірілуде.

Түзетулер әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың әкімшілік актілердің мазмұнында шағымдану тәртібі мен мерзімдері туралы ақпаратты көрсету туралы заңмен бекітілген міндеттілігін жеке тұлғаларды құқықтық қорғаудың тиімді алгоритмін қамтамасыз етеді. Дауларды реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің болмауына байланысты қайтарылған талап-арыздар саны қысқартылмақ. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артады, өйткені олардың әрқайсысында шағымдарды қарау тәрті­бінің нақты иерархиясы айқындалатын болады, – деді А.Мұқанова. 

Заң жобасында әкімшілік рәсімдер тәртібін же­тіл­діруге және «құқықтық вакуумдарды» нивелир­леуге бағытталған басқа да түзетулер көзделеді. 

Жиынға қатысушылар баяндамадан соң ұсыныл­ған заң жобасын талқылады. Мәжіліс депутаттары Ма­гер­рам Магеррамов, Жигули Дайрабаев, Николай Арсютин, Қазыбек Әлішев, Бақытжан Базарбек және т.б. баяндамашыға заң жобасына қатысты сұ­рақ­тарын қойды. Заң жобасы бойынша жұмыс то­бына Заңнама және сот-құқықтық реформа коми­тетінің мүшесі Марат Бәшімов жетекшілік етеді.