Облыс әкімі өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына дұрыс талдау жасалмай отырғанын атап өтті.
Алдымен сөз алған облыстық Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық басқармасының басшысы Нұржан Өтебаев азық-түлік бағасының өте құбылмалы екенін атап өтті.
– Азық-түлік бағасы құбылып тұрады. Осы апта арзан болған өнім келесі апта қымбаттап жатады немесе керісінше. Мәселен, өткен аптада тауық жұмыртқасы бағасының өсуі (+2,3%), сәбіз (-3,5%) және пияз (-4,7%) бағасының төмендеуі байқалды. Жыл басынан бері бағасы ең қатты өскені қырыққабат (+44%), күріш (+28,7%), сәбіз (+27%), сүзбе (+26,7%) және май (25,4%) болды. Сондай-ақ жыл басынан бері қарақұмық жармасы (-43%), жұмыртқа (-19,8%), картоп (-15,5), күнбағыс майы (-11,3%), қант (-11%) және тауық еті (-5,9%) бағалары төмендеді, – деді.
Қазір әлеуметтік маңызы бар өнімдер шынымен қымбат. Баға апта сайын емес күн сайын өзгеріп тұрғаны жасырын емес. Осы мәселені кеңеске қатысушылар ортаға салды. Кеңеске қатысушылар бағаны өсіріп отырған алыпсатарлар екенін айтты. Бүгінде сол делдалдармен жұмыс күшейтілуі қажет.
– Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандарында тиімсіз делдалдарды жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Жыл басынан бері комиссия 68 отырыс өткізді. Комиссия шеңберінде 165 кәсіпорын бойынша электрондық шот-фактураларды тексеру жүзеге асырылды. Комиссия жұмысы барысында барлығы 17 факт анықталды, оның ішінде 14 – делдал-кәсіпорындар және 3 – сауда үстемесінің шекті рұқсат етілген мөлшерінен асып кету фактілері. Кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Нәтижесінде, облыс бойынша 75-тен астам сауда нүктелеріне тауарөндірушілерден немесе көтерме өткізушілерден тауарларды тікелей жеткізу ұйымдастырылды, – деп атап өтті Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық басқармасының басшысы Нұржан Өтебаев.
Аймақ басшысы онлайн байланыс арқылы облыс орталығынан алыс жатқан аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Байланысқа шыққан Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарындағы жағдай да дәл қаладағыдай. Себебі олар – өте алыс аудандар.
– Біздің кәсіпкерлер азық-түлік бағасын тым төмен қоя алмайды. Себебі жол қашық, шығынды жаппайды. Кәсіпкерлер алғашқы бағадан төменге келіспейді, – деді шалғай жатқан аудандардың әкімдері.
Жиында нан бағасы қызу талқыланды. Кеңесте сөз алған сарапшылар өз ойларын ортаға салды.
– Біздің облысқа дәл қазір Ресейдің астығы кіріп жатыр. Олар 70-80 пайызға төменге саудалануда. Соған қарамастан нан бағасы түспей отыр. Халыққа қажетті ақпарат уақытында жетпейді. Мәселен, халық әр тағамның құнын білсе, оған қосылуы тиіс заңды үстемені білсе азық-түлік саудасында жүргендер бағаны өз еркімен өсіре алмайды. Біздің халық дұрыс ақпараттанса, олар өз құқықтарын қорғайды, тұтынушы құқығы деген осы, – деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев.
Жалпы, әлеуметтік азық-түлік бағасына мониторингті Батыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жүргізеді. Департамент басшысы Эльмира Киматова:
– 18-29 қыркүйек аралығында Бөрлі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарының сауда нысандарына бардық. Барлығы 35 сауда нысаны қаралды. Сауда үстемесі талабының сақталуын қадағалау мақсатында біздің мамандар үнемі дүкендерді аралап тұрады, – деді.
Биыл департамент 12 тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде баға үстемесін шектен тыс асырғаны үшін 7 сауда нүктесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, алты сауда нүктесіне ескерту берілген.
Жиында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін нақты қандай жұмыстар жасап жатырсыздар деген сұрақ қойды. Өкінішке қарай, әкім сұрағына мардымды жауап болмады.
Өңір басшысы: «Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сіздер нақты жоспар құрып, дұрыс талдау жасамай отырсыздар. Сіздер көрші облыстардағы әріптестермен байланысып, олар бағаны қалай тұрақтандырып отырғанын анықтау керексіздер. Осымен азық-түлік бағасына қатысты екінші жиын өтіп жатыр. Сіздерде әлі күнге дұрыс анализ жоқ, – деп шүйлікті жиынға қатысушыларға.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін көбіне тұрақтандыру қорындағы азық-түлік қолданылады.
– Қазір 2,0 млрд теңге сомасына 10 362 тонна азық-түлік тауарлары бар. Бүгінде тұрақтандыру қорының тауарлары ірі сауда нысандарында халыққа қолжетімді бағамен сатылуда. Мысалы, күріштің 1 келісі – 347-350 теңгеден, қарақұмық жармасы 330 теңгеден сатылуда. Қазан айынан бастап тауық жұмыртқасы және күнбағыс майы және қараша айынан бастап көкөніс өнімдері (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз) сатылатын болады. Аталған тауарларға сауда үстемесі Орал қаласында – 10% және аудандарға – 15% қосылады, – деді AQJAIYQ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысының міндетін атқарушы Қазбек Узыканов.
Кеңес соңында өңір басшысы азық-түлік бағасын қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Жанат КӨШКІНБАЙ