Жалпы, өңір халық адам өміріне аса қауіп туғызған ескі көпірлер орнына жаңасын салу қажеттігін айтқанымен, өткелдің жыры басылар емес. Ал ескі өткелдердің азабын жергілікті жұртшылық әлі күнге дейін тартып келеді. Әсіресе, кейбір аймақтарда жалғыз көпірден ерсілі-қарсылы қатынаған көліктердің қалың нөпірі жаяу жүргіншілер тұрмақ, темір тұлпарды тізгіндеушілерді де мезі қылып жіберген.
Бұған дейін көпшіліктің ашу-ызасын туғызған мәселенің бірі – қаланың іргесіне қоныстанған Белкөл кентіндегі теміржол өткелі құрылысының әупірімдеп жүріп әзер пайдалануға берілгені ел есінде. Нақты айтқанда, 2010 жылдан бері кенттегі теміржол үстінен көпір салу мәселесі оң шешімін таппай келді. Соның салдарынан шойын жолдың арғы бетінде тұратын мыңнан астам халықтың кент орталығынан қатынауы мұңға айналды. Ақырында, 2021 жылдың қазан айында құны 225 млн теңгені құрайтын көпір құрылысы бастау алды. Бірақ құрылыс жұмыстары созылып кетіп, тексеру нәтижесінде мердігерлер жұмысынан бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды.
Осы жағдайдан кейін біраз уақытқа дейін тұралап қалған көпір құрылысы қайта жалғасып, биыл ғана толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Осылайша, 15-16 теміржолдың үстіне тартылған ұзындығы 100 метрдей болатын темір конструкциялық көпірдің игілігін көп жылдан бері зарыға күткен кент халқы биыл ғана көре бастады.
Облыс орталығымен іргелес қоныстанған Жалағаш ауданында да көпір мәселесі көп жылдан бері кезегін күтіп тұрған болатын. Талай жыл жырға айналған құрылыс биыл ғана қолға алынды.
Негізінен, 14 мыңға жуық халқы бар Жалағаш кентінде теміржолдың арғы бетіндегі Дәуімбай ықшамауданын мекендейтін халықтың қарасы қалың. Сол аумақтан шойын жолды кесіп өтетін жұртшылықтың өміріне зор қауіп төніп тұр. Әсіресе, қыс мезгілінде мұздан тайып, жарақаттанғандар аз емес.
Көптің көксеген жаяу жүргізушілерге арналған көпір құрылысы аудан орталығында биыл мамыр айында бастау алды. Көпірдің биіктігі – 12, ұзындығы – 55, ені 3,2 метрді құрайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2 лифт те қарастырылған. Жоспарға сәйкес, көпір құрылысы алдағы қазан айында толық аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс.
«Аудан орталығында теміржол үстінен салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір көпір құрылысының 60 пайызы аяқталды. Нақты айтқанда, бетон құю жұмыстары аяқталуға жақын. Сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Металл конструкторлар құрастырылып, дайын тұр. Бетон құю жұмыстары аяқталса, қондырғы орнатылады. Жалпы, жергілікті жұртшылық жылдың соңына дейін жаңа көпірдің игілігін көретін болады», – деп мәлімдеді Жалағаш ауданы әкімдігінен.
Осылайша, жергілікті жамағат аз уақыттан кейін жаңа да қауіпсіз жаяу жүргіншілер көпірін пайдалануға үмітті. Тек құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілсе деген талабы бар.
Көпірге мұқтаж аймақтың тағы бірі – облыс орталығынан шалғай орналасқан Арал ауданы. Аудан орталығындағы ескі өткелдегі көлік кептелісі көп жылдан бері елдің ашу-ызасын туғызып келеді. Талай жыл жырға айналған жаңа көпір салу ісі биыл қайта қозғалды. Нәтижесінде, заманауи үлгідегі теміржол өткелі салынатыны айтылып, қуанышты хабар өңір халқын зор қуанышқа бөлеген еді. Мамандар жалпы құны 3 млрд 143 млн теңгені құрайтын аспалы көпір халық талабын толық өтейтініне нық сенім білдіреді. Қажетті қаржы көздері ұлттық қордан және республикалық бюджеттен қаралып отыр. Тіпті, ауданға жұмыс сапары барысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл теміржол үстінен жаңа көпір құрылысы қарқын алатынын айтып, сүйіншілегені ел есінде.
Алайда биылғы көктемде халықты қуанышқа бөлеген бұл жағымды жаңалық көптің күткеніндей болмай шықты. Созбалаңға салынған құрылыс жұмыстары жергілікті жұртшылықты күмәнді ойға жетелей бастады.
Себебі жыл басында басталған құрылыс жұмыстарынан әлі күнге дейін оң нәтиже болмай тұр. Тұрғындардың айтуынша, жыл аяғы жақындап қалса да, межеленген жұмыстардың жартысы да аяқталмаған. Ал мамандар топырақтың қаттылығы құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізуге кері әсерін тигізіп тұрғанын алға тартады.
Жергілікті жұртшылық көпір салынатын орынға да көңілі толмайтынын айтып отыр. Жаңа өткел сорлы аймаққа салынып жатыр. Сондықтан жердің қаттылығы құрылыс жұмыстарын бәсеңдетіп тұр. Сондай-ақ құрылыс жүргізіліп жатқан аумақтың батыс жағына жүк көліктеріне арнап жол құрылысы қарқын алған. Бұл да келешекте көлік қатынасына кері әсерін тигізеді деп есептейді.
Ал Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын, көпір 2024 жылдың соңына таяу ел игілігіне пайдалануға берілетініне нық сенімді.
«Аудан орталығына аспалы көпірдің қажеттігі көп жылдан бері өзекті мәселеге айналғаны жасырын емес. Бұл түйткілдің түйіні биыл ғана тарқатылып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Қазір көпірге бөлінген қаржының 50 пайызын алып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақты кезеңде көпірдің тіреуіш бағандарын қағу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өткелдің қабырғаларын бекіту, көпірдің орнын дайындау жұмыстары қарқын алды. Құрылысқа қажетті материалдар жеткізілуде. Тиісті жұмыстарды мердігер компания Қарағанды облысының «Ритм» ЖШС қолға алды. Бүгінде құрылыс басында 50-ге жуық жұмысшы күші және 10-15 техника жұмылдырылған», – дейді бөлім басшысы Шерхан Есжанов.
Бөлім басшысы, жердің қаттылығы құрылыс жұмыстарының жедел жүруіне кері ықпалын тигізіп тұрғанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, қабырға тіреуіштерін орнату үшін жерді бұрғылау жұмыстары үлкен қиындық туғызып отыр. Соған орай құрылыс жұмыстарын толық аяқтау алдағы жыл еншісіне қалдырылып отырғанын мәлімдеді.
Негізінен, облысқа қарасты өзге аудандарда да теміржол өткелі өзектілігін жойған емес. Мәселен, Қармақшы ауданында көпір салу ісі көп жылдан бері сөз болғанымен, әлі күнге нақты нәтиже жоқ. Ал аймақтың оңтүстік аудандарында теміржол өткелінің тозығы жетіп тұр.
Жалпы, Сыр халқы сапалы көпір қызметін күтумен күн өткізіп келеді. Бұған дейін өңірде салынған бірқатар көпірлерден ақау шығып, елдің үрейін ұшырған сәт көпшіліктің жадынан шыға қойған жоқ. Сондықтан адам саулығын алдыңғы орынға қойып, көпір құрылыстарына жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескеретін кез келген сияқты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы