Азық-түлік бағасын тұрақты ұстау мүмкін бе?

Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Кеңес отырысында азық-түлік бағасын реттеу мақсатында атқарылып жатқан істер талқыға салынды.

Облыс әкімі өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына дұрыс талдау жасалмай отырғанын атап өтті. 

Алдымен сөз алған облыстық Кәсіп­керлік және индустриялдық-инновация­лық басқармасының басшысы Нұржан Өтебаев азық-түлік бағасының өте құ­был­малы екенін атап өтті. 

– Азық-түлік бағасы құбылып тұрады. Осы апта арзан болған өнім келесі апта қымбаттап жатады немесе керісінше. Мәселен, өткен аптада тауық жұмыртқасы бағасының өсуі (+2,3%), сәбіз (-3,5%) және пияз (-4,7%) бағасының төмендеуі бай­­­қалды. Жыл басынан бері бағасы ең қатты өскені қырыққабат (+44%), күріш (+28,7%), сәбіз (+27%), сүзбе (+26,7%) және май (25,4%) болды. Сондай-ақ жыл басынан бері қарақұмық жармасы (-43%), жұмыртқа (-19,8%), картоп (-15,5), күнба­­ғыс майы (-11,3%), қант (-11%) және тауық еті (-5,9%) бағалары тө­мендеді, – деді. 

Қазір әлеуметтік маңызы бар өнімдер шынымен қымбат. Баға апта сайын емес күн сайын өзгеріп тұрғаны жасырын емес. Осы мәселені кеңеске қатысушылар ортаға салды. Кеңеске қатысушылар ба­ғаны өсіріп отырған алыпсатарлар екенін айтты. Бүгінде сол делдалдармен жұмыс күшейтілуі қажет. 

– Бүгінгі таңда облыстың барлық ау­дандарында тиімсіз делдалдарды жою бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Жыл басынан бері комиссия 68 отырыс өткізді. Комис­сия шеңберінде 165 кәсіпорын бойынша электрондық шот-фактура­­ларды тексеру жүзеге асырылды. Комис­сия жұмысы барысында барлығы 17 факт анықталды, оның ішінде 14 – делдал-кәсіпорындар және 3 – сауда үстемесінің шекті рұқсат етілген мөлше­рінен асып кету фактілері. Кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабыл­данды. Нәтижесінде, облыс бойынша 75-тен астам сауда нүктелеріне тауарөндіру­­шілерден немесе көтерме өткізушілерден тауарларды тікелей жеткізу ұйымдасты­рылды, – деп атап өтті Кәсіпкерлік және индустриял­дық-инновациялық бас­­­­қарма­­сының басшысы Нұржан Өтебаев.

Аймақ басшысы онлайн байланыс арқылы облыс орталығынан алыс жатқан  аудан әкімдерінің есебін тыңдады. Байланысқа шыққан Бөкей Ордасы, Жәнібек аудандарындағы жағдай да дәл қаладағыдай. Себебі олар – өте алыс аудандар. 

– Біздің кәсіпкерлер азық-түлік бағасын  тым төмен қоя алмайды. Себебі жол қашық, шығынды жаппайды. Кә­сіпкерлер алғашқы бағадан төменге ке­ліспейді, – деді шалғай жатқан аудан­­дардың әкімдері. 

Жиында нан бағасы қызу талқыланды. Кеңесте сөз алған сарапшылар өз ойла­рын ортаға салды. 

– Біздің облысқа дәл қазір Ресейдің астығы кіріп жатыр. Олар 70-80 пайызға төменге саудалануда. Соған қарамастан нан бағасы түспей отыр. Халыққа қажетті ақпарат уақытында жетпейді. Мәселен, халық әр тағамның құнын білсе, оған қосылуы тиіс заңды үстемені білсе азық-түлік саудасында жүргендер бағаны өз еркімен өсіре алмайды. Біздің халық дұрыс ақпараттанса, олар өз құқықтарын қорғайды, тұтынушы құқығы деген осы, – деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төраға­сы Мұрат Мұқаев.

Жалпы, әлеуметтік азық-түлік ба­­­ғасына мониторингті Батыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жүргізеді. Департамент басшысы Эльмира Кима­това:

– 18-29 қыркүйек аралығында Бөрлі, Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандарының сауда нысандарына бардық. Барлығы 35 сауда нысаны қаралды. Сауда үстемесі талабының сақталуын қадағалау мақса­тында біздің мамандар үнемі дүкендерді аралап тұрады, – деді. 

 Биыл департамент 12 тексеріс жүргіз­ген. Соның нәтижесінде баға үстемесін шектен тыс асырғаны үшін 7 сауда нүктесі әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылып, алты сауда нүктесіне ескерту берілген. 

Жиында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру үшін нақты қандай жұмыстар жасап жатырсыздар деген сұрақ қойды. Өкінішке қарай, әкім сұрағына мардымды жауап болмады. 

Өңір басшысы: «Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сіздер нақты жоспар құрып, дұрыс талдау жасамай отырсыздар. Сіздер көрші облыстардағы әріптестермен байланысып, олар бағаны қалай тұрақтан­дырып отырғанын анықтау керексіздер. Осымен азық-түлік бағасына қатысты екінші жиын өтіп жатыр. Сіздерде әлі күнге дұрыс анализ жоқ, – деп шүйлікті жиынға қатысушыларға. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін көбіне тұ­рақтандыру қорындағы азық-түлік қол­данылады. 

 – Қазір 2,0 млрд  теңге сомасына 10 362 тонна азық-түлік тауарлары бар. Бүгінде тұрақтандыру қорының тауарла­ры ірі сауда нысандарында халыққа қол­же­­­тімді бағамен сатылуда. Мысалы, кү­ріштің 1 келісі – 347-350 теңгеден, қара­құмық жармасы 330 теңгеден сатылуда. Қазан айынан бастап тауық жұмыртқасы және күнбағыс майы және қараша айынан бастап көкөніс өнімдері (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз) сатылатын бо­лады. Аталған тауарларға сауда үстемесі Орал қаласында – 10% және аудандарға – 15% қосылады, – деді AQJAIYQ әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы бас­шысының міндетін атқарушы Қазбек Узыканов. 

Кеңес соңында өңір басшысы азық-түлік бағасын қадағалауды күшейтуді тап­сырды. 

Жанат КӨШКІНБАЙ