Кеңеске «Отбасылық терапия» жобасының жетекшісі Несібелі Бәсенованың төрағалық етті. Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін, атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың кез келген түріне жазаны қатайту мәселелерін талқылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, сондай-ақ білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау қызметін күшейту, бірыңғай телефон сенімін ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен қорқыту құрбандарына көмек көрсетудің тиімді бағдарламасын әзірлеу турасында да сөз қозғалды.
– Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында еліміздің экономикалық дамуы туралы өз көзқарасын айтты. Сонымен қатар Президент экономика мен саясаттың ғана емес, біздің балаларымызға қатысты өмірлік маңызды мәселелерге де тоқталды. Әсіресе, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің назарын балалар мен жасөспірімдер мәселесіне аударды. Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатайтып, жол инфрақұрылымының, ғимараттардың, балалардың киім-кешек, азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аудару қажет, – деді Несібелі Зариванқызы.
«Оның айтуынша, құқық қорғау органдары түнгі уақытта заңды өкілдерінің жүруінсіз үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүрген жасөспірімдерді анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Жыл басынан бері осындай заңбұзушылыққа жол берген 2 667 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған», – дейді Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу және асырау жөніндегі өз міндеттерін тиісінше орындамайтын (бейімсіз отбасылар) бақылау жүзеге асырылады. 2023 жылдың басынан бұл санат бойынша 761 адам профилактикалық есепке алынған екен.
Сонымен қатар Қазақстанда «150» бірыңғай сенім телефоны жұмыс істейді: бұл тәулік бойы жұмыс істейтін және зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін мемлекеттік сенім телефоны екенін еске саламыз.
Кеңес мүшелері «AMANAT» партиясының Қостанай облысы бойынша «Халықпен бірге!» өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу барысы туралы ақпаратты тыңдады.
Аймақтық Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасын іске асыру шеңберінде аймағымызда 2023 жылдың соңына қарай ҚНжЕ сәйкес келетін бейімделген нысандардың үлесі 155-ті құрауы тиіс. Алдағы 5 жылдың ішінде Қостанай облысында 754 нысанда бейімдеу шараларын аяқтау жоспарланса, биылғы 25 қыркүйекте облыста 111 нысан бейімделгені белгілі болды.
Ал биыл сегіз айда тұрғындарды жұмыспен қамту шараларымен 763 мүгедек қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 252 адам орналастырылған.
«Бүгінгі нақты жағдайда психологиялық көмекке деген қажеттілік үнемі артып келеді. Облыста облыстық психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығында тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны жұмыс істеп тұр. (37-08-58, 8(708)078-42-01) Анықтама телефоны тегін және анонимді, – дейді Қостанай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Айта кету керек, төрт жылдан бері облыс бойынша 479 психологиялық қызметке әдістемелік қолдау «Психологиялық қолдау және қосымша білім беру орталығы» арқылы жүзеге асырылған. Орталықтың жаңа бағыттарының бірі – зорлық-зомбылық пен бұзақылықтың алдын алу. Осы бағытта орталық мамандары зорлық-зомбылық пен қорлау құрбандарына көмек көрсету бағдарламасын әзірлеу үстінде.